THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Ақылдың аңдауындағы, қиялдың меңзеуіндегі, көңілдің түйуіндегі» – тіліміз
Авторы: Қазақ әдебиеті
02/05/2017 14:45 0 35790 0
Қазақ тілі
мәселесі тұңғыш рет 1896 жылы «Дала уәлаяты» газетінде көтеріліп, мақала авторы
А.Құрмамбаев: «Қазақтың жазба тілі ноғай (татар) сөздерімен «шұбарланып барады»
десе, орфографияға қатысты ең алғашқы пікір де сол жылы жарияланып, әлеумет
назарына іліне бастаған екен. Бұл қазақ баспасөзіндегі тіл туралы мақалалардың
бастамасы болғанымен, одан кейінгі жылдары да аз қаузалмағаны белгілі. Арада
бір ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін шешімін таба алмағанына, өзге
тілден сөзбе-сөз тәржімалаудың салдарынан қазақ тілі аударма тіліне айналып
бара жатқанына алаңдаймыз ба бүгінде? Осы мәселелер төңірегінде ф.ғ.к.,
Ш.Шаяхмет атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік
орталығының директоры Бижомарт Қапалбекті, ф.ғ.д., А.Байтұрсынов ат. Тiл бiлiмi
институты Грамматика бөлiмінің меңгерушiсі Орынай Жұбаеваны және әл-Фараби ат.
ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Сандуғаш Нұртілеуованы әңгімеге тартып, жастардың
лебізін білген едік.
– Тіл туралы
айтқанда көптеген алғышарттардың орындалмай жатқаны, аударманың ақсап тұрғаны,
жастардың құлықсыздығы тілге тиек етіледі. Оған және мысалды көптеп келтіруге
болатын сияқты. Бұл тақырыпты тіл жанашырлары аз қаузап жүрген жоқ, қаржылық
қолдау жағынан да кенде емес. Ал нәтижесін бағамдай аламыз ба? Жалпы, қазақ
тілінің өркен жаюына не кедергі?
Бижомарт
ҚАПАЛБЕК:
– Тілдің өрісі
қоғамда оған қажеттілік болғанда және өзіне тиесілі кеңістікте толық үстемдік
еткен кезде ғана кеңейеді. Қазақ тілі «мемлекеттік» деген статусы бола тұра,
осы елге тиесілі аумаққа түгел жайыла алмай, қыстығып отыр. Бұл қазақ тілінің
дәрменсіздігі емес. Тілден тілдің кемдігі болмайды, кеңдігі ғана болады. Кез
келген тіл бай және мүмкіндігі шексіз. «Тілдің міңдеті – ақылдың аңдауын
аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түйуін түйгенінше айтуға
жарау», – дейді Ахаң. Айта білетін адамы табылса, қазақ тілі осының бәріне
әрқашан жарайды...
Сандуғаш
НҰРТІЛЕУОВА:
– Әрине,
тәуелсіздікке дейінгі кезеңмен салыстырғанда ілгерілеу бар. Алайда «жақсы» деп
айтуға әлі ерте. Себебі өзгелерді былай қойғанда орыстілді қандастарымыздың
қатары сиремей тұр. Қазақ тіліндегі жарнамалар мен отандық мультфильмдердің де
сапасы сын көтермейді. Жалпы, қазақ тілі өз деңгейінде қолданылуы үшін заң
жүзінде талап етілуі тиіс. Бұлай болмаған жағдайда барлығы тек сөз болып
қалады.
– Бұл күндері
«орыстілділер», «шала қазақтар» деген сөздерге шамданбаймыз, мән-мағынасынан
ажыраған аудармаларға етіміз үйренген, тіл туралы ғылыми жиындарға баруға, үлес
қосып, атсалысуға құлықсызбыз, қазақша білмейтін қазақты көру де бізге таңсық
емес. Осылай жалғаса берсе қалай болады? Көшпенді тұрмыста қалыптасқан қазақы
ойлау қазір өзгеше сипат алып бара жатқан жоқ па?
Бижомарт
ҚАПАЛБЕК:
– Қазіргі жастарда
тіл мәдениеті төмен екені рас. Өйткені күні-түні көретін өнегесі басқа.
Жастардың белгілі бір тұлғаларға қарап, бой түзейтіні белгілі. Шешен, мәнді,
ойлы сөйлейтін қазақ көп. Жастар жүрген жерде соларды үлгі етіп көрсетіп,
насихаттау қажет. Аузын ашса көргені, көзін ашса сүйгені – солар болу керек.
Сонда бәрі орнына келеді.
Орынай ЖҰБАЕВА:
–
А.Байтұрсынұлы: «Қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану
болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді
таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя
білуді айтамыз. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады», – деген. Иә,
қазіргі кезде қазақы ойлауда бірқатар өзгерістер орын алғаны рас. Қазақта «отың
өшпесін!», «шырағың сөнбесін!» – деген тіркестер бар. Тіпті, шамды да үрлеп
өшірмеген. «Қыз Жібек» фильмінде қаралы хабар естіген Жібек оттың соңғы ұшқынын
өшіргісі келмей, қиналатын сәті есіңізде ме? Ал қазіргі кезде туған күндерде
торттың үстіне шырақ жағып, оны өздері өшіріп жатқанын көріп, қазақы
ойлауымыздан алшақтап бара жатқанымызға қынжыламыз. Бұл – уақытша құбылыс
және жекелеген адамдардың қателігі, басқа мәдениеттің ықпалы.
Тілдік таңба –
этнотілдік сананың көрсеткіші. Басқа елдің ықпалы тілімізде де көрініс тапқан.
Қазақ тіліндегі жақ категориясының анайы/сыпайы түрге жіктелуі –
ментальділіктің көрсеткіші. А.Байтұрсынұлы: «Сыпайылап сөйлегенде, сөйлеуші
өзін мен деудің орнына біз, тыңдаушыға сен деудің орнына сіз, бөгде кісіні ол
деудің орнына ол кісі дейді. Сондықтан біз – 1-жақ, сіз – 2-жақ, ол кісі –
3-жақ болады», – дейді. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде анайы жіктеудің І жақ
көпше түрі жоқ екені айтылады.
Қазақтар
арасында болып‚ олардың сөйлеу мәдениетімен жақын танысқан Н.Ильминский: «Жасы
үлкен адам мен жасы кіші адам сөйлескен кезде мен, сен есімдіктері
қолданылмайды. Қазақтар сыпайылық сақтап, тыңдаушысын сыйлап мен, сен орнына
біз, сіз есімдіктерін қолданады. Қазақ тіліндегі бұл екі сөзді жекеше, сыпайы
түрге жатқызу керек», – дейді.
Қазақ тіліндегі
жіктеу есімдіктерінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес, сен есімдігінің көпше түрі
сендер болғанмен, мен есімдігінің көпше түрі мендер бола алмайды. Ал кейінгі
грамматикаларда көрсетіліп жүргендей, біз – біздер есімдігіне ауысса, ол сыпайы
жіктеуге айналып кетеді. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша, анайы жіктеудің көпше
түрі, мысалы біз – біздер түріне ауысып кете алмайды, ауысқан жағдайда бүкіл
жүйе бұзылады.
Тәуелдік, жіктік
жалғауларының сыпайы түрі тек ІІ жақпен ғана шектелмейтінін тіл фактілері де
көрсетіп отыр. Мәселен, ресми стильде мен орнына біз қолданылатын тұстар
баршылық. Тілдік қолданысымызда бар нәрсе тілдік жүйеде, парадигмада орын
таппай келеді. Тіл – тұтас жүйе болғандықтан, оның әрбір мүшесі сол жүйеге
бағынуы керек. Сондықтан анайылық жөннің үш жақта көрінетіні сияқты, сыпайылық
жөн де осы үлгімен берілуі қажет деп ойлаймыз.
Сонымен, тілді
зерттеу арқылы белгілі бір мәдениет өкілінің этнотілдік санасының ішкі әлемін
көріп, түсінуге болады. Белгілі бір этнотілдік қауымдастықтың мәдениеті, білімі
мен тәжірибесі тілінде көрініп, ділін қалыптастырады.
Сандуғаш
НҰРТІЛЕУОВА:
– Бұл күнделікті
тұрмыста анық байқалатын құбылыс. Қоғамдық көлікте де, көшеде де қазақша
сөйлесетін жастар қарасы көбейіп келеді. Бірақ біз әлі күнге дейін орыстың
сөздерін қоспай сөйлей алмаймыз. Әсіресе, «Давай, потом, сразу, пока, да» деген
сөздерді араластырып сөйлеу – біз үшін қалыпты жағдай. Тіпті, бір сөйлемнің
жартысын орысша, қалғанын қазақша жеткізетіндер де бар. Қазақ тілін біліп
тұрып, орысша сөйлейтіндер де жоқ емес. Бұл өз тілін менсінбеудің салдары.
Жуырда қазақшаны қойып, ағылшынша сөйлесіп тұрған қазақ қыздары жанжағына
маңғаздана, мақтана қарап, жанындағылар естісін дегендей даусын көтеріп
сөйлегенін көріп, іштей қатты қынжылған едік. Өзара орысша (онда да орыс тілін
жетік меңгерген болса жарайды ғой) әңгімелесіп келе жатқан екі бойжеткенге:
«Неге қазақша сөйлеспейсіңдер» – деп, айтуын айтып алып, басымыз айықпас дауға
қалғанда да, «Өзім білемге» салып, «Қазақ тілі кімге керек, сол сөйлесін» –
деген жауап алғанда да налығанбыз.
Бижомарт
ҚАПАЛБЕК:
– Ал аудармаға
келетін болсақ, қазақшалай салсақ, қазақшалай алсақ жақсы, әрине. Өйте алмай
калькалап, құрып отырмыз. Содан жаңа сөз-терминдеріміз жасанды, сөйлемдеріміз
құранды болып шығуда. Аударса да, өзінің дыбыстық заңына салып алса да, жұрттан
жұрт сөз алмай тұра алмайды. Алпауыт деген ағылшын тілінің өзі жыл сайын өзге
тілден 25 мыңдай сөз алады екен. Сөз жасаушы, я аудармашы болсын қазақ тілін
терең білсе, мұндағы тірлік тез оңалар еді. Аударма ойыншық емес, қоян сойса да
қасапшы сойсын деген ғой...
Орынай ЖҰБАЕВА:
– Қазіргі кезде
жарнама тілі қазақ тілінің заңдылықтарын белшеден басып отыр. Бұл жерде көпке
топырақ шашқым келмейді. Алайда теледидар арқылы берілетін немесе көшедегі
жарнамалар Тіл заңына сай келе бермейді. Бұл жерде жарнама берушілер де
түпнұсқадан айнымай, сол қалпында беруін талап ететін сияқты. Бірақ олардың
талаптарын орындаймыз деп, тіл заңдылықтарын назардан тыс қалдыруға болмайды.
Ол жарнама кімге арналса, соларға түсінікті болуы тиіс. Теледидарда дәрілерден
бастап, балалар жөргегіне дейін арналған жарнамалардың аудармалары сын
көтермейді. Бұл туралы ХХ ғасырдың басында тіл жанашыры Елдес Омаров
«Орысшалаған қазақ тілі» деген мақаласында: «Жазушыларымыздың көбі орысша
оқыған соң, олардың қазақша жазғаны орысшаға ұқсаған соң, басылып шығып жатқан
кітептеріміздің де, газетжорналдарымыздың да тілі қазақша болмай, орысшалаған
қазақ тілі болып отыр», – деп жазған. Аударған кезде қазақы болмысты, қазақы
менталитетті де естен шығармаған абзал.
– Дамыған елдер
де өз тілінің болашағына алаңдайтыны баспасөз беттерінде жарияланып жүрген
мақалалардан белгілі. Десек те, басым көпшілігі бұл мәселені әлдеқашан шешіп
алған. Сонда өзгелер нендей нәрсеге басымдық беріп, нені назардан тыс қалдырмауға
тырысады?
Бижомарт
ҚАПАЛБЕК:
– Өзгелер туралы
айтсақ, ол ұзақ әңгіме. Тек түркілер туралы айтайын. Осман түріктері о бастан
азат, бостан ел. Оларда тіл мәселесі деген жоқ. Ал кеше ғана орыстың шекпенінен
шыққан әзербайжан, өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмендерде жағдай басқаша. Біз тіл
мәселесі жөнінде бұл елдер ішінде көштің соңындамыз. Бірақ өзге мемлекеттің қол
астында отырған ұйғыр, татар, башқұрт сияқты 30-дан аса түркілердің алдындамыз
деп мақтансақ болады.
Орынай ЖҰБАЕВА:
– Қазіргі кезде
Ресейде орыс тілінің кеңістігі үшін күрес жүріп жатқаны мәлім. Олар: «Қайтсек
орыс тілінің қолданылу аясын кеңейтеміз?», «Қалай болғанда орыс тілінің өрісі
кеңейеді?» – деп, сол бағытта небір бағдарламалар жасап, жобалар дайындап
жатыр. Шеттен келген хитке айналған әндер алдымен орыс тілінде (мазмұны келмесе
де, дыбыстары ұқсас ән түрінде) құлаққа әбден сіңіп алады да, содан кейін ғана
шет тілдегі нұсқасы келеді. Ол кезге дейін әннің орыс тіліндегі нұсқасы
көпшілік қауымның құлағына сіңісті болып кетеді. Ондай әндердің орыс тіліндегі
нұсқасы әбден жайылып кеткеннен кейін ғана қазақ тіліне аударылады. Соның
салдарынан көпшілік оны қабылдай алмайды. Уақыт өткізіп аламыз, дер кезінде
үлгермейміз. Бұл да – ерекше мән берілуі тиіс мәселелердің бірі сияқты.
Сонымен қатар,
қазіргі кезде балалар әні мүлде азайып кетті. Тілі жаңа шыға бастаған балаларға
үйрететін жақсы ән таба алмаймыз.
Қазіргі кезде
аталарымыздың – шежіре, әжелеріміздің – ертегі айтпайтыны сияқты, ертеңгі күні
қазақ тілінің өрісі кеңейсін десек, балалар тіліне ерекше мән беруіміз қажет.
Себебі қазақ тілінің болашақта көсегесін көгертетіндер – қазіргі бүлдіршіндер.
Сандуғаш
НҰРТІЛЕУОВА:
– Бұл сұрақтың
жауабын тілді зерттеп жүрген ғалымдар жақсы білетін шығар. Мен тек бір нәрсеге
тоқталғым келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шетелдіктердің
тілдік және жалпы білім беру кафедрасы бар. Жан-жақтан
жиылған кәріс, жапон, ауған, француз, т.б. ұлт өкілдеріне қазақ тілі мен
әдебиетінен сабақ беріп жүріп, байқағаным, олардың тіл үйренуге деген құлшынысы
өте жоғары. Бір жылдың ішінде қазақшаны меңгеріп алатынын өз тәжірибемнен айта
аламын. Ал біздің орыстілділер он, жиырма жылда үйрене алмайды, себебі өзіңіз
айтқандай құлықсыз. Бізге келетін студенттерді сол елдің елшілігі
қаржыландырады. Олардың жататын орнынан ішер асына дейін толық қамтамасыз
етілген. Және қазақ тілін үйреніп шыққан шетелдіктердің басым көпшілігі
біздің елде қалып, жұмыс істеп жүр. Қазақстанда жұмыс істеу үшін қазақ тілін
білу керек деп ойлайтын сол студенттер ертең жұмысқа орналасып,
орыстілділердің ортасына тап болса қандай ойда қаларын кім білсін. Кейде орыстілді
қазақтар ана тіліне солардың көзімен қараса ғой деп ойлайсың. Өйткені сырт
елдерден жиналған жастар сабақты ықыласпен, зейін қойып, қызыға тыңдайды. Әр
сөзіңді қалт жібермеуге тырысады.
– Жалпы,
Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің барлығы дерлік өз тілдерін жетік
меңгергенін ескерсек, мәселе саясатта емес, ұлттық санада емес пе деген ой
келеді...
Бижомарт
ҚАПАЛБЕК:
– Шетелдерде,
әсіресе Қытай, Моңғолия, Түркияда тұратын біздің де қандастарымыздың ішінде өз
тілін ұмытқандар сирек. Сырт елде жүргендердің ұлттық санасы биік болатыны
заңды құбылыс. Ал республикамыздағы жайбарақат жүргендерге келсек, жиырма
жылдан кейін олардың санасын насихат арқылы көтерем деу бекер. Олар –
прагматиктер. Енді оларға кәмпит немесе қамшы көрсету керек, сонда қозғалады.
Мәселен, мемлекеттік қызметкерлерді пәтерге, марапатқа ұсынарда мемлекеттік
тілді білетіндігіне қарай артықшылық беріп, жалақыларына үстемақы қосу керек.
Ал қамшы дегеніміз – заңдарды күшейту. «Болашаққа» оқуға, мемлекеттік қызметке
тек қазақ тілін білетіндерді ғана алып, тіл заңын бұзғандарды шындап жазалай
бастау қажет. Жағдай екі-ақ жылда өзгеретініне кепілдік беремін.
Ал тіл саясаты
үш тағанға сүйенеді: құқықтық негізін жасау, жүргізілетін жұмысты насихаттау
және оны қаржылық жағынан қолдау. Бізде мұның барлығы бар, бірақ жеткіліксіз.
Мәселен, тіл туралы заң қабылданған кезде қазақтар республикадағы халықтың 40
пайызын құрайтын, ал қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға өсті. Яғни тіл саясатының
қазіргі құқықтық негізі төмен. Насихаттауға келсек, «Бүгінгі республика
аймағында тарайтын 8004 басылымның 2756-сы Қазақстанда, онда да оның 453-і ғана
қазақ тілінде басылады да, қалған 5248 газет пен журнал сырттан келеді.
Қазақстанда тарайтын барлық басылымның шамамен 90 пайызы орысша, 6 пайызы басқа
тілдерде, тек 4 пайызы ғана қазақ тілінде», – деген қорқынышты деректер оқыдым.
Ал қазақ тілінің мәселесі негізінен тек қазақтілді баспасөзде ғана айтылатыны
белгілі. Осыдан-ақ насихаттың шамасын бағамдай беріңіз. Тілге 2006 жылдан бері
үздіксіз қаржы бөлініп келеді. Тек жасаған жұмыс пен шыққан өнімдердің қоғамға
пайдасы мен тиімділігі жайында әлі де ойлана түсу қажет.
Орынай ЖҰБАЕВА:
– Туған жерінен,
атамекенінен алыстап, жырақта жүрген адам өзінің болмысын, тілін, салт-дәстүрін
ерекше қастер тұтатын сияқты. Германияда, Түркияда, Қытайда, т.с.с. алыс-жақын
шетелде жүрген қандастарымыздың тілін ұмытпай, әдет-ғұрыптарын сақтап, ұлттық
нақышта киініп жүргендерін көріп, еріксіз осындай ойға келесің. «Қолда барда
алтынның қадірі жоқ» дегендей, өз елінде жүргендіктен, көптеген жастарымыз
басқа ұлттың салт-дәстүрін мансұқ етіп кеткендей көрінеді.
Біздің ойымызша,
мемлекеттік тіл ғана ресми тіл болуы керек. Ресми тіл деген тіркестің
мән-мағынасын нақтылай түскен абзал. Бұл статус орыс тіліне ғана қатысты болса,
«қазақ тілі ресми емес орындарда ғана қолдануға жарайтын тіл болғаны ма?», –
деген ойға еріксіз келесің. Сондықтан бұл орайда әлі де басын ашып алатын
тұстар баршылық.
Сандуғаш
НҰРТІЛЕУОВА:
– Біздің елден
түрлі ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Себебі біз – көпұлтты мемлекетпіз.
Және олардың өз тілін ұмытпайтыны да дәлелдеуді қажет етпейді. Біздің кейбір
қандастарымыз шетелге барып, сол жақта қалып қояды да, өз тілін, ділін ұмытып
кетеді. Ал өз елімізде тұрып жатқан басқа ұлттардың ешбірі салт-дәстүрінен,
мәдениеті мен ұлттық болмысынан ажырамайды.
– Қазіргі ұрпақ
пен аға буын өкілдерінің арасында бір-бірінің сөз саптауына таңырқау, жатырқау
байқалады. Тіпті, кейде жергілікті сөздерді де түсінбей жатамыз. Әркім
күнделікті тұрмыста қолданатын сөздерден тыс әдеби, көркемдік тұрғыдан тілдік
қорын байытуы үшін не істеу қажет? Жалпы, сөйлеу мәдениеті қанша уақытта
өзгеріп отырады?
Бижомарт
ҚАПАЛБЕК:
– Бізде жергілікті
сөздер, диалект дегендер атымен жоқ. Атыраудан Алтайға шейін тұтас бір тіл. Аға
ұрпақ тілі, лингвистикада «қазіргі ұрпақ тілі» дейтін ұғым да жоқ. Қоғамда
түрлі әлеуметтік топтың тілі – жаргондар деген болады. Бірақ олар әдеби тілге
әсер ете алмайды. Кезінде өз арасында айтылады да, ұмытылып қалады. Ал әдеби
тілдің өзгеруі өте баяу жүретін құбылыс. Қазіргі әдеби тілдің нормасы Абай
заманынан бір мысқал ғана өзгерген шығар. Қазір кімде-кім Абайдың тілін
түсінбесе, ол бүгінгі әдеби тілден мақрұм деген сөз.
Біз жүз том
рухани байлықты ауыздан-ауызға шашпай жеткізген зерделі, жыраудың бір ауылдағы
айтып кеткен жырын қайта айтып бере алатын құйма құлақ ұлт едік. Бүгін содан
қалып бара жатқанымыз рас. Бұған тек ұлттық өзегін таба алмай, ұлттық моделін
құрай алмай, әр елдің стандарттарын әкеп тықпалап отырған егеменді елімнің иесіз
мектебі ғана кінәлі.
Орынай ЖҰБАЕВА:
– Тіл –
мәдениеттің дамуына ықпал етеді. Белгілі бір этникалық және мәдени
қауымдастықтың өкілі ретіндегі жеке адамның ойлауы тілге байланысты. А.Байтұрсынұлы
тіл мен ұлттық ділдің өзара қатысы туралы: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап,
хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр
халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі
жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде,
тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық
болады», – деген еді.
Қазіргі кезде
жастардың сөздік қоры жұтаң. Себебі кітап оқымайды. Әрі онысына өкініп, сөздік
қорын молайту, байытудың орнына бұрын-соңды естімеген, құлағына жат сөз болса:
«Бұл – диалект, жергілікті сөз!» – деп өре түрегелетіндер көбейіп барады.
Қазір, көбінесе аудармада жиі қолданылатын сөздер актив қорда.
Бет, жүз, түр,
түс, келбет, көрік, өң, ажар, шырай, пішін, кейіп, кескін, дидар, нұсқа, рең,
рай, әлпет, бәден, ұсқын, нысай, сүрең, сұрық, сықпыт, пормы, пошым, сыңай,
жамал, әліп, сүр, сүдін, кескін, қияпат, мүсін, сиық, тұрпат, әр т.с.с.
синонимдік қатардағы сөздердің көбі бүгінгі жастарымыз үшін түсініксіз. Бұл
сөздер «Батырлар жырында» кездеседі, Абай, Ақан сері, Т.Ізтілеуов, Б.Майлин,
М.Әуезов, Н.Ғабдуллин сынды сөз зергерлері қолданған деудің орнына ат тонын ала
қашады.
Сөздік қорды
байытудың бірден-бір жолы – кітап оқу. Теледидардан да көркем туындылар көбірек
беріліп тұрса дейміз. Бұрын облыстық драма театрлардың репертуарындағы
классикалық туындылардың сахналанған нұсқасы теледидар арқылы берілетін. Сол
дәстүрді әлі де жалғастыра беру керек деп ойлаймыз.
Сандуғаш
НҰРТІЛЕУОВА:
– Бала күнімізде
ауыл қариялары аңыз әңгімелер, ертегілер мен жыр-дастандарды айтып отыратын.
Сол арқылы олар әдеби сөздерді көптеп қолданатын. Естіп өскен құлаққа бұл
үйреншікті, түсінікті тіл. Ал енді қалада өсіп, орысша мен қазақшаны қосып
сөйлеуді қалыпты деп қабылдап өскен ұрпақ әдеби сөздердің мағынасын түсіне
бермейді. Осыдан барып «что такое түйсік?» деген сынды сұрақтар көбейеді.
Сөздік қорымды байытайын деп жүрген адам жоққа тән. Себебі ол бір жағынан талап
етілмейді. Дегенмен ең басты мәселе ұлттық сана-сезімнің жоғары болуы. Әр адам
өз ұлтын, тілін, ділін құрметтемейінше, үлкен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.
Азамат
ҚАРУОВ,
С.Демирел
атындағы университетінің
4 курс студенті:
– Таңғы сағат
жеті. Алматыны бетке алып, поезға міндім. Сәл тынығып алып, көзімді ашсам,
кішкентай қыз ойнап отыр. Cүп-сүйкімді-ақ. Өзі қазақ тілінде сайрап тұр.
Қатарласып отыра кетіп, есімін сұрасам Дилана екен. Есіміне таңданысым ұлты
өзбек екенін естігенде сейілді. Бірақ кіп-кішкентай бүлдіршіннің өзін
«қазақпын» дегеніне қуанып қалған едім.
Әңгіме-дүкен
құрып, екі сағат өткенде Шиелінің вокзалына келіп тоқтадық. Қарама-қарсы орынға
екі баласы бар қазақ келіншек орналасып жатқанда іле-шала дорбаларын асынған
жолдасы кірді. Ұлты – ингуш. Ерлі-зайыптылар бір-бірімен орысша тілдескенімен,
балаларымен қазақша сөйлесіп отырды. Ұлы мен қызының есімін де қазақшалап
қойыпты. Дәл осы кезде маған екі ой келді. Бір жағынан қазақ қыздарының өзге
ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып, қазақ қанын ластағанына налысам, екіншісі
жағынан өзге ұлттың қазақша сөйлеп, ұлттық дәстүрімізді бойына сіңіргені ұнады.
Мен үшін екінші жағдай анағұрлым қуанарлық. Бұл Қызылордада болған оқиға.
Өткен жылы Влад
есімді орыс жігітпен бір пәтерде тұрдым. Ол қазақша түсінгенімен, ойын жеткізе
алмайтын. Мен оған қазақша сөйлеп, жұрнақтарды дұрыс қоюды үйреттім. Ол да
қазақ тілін үйренгісі келетінін айтатын. Екеуміз өмір, жұмыс жайлы көп
әңгімелесетінбіз. Бірде: «Мен осы жерде тұрғаннан кейін, қазақ тілін білуім
қажет», – деді. Бұл ойдың қалыптасуына сәл де болса үлес қостым деп ойлаймын.
Осылай жасауға тиісті де едім. Бұл – менің тілім. Өз тілімді өз жерімде
құрметтету – менің міндетім.
Шарипа
ҚҰРБАНБАЙ,
С.Демирел
атындағы
университетінің
4-курс студенті:
– Бұл сұрақ
төңірегінде ең алғаш ойланғанымда, біз үшін әкемнің жасаған ерлігі есіме түсті.
Жат елдің топырағында жүргенімізде көрші ағаймен шүйіркелесіп отырып, айтқанын
құлағым шалған. Сонда әкем:
– Балаларымның
болашағына алаңдаймын. Бұрынғыдай қазақ тілін, салтын сақтап отыратын,
немерелеріне дұрыс бағдар көрсететін аталары да дүниеден өтті, ауылдың көнекөз
қарттарының қатары күн өткен сайын сиреп барады. Өзбек тілінің үстемдігі өршіп
тұр, ал қазақша оқулықтар жоққа тән. Балаларым тегі қазақ болғанымен, өзбекше
шүлдірлеп кете ме деп қорқамын. Оларды өзге ұлттың шырмауына салу – мен үшін
өліммен пара-пар. Алды биыл мектепке барады. Сондықтан балаларымның мектеп
табалдырығын Қазақстанда аттағанын қалаймын. Ұрпағымның болашағы үшін өз еліме
қоныс аударуға бел будым, – деген еді.
Жадымда қалған
осы сөздің байыбына барып, айтпақ ойының астарын енді сезініп жүрмін. Бұл
күндері әкемнің сол кезде қабылдаған шешіміне өкінбейміз, керісінше, Құрайға
шүкіршілік айтамыз. Анам жылда әкесінің қалын білмекке кіндік қаны тамған туған
жеріне барып тұрады. Әр барған сапарында жүрегі қанжылап келеді. Оның жанына
бататыны – ондағы туыстарының балалары өзбекше сөйлеп, өзбек тілінде ән айтып,
ана тілінен мақрұм қалып бара жатқаны.
Мамандық таңдау
барысында да әкемнің ақылына жүгіндім. Әкемнің:
– Әлемде өлмейтін,
сұраныстан түспейтін екі мамандық бар. Бірі – дәрігерлік, екіншісі – ұстаздық.
Дәрігерлік қабілетті сенің бойыңнан байқамаймын, әрі сенің жаның тым нәзік.
Сондықтан сенің ұстаз, оның ішінде, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының иесі
болғаныңды қалаймын, – деген сөзіне құлақ түріп, тілегін құп көріп, осы
мамандықты таңдадым.
Шіркін, менің арманым көп қой. Қазіргі таңда өзім тұрып жатқан ауылдан мектеп ашып, қоры өте бай кітапхана мен қазақ балаларына арналған үйірмелерді іске қосқым келеді. Ал мұның бәрін жасау үшін, ең алдымен, тұлға болып қалыптасуым керек. Тұлға болуға мол білім қоры қажет. Қазіргі кезде білім алумен және тілдің күнделікті тұрмыс төңірегіндегі кемшін тұстарын толықтырып, қоғамдағы ірілі-ұсақты қателіктерді түзетумен ғана шектеліп жүрмін. Әрі мұнымен бір орында қалып қоюды да көздемеймін. Менің ойымша, қазақ тіліне деген үлесті бәлендей тас жарып, тау қопармай-ақ, ұлтына деген құрметімен, еліктеп, еріп кететін әдеттен тыйылып, қазақы тұрмыс-салтты ұстануымен де қосуға болады. Мұның өзі тілімізге үлкен демеу, тірек деп білемін
«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Айгүл СӘМЕТҚЫЗ