КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

   Профессор Берікбай Сағындықұлы әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Берікбай Сағындықұлы 1939 жылдың 24 мамырында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қашқансу ауылдық советіне қарайтын 6-шы ауылда – Чапаев атындағы колхозда – дүниеге келген. Әкесі – Мүсірбайұлы Сағындық қарапайым шаруа адамы, шешесі  - Қауымбетқызы Төле үй шаруасындағы әйел болған.

1941 жылы Сағындықтың отбасы осы аудандағы Даулыкөл ауылдық советіне қарайтын 8-ші ауылға – «Оян» колхозына – туысқандарына көшіп барады. Шаруашылықтар ірілегенде «Оян» колхозы әуелі Сталин атындағы колхоздың, кейін Ақжар совхозының құрамына енеді. Берікбай Сағындықұлы алдымен «Оян» колхозының орталығындағы Сталин атындағы 7 жылдық мектепте, содан соң «Ақжар»  совхозының орталығындағы ҚЛКЖО-ның 25 жылдығы атындағы орта мектепте тәрбиеленеді. Мектепті 1955 жылы бітіргеннен кейін екі жыл туған ауылында жұмысшы болып істейді. 1957 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Өндірістік тәжірибе жинақтау үшін 1961 жылдың ақпанында «Социалистік Қазақстан» газетіне практикаға жіберілген еді. Мұнда сол кездегі заңға орай әдеби қызметкер болып орналасады. Өндірістік тәжірибеде көзге түскендіктен редакция ұжымы Берікбай Сағындықұлын корректор ретінде жұмысқа қалдырады. Сөйтіп, ол оқуды өндіріспен ұштастырады. 1962 жылы университетті бітіргеннен кейін редакцияның Еңбекшілер хаттары және бұқаралық бөлімдерінен түскен материалдарды әдеби-стильдік жағынан өңдейтін стилист дәрежесіне көтеріледі. Бұл қызмет бұрын Бас редактордың көмекшісі деп аталса, кейінірек жауапты секретардың орынбасары деп аталған. Б. Сағындықұлы аталған газеттің редакциясында Қазақ ССР Ғылым академиясы  Тіл білімі институтының аспирантурасына (1972 жылы сәуірде) қабылданғанға дейін еңбек етті.

Б. Сағындықұлы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Э. Н. Наджиптің жетекшілігімен 1977 жылы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіна алу үшін «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» атты тақырыпта диссертация қорғайды. Аспирантураны бітіргеннен кейін 1975-79 жылдар аралығында Қазақ ССР «Ғылым» баспасына редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет істейді. 1979 жылы  С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне аға оқытушы ретінде қабылданады. Қазақ филологиясы кафедрасында 1984 жылдан доцент, 1997 жылдан қазірге дейін профессор болып қызмет істейді.

Б. Сағындықұлы филология ғылымдары докторы ғылыми дәрежесін алу үшін 1994 жылы «Қазақ тілі лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта диссертация қорғады. Оның «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» деп аталатын монографиялық еңбегін ғылыми жұртшылық жылы қабылдады.

Профессор Б. Сағындықұлы төрт ғылыми бағыт бойынша қырық жылға жуық уақыттан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ең алдымен оның түркологияның сан салалы ғылыми-теориялық мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өткіміз келіп отыр. Бұл бағытта ғалым, аталған докторлық диссертациясында, ірі-ірі жаңалықтар ашты. 1) Ғалым дауысты дыбыстардың да, дауыссыз дыбыстардың да түпкітектерін (архетиптерін) көне түркі жазба ескерткіштері, қазіргі түркі тілдері, сондай-ақ олардың диалектілері мен говорлары негізінде алғаш рет ашып айқындады. 2) Тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде түркі тілдерінде жіңішке дауыстылар мен ұяң дауыссыздардың мүлде болмағандығын айқындап берді. Б. Сағындықұлының бұл тұжырымын оның шәкірті Раева Гүлзат Мағауияқызы 2004 жылы жарияланған «Түркі тілдеріндегі жуан түбірлердің жіңішке түбірлерге айналуын деп аталатын еңбегінде тереңдете дәлелдеді. Сингармониялық варианттар мен параллельдер бұл жаңалықтың ашылуына негіз болып қаланды. 3) Осы кезге дейін сөз басындағы й-дж-ж-т-д.... дауыссыз дыбыстар сәйкестігінің түпкі тегі (архетипі) табылмай келе жатқан болатын. Бұл сәйкестіктің архетипін В.В. Радлов, В.А. Богородицкий бастаған ғалымдардың үлкен тобы й архифонемасы деп есептеген болатын, ал, Г.И. Рамстедттің ұғымынша, дж аффрикаты аталған сәйкестіктің түпкітегі ретінде қабылданды. Бұл ғылымның да пікірлестері аз емес-тін. Б. Сағындықұлы осы екі болжамның екеуінің де қисынсыздығын, архетип екі бірдей қатаң ТС(ц), қатаң ТШ (ч) аффрикаттары екендігін таза ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шықты. Мұны шешу үшін математикалық (геометриялық, алгебралық т.б.) әдіс-тәсілдері тиімді пайдаланды. Өз тарапынан  ТШ (ч), ТС (ц) аффрикаттары бір заманда Т[C/Ш] күрделі аффрикаты болуы мүмкін деген ғылыми болжам айтты. Басқа сөзбен айтқанда, Т, Ш, С фонемаларының қасиеті, сапасы сол күрделі африкатта біртұтас жинақталған деп тұжырымдайды.

Бұл құбылысты ашу үшін Б. Сағындықұлы ең алдымен үнемдеу заңын, оның принциптерін меңгерді. Екіншіден, й, һ, у қыстырма, сына дыбыстарының сырын ашты. Бұл дыбыстар сөздің басында протезалық, ортасында эпентезалық қызмет атқарады екен. Жаңсақ түсініктің салдарынан осы кезге дейін түркологтар й сына дыбысын аталған сәйкестіктің түпкітегі санап келді. Шындығында, й сонор дыбысынан тарихи даму барысында ешқандай аффрикат та, дербес дыбыс та пайда болмайды. Бұл бірте-бірте аксиома ретінде қабылданылады деп есептейміз. 4) Түркі тілдерінде полисинтетикалық құрылым, флективтік (қопарылмалы) құрылым дәуірлері болғандығы аталған еңбекте тым тәуір баяндалады. Флекцияның бір буынды сөздерді: зат есім де, сын есімді де, сан есімді де, есімдікті де, етістікті де, тіпті жұрнақтар мен жалғауларды да қамтитынын нанымды фактілермен дәлелдейді. Флекцияның бір буыннан әрі аспағандықтан түркі тілдерінде дамымай қалғандығын ашып айтады. 5) Сіңісу, жылысу, ығысу құбылыстарының  табиғаты айқындалады. Сөз басындағы, сөз ортасындағы, сөз соңындағы барлық дауыссыз дыбыс сәйкестіктерінің пайда болу себептері түсіндіріледі. 6) Дербес сөздерден пайда болған жұрнақтар мен жалғаулар анықталып, олардың әрқайсысына сипаттама беріледі. 7) Түркологияда алғаш рет тілдік бөлшек – түбіртек (силлабофонема) бар екендігі анықталады. Бір ғана дауысты мен бір ғана дауыстының тіркесінен тұратын бұл тілдік бөлшек міндетті түрде я лексикалық, я грамматикалық мағына білдірген. Яғни фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, қандай тілдік болса, түбіртек те дәл сондай тілдік бірлік. Тілдік бірліктің бірі – фонема дүние жүзі тілдерінде қалай кең көлемде кездеседі. Айырмашылық құпиялығы басым, мен мұңдалап тұрмайды. Түбіртектерді танып білудің әлем тілдерінің тектестігін, туыстығын ашып-айқандауда маңызы зор. Түбіртек теориясы туралы өз алдына іргелі еңбек жазылуда.

Ғалымның өз өмірі мен бүкіл шығармашылық мүмкіндігін жұмсаған екінші бір бағыты – орта ғасыр ескерткіштерінің транскрипциясын, лингвистикалық аудармасын, жиілігі көрсетілген түсіндірмелі, алфавитті, кері алфавитті сөздіктерін жарыққа шығарып, олардың шын мәнінде ғылыми айналымға қосылуына атсалысуы деп білеміз. Ескерткіштерді түпнұсқадан оқып, олардың лингвистикалық тұрғыдан дәлме-дәл аудармасын жасау, әрбір сөздің мағынасын ашып, сөздік құрастыру кез келгеннің қолынан келетін әрі оп-оңай атқарыла салатын шаруа емес. Себебі түпнұсқадан оқу сол саланы жете меңгерумен бірге, теориялық дайындықты, мәтін теориясы мен мәтінтанушылық біліктілікті, тағы басқа сапаларды қажет етеді. Бұл мәселенің бір жағы ғана.   

Ғалым Б. Сағындықұлы транскрипциялап, аудармасын жасап, «түрікше-орысша-қазақша», «арабша-орысша-қазақша», «парсыша-орысша-қазақша» түзілген сөздіктерін тіркеген орта ғасыр мәтіндері тілші мамандар мен жас зерттеушілер үшін аса қажетті, өте зәру материалдар болып саналады. Өйткені жазба мәтіндер Ташкенде, Стамбулда, Еуропа елдерінің кітапханаларында жүздеп, мыңдап сақталғанмен, Қазақстанда өте аз, жоққа тән, сондықтан кез келген жастағы зерттеушілер үшін қолжазбалардың түпнұсқасын қолға түсіру қиын. Соған орай ғалымның бұл бағыттағы еңбектері аса бағалы, себебі Қазақстанның ғалымдары, бір жағынан, түркологиялық зерттеулер жасауға мүмкіндік алады, екіншіден, студенттер ескерткіштердің мазмұнымен, тұтас мәтіндегі ой-идеямен студенттік аудиторияда танысып, тілдік ерекшеліктерді өз көздерімен көре алады. Мұндай бағалы еңбектеріне «һибат-ул+хақайк» - XII ғасыр ескерткішінің (Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 183 б). Және «Мухаббат-наме» ескерткішінің (XIV ғ.) мәтінін» (Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 227 б.) жатқызуға болады.

«Алтын Орда ескерткіштерінің (XIV ғ.) салыстырмалы лексикасы» еңбегі Б. Сағындықұлының өзі аса терең білетін Орта ғасыр түркі ескерткіштерінің тілін талдауға арналған. Тілдің тарихын жазатын тілші ғалымдар тарихқа жетік болады. Тарихқа жетіктік – зерттеу ерекшелігінен туындайтын қажеттілік. Сондықтан Б. Сағындықұлының тарихи шығармалар тілін талдаған еңбектерінен тарихты терең білетіні, ізденістерінің жан-жақтылығы мен толымдылығы байқалып тұрады. Тіл тарихы саласында еңбектеніп жүрген ғалымдар тілдің даму бағытына тарихи оқиғалар тигізетін ықпалдың зор екенін жете түсінеді. Өйткені ескерткіштер жазылған дәуір, жазба мұралар жарық көрген өңір, осы өңірлерді мекендеген ру-тайпалардың құрамы тілдік зерттеулер үшін аса маңызды фактілердің қатарына жатады. Біріншіден, аталған фактілер ескерткіштердің генетикалық тілдік тегін белгілеуде, ондағы кірме қабаттарды анықтауда, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық ерекшеліктердің төркінін тануда бұлжытпас дерекке айналады. Екіншіден, тілдік талдаулар қашан да тілге, ел тарихына байланысты нақты мәліметтерді қалпына келтіруге көмектеседі. Айталық, қай территорияны сол кездерде кімдер мекендеді, белгілі бір мекен қай ататектің меншігінде болды деген сауалдарға жауап іздегенге тілшілер келтірген мәліметтер сөзсіз маңызды компонентке айналады. Алтын Орда ескерткішін зерттеуде бұл мәселенің маңыздылығын түсінген ғалым Б. Сағындықұлы: Жалпы алғанда Алтын Орда халқының құрамын анықтау арнайы зерттеуді талап етеді», - дегенде, тарихи фактілердің күрделілігі мен зор күшіне үстіртін қараудың жөн еместігіне меңзейді. Осы пікірді айту үшін ғалым Алтын Орданың құрамы туралы Н.А. Аристовтың еңбектерімен танысып, өзінің ғылыми жетекшісі Э. Наджип пікірлеріне арқа сүйейді, П.М. Мелиоранскийдің, белгілі түрколог Ә. Құрышжановтың ой-тұжырымдарын назардан тыс қалдырмайды.

«Қазіргі түркі халықтарының ата-тегінің мәдени қазынасы болып саналатын әдебиет пен тіл мұралары қазірге дейін түбегейлі зерттелген жоқ. Ғылымға белгілі ескерткіштерді бір-бірімен, сондай-ақ қазіргі түркі тілдерінің барлығымен, олардың говорлармен тарихи тұрғыдан жан-жақты  салыстыру жұмысы қолға алынған жоқ», - деп зерттеу бағыттарын нұсқап, өз тұжырымын жасайды (6-б.). Шын мәнісінде ғалымның бұл ойы Орта ғасыр ескерткіштерін зерттеудің бағдарламасы іспетті, болашақта зерттеулерді қай бағытта өрбіту керектігіне нұсқайды. Аталған кітапта «Хусрау уа Шириннің, Сейф Сарайидың «Гулстан бит-турки», Хорезмидің «Мухаббат-наме» ескерткіштерінің:

 

-            түркі бөлігін жан-жақты салыстыру;

-            аталған үш ескерткіштің тіл арасындағы байланысты, ұқсастықтарды белгілеу;

-            ұқсастықтардың, айырмалардың пайда болу себептерін  тарихи-әлеуметтік тұрғыдан анықтау;

-            көнерген элементтерге тоқталып, олардың сандық айырмасын көрсету;

-            ұйғыр әдеби дәстүрінің ізін іздестіру;

-            оғыздық, қыпшақтық, қарлұқ-ұйғырлық қабатты анықтау;

-            араб-парсы элементтерінің сөз тудыру жүйесіндегі орнын көрсету;

-            үш ескерткішке ортақ лексикалық белгілерді анықтау, т.б. сияқты қыруар жұмыстар атқарған. Алтын Орда, оның шекарасы туралы тарихшылар мен зерттеушілердің құнды пікірлері мен мәліметтерін келтіріп, Орда халқының этникалық құрамы жөнінде, Алтын Орда мен Мысырдың арақатынасы туралы айта келіп, ескерткіштердің тілдік-тарихи құндылығын былайша түйіндейді «Арабтардың жаулап алуына байланысты түркі тіліндегі ғылыми, әдеби т.б. мұралар кейінірек араб алфавитінің негізінде жазыла бастаған. Ислам мәдениетінің әсерімен мазмұны әр түрлі, тақырыбы сан алуан бай әдебиет жасалған. Әрине, мұның бірқатары жоғалып кеткен, заманымызға келіп жеткен орта ғасыр мұралары өз кезіндегі түркі халықтарының тілдері қандай сипатта болғандығы жөнінде көп мағлұмат бере алады», - дейді (20-б.).

Ғалым қай мәселеге болсын, байыппен, байсалдылықпен қарайды. Орта ғасыр ескерткіштерін зерттегенде де ең алдымен орта ғасыр ескерткіштерінің ортақ белгілері туралы жалпы мағлұмат келтіреді. Сол кезде өмір кешкен орта ғасыр филологтарының құнды мағлұматтары, ескертпелері кез келген ескерткіш тілін анықтауда көмекші, жай ғана көмекшілік мағынасындағы емес, нақты сүйенетін, арқа сүйейтін дереккөз ретіндегі қызметін түсініп, аталған үш ескерткіш тілін өзара салыстырып алған соң, Абу-Хаййан, Махмуд Қашқари және «Китаб-и мәджму тәрджуман турки вә әджәми вә моголи вә фарси» («Түрік-араб сөздігі») сөздіктеріндегі авторлардың түрікмен, түркі, булгар, ұйғыр, татар арғу, т.б. сөздері деп белгі қойған сөздерімен салыстырады. Тарихи зерттеулердің нақтылығы болжаудан гөрі нақты деректерді сөйлетуімен құнды екені белгілі. Соған орай ғалымның еңбегіндегі А-дан бастылып, Ч-ға дейінгі әліпбилік ретпен салыстырған сөздердің тарихи деректілігі мен нақтылығы аса құнды, бұл кітаптың бар маңызы мен байлығы да осы нақтылығында. Жалпы алғанда, кез келген жазба ескерткіштерді асыл қазыналық әрі ерекше құзіреттік дәрежеге жеткізетін де – нақтылық.

Еңбектегі көзге шалынатын тағы бір ерекшілік қазіргі түркі тілдерінде мүлде ұшыраспайтын архаизмдердің фонетикалық, морфологиялық, семантикалық талдауларына байданысты қалыптасқан. Мысалы: иди (құдай), кәвүр-, кегүр-, итлән (жоғал), қақығ (ашу), иглик (ауру), қурағ (той), өг (мақтау), тону (киіну) сөздерінің деңгейлік ерекшеліктері мен мағыналары өте жақсы ашылған. «Қара сөзінің ауыспалы мағынасы бақытсыз». Қазақ тілінде қара басым, қара басқыр деген тіркес «Қаравашң ауыспалы мағынадан қалыптасуы мүмкін, - деген болжамдары, өзіндік пікірлері көп (40-б).

Қазіргі тілдерде сақталған сөздердің тек оғыз тобындағыларын бөлек, қарлұқ-ұйғыр тобындағыларын бір бөлек, қыпшақ тобындағы түрлерін бөліп алып, топтап көрсетеді. Қыпшақ тобындағы ескерткіштер тіліндегі қыпшақтық тобына жататын бақыр, бақлан, күң, еңра, ерик, чық, тун, қаврут, т.б. сөздерін келтіруі қыпшақтық элементтердің саны мен сапасын, грамматикалық құрылымын аңдап, айқындауда маңызды.

Ескерткіштер тілінің генетикалық қабатын сөз еткенде «ауызекі тіл немесе жазба тілді» шатыстырмауды негізгі зерттеу шарттарының біріне жатқызады. Егер ескерткіштер өз кезіндегі ауызекі тілдің негізінде жазылған болса, қазіргі тілдермен салыстырып, ескерткіштер жазылған кезеңнен бергі уақыттағы тілдегі өзгерістерді белгілі бір дәрежеде көрсетіп беруге болады. «Осы себепті жазба тілмен салыстырғанда, осы заманғы ауызекі тілдерді салыстырғанда бұлардың арасындағы тарихи айырмашылықтарды ескеріп отыру қажет. Жазба әдеби тілді жасауға қай түркі тілінің қаншалықты ықпалы болғандығын дәл анықтау үшін қазіргі түркі тілдерімен салыстырғанда бұлардың арасындағы тарихи айырмашылықтарды ескеріп отыру қажет. ... қай түркі тілдің ықпалы басым болғанын анықтау ғылымның болашақ міндеті (46-б.)», - екенін ескертеді.

Профессор Б. Сағындықұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келеді. Ғалым-ұстаз «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» сияқты іргелі курстардан дәріс оқиды. Магистратура бөлімінде «Түбіртек теориясы» арнаулы курсын жүргізеді. Бұдан басқа бірнеше арнаулы курстары студенттердің қызығушылығын тудыратын түркология және тіл мәселелері мен тіл теориясына арналған. Өзі оқитын іргелі курстарына арнап жазған «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология, «Алтын Орда жазба ескерткіштерінің (XIV ғ.) салыстырмалы лексикологиясы» оқу құралдары, «Қазақ тілі лексикасының этимологиялық негіздері» атты монографиясы республикадағы жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері үшін аса зәру еңбектер болып табылатыны даусыз.

Профессор Б. Сағындықұлы ғылымда маңдай терін төгіп, талмай алып келе жатқан үшінші бағыты – тілдің лексикология саласына орай қалыптасқан. Лексикология пәнінен университетке келгеннен бері дәріс оқиды, семинар және тәжірибелік сабақтарды жүргізеді. Көп жылғы ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп, аудиторияның атмосферасын жіті түсінуі арқасында жоғары оқу орындарының екі сатылы білім беру сатысына көшуіне орай, оқытудың жаңа құрылымына сәйкес, лексикологияның жаңа бағдарламасын жасады. Бағдарламаға сәйкес 2008 жылы «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» (1 бөлім) (Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 101 б.) деген оқу құралын жазып шығарды. Бұл оқу құралы «Сөз», «Сөздік құрам» атты екі бөлімнен тұрады. Екі бөлімде де қиын да күрделі адам логикасымен астасып жатқан сана, Ұғым, тіл категорияларының байланысын аша отырып, ұғымның логикалық категориядан тілдік категорияға қалай ауысатынын ғылыми тұрғыдан негіздеп береді. Әсіресе «Сөз мағыналары», «Сөз мағынасының кеңеюі», «Сөз мағынасының тарылуы» дейтін тараушалары оқулықтарда сөз арасында ғана ауызға алынып жүрсе, ғалым осы процестердің өту сипаты мен себебін, күрделі қатпарларын ашуға жан-жақты күш салған. Сөз мағыналары кеңеюінің бес түрлі жолын, атап айтқанда: а) бұрынғы мағыналарын сақтай отырып, кеңеюі; ә) жіктелу, сұрыпталу арқылы сөз мағынасының кеңеюі; б) туынды түбір мағынасының кеңеюі; в) сөз мағынасының бір жағынан тарылып,  екінші жағынан кеңеюі; г) сөздердің тіркесуі арқылы лексикалық мағынасының кеңеюі сияқты жолдарын ашып береді. Түсіндіру үшін іріктеліп алынған мысалдары да орынды болып шыққан. Мысалы, комиссия мүшелері дегендегі мүше сөзінің мағынасының кеңейгенін былайша түсіндіреді: «Қазақ халқында мал сойып, оны мүшелеп, қонақтарды сыйлау дәстүрі болған. Біздің заманымызда осы негізгі мағынаның үстіне жаңа мағына қосылды» - деп түсіндіреді (30-б).

Тіл білімінде сөзді зерттеу нысаны етпейтін тіл білімінің саласы жоқ. Соның бірі – лексикология саласы. Ғалым сөздің лексикологиялық бірлік екенін дәлелдеу мақсатында әңгімесін түйсікті түсіндіруден, оны сезімдік танудың негізі етіп сипаттаудан бастайды. Түйсік жай ғана абстракті құбылыс емес, «түйсік нәтижесінде адамзаттың, құбылыстың жеке қасиеттері, сапалары туралы мағлұмат алады», - дейді. Ал жинақталған мағлұмат қабылданады, бүкіл белгілердің жиынтық, тұтас бейнеленуі жүзеге асу арқылы сезімдік баспалдақтары ғана, елестету аралық көпір сияқты қызмет атқара отырып, танымдық сатыға өтеді, ол ойлау деп аталатыны ғалым қарапайым тілмен түсіндіріп, жеткізе алған. «Ұғым мен дыбысталу әбден бірігіп, біте қайнасып, қоғамның сандаған ұрпақтарының талқысына түскенде ғана қалыпты сөз пайда болады. Кез келген дабыстардан адам өз қалауынша сөз жасауына, болмаса грамматикалық тұлға жасауына болмайды», - деп тұжырымдады (7-б.). Осылайша ғалым әу дегеннен  түйсік – қабылдау – елестету – ойлау сатыларымен зат – белгі – ұғым – мағына – дыбысталу процестерін бір-бірімен қиюластыра келіп, «тіл дыбыстарынан құралған сөздерді бір-бірімен тіркестіріп қолдану арқылы ғана ойды білдіруге, пікір алуысуға болатынына», яғни сөйлемге көшуге болатынын айтады.

Бұл еңбектегі сөз мағынасы (семантикасы), оның ішінде лексикалық мағына, лексика-грамматикалық мағына, тілдік мағына ұғымдары туралы ғалымның ойлары бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін құрылымдық және мағыналық тұрғыдан ашуға негізделуімен айрықшаланады. Бұрын-соңды оқулықтарда қозғала қоймаған парадигмалық және синтагмалық мағына мәселесіне тоқталу ғалым еңбегінің басқаларға ұқсамайтын өзгеше бағытын көрсетеді.

Парадигмалық байланыстарды анықтаудың бірнеше жолын қарапайым тілмен түсіндіреді. Парадигмалық мағынаның экстралингвистикалық сипаты мен ішкі семантикалық байланысы арқылы парадигмалық қатынас жасайтынын, ал сөздердің  ортақ мағыналары кейде жуық, кейде қарсы, кейде ұштас мәндес түрмен келетінін дәлелдеген пікірлері ойға қонымды болып шыққан. Парадигмалық қатынастың негізінде тектестіктің, ал синтагмалық қатынастың негізінде әртектілік жататынын  өте дәл және нақты түсіндіре алған. Б. Сағындықұлы синтагмалық мағынаны тіркесімдік мағынаға сәйкестендіреді. Еңбектегі денотаттық мағына мен оның материалдық (референтті) және идеалды (ұғымдық) денотаттарды, сигнификаттық мағына немесе пайымдық мағынаны түсіндіруі де өзгелерге ұқсамайды деуге болады. Еңбектің «Лексикалық мағынаның ұсақ бөлшектері» деп аталған қысқа тараушасы сема, ортақ сема, айырушы сема, архисема, потенциалды, коннотатты семаларға берген түсінік-анықтамалары мысалдармен әрленген кезде ұғынықты да жүйелі баяндалған, қысқа да нұсқа, тұтас дүниеге айналған.

Соңғы жылдары жазылған ғылыми әдебиеттерде сөз мазмұны термині жиі қолданылады. Сөз мазмұнының сипатын ғалым: «Сөз қолданыста болсын, тілдік жүйеде болсын лексикалық, логикалық, семантикалық, грамматикалық мағыналардың, барлық ашық, жасырын мағыналарының, мән-реңктерін толық жиынтығы». – деп түсіндіреді.

Ғалым сөз мәйегін теріп, сөздің ішкі сырын терең түсінетіндіктен, сөз мағынасын ғылыми тұрғыдан талдағанда, сөз және сөз варианттары туралы айтқанда ойлары өткір болып шығып отырады. Өйткені ғалым сөз, сөз тегі, оның морфологиялық құрылымын, дыбыстардың фонетикалық архетиптерін тереңнен пайымдайды, себебі бұл проблеманы докторлық диссертациясының арқауы еткен. Ал докторлық диссертациясын монографиялық еңбек түрінде орыс тіліне аударып, өзінің теориялық жаңа тұжырымдарымен түркологтардың кеңінен танысуына жағдай жасаған.

Лексикологияға арнаған оқу құралында сөз мағынасы жөніндегі ойларын одан әрі тереңдетіп, лексикалық мағыналардың түрлеріне тура немесе номинативті мағына, фразеологиялық байлаулы мағына, синтаксистік шартты мағына, сөздердің шындық болмысқа қаптыстылығына орай пайда балған мағыналары, сөздердің шығу тегіне байланысты туған мағыналары, сөздердің стилистикалық қызметіне байланысты туған мағыналары деп бөлініс жасап, сызба арқылы да түсіндіреді. Сөздердің стилистикалық қызметіне байланысты болғанымен, стиль түрлеріне бейтарап қалып, бағынбайтын бейтарап мағынаны «стиль таңдамай, талғамай қолданыла беретін жалпы халыққа түсінікті елеулі сөздік қор, ... ауыспалы мағынада қолданылмайды, тура мағынасында жұмсалатын» сөздер деп сипаттайды (44-б.).

Жұмыстың екінші тарауындағы синоним, антоним, омоним сөздер туралы ойлары шәкірттерінің еңбегіне бағыт-бағдар, ұстаным болып, бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғатты. Оқу құралының 2-тарауда ерекше назар аударуға тұратын «Сөздің қосалқы аталымдары» мәселесі деуге болады. Осы тараудағы табуға, оның түрлеріне тоқталуына тіл тарихына жетіктігі, діни-теологиялық әдебиеттерді терең танып, білуі де көмектескен. Тотемдік нанымдар негізінде қалыптсақан табуларды тотемизм ұғымының пайда болуынан бастап, тереңнен қозғап сипаттайды. «Әлемге ең кең тараған ескі нанымдардың бірі – тотемизм. Солтүстік Америка үндістері тілінде тотем «оның тегі» деген ұғымды білдіреді. Америка, Африка, Австралия, Азияқұрлықтарын мекендейтін халықтар өздерінің арғы тегін жануарлар, құстар, балықтар, т.б. деп таныған. ... Осы себепті тайпа мүшелеріне өз тотемін өлтіруге, етін тамаққа пайдалануға тыйым салынған...», - деп, тотемизм тарихынан хабардар етеді (91-б.). Әсіресе  оғыздардың тотемдері туралы «оғыздар алты топқа бөлініп, олар қаршыға, бүркіт, сұңқар, ителгі, лашын секілді тотемдердің бірінің атымен аталған. Қарақалпақтарда қаратай, сарытай, бозтай, қоңырат, қазақтарда шұбай айғыр, күшік, ителгі сияқты ру атаулары бар», - деп, түрлі этнографиялық-тілдік деректер келтіреді. Сол сияқты эвфемизмдер мен дисфемизмдерге байланысты ойлары күрделене, соқталана келіп, іргелі зерттеу жұмыстарының тақырыптарына айналғаны ғылыми ортаға мәлім. Сөз мағынасы ұлттық сипат, ұлттық даралық арқылы тұрақтанып қалыптасатын, менталитетпен жалғасатын күрделі құбылыс болғандықтан, зерттеушіден этнографиялық, тарихи деректерді толық меңгеруді талап етеді. Бұл тұрғыдан алғанда проф. Б. Сағындықұлы - өз ісінің майталманы, білікті тұлғасы. Болашақта ғалымның лексикологияға арналған еңбегінің жалғасын күтеміз.

Ғалымның жемісті еңбек етіп келе жатқан төртінші бағыты теология саласындағы еңбектеріне байланысты қалыптасқан. Бойына қанмен сіңген, тәрбиемен келген имандылық тарихи еңбектермен танысу барысында жаңа ғылыми негіздермен байи  түскен. Әсіресе ғалымның жан-дүниесіне Рабғузидың «Қиссас-ул-анбийа» еңбегі көп ой салғаны байқалады. Рабғузидың аталған еңбегін оқып, өз тарапынан зерделеп, жан-тәнімен түсініп барып жазған «Ғаламның ғажайып сыралы» атты діни-танымдық кітабы – оқырмандар өте жылы қабылдаған, көпшіліктің аузында жүрген еңбек. Осы кітапта Рабғузи еңбегіндегі идеялар, діни сенім мен пікірлердің түпкі сыры жан-жақты ашылған. Тілдің тарихын жете білуі ғалымға осы көмектескені байқалады.

Автордың өз сөзімен айтқанда, бұл еңбекті Аллатану ғылымының әліппесі деп атауға болады. Себебі фәни ғаламның жаратылуынан бастап, аяқталуына дейінгі діни әңгімелер белгілі бір жүйеге түсірілген. Алла тағала жайында, Жаратылыс жайында әлмисақтан адамзат баласын толғандырып келе жатқан ірі-ірі мәселелер жөнінде біршама толық+ мағлұмат алуға болады.

Б. Сағындықұлы бұдан да басқа діни-танымдық мақсатта жазылған баспасөз беттерінде жарияланған сандаған мақалалары, «Отбасы оқулығы» деп аталатын еңбегі бар.

 

 

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 481 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 772 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46174 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 43951 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика