КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

    Терминжасам саласында соңғы жылдары алған басты бағыт – терминдердің ұлттық және халықаралық деңгейлерінің үндесіп келуі. Бұл тенденция кейде сөздің ұғымдық, мазмұндық көлеміне белгілі дәрежеде өзгеріс енгізетіндігіне қарамастан термин жасауда тиімді тәсілдердің бірінен саналады: рынок – базар – нарық, спекуляция – алыпсатарлық, коррупция – сыбайлас жемқорлық, Жоғарғы Кеңес – Парламент, мәжіліс – сенат, депутат – халық депутаты – сенатор – мәжілісмен, премьер – төраға, скипер – төраға, т.б.
    Тақырыптық топқа жататын терминдерді қалыптастыруда бұрыннан бар атауға түрі жағынан ұқсастыра терминдер тобын жасау әдісі газет тілінде кеңінен қолданылады: аларман – тындарман – оқырман – көрермен – оралман; жалақы – жәрдемақы – төлемақы – зейнетақы – сыйақы, т.б.
    Термин – неологизмдердің сан жағынан өсуі жаңа терминэлементтері мен жаңа лексемалардың есепсіз көбеюіне жол бермейді, себебі, жаңа номенациялардың басым көпшілігі тілде бұрыннан бар материалдардың негізінде жасалады. Жалпы терминжасам мен сөзжасам тәсілдері арасында ұқсастық өте көп. «Материальное воплащение наших знаний о мире выражается не просто в словах, но в словах, мнгие из которых (а потенциально все) обладают способностью передавать не одно, а несколько значений, т.е. попеременно выступать в качестве различных единиц номинации» - деген пікірдің орынды айтылғаны осы тұста анық көрініп тұр: жад: адамның жады – компьютердің жады – компьютердің шапшаң жады. Ұрпақ: адамдардың ұрпағы – ЭВМ ұрпағы, т.б.
    Өзге ұлт тілдерінен енген терминдер қабылдаушы тілдің фактісіне айналады да, осы тілдің базалық негізінде жаңа қолданыстар, туынды номинациялар жасалады, терминжасамның лексикалық материалдары молаяды. Мысалы: биржа, полиция, eңбек биржасы, қор биржасы, салық полициясы, жол полициясы, орман полициясы, кеден полициясы т.б
    Кез келген құбылыс сынды терминдердің де өзіндік атрибуттары бар, соның бірі – дефиниция.
Дефиниция – арнаулы ұғымның номинациялық бірлік ретінде танылуы үшін терминге тән басты атрибут. Терминнің дефиннициялануы ұғым мен таңба арасындағы тепе-теңдік пен бір-біріне тәуелділікті, қарым-қатынасты сақтауға ықпал етеді. Терминдік дефиниция нәтижесінде кейбір терминдерді авторлық «ремаркасыз», комментарийсыз қолдану мүмкіндігі пайда болады. Мұндай терминдердің семантикасы қалыптасқан әрі белгілі бір салада қолданылатынын білгендіктен, сол күйінде қабылдауға дайын тұрамыз, оларға ғылым салалары терминдері жатады.
    Өзгеріс пен даму, жетілу үстінде болатын қоғамдық-саяси терминдер мен лексиканы, экономикалық қатынастарға байланысты сөздерді журналистер кейде авторлық шартты қолданыспен кәдеге асырып жатады. Осындай кезде комментарий қажеттілігі туындайды, оның мәтіндік дефинициясын түсіндіріп беру аналитикалық тәсілмен іске асады: Мамандардың айтуына қарағанда, Польшадағы осыған ұқсас ситуацияны сілейме (шоковая) терапия деп атағанға ұқсайды (Ж.А. 12.11.98).
    Мұндай тәсілдің алғашқы қазақ газеттерінде өте жиі ұшырасқанын айта кету керек. Аналитикалық тәсіл арқылы жаңа қолданыстардың мағынасын ашып беру ыңғайлы болған. Қазіргі кезде де осы тәсіл кей жағдайларда тиімдірек, әсіресе экономикалық терминдерді түсіндіріп беруде көбірек кездеседі.
    Мәтіндік дефиниция терминдердің кейде атау тұлғасында емес, септеліп барып, «дейміз», «деп түсіндіреміз», «деп түсінуге болады», «дегеніміз» сияқты фразалар арқылы, терминнің анықталушы және анықтаушы бөліктерінің қатысымен айқындалып жатады: сілейме терапия деп атайды, т.б.
Соңғы жылдары жазылған зерттеу еңбектерінде термин атаулы: а) жалпығылымдық, ә) ғылымаралық және б) кәсіптік терминология деп аталатын негізгі үш макросалаға бөлініп көрсетіледі және бір ғана ғылым саласы мен ғылым комплексі шеңберіне сыймайтын, жалпығылыми арнайы емес лексикалық қолданыстар (неспециальная лексика общенаучного употребления) болатыны да айтылып жүр (1, 210). Аталған терминологиялық блоктың (жалпығылымилық лексика) нақты параметрінің бірі жалқы есімдер класының терминжасамдағы орны арқылы айқындалады. Адам аттарына суффикстер жалғануы арқылы жасалған терминдер марксизм, ленинизм, дарвинизм т.б. сөззіміздің дәлелі бола алады. Сондай-ақ, қоғамдық формация атаулары, қоғамдық-экономикалық қарым-қатынасты білдіретін сөздер осы топқа жатады: монополия, капитал, капитализм, диктатура, монархия, экономика, т.б.
    Жалпы есімдер жалпығылыми лексиканың аса ірі класын құрайды. Жалпы есімдердің сөзжасамдық, жартылай репродуктивтік (бір нәрсені қайталау, қалпына келтіру) қызметтерін саралай отырып, оларды ресми терминдердің күнделікті, қарапайым ойлау мен сана деңгейіндегі үйреншікті, бейтарап аналогтары ретінде қабылдау аталған топ ерекшелігін толығырақ танытады: министр – уәзір, тарап- жақ, республика – ел, президент – Елбасы – мемлекет басшысы. Бұл дәстүр бастау көзін алғашқы мерзімді басылымдардан «Қазақстан» алған дер едік: империя сөзінің орнына патшалық сөзі қолданылған.
    Модальды – бағалауыш сөздер классификациялық жағынан лексиканың экспрессивті тобына жатады. Ал мамандардың бір тобы лексиканың эксперссивті тобын «арнайы мақсатқа» пайдаланудан, яғни терминжасамда қолданудан бой тартады (элиминация эмоционально-экспрессивных индивидуальных элементов) немесе, басқаша айтсақ, «стилистикалық жағынан байлаулы, маркерленген, экспрессивті сөздер арқылы термин жасаудан бас тартуды» (2, 211) дұрыс көреді. Бұл пікір бір қарағанда жөн көрінгенімен, шындығында экспрессивті лексика элементтері арнайы мәтіндерде үнемі ұшырасып отырады. Мұндай қолданыстарды зерттеушілер «эмоциональды-бағалауыштық» дегеннен гөрі «интеллектуальды-бағалауыштық мақсаттағы қолданыс» деп атағанды дұрыс көреді.
    Жалпы троп түрлерінің, оның ішінде метафораның теринжасамда арнаулы тәсіл ретінде қарастырылуы жаңадан қолға алына бастады. Бұл жөнінде соңғы жылдары Г.Н.Скляровская, Э.Р.Когай, Г.П.Кулиев, О.Е.Опарина еңбектері дүниеге келді. Ал М.Блэк, А.Ричардс және т.б. шет ел ғалымдарының метафора туралы ғылыми тұжырымдары «Теория метафоры» атты ғылми жинақта арнайы топтастырылған.
Метафора арқылы жасалған терминдер өзіндік бір жүйе құрайды әрі бір-бірінен алшақ жатқан ғылым салаларының терминологиялық жүйелерін жақындатады: атмосфера (географиялық термин) – атмосфера (ортаның көңіл-күйі); терапия (аурухана бөлімшесі) – сілейме терапия (экономикалық термин) т.б.
    Байқағанымыздай, жалпығылыми арнайы емес лексика атқаратын функциясы мен семантикалық жағынан арнайы, салалық лексикалық топқа жақындай түсуі нәтижесінде екі топтың ара-жігін барынша жымдастыруға қызмет етеді. Қазіргі қазақ басылымдарында бейтерминдендіру процесінің терминденумен қабаттаса жүретінін ескерсек, жалпығылымилық блоктың терминологияның өзге топтарына қарағандағы қызметі айқындала түседі.
Жалқы есімдер тобының газеттегі термин жасаудағы қызметі 1970-80 жылдарға қарағанда бәсеңсігенін аңғардық, керісінше, жалпы есімдер жүйесі бірліктері семаларына жаңа мәнді жамау арқылы активтене түскен.
    Эмоционалды-экспрессивті сөздермен тіркесуі арқылы термин жасау интеллектуалдық-бағалауыштық терминдер қатарын көбейтеді. Жалпы алғанда, газет лексикасы терминжасам жүйесіне әсер, ықпал етеді, әсіресе, қоғамдық-саяси лексиканың терминдену бағытын, эвалюциясын газет тілі белгілейді.
    Газетте терминдену мен бейтерминденудің нақты шекарасын сызып көрсету мүмкіншілігі өзге арнайы салаларға қарағанда болымсыз. Бұл құбылысты тудыруда газеттің қоғамдық-әлеуметтік типтерінен бастап, газет жанрлары, авторлық сөз қолданыс ерекшеліктері, мәтінде бір сөзді қайталай беруді болдырмау, оқырманның материалды қабылдауы мен түсінігін жеңілдету, қазақ тілінің байлығын сарқа пайдалану барысында тілдік қабаттарды орнымен пайдалану т.б. сияқты ондаған себептердің әсері бар. Газет тілінде бейтерминдену процесінің жүруі кейбір ресми құжаттар тілінде синонимдік қатар түзілуіне, синонимдердің контекстік мәндерін ажыратып пайдалану қажеттілігінің тууына тікелей ықпал етеді.

Пайдаланылған әдебиет

Шмелев Д.Н. Введение// Способы номинации в современном русском языке. М., 1981.
Культура русской речи. М., 1999

Бағдан Момынова,
әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз