КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАУ —ЖАМАН ӘДЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

    Тамақтануға байланысты мәселе қай отбасында болмасын, ерте ме, кеш пе туын­дайды. Бала тәрбиесіне қатысты әйелдер журналы мен оқу құралдарының барлығы “Балаға өзі ұнатпайтын тамағын қалай жегі­зуге болады?” деген сияқты тақырып­тағы мақалаларға лық толы.
    Дегенмен, қалыптасқан жағдайдың салдары үшін бас ауыртқаннан  гөрі, сол тамақтану мәселесіне әкелетін себептер жөнінде ойланған жөн емес пе?
    Жаман әдетті жою өте қиын шаруа. Егер баланы өзі қаламаған тағамды жеуге мәжбүрлесеңіз, оның жиіркеніп, құсуы мүмкін, кейіннен сол тағамды өмір бойына жек көріп кетуі ғажап емес. Аллергиядан басқа жағдайдың барлығында баланың дұрыс тамақтанбау мәселесі сәби кезіндегі жіберген қателіктерден туындайтынына мен кәміл сенімдімін.  Егер сіз сәбиіңізге үнемі бір тағамды бере берсеңіз, ол соның дәміне әбден үйренеді де, басқа тамаққа тәбеті шаппайтын болады. Баланың дәмге дағдылануы да басқа сезімдер сияқты бір мен үш жастың арасында қалыптасады. Оны мал бордақылағандай құнарлы тағаммен ғана тамақтандыра бермеу керек. Балаңыз сізге “Мынау дәмді екен”, “тама­ша дайындалыпты” деп ешқашан айтпай­ды. Соған қарамастан, ол тамақты сүйсіне жеуі керек және тағамдар алуан түрлі болуы тиіс. Мен балаға ең дәмді тағамды берген болар едім, сонда ғана оның тағамға деген дұрыс талғамы қалыптасады, егер қажет болса, дәмсіздеу тағамды ата-аналары тауысып қойсын. Бала әртүрлі дәмдерді айыра білу үшін тамаққа қосылатын дәмдеуіштерге де баса мән беру керек.
    Жүйелі Күн тәртібі уақытты сезіну түйсігін дамытады
    Қазіргі уақыттың біздің балалық шақтан айырмашылығы – теледидар зама­ны болуында. Бүгінгі бала өмірді теледидар­сыз елестете алмайды. Сондықтан, ата-ана­лар балаларынан жырақтап қалмас үшін қаласын-қаламасын солар қараған бағдар­ламаларды бірге көруге мәжбүр болады.
    Теледидар белгілі дәрежеде бала үшін сағаттың рөлін ойнайды, өйткені, онда әлі уақытты сезіну түйсігі қалыптаспаған. Әрбір бағдарлама бала санасында белгілі бір оқиғамен астасып келеді, мәселен, әкесі жұмысқа кететін немесе келетін уақыт, ұйықтайтын мезгіл, т.б.
    Теледидар бағдарламаларының жүйе­лілігі баланың уақытты сезіну дағдысын қалыптастырады. Әдетте, кішкене бала тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді, ол үшін “өткен” мен “болашақ” деген ұғым жоқ  деп санайтынымыз бар. Шамамен, екі жасқа келіп сөйлей бастағанда, ол “дейін”, “кейін” және “ертең” деген ұғымдарды түсі­­не бастайды. Былайша айтқанда, баланың тілі шығып, айтқанды түсінгенге дейін, онда уақытты сезіну түсінігі болмайды. Дегенмен, тәжірибеге қарағанда, жүйелі қайталанатын теледидар бағдарла­маларының арқасында балалардың өткенді, бүгінгі мен келешекті  айыра алатындығы байқалады. Теледидар бағдарламаларының қатаң жүйелігі отбасы өміріндегі таңғы, түс­кі, кешкі ас, әкенің жұмыстан келуі сияқты оқиғаларға қарағанда әлдеқайда нақтырақ. Сондықтан теледидар баланың күн тәртібін қалыптастыруға жақсы ықпал ете алады. Қатаң жүйені тек оның бойында жақсы өмірлік дағдыны қалыптастыру үшін ғана емес, баланың уақытты жіті сезіне алу дағдысын дамыту үшін де берік сақтау керек. Кейбір ата-аналар баласы санап үйренбестен бұрын, уақытты сағат арқылы білуді үйрете бастайды. Бала болса, сағат тілінің мағынасын мүлде түсінбейді, сондықтан оған: “Сағат сегіз болды, ұйық­тау керек” деп сағатты нұсқаудың ешқан­дай мәні жоқ. Кішкентай бөбек  сағат сегіз болғандықтан ұйықтауға жиналмайды, қа­раңғы болып, көзіне ұйқы үйірілгендік­тен ұйқыға бас қояды. Жүйелі күн тәртібі бала­ға уақытты абстрактілі түрде сезінуді қа­лып­­тастыруға ықпал етеді. Осындай жүйелі тәртіп бала үшін сағатты алмастырады.

ЖАҢА ТЕЛЕДИДАР БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БАЛАҒА ДҰРЫС СӨЙЛЕУДІ ҮЙРЕТЕДІ

    Әлдеқандай бір ана маған өзінің бала­сының радио мен телебағдарламаларды тыңдау  арқылы дұрыс сөйлеуге дағды­ланып жүргенін ризашылықпен айтты.
    Мүмкін, сіз маған балаға  өзі ештеңе түсінбейтін бағдарламаны тыңдатудың қажеті жоқ деген қарсы уәж айтарсыз. Бірақ, оған айтылғанның барлығын толық түсінудің ешқандай қажеттігі жоқ, ең бастысы,  оған екпіні дұрыс қойылған, ыр­ғағы мен мақамы ұнамды, айтылуы мен әуезі дұрыс сөзді қабылдай алу дағдысын қалыптастыру.
    Сауатсыз сөйлем, жағымсыз дауыс ырғағы мен былдырлаған тіл – бала тәрбие­леніп жатқан ортаның  ең қолайсыз жағ­дайы. Орта біздің санамызға еркімізден тыс өте терең із қалдырады және оны кейін ешқандай жолмен өшіре алмайсыз. Егер ересек адамның сөйлеу мәнерінде әлде­қандай бір ерекшелік болатын болса, оны көп жағдайда сол күйінде баласына, ал баласы немересіне беретін болады. Осы­лайша, ұрпақтан-ұрпаққа тілдегі мүкістік пен орашолақтық та айнымай көшіп отырады. Егер баланың санасына әу баста дұрыс сөз берік орнығатын болса, ол өсе келе бүгінгі баспасөзде толып жүрген жар­гондарды тіліне жуытпайды, тіпті, аракідік пайдалана қалған күннің өзінде,  мөлше­рін біліп, тілін шексіз шұбарлауға жол бермейді.

СӘБИ МІНЕЗІН ТӘРБИЕЛЕУ МУЗЫКАЛЫҚ ҮНДЕСТІКТІ БАЛА БАЛҒЫН ШАҒЫНДА ӨТЕ ЖАҚСЫ МЕҢГЕРЕДІ

    Фильмдерде отбасында немесе ұжымда өз демалыстарын қосылып ән салу арқылы өткізіп жатқан топты жиі көрсетеді. Ешқандай музыкалық білімі жоқ, қара­пайым ауыл тұрғындары қосылып, хормен ән салғанды ерекше құш­тар­лық­пен жақсы көреді, олардың даусы да таңқаларлықтай үйлесімді, әуезді, сазды естіледі. Осын­дай орын­дауға жөргегінде жатып-ақ құ­ла­ғының құрышы қанған бала, му­зыкалық са­уатын же­ке­леген нота­ларды емес, тұтас үн­дестікті қабылдау арқы­лы ашады. Бұл оған дыбыстардың айырмашылығын  салыстыру арқылы түсінуге көмектеседі. Бала белгілі бір құры­лымы бар дүниені тез түсінеді. Дыбыс­тардың комбинациясы оған олардың бір-бірімен үндестігін және әрқай­сысының өзіндік ерекшелігін түйсінуге көмектеседі.
    Ересек адамның есту қабілетін мінсіз дәрежеге жеткізу мүмкін емес, ал балаға дұрыс музыкалық білім бере отырып, оны қапысыз қалыптастыруға болады.

СКРИПКА ОЙНАУҒА ҮЙРЕТУ БАЛАНЫҢ НАЗАРЫН ТҰРАҚТАНДЫРУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

    1970 жылы Осакадағы үлкен жәрмең­кеде БҰҰ күнінің құрметіне балғын скрип­кашылардың концерті ұйымдастырылды. Ол түс әлетінде, сағат 11-де басталуы керек болатын, бірақ, балғын скрипкашылар, олардың ішінде, тіпті, үш-төрт жастағылары да бар, күннің суықтығына да қара­мас­тан, таңғы сағат сегіз болмай  аспаптарын баптап, жаттығуларын жасап, алаңда тұрды. Мен балалардың соншалықты дегбірсіз­дігіне таңқалдым.
    Әрине, балаға әрқашанда шапшаң, дегбірсіз  көңіл-күйде болу  жарасып тұрады. Бірақ, шапшаңдық пен дегбірсіздік екеуі бір дүние емес. Әсіресе, дегбірсіздік ересек адамға үйлесе  бермейді. Егер адам бір нәрсеге ұзақ уақыт назарын тіктей алмаса, онда әрбір тапсырмаға қуаты мен уақытын босқа жібереді.
    Егер кімде-кім назарын тіктеудің жоғары деңгейін игере алса, ол адам үлкен артықшылыққа ие болады. Музыкалық мектеп оқушылары тәртіпке көндіккен және жақсы тәрбиеленген балалар  болып саналады. Сіз ондай балаларды ата-анасы өте қатал ұстайды және бұл оларды жасы­нан көңілсіз және тұңғиық етуі мүмкін деп ойлауыңыз кәдік. Олардың тәртіпті болуы сабаққа ата-аналарының қатысып оты­руы­нан емес, олардың өз назарларын ешқан­дай қиындықсыз жоғары деңгейде тіктей алатындығында жатыр. Олар сабақты жеңіл меңгереді және басқа балаларға қарағанда белгілі уақытта көп нәрсе істеп үлгіреді. Осылайша, оларда үнемі артық бос уақыт қалып отырады.
    Балалары доктор Сузукидің скрипка сыныбына барған ата-аналардың барлығы өз балаларының емтиханға дайындалғанда ешбір қиналмағанын, көп уақытын аулада балалармен ойнап өткізсе де, еркін жүріп-ақ жақсы оқығандарын бірауыздан растап отырады. Бұл жағдай интеллектуал бала­лар­дың мүлде жаңа келбетін танытады: олар ақжарқын, ақылды, ойлы, әдеттегі көзі бозарған, беті қуарған,  көзілдірікті әлжуаз баладан мүлде басқа.
Конфуцийдің “Музыкамен үндес бол” дейтін өсиеті баршаға белгілі. Яғни, музыка жаныңды жайландырады  және мінезіңді жақсартады. Музыка сабақтары жүйелі жаттығуды талап етеді, ол өз кезегінде   наза­рыңды тіктеп үйренуге тәрбиелейді. Осы­лайша, музыка мінездің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

 СКРИПКАДА ОЙНАУ  КӨШБАСШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТІ ДАМЫТАДЫ

    Әдетте, басқа  адамдарды басқару таза ересектерге тән қасиет деп саналады, сон­дықтан бұл дағдыны қалыптастыруға  ересек тартқанда көңіл бөлінеді. Ал шын мәнінде, көшбасшылыққа тәрбиелеу көпші­лік ойлағандай емес, әлдеқайда ерте жас­тан бастау алады. Байқасаңыздар, топтағы балалардың біреуі міндетті түрде көшбас­шылық рөл ойнауға ұмтылады.
    Доктор Иамашита өзінің “Балалар пси­хологиясы” деп аталатын кітабында нағыз көшбасшы маңайын қаншама бала қоршап тұрса да, әрқашанда өз ойы мен іс-әрекетін жіті назарында ұстайды. Ойын кезінде  болсын, сабақта болсын, ол үнемі тыңнан бірдеңе табуға және сол идеясын жедел жүзеге асыруға тырысады.
    Бұл қасиет те скрипка сабақтары арқылы  бойларына дариды. Сондықтан да доктор Сузукидің шәкірттері боркемік даныш­пандар емес, олар — жарқылдаған, жігерлі, көшбасшылыққа жанып тұрған балалар. Бұл жеткіншектер уақыты кел­генде сондай адамдарды қажетсініп отыр­ған қоғамның көшбасшыларына айналады.
    Оған дәлел — доктор Сузукидің көптеген шәкірттерінің әлемнің ең даңқты деген оркестрлерінде жоғары лауазымдарды иеленуі.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 410 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 747 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика