КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақтың қай жері де тарихтан кенде емес. Соның бірі – алты Алашқа мәшһүр асау толқынды, көгілдір айдынды Арал жері, кезінде елдің елдігін, жердің кеңдігін жаудан қорғап, даудан сақтаған батырлар мен шешендердің құтты мекені болған жер. Бүгінгі ұрпақ осынау рухани мол қазынаны зерделеп, саралап қана қоймай, әлемдік өркениет көшімен бірге ілгері адымдап келеді.
    «Атау – тарих жаңғырығы» дегендей, талай ғасырдың куәсі болған тарихи сөздерді өз бойына жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Арал өңірінің кейбір атаулар әлеміне тоқталып, оқырманға ой салуды жөн көрдік.
    Ақеспе – ауыл., Арал ауд. Атау: ақ + еспе сөздерінің бірігуінен жасалған. Энциклопедиялық анықтамалықта: «жағасының топырағы ақ, жазда құрғап қалатын өзен маңындағы ауыл»,- мағынасында берілген (1,527). Дұрыс та болар. Дегенмен, атау құрамындағы еспе сөзі туралы ғалым Ғ. Қоңқашпаев: «Жергілікті терминдер географиялық атаулармен байланысы аз, белгілі жерге тән метеорологиялық ерекшелігін бейнелейді. …Төртінші топқа негізінен жергілікті топонимдер құрамында сақталынған терминдерді жатқызуға болады, бірақ та ол өз алдына терминдер сияқты қолданылмайды. Алайда, олар Қазақстанның аумағында бұрыннан бар географиялық атаулар құрамында кездеседі. Терминдердің бұл типіне еспе, нұра, сеңгір және т.б.» (2, 178),- деп жазса, ал Сөздіктерде еспе: «Еспе көбіне құмдауыт немесе сор топырақты аудандарға тән атаулар. Жалпы еспе сөзі (сын) «ақпа, сусымалы, борпылдақ мәндеріндегі құмның, қардың (кейде құбылмалы желдің) сипатын көрсетеді. Еспе атауы қаз. есу етістігінен – «ес» етістігінің қимыл тұлғасы». «Еспе құмның суы жақын». Түркі халықтары тілдеріндегі esmek, ийшмақ, эшилме тұлғаларының «есу, қазу» мағыналары еспемен пара-пар.; Еспе. 1. (Ақт.: Ойыл, Түрікм.: Красн., Ашх., Мары, Таш.) – тайыз құдық; 2. (Қ-орда.: Сыр., Жал.) – құмды жерден ашып су шығару; осман түріктерінде: ашма – құдық, шөл даладағы су көзі; М.Қашқариде әсіл сөзін азайды» (3, 87-88.; 4, 80.; 5, 101.; 6, 269),- деген мағынада берілген. Жоғарыда атау құрамындағы еспе сөзін ғалым Қ.З. Сембиев «желдің әсерінен пайда болған сусымалы құм төбе мәнін білдіретін «бархан» сөзімен байланыстырады (7, 22).
    Біздіңше, Ақеспе атауы, біріншіден, Арал теңізі аңғарына жақын орналасқанын, екіншіден, атау құрамындағы еспе сөзі «суы тапшы, аз, тайыз құдық» мағынасында да келетінін, үшіншіден, жоғарыда анықтамалықта берілген атау мағынасын ескеріп(«жағасының топырағы ақ, жазда құрғап қалатын өзен маңындағы ауыл») (1, 527), атау мағынасын құммен (бархан) бірге, әрі сумен де байланыстырып, «айнала құмы ақ, тұщы суы тапшы, аз» мәнінде қараған жөн секілді. 
    Әлім қыстауы - қыст., Арал ауд. Атауды ру атымен байланыстырсақ, о бастағы нұсқасы Әлімұлы болуы мүмкін-ау деген ойға жетелейді. Себебі, қазақ шежіресінде «ұлы» сөзінің қатысуымен жасалған этноатау тек Кіші жүз құрамында кездеседі. Олар: Байұлы, Әлімұлы, кейде олар ауызекі тілде: Байлы, Әлім түрінде айтыла береді. Біз ғалымның Әлім қыстауы этнонимге байланысты қойылған атау деген пікіріне қосыла отырып (7,18), этноаталым Әлімұлына қатысты кейбір ғалымдар пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
    Әлімұлыруы туралы зерттеуші С. Қондыбай: «Бүгінгі алты ата Әлім тобы - үлкен тарихи-территориялық бірлестіктердің бірі болған. Әлімдер XVIII-XX ғасырларда қоныстану территориясынан басқа, XVI-XVII ғасырларда Арал мен Сырдариядан оңтүстікке және оңтүстік-шығысқа қарайғы Қызылқұм кеңістігінде, Самарқан мен Бұқарға іргелес аймақтарда мекендеген» (8, 112), - деп, одан әрі автор алты ата Әлімұлы атауын Әбілғазының «Түрік шежіресінде» кездесетін Әли елі, С.П. Поляковтың XVI-XVII-ғасырларда түрікмен жеріндегі әли елін (али - или) және «Қырымның қырық батыры» жырындағы бірде Әлі би («Шора батыр» жыры), бірде Орманбеттің ұлы Әлі («Манашыұлы Тұяқбай» жыры) тұлғаларымен байланыстырады.
Осы орайда, этнограф-ғалым А. Сейдімбек (9, 69) тіліміздегі «әлімсақтан бері» деген тіркестегі «әлім» сөзін Еуразия даласында өмір сүрген сақ, дай (адай, әлім), печенег сияқты ру, тайпаларымен тікелей байланыстырған пікірін ескерсек, онда Әлімұлы (әлі) руы туралы зерттеуші С. Қондыбай ұсынған пікір-болжамнан гөрі, ғалым А. Сейдімбектің пікірі ойға қонымды.
    Бөген – к., ауыл, Арал қаласынан оңт.-батысқа 85 км. жерде орналасқан, Арал ауд(1, 536).Сондай-ақ, осы аттас географиялық атаулар Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында да кездеседі. Атау сөздікте (10, 71): «Бөген – салыст.: моңғ. т.: богино – қысқа» – мағынасында берілген.
Осы орайда, Арал ауданындағы Бөген көлі әрине, Балқаш көлімен салыстырғанда көлемі шағын, қысқа. Дегенмен, атауды жергілікті тұрғындардың о бастағы ата-баба кәсібі – балық аулау кәсібімен байланыстырып, «Бөген. кәсіби. Қайық не шананың табанымен екі қабырғасын біріктіріп, бекітіп тұратын ағаш» (11, 258) мағынасында қараған орынды сияқты.
    Көнту– т/ж бекеті, Арал ауд. Атау мағынасы туралы ғалым Қ.З. Сембиев өз зерттеуінде: «Данный топоним состоит из двух компонентов: көні + туған. Көні-др.-тюрк. «справедливый». Ср.: көні ер «верный мужчина». В таком же значении употребляется это слово в книге «Кудатгу билиг»: көні бол «будь правдивым», «по-справедливости» и в словаре М. Кашгарского көні «верный». В современном ему соответствует гөні «истина».
В этом названии наиболее узкий звук (і) впадает: көн (і). Второй компонент ту образован от туған в результате сокращения причастной формы на -ған. Следовательно, Көнту /Көн (і) ту(ған) имеет значение «рожденный справедливым» (7, 9),-деген пікірімен келісу қиын.
    Тілімізде көн/көң сөзімен қатысуымен жасалған атаулар Қазақстан өңірлерінде кездеседі. Мысалы, Қарыкөң – жер аты., Ат. обл..; Көң, Жақсыкөң, Жаманкөң- өз., Ақм. обл., т.б.
    Біздіңше, Көнту топонимі: көн сөзіне + -ті жұрнағы жалғануы арқылы жасалған. Ал көн сөзі Сөздікте: «қыстау, мал қыстататын көңді жер» (12, 334),-деп берілсе, академик Ә. Марғұлан (13, 14-15) Целиноград (қазіргі Ақмола) облысы Қорғалжын ауданындағы Көң, Жақсыкөң, Жаманкөң өзендері құрамындағы «көң» сөзі «қоныс», «жұрт», «қыстау» терминінің ең көне формасы екенін атап көрсеткен болатын.
    Топонимист-ғалым Ә. Әбдірахманов: «Проф. С.Е. Маловтың тілдің көне формалары бойында көбірек сақталған тілдер мен дамыған тілдердің айырмасын көрсетуде критерий етіп алған, рт, лт, нт дыбыс тізбектеріне сүйеніп, Алматы топонимі құрамындағы -ты/ті (көне моңғ. тілінде -ту/тү) жұрнағы түркі-моңғол тіл ортақтығы заманында жасалып, өзінің сол көрінісін Қазақстан топонимдерінде сақталған деп қорытамыз» (14, 58),- деген пікіріне сүйеніп, Көнту топонимі құрамындағы -ты //ту жұрнағын қазақ халқының құрамына енген тайпалардың тілдік көне көріністері деп қарап, атауды «көп қыстау» мағынасында қараған жөн.
    Осы жерде ескеретін нәрсе: шежіре бойынша Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымырында Көн деген ру аты да бар. Қарабура- жер аты., Арал ауд. Атау туралы ғалым Ж. Сәдуақасов: «Қарабура» атауы тасыған суға салынатын қамыстан буылған бөгеттен шыққан ба, әлде әйгілі тама руынан шыққан қайраткер, абыз-Қарабура (XI-XII ғғ.) есімімен байланысты ма?» (15, 30),- дей келе, атауды XI-XII ғғ. өмір сүрген Қарабура есімімен байланыстыруы ойға қонымды. Әрине, атау зерттеуді қажет етеді.
    Қарашалаң– к., ауыл., Арал қ. оңт.-батысқа қарай 110 км. жерде орналасқан, Арал ауд. Атау екі компоненттен тұрады: қара және шалаң. Анықтамалықта атауды өсімдік атымен байланыстырса (1, 547), ал ғалым Қ.З. Сембиев (7, 23) өз зерттеуінде атаудың қойылуын су түбінде өсетін өсімдікпен және түсімен байланыстырған пікіріне біз де қосыламыз.
    Төртқара – құд.; Төртқара төбесі - төбе аты., Арал ауд. Арал ауданында Төртқара атауы бірдеқұдық, бірде төбе аты түрінде кездеседі. Энциклопедиялық анықтамалықта осы құдық атауының мағынасын: «төрт төбе, қарайған шоқы орналасқан жердегі құдық» мәнінде деп берілсе(1. 559-б),алҚ.З. Сембиев (7,18) бұлекі атаудың қойылуын румен байланыстырады. Біз де ғалымның пікіріне қосыламыз.
Осы этноатау туралы жол-жөнекей мына бір әңгімені еске салуды жөн көрдік. Ертеде әкеміз алты ата Әлімұлының бір баласы – Төртқара руы және оның лақап аты – Қарамашақ аталуы туралы ел аузындағы мынадай аңыз-әңгімені жиі айтушы еді: «Ертеде бір бай ата-бабасына ас беріп жатса керек. Әр үйге табақ тартылайын деп жатқанда, алыста сағыммен бұлдырап төрт (төрт атты) қарайған көрінеді. Ас иесі: «Сәл сабырлай тұрыңыздар, бұлар көлденең көк аттылы болса кім біледі, баталары қабыл болар»,- деп табақты кідіртеді. Әлгі қалт-құлт етіп жеткендер – төрт қара бала болып шығады. Кейін бай сол балаларды асырап, оларды «Төртқара», лақап аты - «Қарамашақ»,- десе, ал информатор Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ә. Ерекешов те қолындағы шежіре деректеріне сүйеніп, «Сол ас берген ауыл кейін «Төртқара (Қарамашақ)» деп аталғанын айтады.
    Біздіңше, Төртқара (лақап аты - Қарамашақ) руының аталуын жоғарыдағы аңызбен байланыстырып, атауды «төртқара руы мекендеген жер» мағынасында қараған жөн секілді.
    Сөз ретіне орай, тілімізде жиі кездесетін әрбір адамның немесе ру, тайпаның аттарында өздерінің болмыс-бітімдеріне, іс-әрекеттеріне, әдеттеріне, мінез-құлықтарына қарай, азан шақырылып қойылған есімімен қатар, жанама, қосалқы, лақап (прозвища) және бүркеншік аттары туралы ғалым Т. Жанұзақовтың мына пікірімен түйіндеуді жөн көрдік: «Лақап ат (прозвища) пен бүркеншік аттың (псевдонимы) мағынасы, әдетте, жалпы халыққа түсінікті келеді. Өйткені, кісінің шын аты лақап ат пен бүркеншік атқа ауысқанда жалпылық мағынаға ие болады.
…Бүркеншік аттардың шығу, пайда болу тарихы лақап аттардан өзгеше. Бүркеншік аттар, көбіне ойдан, қиялдан шығарылады. Олар кейде, адамның мінез-құлқы, дене бітіміне де байланысты қойылып отырады…» (20, 56). 
    Шөменті-Бекбауыл т/ж маңындағы жер аты, Арал ауд.Қазақ шежіресінде Шөменнен Шөмекей туады. Осы екі ру аты туралы
Л.Н. Гумилев қытай жазба деректеріне сүйеніп: «Хундардың ұрпақтары саналған рулар ішінде чуми, чубаньдар бар. ...VII ғасырда (641 ж.) Юкук ханға бағынғандар ішінде оңтүстік Тарбағатайда орналасқан чумугунь руы да болған» (21, 214, 217),- деген жолдардағы «чубань» атауы түркі тілдеріне тән дыбыс сәйкестіктеріне байланысты (қараңыз: у~ө, б~м, а~е) «шөмен» болып өзгеру мүмкіндігін ескерсек, онда шежіредегідей шөмекей шөменнен тарамай, ертеде бірге қатар өмір сүрген туыстас ру деп қараған жөн.
    Диалектолог-ғалым Ә. Нұрмағамбетов (22, 30-31) Кіші жүздегі шөмен, шөмекей руын якуттардағы чумет руымен, сондай-ақ, шөмекей руындағы «бақшақ» тармағы – якут халқында және шөмекейдің аю тармағы Орта жүздің арғын, башқұрт халқының усерген руында бар екендігін ескертеді. Ғалымның шөмекей сөзін моңғол тіліндегі чуме, чумуге «ядро, ұйытқы, дәннің жеміс сүйегі» мағынасымен байланыстырған пікірімен келісу қиын.
Біздіңше, Әлімұлы бірлестігіндегі Шөмен, Шөмекей руының түбірін шөм деп қарап, оған -е жұрнағы жалғануы арқылы шөме сөзін «жинау, қауымдасу, бір нәрсені үю» мағынасында қарауға болатын секілді. Мұндай пікірге кете, тіле, шөме сөздеріне жалғанған тіліміздегі -е жұрнағы туралы ғалым А. Ысқақовтың: «бұл жұрнақ - көне қосымшаның бірі ретінде о баста есім сөзді етістікке айналдыратын өнімді қосымша болғанымен, кейін уақыт өте келе, о бастағы есім негіздерінің мағыналары бірте-бірте көмескіленіп, тіпті ұмытылып, байырғы етістіктердің сипатына көшіп бара жатқаны байқалады» (23, 245), - деген жолдары негіз бола алады деп ойлаймыз. Сонымен, шөме сөзіне -н көптік мәнді жұрнағы жалғануы арқылы Шөмен руын «жинақталған ру» мәнінде қараған жөн. Ғалым Қ.З. Сембиев өз зерттеуінде (7, 10). шөмен руы аты Арал өңірінде Шөменті атауы түрінде келетінін көрсетіп, этнотопонимді «шөмен рулары мекендеген жер» мағынасында қараған пікіріне біз де қосыламыз. 
    Қорыта келгенде, әрбір атаудың қалыптасуы мен дамуы бір жылдың немесе бір ғасырдың жемісі еместігін сөз етіп отырған өңірге де тән деп, оларды мүмкіндігінше сақтап, ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамыздың ісі.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Жеріңнің аты, Еліңнің хаты. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006. – 808-б.
2. Конкашпаев Г. Общие особенности тюркоязычной географической терминологии Средней Азии и Казахстана // Местные географические термины. Сер. Вопросы географии. № 80. М., 1970., с. 178.
3. Койчубаев Е. Краткий толковый словарь топонимов Казахстана. А-Ата., 1974., с. 87-88.
4. Мурзаевы Э и В. Словарь местных географических терминов. М., 1959., с. 80.
5. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. А., 1969., 101 б.
6. Қашқари М. Девону луготит турк. Ташкент., 1960, 1-т. 269 б.
7. Қ.З. Сембиев Топонимия Кызылординской области (исторический и этнолингвистический анализ) АКД. А-Ата., 1992, - с. 28.
8. Қондыбай С. Есен-қазақ. А., 2002. - 352 б.
9. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. Астана, 2008. - 728 б.
10. Монголо-русский словарь. М., 1957, - с. 71.
11. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. А., 1997. - 368 б.
12. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А-Ата., 1959, ч. 1.,- с. 334.
13. Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане // Археологические памятники Казахстана. А-Ата., 1978. - с. 14-15.
14. Әбдірахманов Ә. Топонимика және этимология. А., 1975.- 58 б.
15. Сәдуақасов Ж. Жер-су атауларын жойылудан сақтау – елдік іс // Кіт.: Қазақ ономастикасы мен терминологиясының өзекті мәселелері. А., 2005. – 28-32 б.
16. Казахско-русское отношение в XVI-XVIIIвв. – А-Ата., 1961.- 406.
17. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. А., 1994. - 34 б.
18. Минорский Н.М. История Ширвана и Дербенда X-XI вв. М., 1980. – сс. 190, 261.
19. Қазақ шежіресі (ғылыми дәйектілер мен «Ана тілі» газетіне түскен қалың шежірелік мәліметтер негізінде жасалған). А., 1994. - 70-71 б.
20. Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер. А., 1965.- 56 б.
21. Гумилев Л.Н. Көне түріктер: көпшілік оқырман қауымға арналған. А., 1994. - 214, 217 бб.
22. Нұрмағамбетов Ә. Қазақ тілі говорларының батыс тобы. А., 1978. - 30-31 б.
23. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1974. - 245 бб.

Манасбай Қожанұлы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы
ұлттық қорғаныс университетінің жетекші ғылыми қызметкері

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 491 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 774 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46185 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 43959 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика