КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазіргі қазақ жазуында бірнеше қағида (принцип) басшылыққа алынып жүр. Олардың қатарында фонематикалық, морфологиялық, морфонологиялық және тарихи-дәстүрлі қағидалар бар. «Фонетикалық принцип, дәлірек айтқанда, фонематикалық принцип, «қалай естілсе, солай жаз» дегенді білдірмейді» (1). Шындығында, фонетикалық қағидатты «қалай естілсе солай жазылады» деп түсіну бұл принцип туралы түсінігімізді шатастырып, жазу тәжірибесінде оны дұрыс қолдануға кедергі болады.
    Егер «сөз қалай естілсе, солай жазылады деген қағидатқа сүйенсек, түн деген сөзді (түнь), тын деген сөзді (тынъ) түрінде жазып, (н) дыбысының жуан-жіңішкелік қасиетін жеке-жеке таңбалар едік. Немесе сауда сөзін (сауда), ал саудагер сөзі (сәудәгер) түрінде жазылар еді. Бірақ бұлай жазу фонетикалық принциптің емес, фонетикалық транскрипцияның міндеті. Қазақ жазуында (н), (т) тәрізді т.б. дауыссыздардың жуан-жіңішкелігінің арнайы таңбаланбауы сондықтан. Дыбыс жазуы дыбысталған сөздің айна-қатесіз көшірмесі емес. Оның қызметі – алдымен, ой мен сезімді жеткізу. Сондықтан дыбыс жазуында фонологиялық (мағына ажырататын) жүктемесі жоқ, айтылымға барынша тәуелді небір дыбыс құбылыстары ескерілмейді. Жазу теориясының аса терең білгірі академик Л.В.Щербаның ертеректе айтқан мынадай пікірі бар: «Многим казалось и кажется, что наше практическое письмо, не обозначая более тонких звуковых нюансов языка, должно считаться неточным. Это настолько не отвечает действительному положению вещей, что скорее можно было бы поддерживать обратное, т.е. что оно было бы неточным, если бы стремилось обозначать все эти нюансы» (2). Қазақ тілінің жазу теориясындағы бұл мәселеге профессор Қ.Жұбанов дер кезінде назар аударған болатын. Дыбыстық қоршауға тәуелді кез келген дыбыстық құбылысты жазуда таңбалай беру, Қ.Жұбанов айтқандай, ультрафонетик бағытқа бой ұру болар еді (3).
    Бірақ мәселенің қиындығы мынада: фонологиялық жүктемесі жоқ немесе ультрафонетикалық (Қ.Жұбановтың терминологиясы) құбылыстарды фонологиялық мәні бар дыбыс құбылыстарынан қалай ажыратамыз? Фонема теориясы бойынша бір фонеманың бірнеше реңкі болуы ықтимал, яғни қанша фонетикалық қоршау болса, фонеманың реңкі де сонша болады. Бірақ солардың ішінде фонетикалық қоршауға неғұрлым тәуелсізі негізгі реңк, ал фонетикалық ортаға барынша тәуелділері – қосымша реңк. Фонологиялық жазудың ерекшелігі бойынша фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, фонетикалық қоршауға тәуелді реңктері ескерілмейді. Мысалы, (жұмұсшұ) деп жазбай, жұмысшы деп жазу себебімізді осы тұрғыдан түсіндіруге болады. С/Ш алмасуы фонетикалық ортаға тәуелді, яғни с мен ш іргелес келген барлық жағдайда с фонемасы (ш) реңкіне көшеді. Бұл іргелестікте (с)-ның басқа альтернациясы болмайды. Осы типтес өзгерістерді шартты түрде жалпы фонетикалық алмасу деп атауға болады. Бұл топтағы дыбыс алмасулардың өздеріне тән белгілері бар.
    Жалпы, фонетикалық алмасулардың морфемаларға қатысы жоқ. Мейлі, ол үстеу жасайтын қосымша мен қалау рай тұлғасы болсын немесе шартты райдың жұрнағы болсын, сондай-ақ «жоқтықты» білдіретін аффикс болсын, бәрібір талғампаздық болмайды. Фонема реңктері талғаусыз өзгере береді: құсша – (құшша), безсе – (бессе), бізсіз (біссіз). Мұндай қасиеті, жоқ, мысалы қ-ғ, к-г, п-б өзгерістері белгілі бір морфемалардың аясында да болады: тұрақ-тұрағы, бұлақ-бұлағы, қазақ-қазағы, бірақ қазақы (сын есім), қырық – қырығы (сын есім), бірақ қырқы (зат есім) (этнографизм), дарақ-дарағы, бірақ дарақы (сын есім), тақ – тағыл, бірақ тақыл (зат есім), бақ – бағыл, бірақ бақыл (зат есім), қап-қабы, бірақ қапы қалу, сап – сабы, бірақ еңбек сапында, т.б. Белгілі бір морфемалардың аясында болатын мұндай өзгерістерді алдыңғы типтегі алмасулардан бөлектеп, морфонологиялық алмасулар деп атауға болады. Әрине, морфонологиялық алмасулар да фонетикалық алмасу, бірақ бұл алмасулар белгілі бір морфемалардың жүйесінде ғана көрінеді. Мысалы, көптік жалғауының дауыстылары мен у, й сонарларынан соң (-лар, -лер) вариант түрінде болуы осы морфемаға қатысты: қала-лар, тау-лар, тай-лар.
    Тап осы жүйе -лық, -лік аффикстерінде де қайталанады: қалалық, тау-лық, тай-лық. Бірақ өзге морфемада, мысалы септік жалғауында, бұл жүйе басқаша сипат алады: қа-ла-да, тау-да, тай-да.
    Жалпы фонетикалық алмасудың морфологиялық алмасудан тағы бір айырмашылығы бар. Егер орфографиялық нормадан әдейі ауытқи отырып, артикуляциялық жақтан әнтек нық айтуға тырыссақ, қосымша реңктегі фонема өзінің негізгі реңкіне көшуге мүмкіндік алады: (баш-шы) – (басшы), (кешегелді) – кеше келді, т.б. Мектеп мұғалімдері оқыту процесінде, дикторлар радиодан ән тексін үйреткенде, мұндай мүмкіндікті нормадан әдейі ауытқи отырып, ара-тұра пайдаланып отырады. Тіпті сөз мағынасын айқынырақ ажырату үшін кей контексте (к-ні әнтек нық айтып, фонеманың негізгі реңкте дыбыстауға тырысамыз (сексеуүлдің күлү) – сексеуілдің күлі, салыстырыңыз (сексеуүлдің гүлі) – сексеуілдің гүлі.
Ал морфологиялық алмасулар орфоэпиялық нормадан бұлайша әдейі ауытқуға ырық бермейді. Мысалы: ақ – ағар, сөзін «ақар» түрінде дыбыстаудың мәні жоқ. Дыбыстардың жалпы фонетикалық алмасуы мен морфологиялық алмасуы бір сөздің шенінде де кездесе береді. Мысалы, (қ) фонемасының сөз қолданыста бірнеше реңкі болуы ықтимал: 1) (қырық) дегендегі (қ) – негізгі реңк, 2) (қырығы) дегендегі (ғ) – фонетикалық қоршауға біршама тәуелсіз реңк, морфологиялық алмасу, 3) (отызғырық) – отыз-қырық дегендегі (ғ) – фонетикалық қоршауға тәуелді реңк, фонетикалық алмасу, 4) қырқы (этнографизм), қырық – қырығы, қырқы – тарихи алмасу (4).
    Осы салыстырудан байқайтынымыз – қазіргі жазу нормасында жалпы фонетикалық алмасуларға қатысты дыбыстық өзгерістер жазуда арнайы таңбаланбайды да, бұған керісінше, морфологиялық алмасулар жазуда жүйелі түрде бейнеленіп отырады.
Әдебиет
Зиндер Л.Р. Очерк общей теории письма. Ленинград. 1987. – 91-б.
Щерба Л.В. Теория русского письма. Ленинград. 1983. 19-б.
Жұбанов Қ. Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы. А., 1931.- 11 б.
Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің ғылыми-теориялық негіздері. Докторлық диссертацияның авторефераты. А., 2007.-31 б. 

Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты
Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
"Ана тілі" газеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 340 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 602 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 45300 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 42806 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика