THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
XIX ғасырдың екінші жартысында «Баспа бетін көрген қисса» деген айдармен жарық көрген халықтық туындылардың бірі − «Айман-Шолпан» жыры. Бұл шығарманы ескі қазақ жазба әдеби тіл үлгілеріне жатқызуымыздың себебі, біріншіден, оның фонетикалық-орфографиялық жүйесінде көне түркі әдеби тілі дәстүрінің сақталуы болса, екіншіден, оның лексикасында ескі қазақ тілі сөздері мен араб-парсы элементтерінің жиі кездесуі, сондай-ақ көне түркі тілдік жалғау-жұрнақтардың ішінара ұшырасып қалатындығы.
Жыр қазақ арасында кең таралған, оның ел ішінен жазып алынған бірнеше нұсқасы сақтаулы. Оларды салыстыра зерттеген ғалым Ж.Жүнісова бұл нұсқалардың жырдағы оқиға желісінде, кейіпкерлердің іс-қимылында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсетеді. Бұлардың барлығына негіз болған «Айман-Шолпан» қиссасының 1896 жылы Қазанда басылған нұсқасы екенін мәлімдейді. Қисса мазмұны көпшілік оқырманға етене таныс, ол бір ғана нұсқада тараған. Сол себепті сюжетті қайта мазмұндаудың қажеті жоқ.
Жыр он бір буынды өлеңге құралған. Кей тұстарда ғана 7-8 буынды күрделі жыр үлгілері кездеседі. Қара сөз түрінде баяндалатын жерлер өте аз.
Жыр мәтінінде таза халықтық поэтикалық теңеулер, метафоралар мен образды қолданыстар көп кездеседі: «Ақ мамықтай білегі», «Майысқан жез қармақтай сүйегі», «Қатпаған қабырғасы жас бала еді», «Атыссақ – жау, табыссақ – ел» немесе меруерт жалды (ат), мың ала бас (түйе), жанат ішік, шаһи көйлек (киім түрі), т.б. Сонымен қатар қиссада осы жырға ғана тән жаңа сөз тіркестері «заң қылу», «қол жүргізу», «сағының садақасы», «шайтан сөз», «нақ сүйер», т.с.с. тіркестер қолданылған.
Қиссада кездесетін нақ сүйер тіркесі – жаңа қолданыс. Тілдік қолданыста «жел сөз», «қотыр сөз», «бұзық сөз» деген тіркестер бар, ал «шайтан сөз» – осы қиссаға ғана тән, жек көру, жақтырмау мәнінде қолданылған соны тіркес.
Жыр лексикасын қазақтың төл сөздері мен сөз тіркестері құрайды. Терминологиялық мәнді сөздер өте аз, болыс, батыр, бай, кедей сияқты саяси-әлеуметтік терминдер кездеседі, алайда «Ер Тарғын» жырымен салыстырғанда, олардың мәні өзгешелеу. Батыр сөзі мұнда әкімшілік қызметті білдірмей, адамның сапалық белгісін білдіреді әрі ол нақты бір адамға – Көтібарға қатысты қолданылады. Бір жерде Маман батыр түрінде қолданылады, алайда Маман батырлықтан мүлде ада. «Ауқатты», «дәулетті» деген мәндегі «бай» сөзі Маманға көбірек келіңкірейді, «кедей» сөзі Көтібар атымен тіркеседі. Осыған байланысты «қума кедей», «мұндар кедей», «қу кедей» тіркестері қолданылады.
Терминологиялық сипаттағы сөздердің басым бөлігі үй тұрмысында қолданылатын және т.б. заттарға қатысты. «Дүние», «бұйым» сөздерінің мағынасы «мал» сөзі арқылы беріледі.
«Сандық», «қобди», «табақ», «жағлан» сияқты үй тұрмысында қолданылатын заттармен қатар қисса мәтінінде тон, ішік, өңшапан, кәмшат, жарғақ сияқты киім атаулары да кездеседі.
Жыр мәтіні этнографиялық лексикаға өте бай: саба, сауын, жамбы, сауға, қолқа, байғазы, сүйінші, қалың мал, киіт, өкіл ата, т.б. Саба атауының өзінен бірнеше тіркестер жасалғанын байқаймыз: түйе мойнақ, алтын піспек, т.с.с. «Сауға» сөзінің қатысуымен «батырдан сауға сұрау» сөз тіркесі жасалып, бастапқы мәнінде қолданылған.
Қисса мәтінінде жекелеген жергілікті сөздердің қолданылуы қисса авторының оңтүстік өңірден болуына байланысты туындаса керек. Қант, тоқаш, жағлан, шілгір, мейман, шонұқ, қама, тоғанақтап сияқты сөздер – оңтүстік өңір тұрғындарының тіліне тән ерекшелік.
Қисса тілінің грамматикалық құрылысында қазіргі қазақ тілінің нормаларынан тыс ерекшеліктер кездеспейді.
Көмектес септік қосымшалары менен, кейде мен түрінде келеді, бір жерде ғана бірлән түрінде кездеседі. Сол сияқты және жалғаулық шылауының орнына уә сөзі, осы сілтеу есімдігінің орнына үшбу сөзі бір рет қолданылған.
Ал бар сөздерінің алғын, барғын, түрінде қолданылуын жалпытүркілік әдеби тілге жатқызатын болсақ, көсемшенің қысқартыла қолданылуы (алып сөзінің орнына ап), ң әрпінің орнына н әрпінің жазылуын (өлең – өлен, соң – сон, қалың – қалын) жергілікті тіл ерекшеліктері ретінде сипаттауға болады.
«Айман-Шолпан» қиссасында ескі жазба әдеби тілдің орфографиялық ерекшеліктері толығымен сақталған.
Сонымен «Айман-Шолпан» қиссасы, жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі дәуірдің, дәлірек айтсақ, қазақтың батыс өлкесінің Ресейдің қол астына бағынған XVIII ғ. аяқ кезі деуге болады. Оған жырда кездесетін сауда нарығы (базар, өндіріс тауарларының аттары), феодалдық өмір суреті (бай мен батыр арасындағы бақталастық, ас беру, ел шабу, т.б.) жастардың өз сүйгендеріне қосылу жолындағы талпыныстарының қылаң беруі секілді көріністер дәлел бола алады.
Тілдік жағынан алғанда, жыр сол тұстағы ауызша әдеби тілде жазылғанымен, оның орфографиясында дәстүрлі түркі әдеби тіл заңдылықтары сақталған. Оның себебін біз жыр авторының мұсылманша оқыған адам болғандықтан ескі жазба дәстүрден шыға алмауынан көрсек, екіншіден, қисса басылған Қазан баспасындағы татар ағайындардың да әсері болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл қисса бізге ескі жазба әдеби тіл дәстүрінің біртіндеп ауызша әдеби тіл заңдылықтарына икемделе бастауының алғашқы көрінісі деуімізге болады.
Бабаш Әбілқасымов,
филология ғылымдарының
докторы, профессор