THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мақалада қазақ тіліндегі айқындық/айқын еместік модалділігін білдіретін тілдік құралдар қарастырылады
В статье рассматривается языковые средства выражения модальности достоверности/недостоверности в казахском языке
In the article language means expressions modalities reliabilities/unreliabilities are considered in Kazakh language
1. Жалпы мәлімет. Айқындық/айқын еместік өрісі сөйлеушінің көзқарасы тұрғысынан сөйленім мазмұнының ақиқат болмысқа сәйкестік дәрежесін білдіретін тілдік құралдар арқылы білдірілетін категория болып табылады. Сөйлеуші сипатталатын оқиғалар туралы өз білімінің толықтығын қалай бағалайтынына байланысты сөйленім мазмұны (пропозиция) істің ақиқат болмыстағы реальді қалпына сәйкес келетін немесе сәйкес келмейтін болып көрінеді.
Сөйленім қандай да бір оқиға мақұлданатын немесе терістелетін‚ субъекті мен белгі арасындағы қандай да бір қатынастар туралы ақпарат беретін хабарлы сөйлемдермен берілсе‚ ақиқат болмысқа сәйкес келетін сөйленім ретінде қарастырылады: Жаңбыр жауып тұр; Оның мұғалім болғысы келеді; Боран күшейіп келеді.
Егер сөйлеушінің сөйленім мазмұнының ақиқат болмысқа сәйкестігін дәлелдейтін жеткілікті негіздемелері жоқ болса‚ ол пропозицияны (сөйленім мазмұнын) не жорамал ретінде‚ не ойлау мен қорытындының нәтижесі ретінде‚ не басқа адамдардың мәліметіне сүйенуі немесе өзінің сезініп қабылдауы ретінде көрсете алады: Банзаровтың мәліметтеріне қарағанда‚ Сібірге жер аудару қаһарлы Иваннан басталған (С.Мұқанов); Аспанды бұлт құрсайды – Күн жауарға ұқсайды (Шалкиіз жырау).
Айқындық/айқын еместік мағынасы пропозитивті мағынаға ие‚ яғни заттардың, құбылыстардың кейбір қалпын сипаттайтын хабарлы сөйлемдермен асқан жиілікпен арақатынаста болады. Мұндай сөйленімдерде айқындық мағыналар «сөйлемнің мазмұндық құрылымына екінші қатарлы модалдік мағыналар» түзе отырып‚ «модалдік мағыналарға ие сөйлемдердің грамматикалық қабатына» қоса беріледі [1, 59-б.]. Айқындық бағасы сөйлемнің негізгі модалдік мағынасын күшейте алады: - Шедевр! Институт бір ауыздан мемлекеттік сыйлыққа ұсынып отыр. Алады. Сөзсіз алады (Ә.Нұрпейісов) – күшейтілген болжалдылық; Өз қызына егіздің сыңарындай ұқсап кеткені сонша бұл қалт тоқтап‚ қуыршақтан көзін алмай қадалды да қалды. Аумайды-ау‚ аумайды (Ә.Нұрпейісов) – күшейтілген реальділік; Бұл медицина ғылымында дәлелденген шындық. Күмәніңіз болмасын‚ қарындас (Б.Мұқа) – күшейтілген шындық; Әжік-күжік әңгімемен отырғанда, Әліпбек тілі күрмеліңкіреп, көзі қылиланып барып, төсегіне құлап, зіл ұйқыға батты да кетті (Ш.Мұртаза) – сөйлеушінің өзі куә болған шындықты әсірелеп әңгімелеу.
Айқындық/айқын еместік мағына‚ әдетте‚ субъективті модалділіктің бір түрі ретінде қарастырылып келді. Бірақ айқындық модалділігі кейінгі зерттеулерде персуазивті (Панфилов‚ 1977)‚ «эпистимическая модальность» («дәлелденген модалділік») (Lyons‚ 1977; Palmer‚ 1979)‚ анықтық модалділік (Русская грамматика‚ 1979)‚ шындық модалділік (Грепл‚ 1978‚ 278) деп аталып, модалділіктің дербес түрі ретінде бөліп қарастырылады. «Айқындық модалділік» ақпарат берудің нағыз сенімді түрі деп тану бар. Бұған себеп‚ біріншіден‚ бұл термин аталған категорияның бағалауыштық сипатын көрсетеді‚ екіншіден‚ бағалаудың семантикалық негізі – ақиқат болмыстың байланыстары мен қатынастары туралы сөйлеушінің хабардар болуының дәрежесін білдіреді [2‚ 147-б.].
Етістіктің рай категориясы модалдік мағыналарды білдіретін тілдік құралдардың ішіндегі маңыздысы әрі ауқымдысы болып табылады. А.Байтұрсынов рай категориясын он бес түрге бөле отырып‚ оның ішінде сенімді (істің істелу/істелмеуіне көңіл сеніп сөйлегенде айтылатын сөз түрі: алғаймын‚ тұрғаймын)‚ сенімсіз (істің болу/болмасына көңіл сенбегендігін көрсететін сөздің түрі: барар ма екен‚ бармас па екен)‚ болжал (істің шартқа қарайлап болғандағы сөздің түрі: оқыр едім (ақшам болса)‚ ішер едің (су болса)‚ мұң (іскерлік іске мұң болғанда айтылатын сөздің түрі: айтар ма едім‚ айтпас па едім) райларын көрсетеді [3, 242-243-бб.]. Бұл көрсетілген рай түрлері сөйлеушінің өз сөйленіміне сенгендік/сенбегендік‚ болжал, яғни айқын еместік мағыналарын білдіретіндігі байқалады.
Әр түрлі құрылымды тілдерде модалділік категориясын зерттеген Т.И.Дешериева көптеген тілдерде (кавказ‚ абаз‚ ненец) ықтималдық (болжалдық) райдың бар екенін айтады. Ғалым «ықтималдық (болжалдық) рай – іс-әрекеттің орындалуының қандай да бір ықтималдық дәрежесі мағынасын етістік-баяндауыш арқылы білдіретін категориялық тұлға. Ықтималдық немесе басқа мағыналы модаль сөздер бұл райдың аналитикалық формасын етістік-баяндауышпен тіркескенде ғана жасай алады», – дей келіп, нах тілдеріндегі айқындық (сөйлеуші іс-әрекеттің орындалуын/орындалмауын өз көзімен көргендігі) және айқын еместік (сөйлеуші іс-әрекеттің орындалуын/орындалмауын өз көзімен көрмеген) райларын көрсетеді [4, 99-170-бб.].
Түркі тілдеріндегі болжалдық модалділігін және оларды білдіретін құралдарды арнайы зерттеген Г.А.Медетова болжалдық модалдік реңктер келер шақ грамматикалық категориясына тән деген пікір айтады. Болжалдық модалділік сөйлеушінің хабардар болуына негізделген сөйленімнің шындық-ақиқат фактісімен сәйкестігінің ықтималдығын білдіреді [5].
Р.С.Әміров қазақ тілінде іс-әрекетті болжау сипатында атайтын баяндауыштардың мынадай түрін көрсетеді: -ған+ сияқты‚ -тын + сияқты‚ зат есім + сияқты; есім сөз + шығар‚ -ған + шығар‚ -тын+ шығар; есім сөз + болу керек; есімше сөз + болу керек; деймін-ау; білем; есім‚ есімше + көрінеді; есім‚ есімше + тәрізді; -тын+ ұқсайды; шартты рай + керек; шартты рай етістіктің болымсыз түрі (ол кеше келмесе); шартты райдың болымсыз түрі + неғылсын (алмасаң неғылсын); шартты райдың болымсыз түрі + игі еді (болмаса игі еді); болымсыз бұйрық рай (қалып қалмасын); -тын‚ -ар + түрі бар/жоқ‚ -тын + тәрізі бар/жоқ; тәуелдеулі тұйық етістік + мүмкін‚ ықтимал [6, 135-139-бб.].
Түркі тілдерінің ішінде башқұрт тілінде модалділік категориясын жұмсалымды мағыналық өріс теориясы тұрғысынан зерттеген В.М.Зайнуллин болжал (жорамалдық) модальділік «шарттылық» («үндеу», «буындас») рай (сослогательное наклонение) арқылы берілетінін көрсетеді: 1) -ыр ине; 2) -ган булыр ине; 3) -а ине; 4) -асак ине [7, 289-315-бб.]. Алайда қазақ тілінде айқындық мағыналары ашық рай тұлғаларымен берілгенімен, болжалдық мағынаны білдіретін морфологиялық рай категориясы көрсетілмейді.
Қазақ тілінде етістіктің модальдік құрылымдарын арнайы зерттеген Қ.Мамаділов болжал мағынасын білдіретін етістіктің модальдік құрылымдарына: -са керек‚ -у керек‚ -ған сияқты/ секілді/іспетті/тәрізді‚ -йтын сияқтанушы еді‚ -у мүмкін/ ықтимал/кәдік‚ -у шығар‚ -уға болар‚ -ған шығар‚ -ған болар‚ -ған көрінеді‚ -атын көрінеді‚ -мақ көрінеді‚ -ғанға ұқсайды деймін құрылымдарын жатқызады [8, 90-123-бб.].
2. Айқындық/айқын еместік модалділігінің лексемалар арқылы және лексика-грамматикалық жолмен берілуі. Айқындық мағыналар рас, хақ, дәл, анық, ақиқат, кәміл, сөзсіз, сйғақ, мәлім лексемалары арқылы білдіріледі: Иә, әр күнімізді көңілді өткізуге, еш нәрсені ойламауға, бір-бірімізді сатпауға, бір-бірімізді жер ортасы көктөбеде тастап кетпеуге талай рет ант бергеніміз рас (О.Бөкеев); Өз жасымды өзім білемін ғой. Тойламасаңдар тойламай-ақ қойыңдар, қарағым. Әйтеуір жетпіске жеткенім хақ (А.Шамкенов); – Сенің түбіңе де радиация жетті-ау. Бәріміз радиациядан өлеміз, - деп еңіреген Жақайдың сөзін естіп, жиналған жұрттың жаны түршіккен. Оның сөзі қоспасы жоқ ақиқат еді (Б.Мұқай).
Ықтималдық қазақ тілінде көбінесе модаль сөздер (көрінеді, секілді, шығар, мүмкін, сияқты, ұқсайды, іспетті, сынды, тәрізді сыңайлы, деймін, шығар, депті т.б.) мен сөз тіркестері арқылы беріледі: Бәрін бүлдіріп жүрген “бітімші” Кәрібайдың өзі көрінеді (Ғ.Мұстафин); Ал ана бір абжыланның аузындағы түк-түк нәрсе кәдімгі екі қабат әйелдің құрсағынан жарылып алынған екі апталық шарана дейді (Ә.Кекілбаев); Тағат. Реті келсе, келіншектерге кет әрі демейтін серілігі бар ғой деймін. Кісі. Бар болса, бар шығар (Д.Исабеков).
Ықтималдық мағынасы жорамалдық, сенімсіздік, күмәндану мәнді лексемалар (дүдімал, білем, неғайбыл, дақпырт, ықтимал, кәдік, беймәлім, белгісіз, жорамал т.б.) арқылы да білдіріледі: Енді солардың соңына көп ел болып түсу керек дескен дақпырт бар (М.Әуезов); Атылған оқ нақ маңдайдан ұрсын, не қу жауырынның астын ала бұғанадан өтіп, тақ жүрекке қадалсын, қара бауырды қақ жарсын, сонда ғана ашына кеуделеген, көзіне қан толған аңның құлап түсуі ықтимал (М.Мағауин).
Айқындық модалділігі мүміндік және қажеттілік мағыналарын білдіретін мүмкін, керек, тиіс, тиісті модаль сөздері арқылы білдіріледі: – Егер кідіріссіз жүріп тұрса, бүгін жолға қонып, ертең түс қайта Шәуешекке жете жығылуға тиіс (Қ.Жұмаділов); Сірә, ру көсемдері болса керек (Қ.Жұмаділов).
Айқындық мағыналар айқындық‚ күмән‚ сақтандыру‚ болжал мағыналы -дағы (да)‚ -ау‚ ғой‚ ма‚ ме‚ ба‚ бе‚ па‚ пе‚ -мыс‚ -міс демеулік шылаулармен де беріледі: – Сонда бұл екеуінің қайсысы жеңді? – Суықтөбе жеңді-дағы (Әдебиет және искусство); – Базарға неге апарушы еді биені? Сатуға апарады да (С.Мұқанов).
Айқындық/айқын еместік модалділігі ақпараттың айқындығын немесе айқын еместігін (болжалдығын, шындығын, ықтималдылығын, дүдімалдығын, сенімділігін) білдіретін лексикалық бірліктердің әр түрлі грамматикалық тұлғалармен тіркесіп келуі арқылы білдіріледі. Зерттеуші Қ.Мамаділов мұндай құрылымдарды «етістіктің модалдік құрылымдары» деп атайды [8]. Мұндай құрылымдарды біз лексика-грамматикалық тәсіл деп атадық. Болжалдық мағыналарын білдіретін лексика-грамматикалық үлгілерге төмендегілерді жатқыздық:
а) -ған‚-ген тұлғалы есімшеге -дай‚-дей жұрнағының жалғануы немесе жалғанбай-ақ бол етістігімен тіркесі: Қашан жанары тұлдыр мұнардан басқа ештеңе ажырата алмай адасып қалғанда барып‚ құлағымның түбінен осындай бір талықсы үн шыққандай болды (Ә.Кекілбаев); Тегі сол мұнда келмеген болды (М.Әуезов).
ә) -са‚-сетұлғалы шартты райға керек (еді) модаль сөзінің, неғылсын сөзінің тіркесі: –Найман кісісі ел шетіне келсе керек, бүгін осында келіп түспек дейді. Барлығы жүз қаралы кісі болса керек (М.Әуезов); Қазақ: «Атқа мінген кісіге желік бітеді» деуші еді. Сол рас болмаса неғылсын (Р.Ниязбеков).
б) -ған‚-ген тұлғалы есімше (барыс жалғауы жалғанып та, жалғанбай да) мен тәрізді‚ сияқты‚ секілді‚ білем‚ шығар‚ болар‚ көрінеді модаль сөздердің, тәуелдеулі -ған‚-ген тұлғалы есімшесі мен бар сөзінің, екен көмекші етістігінің тіркесі: Бұл енді Жексен қыстауы емес‚ осы мына ауылдың мекені болғанға ұқсайды (М.Әуезов); Осыдан жыл жарымдай бұрын машина авариясына ұшырап, шағылып қала жаздап ауруханаға түскені бар (Д.Досжанов); Қарағұлға еліктің терісінен тон кигізіп қойған екен (Ш.Мұртаза);
в) -мақ‚-мек тұйық етістігінің барыс жалғаулы түріне де‚ жалғаусыз түріне де көрінеді‚ керек модаль сөздерінің тіркесі: Егер бұл үйдің қызы болса‚ ол сол Шүкімән да‚ мынау соның төсегі болмаққа керек (М.Әуезов); Мезгілсіз жүрген жігіт өз жүрісін өз аулынан жасырмақ көрінеді (М.Әуезов);
г) тәуелдеулі -у тұйық етістігі мен мүмкін‚ кәдік‚ тиісті‚ лазым‚ рас‚ ықтимал модаль сөздерінің тіркесі: Бірақ «жауды өз ордасында талқандамай тынбаймыз» деген ұранмен бара жатқанда мұндай жырлар былайша айтқанда‚ соғыстан бас тартқан болып танылуы мүмкін.. .(Қ.Мұхамеджанов). Оның (өнердің) классика аталып‚ өлмес-өшпес өміршеңдікке ие болар сипаты да‚ құдіреті де осында жатуы ықтимал (Қ.Мұхамеджанов);
д) -атын‚-йтын‚-йтін тұлғалы есімше мен сияқты‚ секілді‚ сияқтанушы еді‚ көрінеді модаль сөздерінің, бар сөзінің тіркесі: Жомартты жек көрмейтін сияқты (Ғ.Мүсірепов); Осы бір ауызға алуға да татымайтын арзымсыз ұсақ-түйектен ажырап кетсе‚ бұны өзгелер түгілі өзі де тани алмай қалатын секілді (Ә.Кекілбаев);
е) -ған‚-ген тұлғалы есімше тұлғасымен болып шықты, боп шықты тіркесінің тіркесуі: Қысқасын айтқанда, бір айдан кейін келіншек әкелетін боп отырған Бонапарт сүндетке отырғызылмаған боп шықты (Д.Исабеков).
3. Айқындық/айқын еместік модалділігінің ашық рай тұлғалары арқылы берілуі. Айқындық/айқын еместік мағыналарды білдіруде өткен шақ тұлғалары жиі жұмсалады: Қу тақтайдың үстіне патшаның ордасындай қып зәулім сарай сап тастапты (Ә.Кекілбаев); Бұрын біреу оятпаса ұйықтай беретін аяған түрмеде өткізген сегіз айда тұп-тура сағат алтыда тұруға үйренген (Б.Мұха). Аталған тұлға тәуелдік жалғаумен келгенде сөйлеушінің (жазушының) экспрессивтілік мән қоса беру мақсаты көзделеді: Жеңгесі дірілдеген салалы саусағымен хатты ашып, босаға жаққа ығысып оқи бастаған; лездің арасында жанары кең ашылып, танауы қусырылып, жүзі бозарып, айрықша құбыл мінезге түскені. Үлбіреген ернін езе тістелегені (Д.Досжанов); Әйелінің бойына перзент біткенін білген Өмірсерік жүрегі алып-ұшып, ойын жинақтай алмай, ас батырмай қуаныштан мейманасы тасығаны (Д.Досжанов).
Айқындық мағына етістіктің болымсыз түлғасына -ған/-ген, -қан/-кен есімше тұлғасы жалғанып, оған -да/-де қосымшасының жалғануы арқылы да білдіріледі: – Ал, ұмытпасам, Нарша деген қалыңдығы бар емес пе еді? – Оны да біледі екенсіз ғой? – Білмегенде (С.Шаймерденов).
Болжалдық мағына -ған/-ген тұлғалы есімшеге -дай/-дей қосымшасының жалғануы арқылы да білдіріледі. – Бір сырым бар: ұзақ жолдың, Жібек жолының жолаушысы секілденемін, жетемін деп жете алмай, өкпем өшіп діңкелеп жүргендеймін (Д.Досжанов).
Айқындық модалділігі ашық рай мағынасын беретін диалектілік сипаттағы -улы/-улі қосымшасы арқылы да білдіріледі: Менің екі үш жасымда болса керек, біздің ауылдың адамдары Сауытбай, Сандыбай, Дәндібайлар иеленіп жүрген мал өрісі туралы дау шығарып, малдарын сол өріске бағатын болыпты. Қыйсық деген шаруа, көпшіліктің ұйғаруы бойынша, осы өрістегі малдың басында болулы (С.Көбеев).
Айқындық мағыналар ауыспалы өткен шақ тұлғалары арқылы да білдіріледі: …Райымбек басқа өлеңдерін қадір тұтып, жанына жақын баламаса да, тап мына туындысын өз өмірінің жалғасындай сезініп, оқтын-оқтын дауыстап оқып, жүрген жеріне таратып жүретін. Содан өзі керемет ләззат алатын (Р.Ниязбеков).
Айқындық мағынаны беруде осы шақ тұлғалары да жұмсалады: Үстімізде етегі сүйретіліп қар сызып тыратын қара тон, аяғымыда қара пима, әйтеуір жылжып келеміз (Ғ.Мүсірепов); Есік түрулі тұр. Үй ортасында, үлкен қазанда ірімшік қайнап жатыр (М.Әуезов); Бірен-саран оқшау шыққан тайынша, құнажын болса, сәйгелддің қуғынына ұшырап, құтырғандай жосып жүр (М.Әуезов).
Айқындық модалділік -уда, -уде тұлғалары арқылы жасалған осы шақ тұлғалары арқылы да білдіріледі: Қазір ұсталған күдіктіден тергеу орындары жауап алуда. Белгілі болған мәліметтер тергеуге кедергі келтіреді деген дәйекпен тартылмауда (Алматы ақшамы).
Айқындық мағыналар ауыспалы осы шақ тұлғалары арқылы да білдіріледі: Әрдайым бір жаққа жол жүрерде мен осы қарапайым ағаш рамкаға салынған шағын суреттің алдына келіп тұрамын (Ш.Айтматов); Осы күнге дейін мен бұл суретті ешбір көрмеге берген жоқпын, тіпті ауылдан туыстарым келе қалса, олардың да көзінен тасалап тығып қоямын (Ш.Айтматов).
Болжалды мағыналар көбінесе келер шақ тұлғаларымен беріледі: Сіздің халқыңыз мекен еткен өлке туралы‚ бәлки‚ мен де бір керекке жарарлық еңбек етермін (М.Әуезов); Қожайын‚ отынды түн бойы жағып отыруға тура келер (Ғ.Мүсірепов); Қазақ көшпелілігін қойып, қала салса, мәдениет тез орнар еді (М.Әуезов).
Айқындық мағыналар әр қилы шақ тұлғаларымен берілгенде‚ осы тұлғаның негізгі категориялық мағынасымен бірге модалдік мағыналармен қоса қосымша эмоциональды-экспрессивті реңкті білдіреді. Мұндай жағдайларда‚ әдетте‚ айқындық мағыналар белгілі синтаксистік контекстерде жүзеге асады. Мысалы‚ қазақ тілінде ауыспалы келер шақ тұлғалары сенімділік мағыналарын төмендегідей жағдайларда білдіреді: а) эмоционалды бояулы болымсыздық мағынаны білдіретін синтаксистік құрылымдар: Ол келісе қояр ма екен? (келіспейді)Ол сенімен сөйлесер! (сөйлеспейді)Бәрін құртатын Жомарт. Сүйтіп те күйеу болмақ па! (Ғ.Мұстафин) – күйеу бола алмайды; ә) риторикалық сұрақ сипатындағы жалған-болымсыздық құрылымдар:Қандай қазақ жылқы дегенде жанын бермес! (жанын береді).Александр Македонский‚ Шыңғысхан‚ Темір‚ Наполеон‚ Гитлер – осылардың қайсысын тарих ұмытып еді (Қ.Мұхамеджанов) – ұмытқан жоқ.
4. Іс-әрекеттің немесе оқиғаның болғандығы жөніндегі айқын ақпарат бұйрық мағынасында жұмсалмағанбұйрық рай тұлғасы арқылы білдіріледі: І жақта: – Әлгі «Қазақ әдебиетінде» әңгімем жарияланғаннан кейін, шамада, бір айдан соң хат алайын(хат алдым) (Ш.Мұртаза); Адымымды жазып мен де стаион қайдасың деп тартып берейін (тартып бердім) (Д.Досжанов); ІІ жақта: Жаңа арпалысып жүріп екі кесені сындырып қойды. Сонан соң шапалақпен салып қалып едім, жыла-ай келіп жыла (тоқтаусыз жылады) (Д.Исабеков); ІІІ жақта: Сотталатын болғасын үйдегі іліп алар лыпаны сатып‚ жылтырауықтың бәрі жұрт қолында кетсін(жұрт қолында кетті). Бір пеледен аллалап әрең құтылған Сары Шая іле-шала қайта күйленіп‚ от басы тағы да сары ала жиһазға толсын (жиһазға толды) (Ә.Нұрпейісов).
5. Айқындық/айқын еместік модалділігінің синтаксистік жолмен берілуі. Сөйленімнің қыстырма элементтері ретінде қызмет атқаратын модаль сөздер айқындықты/айқын еместікті білдірудің арнайы құралы болып табылады: Мүмкін,ол кісі менің өнерімді сынап көруге ризалық білдірер (С.Мұқанов); Әрине‚ әркімнің де әкесі өледі (Ғ.Мұстафин); Зады‚ сізге түсіндіріп жатудың да қажеті болмас (Ғ.Сланов); Сірә‚ сенің де алғашқы жұмысың осымен басталған шығар (Қ.Жұмаділов). Ал, қазақ тіліндегі рас сөзінің қыстырма сөз ретінде синтаксистік позицияда қолданылуына орыс тіліндегі сөздердің орын тәртібі әсер еткені белгілі: Рас, менімен бірге істеген жолдассың (Ғ.Мұстафин).
Айқындық мағына сөйлеушінің өз сөзін растауын, айқындығын дәлелдеуін білдіретін арнайы қыстырма сөз тіркестері арқылы беріледі: – Сіз сықылды еді. Болсаңыз жасырмай айтыңыз! Тұрқыңыз келеді, мұрныңыз ұқсайды… – Құдай ақы, мен емеспін (І.Есенберин); – Ой-бой, өзің крахмалдай қатып кетіпсің ғой, әй! Құдай ақына, танымай қалдым (А.Шамкенов).
Айқындық мағыналар әр түрлі сұраулы құрылымдармен де беріледі. Көптеген тілдерде сөйлеушінің ақпаратты немесе осы ақпараттың негізінде құрылатын жорамалдықты нақтылау үшін арнайы сұрақ түрлері бар:
1) Нақтылаушы сұраулы сөйлемдер: Үміті алданбағанына қуанды. Бәсе‚ халық қате айтушы ма еді? (қате айтпайды) (Ә.Нұрпейісов). Заң орны тергеп-тексеріп анығына жетсе жақсы, ал егер ақ-қарасын айырып жатпай, бір түнде топырлатып аттып тастаса, қосақ арасында бұл да кете бармай ма…(кете баруы мүмкін)(Қ.Жұмаділов).
2) Болжалдық сұраулы сөйлемдер: Кешегі соғыстан кейінгі аз ғана уақытта аспан астындағы айдай әлемнің бір жерінде теңіз тартылса‚ сонан бері қанша көл‚ қанша өзен сарқылса‚ жер азса‚ ауа бұзылса осы ауылдың әлгі кір сақал шалдары айта беретін ақыр заманның да онша қашық қалмағаны рас болмаса не қылсын? (рас болуы мүмкін) (Ә.Нұрпейісов); Қазір бізге сонау Жапонияға жетуден де дәмете алатындай жағдай туып тұрған жоқ па? (жағдай туып тұр) (Ә.Кекілбаев).
Айқындық немесе болжалды мағыналар бағыныңқысының баяндауышы -са‚ -се шартты рай тұлғасы‚ басыңқысының баяндауышы айқындық немесе болжалды мағыналы рас (өтірік, жалған, ақиқат, шындық) сөздері мен болмаса не қылсын тіркесі болып келген риторикалық сұрақты сабақтас құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі: Кешегі соғыстан кейінгі аз ғана уақытта аспан астындағы айдай әлемнің бір жерінде теңіз тартылса‚ сонан бері қанша көл‚ қанша өзен сарқылса‚ жер азса‚ ауа бұзылса‚ осы ауылдың әлгі кір сақал шалдары айта беретін ақыр заманның онша қашық қалмағаны рас болмаса не қылсын (Ә.Нұрпейісов) – рас болуы мүмкін.
Сабақтас құрмалас сөйлемдерде модаль сөздер бағыныңқы сөйлемде берілген ойдан логикалық қорытынды шығаратын басыңқы сөйлемде қолданылады: Және дыбыс шыққан жақтан сескеніп‚ моншаны бетке ұстай бой тасалағанға ұқсайды (Х.Есенжанов); Тап осы минутте Әбітай екеуі бірер сөз үшін таласып‚ келісе алмай жатқан болар (Б.Майлин).
Айқындық мағыналар сұраққа жауап ретінде берілген сұрақтағы барыс септік жалғаулы есімше тұлғалы болымды етістіктен кейін үтір қойылып, мен (сен, ол, олар) есімдіктерінен кейін сөйленімдегі етістіктің жіктеліп келуі,берілген сұрақтағы болымды етістікке есімше жұрнағы, оған жатыс септігінің жалғау жалғанып, қандай сөзімен тіркесіп келуі,сондай-ақберілген сұрақтағы етістікке болымсыздық жұрнағынан соң есімше, оған жатыс септік жалғауы жалғануы арқылы білдірілуі мүмкін. – бен суға кетіп көрдің бе? – Көргенде, мен көрейін (Р.Нұрғалиев);Мінезі тік, шайпау адам еді-ау. Мұндағы адамдармен үйлесіп кете алды ма? –Үйлескенде қандай (С.Жүнісов). – Ертең кешке біз «Алтыбақан» құрамыз. Келесіңдер ме? – Келмегенде. Сөз жоқ келеміз (Қ.Жұмаділов).
Айқындық/айқын еместік мағына жалпы жақты сөйлемдер арқылы да беріледі: -Басқаның сөзін жала деп жазғыру үшін де ойлану керек. Әйтпесе, өзің жалақор атанасың (жалақор атануың мүмкін) (С.Жүнісов); Қазақ байлығы жылқысында. Қысқа қарай жылқы малын ықтасыны бар қара отты шұбарға жақын ұстамасаң – «байлық бір жұттық, батыр бір оқтық» – кейде тақыр-таза жаяу да қаласың (жаяу қалуың мүмкін) (Ғ.Мүсірепов).
Айқындық мағына еліктеуіш, бейнелеуіш сөздердің көмекші етістіктермен тіркесіп келуі арқылы да білдіріледі: Сұлтанмахмұт сұп-сұр боп кетті. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті (Д.Әбілев); Кәдімгідей күйген еттің исі мүңк ете түсті (Ш.Мұртаза).
Сөйлем баяндауышынан кейін -ай демеулігі мен келіп көмекші етістігінің тіркесуі арқылы болып жатқан іс-әрекеттің айқындылығы білдіріледі: Тойып болған соң ақ мекиендер топыраққа жата қалып шомылады-ай келіп (Ш.Мұртаза).
Іс-әрекеттің тез арада өткендігінің айқындылығы кеп жіберді тіркесі арқылы нақтылана түседі. Әбдібек әлгінің әжімсіз балпық кейпіне көзінің астымен қарап қойып, бір дәсері стақан арақты тартып кеп жіберді (Ш.Мұртаза).
6. Айқындық/айқын еместік модалділігінің тұрақты тіркестер арқылы білдірілуі. – Айлалы әйелден қиын қамал жоқ екеніне көзім жетті (М.Әуезов); Әбубахиттың меншіктеніп келе жатқан қызы осы, менің ғашығым екендігіне күдігім қалмады (С.Балғабаев).
Айқындық мағына сөйлем баяндауышы дей бер, шәк жоқ, дау жоқ тіркестерімен келуі арқылы да білдіріледі: Егер байлардың бірі бастап атқа қонып, ұран шақырар болса, барлығы бір-ақ күнде дүрк көтеріліп, тауға шығып кетуден тайынбайды. Ал, олар бүліншілік жасады дегенше, айрылмас бәлеге қалдым дей бер (Қ.Жұмаділов); Әрі баруға болмайды. Еңістеу мұзартта жылт етіп, әңгекке бәріміздің де түсін кетуімізде шәк жоқ (С.Жүнісов); – Үнемі бүгінгідей жұмыс істесе, осы совхоздағы ең алдыңғы қатарлы болуларына дау жоқ (С.Жүнісов).
Әңгімелесушінің сұрағына берілген жауаптың немесе сөйлеушінің өз сөзіндегі ақпараттың айқындығы дәл өзі, дәп өзі, дәл таптыңыз тіркестерімен беріледі: – Тоқташы, айтып тұрғандарың қай мола? Ана Жарқынның дөңіндегі мола ма? – Дәп өзі (С.Шаймерденов); – Өте сыпайы, ақылды, көрікті, сізді туған әпкесіндей сыйлайды. Оның үстіне мен сияқты неміс тілінен сабақ береді. – Не дейді, не дейді? Гауһар ма? – Дәл таптыңыз (Д.Исабеков).
Сөйлеуші өзінің немесе әңгімелесуші сөзінің ақиқаттығына күмәні болғанда қайдам лексемасы да қолданылады: – Өзін [мұғалімдіктен] шығарып тастауға болмас па екен?. – Қайдам... Тұрған аулынан арыз түсіп бірдеме болмаса (Б.Майлин); – Әй, қайдам, сол қаулы бізге әлі келген жоқ-ау деймін (Т.Әлімқұлов).
Болжалдық мағыналар да тұрақты, қалыптасқан сөз тіркестері арқылы білдіріледі: – Атып өлтірген? Не үшін? – Кім білсін. Сауда жайында түсінбестіктері болса керек (С.Шаймерденов); –Қанша адам екенін білемісің? – Итім білсін (С.Жүнісов); – Жүніс, саған ханнан сәлем алып келдім. «Байбақтының сұлтан медетке берілген жерін өзіне қайтарамын, Исатайдан Байбақтыны алып шықсын» деді. Не дейсің? – Рас па? – Арам өлейін (І.Есенберлин).
7. Айқындық/айқын еместік модалділігі сөйленім, жалпы мәтін мазмұны арқылы да білдірілуі мүмкін:Бұл кешегі балалық шақта болған оқиға (Ш.Айтматов); – Қазақтардың әр үйінде бар ондай самородок. Ата-бабаларынан қалған. Мен өз көзіммен талай рет көргемін (С.Жүнісов). Мұхаңның сол Павлодар сапарында мен онымен бірінші рет ауызба-ауыз сөйлесіп, бетпе-бет таныстым (Ә.Нұршайықов).
Айқындық мағына диалогта бірінші кейіпкердің сөйлеміндегі етістік + шығарсың үлгісі арқылы да білдіріледі: – ...Су жоқ дейді – екі шелекті ала сала көлге қарай жүгірем... – Жүгіретін шығасың (Ғ.Мүсірепов). Бұл диалогта бірінші кейіпкердің әңгімесінің шындыққа жанаспайтынын екінші кейіпкер жүгіретін шығарсың тіркесі арқылы білдіріп тұр.
Айқындық мағына мәтін арқылы, ондағы атаулы сөйлемдер арқылы білдіріледі: Түн. Жатақхана. Ағаш төсегінің үстінде пушкиннің «Алтын балық туралы ертегісін» бір оқып шығып, түсінбеген сөздерін жеке қағазға алып Сұлтанмахмұт отыр. Басқа шәкірттер шырт ұйқыда (Д.Әбілев).
Біз бұл мақалада қазақ тіліндегі айқындық/айқын еместік модалділігінің берілу жолдарына қысқаша тоқталдық. Алайда модалдік мағыналардың сөйленімде (высказывание) көрінуі сөйлеу жағдаятына, сөйлеушінің әр түрлі (стильдік, прагматикалық т.б.) мақсаттарына, сөйлеуші мен тыңдаушының тілдік, энциклопедиялық, аялық т.б. білімдеріне, яғни тілдік құралдардың семантикалық мүмкіндігі мен жұмсалымдық қызметімен қатар әр түрлі экстралингвистикалық факторларға байланысты болатындықтан, оларды коммуникативтік-прагматикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеу нәтижелері кейінгі еңбектерімізде сөз болады.
Ә Д Е Б И Е Т Т Е Р:
1. Виноградов В.В. О категориях модальности и модальных словах в русском языке// Тр. ин. рус. яз. Т.2. – Москва-Ленинград, 1950. –С.142-165.
2. Беляева Е.И. Возможность// Теория функциональной грамматики. Темпоральность. Модальность. – Ленинград, 1990. –С. 126-142.
3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992. – 448 б.
4. Дешериева Т.И. Категория модальности в нахских и иностранных языках. – Москва, 1988. – 208 с.
5. Медетова Г.А. Модальность предположения и средства ее выражения в тюркских языках. Дисс... канд.филол.наук. – 10.02.06 – тюркские языки. – Алматы‚ 1981. –146 с.
6. Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1983. –168 б.
7. Зайнуллин М.В. Функционально-семантическая категория модальности в современном башкирском языке. Дисс... доктора филол. наук. – 10.02.06. – Алма-Ата, 1988. –381 с.
8. Мамаділов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің модальдық құрылымдары. Филол. ғыл. канд... дисс. – 10.02.02. – Алматы, 1996. – 146 б.