КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сенаттың пленарлық отырысында ана тілімізді сақтаудың, ұрпақ санасын қорғаудың кепілі - ұлттық анимацияны дамыту жөнінде Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдадым.

«Құрметті Олжас Абайұлы!

Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», - деген болатын.

Қазіргідей алмағайып заманда ұлт ретінде сақталуға ұмтылған әрбір халықтың алдында ұлттық тілі мен мәдени туындыларын ортақ құндылықтарға айналдыру міндеті тұр.

Өйткені, адамзатты ақпараттық технологиямен арбаған ғасырдың ұлттық құндылықтармен үнемі үйлесе бермейтіні анықталып отыр. Тым белсенді виртуалды әлемнің тегеурініне төтеп беру ұлтын шексіз сүйетін ұрпақтың ғана қолынан келмек. Ал отаншыл ұрпақты қалыптастыру үшін сол ақпараттық технологияны жете меңгеріп, ана тіліміздегі мәдени өнім мен тәрбие құралдарын заманауи форматта жаңғырту, бүгінгі күннің тілінде ұсыну аса өзекті боп тұр.

Ол үшін қайтпек керек? Әрине, ол үшін ғаламжелідегі бәсеке талабына лайық, ұлт тіліндегі сұрыпталған мәдени өнімдерді еселеп арттыру қажеттілігі басты міндеттің бірі екені белгілі.

Қазіргі балалардың бар ықыласы мен ынта-жігері толығымен смартфонға ауған. Олар тек сапалы анимация өнімдеріне көз салады. Анимациялық фильмдер бүлдіршіндердің дүниетанымын қалыптастыратын, тілін ұштайтын бірден-бір тәлім-тәрбие құралына айналып отыр. Мультфильмдердің лайықты иллюстрациямен безендірілуі, оқиға желісінің шытырман болуы, арнайы эффектілермен көмкерілуі көрерменді тартудың басты тәсілі. Қазіргі балалар бұл ерекшеліктерді өте жылдам әрі дәл айырады, бұл саладағы талғамдары тым жоғары. Осындай биік талаптарға сай келмесе қазақтілді мултьфильмдерді балалар көрмейді. Ұлттық танымымызға сай идеологиялық мазмұн-маңызға ие, баланың санасы тез қабылдайтын тәрбиелік мәні бар анима өнімдері де, балдырғандарға арналған кітаптар да өте аз. Тілі шұбарланып, қазақы тілдің қаймағынан айырылған, тіпті анайы сөзбен былғана бастаған қазақ киносының күрделі жағдайы да жеке сауалдың жүгі. Бұл әрбір қазақстандыққа, қазақ отбасына тікелей қатысы бар маңызды мәселе.

Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, ұлтымызға жат таным-түсінігі қалыптасуда. Бұл ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Себебі, анимация – жаһанданудың ең маңызды құралына айналды. Әлемнің озық елдері анимацияға стратегиялық деңгейде мән беріп, өзінің ұлттық құндылығын өзге елдерге дарытуда.

Мысалы, жапон елінде анимеден түсетін табысы өте қомақты. Ресей балаларға арналған анима фильмдер мен видеоөнімдерді идеология құралы ретінде пайдалануда. Ал Қытай әлемде анима дайындау бойынша алдыңғы орынға шықты. АҚШ-та анимация өнер ретінде бағаланып, идеология құралы және бизнестің көзі ретінде дамуда.

Қазақ анимациясының атасы атанған Әмен Қайдаровтың бүгінгі ізбасарлары, қазақстандық аниматорлар техникалық мүмкіндігі заман талабына сай келмесе де, мол қаржысы болмаса да, бай тәжірибесінің арқасында сапалы анима өнімдерін қолдан келгенінше шығаруда. Халықаралық конкурстардан жүлдеге ие болған отандық мультфильмдер де жеткілікті. Олардың бұл еңбегін ерлікке балауға болады.

Осы орайда, құрметті Олжас Абайұлы, ұлттық анимация саласын қарқынды дамыту мақсатында Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың төмендегідей іс-шараларды жүргізуіне ықпал жасауыңызды сұраймын.

1) Отандық анимацияны дамыту концепциясын дайындау;

2) «Кинематография туралы» заңындағы анимациялық фильм дайындау талаптарын қайта қарап, Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқару иерархиясында «Анимация өнері» құрылымын енгізу;

3) зияткерлік еңбекке құнды мүлік ретінде қарап, шығармашылық өнімнің нарықта бағалануын қамтамасыз ету аса маңызды. Ресейдегі «Союзмульфильм» секілді дербес Ұлттық анимация орталығын ашып, өндірілген ұлттық анимациялық фильмдердің отандық телеарналардағы көрсетілімін қаржылай субсидиялау тетіктерін қарастыру;

4) Халықаралық анимациялық фильмдер қауымдастығына (АСИФА) мүше болып, тұралап қалған анимация өнерін халықаралық ұйым арқылы қосымша қаржыландыруды үйлестіру;

5) жоғары оқу орындарында анимациялық кино режиссеры мамандығына грант санын арттыру;

6) меншік нысанына қарамастан отандық телеарналардың 12 жасқа дейінгі балалар аудиториясына арналған ұлттық анимациялық фильмдер көрсетіліміне арнайы уақыт бөлуін міндеттеу;

7) Қазақ халық ертегілеріндегі дайын кейіпкерлерді, жырау-жыршы, би-шешендердің өсиеттерін, өнегелі сөздерін насихаттайтын мультфильмдерге, ұлттық танымға сай және отансүйгіштік рухтағы анимациялық туындыларға тапсырыс беруді жыл сайын ұлғайту;

8)шетелдік анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілге аударма жасау талаптарына қатаң критерий бекіту;

9) балаларға арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларға конкурс жариялап, ең таңдаулыларының желісімен анимациялық фильмдер дайындау;

10) орталық және жергілікті тілдерді дамыту құрылымдарына ұлттық анимацияны дамытуға арнайы қаржы көздерін қарастыруды тапсыру;

11) меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелерін мемлекеттік тілдегі сапалы анимациямен қамтамасыз етуді міндеттеу;

12) «Ұлттық анимация өнері» туралы арнайы заң жобасын дайындау.

Бұл істі қазір қолға алып, анимация саласына маңыз бермесек, ертең бәрі кеш болуы әбден мүмкін. Өйткені, бүгінгі балалар мен жасөспірімдер ертеңгі болмысымыз десек, отандық анимацияның сапасын арттырудың маңызын терең түсінеміз. Яғни жаһанданған мына заманда ұрпақ санасын қорғаудың, ана тілімізді сақтаудың кепілі – ұлттық анимация саласын кеңінен дамыту міндетін жүзеге асыру қажет деп санаймын».

(Автордың фейсбук парақшасынан алынды)


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика