THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Н.Сауранбаев «Көне қыпшақ тілінің кейбір сипаттамалары» (1948 ж.) деген мақаласында, қазіргі қазақ тілінде кейбір түркі тілдеріндегідей (өзбек, қырғыз, т.б. ) жік-жік болып бөлініп тұрған диалектілер жоқ болғанымен де, Алтай тауларынан Каспий теңізіне дейінгі аумақта мекен еткен қазақтардың ауызекі сөйлеу тілінде бірлі-жарым айырмашылықтар кездесіп, ол айырмашылықтар, ғалымның тұжырымынша, тілдің фонетикалық жүйесі мен лексикалық қорында болады. Ал бұл айырмашылықтардың пайда болуын Н.Сауранбаев «ескіден қалған тарихи мұра» деп есептейді:
1) с дыбысы мен ш дыбыстарының өзара алмасып келуі: мысық – мышық, масқара – машқара, тұрмыс – тұрмыш.
2) т мен д дыбыстарының алмасып келуі: тиірмен – диірмен, әптән – әбден.
3) п мен б дыбыстарының алмасуы: перне – берне, пида – бұйда.
4) д мен й дыбыстарының алмасуы: адақ – айақ.
5) ш мен ч дыбыстарының алмасуы: шалғы – чалғы, шапан – чапан.
Бұндай дыбыс алмасулар сонау көне түркі жазба ескерткіштері Орхон-Енисей мен орта ғасырдағы қыпшақ тілінің жазба мұраларында кездеседі. Н.Сауранбаев «қазақ тілінде қолданылатын жергілікті ерекшеліктер – ескінің көзі» дегенде басшылыққа алғаны да осы мәселе болғаны сөзсіз. Себебі мұндай ерекшеліктер жалпы түркі тілдерінде сонау V ғасырдан бері үзілмей келе жатқан фонетикалық құбылыс болып саналды.
Ғалым өзінің 1954 жылы жазылған «Қазақ тілінің жасалуы туралы мәселеге» атты зерттеуінде жергілікті ерекшеліктер құрамындағы өзара алмасып келетін дыбыстардың фонетикалық ауытқуларын талдайды:
1. c мен ш: тысқары – тышқары, ұқсас – ұқшаш.
2. т мен д: топ – доп, тым – дым, теңіз – деңіз, туадақ – дуадақ, тізгін – дізгін, тізе – дізе.
3. л мен д: тыңда – тыңла, таңла – таңда, маңлай – маңдай.
4. д мен й: адақта – айақта (аяқта).
5. м мен б: мекіре – бекіре, шымшық – шыбшық, шымыш – шыбыш, матыру – батыру.
6. п мен б: пәле – бәле, полат – болат, пайда – байда, пиялай – биялай, палуан – балуан.
Ғалым бұл жердегі л мен д дыбыстарының алмасуын ертеден келе жатқан заңдылықтардың қатарына жатқызады да оған дәлел ретінде Күлтегін ескерткішіндегі – тыңла, «Кодекс куманикустегі» – аңла сөздерін мысалға келтіреді. Осылайша ол диалектологияға қатысты жазылған зерттеулерін үнемі тың деректермен толықтырып отырғанын байқатады. Мысалы, «Көне қыпшақ тілінің кейбір сипаттамалары» деген мақаласында жергілікті ерекшеліктер ауызекі сөйлеу тілінің фонетикалық жүйесі мен сөздік қорын қамтиды десе, «Редакцияға хат» деген мақаласында грамматика саласын да қосады, ал «Қазақ тілінің жасалуы туралы мәселеге» деген мақаласында фонетикалық ерекшеліктерге берілген мысалдар санын әлдеқайда молайта түседі. Диалектологиялық зерттеу мәселелерінде ұстанған принциптің басты ерекшелігі – фонетикалық құбылыстар сырын тарихи тұрғыдан зерттеп, оларды ескі түркі тілдерімен байланыстыра қарастырады.
Диалект сөздердегі грамматикалық ерекшеліктердің мәнді себебін де тарихи тұрғыдан қарастырады:
-мыш (-міш) форманты әдеби тілімізде айтылатын -қан (-кен), -ған (-ген) қосымшасының орнына жүреді. Бұл Қостанай облысында тұратын қазақтардың ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі: жазылмыш (жазылған), жетілміш (жетілген), айтылмыш (айтылған), таңданмыш (таңданған). Н.Сауранбаев бұлай сөйлеуді халық «көне кітап тілінен үйренген» болу керек деген болжам жасайды. Осы болжамы арқылы ол көптен бері кітап басып шығару өнерін кәсіп еткен Қазан, Орынбор, Уфа, Троицк қалаларының ықпалына ертерек ұшырап, көне кітаптарды оқуды әдетке айналдырған Торғай даласының тұрғындары осындай формаларды қолданатын болғанын дәлелдейді.
-шақ (-шек) жұрнағы да осы аймақты мекендеген қазақтардың тілінде жұмсалады, әдеби тілдегі -сы (-сі) тұлғасының мағынасын береді: алашақ (аласы), берешек (бересі).
-жақ (-жек) тұлғасы көбінесе қарақалпақ туысқандармен іргелес отырған аймақтарда (Ақтөбе, Қызылорда облыстарында) жиі кездеседі: бережек (берешек), айтажақ (айтатын), алажақ (алашақ).
-улы (-улі) формасы Қазақстанның батыс жақ өлкесінде айтылады: барулы (барыпты), көрулі (көріпті), келулі (келіпті).
-лы (-лі) тұлғасы оңтүстік пен оңтүстік-шығыс алқапта бірінші жақтың қалау рай формасында айтылады: баралы (барайық), жүрелі (жүрейік).
Кезінде пікірталас тудырған мәселе ол қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің сипаты мен таралу шегі диалектілік көлемде ме, әлде сөйленістік көлемде ме деген сауал болатын. Ғалым Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді диалект сипатында болған деп қарастырады. Мәселен, ол белгілі бір аймақ тіліндегі ерекшеліктер бірнеше сөйленіске ортақ болып келіп, диалектіге негіз етілгенін айтады. Өз мақаласында Шу, Жетісу, Шымкент, Сырдария сөйленістерінің әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен бірге бүкіл Оңтүстік өлкеге тән негізгі ерекшеліктерін де сақтап қалғандығын, сөйтіп, олардың тұтастай оңтүстік диалектіге кіретінін пайымдаған.
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ