КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:


Қарыны тоқтық

Қайғы жоқтық

Аздырар адам баласын, - деп Абай атамыз айтқандай бүгінгі қоғамдық мәселелердің, рухани азғындаудың, қылмысқа апарар іс-әрекеттердің басты себепкері – қамсыздық болып отыр. Соңғы заң бұзушылық статистикасының көрсетуі бойынша, азаматтық, қылмыстық актілерге қайшы қылықтарды көбінде жұмыссыздар тудырады екен. Бұл дегеніміз жұмыссыздық ғана басты мәселе емес, сол жұмыссыздықтың салдары да әлемнің бас қатыратын сұрағына айналып отыр деген сөз. Дегенмен, жұмыссыздық екі қолға бір күрек таба алмау емес, ол дегеніміз еріншектік және жеңіл келетін ақша қызығу. Яғни, еңбек етудің толық мәнін түсінбеу.

Еңбек – нан табу, күн көру жолы ғана емес, тұлға ретінде қалыптасудың діңгегі. Мәселен, таң сәріден ақшам сөнгенге дейін тер төккен адамда жамандықты ойлауға, өсек айтуға, біреудің ісіне араласуға, мұрша болмайды, қылмысқа баруға себеп те жоқ. Ал ол қызметін төзіммен жалғастырса, көп үйреніп, тәжірибе жинап, сол саланың майталманына айналады, жетістікке жетеді. Міне мұндай жанды халық құрметтейді, үлгі алуғы тырысады. Осылайша ол ел алдында белгілі тұлға ретінде қалыптасады. Мәселен, әлемдегі миллионерлердің жеңістеріне көз салсақ, кеңестеріне құлақ түрсек, еститініміз бір ғана сөз - «еңбек». Осы орайда ойымызды қазақ нақылдарымен көмкерер болсақ, «еңбек түбі жеңбек» деген түйінді көреміз.

         Жалпы, бабалардың ізімен жеткен, аналардың тезінен өткен дәстүрлі тәрбиенің негізгі концепциясы – еңбек арқылы тұлға қалыптастыру. Бүгінгі білім беру тілімен айтқанда теорияның ажырамас сыңары болған практика арқылы жетілу. Заман ағымымен оқу-тоқудың да шарттары өзгеріп отырары хақ. Яғни, бұл күндері бірінші теория, содан барып оны практикада іске асыратын болса, бұрындары білімді практика арқылы, яғни өмір тәжірибелері арқылы жинаған. Өзіміз білетіндей көшпелі өмір салтына байланысты ертеректе балалар мектепке бара алмады, медресені де толық оқи алмады. Дегенмен, олардың өмірден жинағаны біздің университеттен жинағанымыздан артық болмаса, кем емес-ті. Сөзімізді дәйектей түссек, бүгінде оқушылар, студенттер білім мекемелерінде биология, химия, география деген пәндерді оқиды, бірақ шөп түгілі ағаштың түрін де ажырата алмайды, аң түгілі төрт түліктің де жасын атай алмайды. Себебі, нақты әрекет жоқ. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дейді дана бабаларымыыз, күнделікті қолмен ұстап, көзбен көрмегеннен кейін көкейінде де сақтай алмайды.

Білім еңбек арқылы санада бекітіледі. Үйде туып, түзде өскен бала табиғатқа жақын болады. Әрбір шөптің емдік қасиетін, кез-келген ағаштың физикалық ерекшелігін біледі. Қай ағашты музыкалық инструменттер жасауға пайдаланатынын, қайсысынан ыдыс оюға болатынан, киіз үйге жарамдысын іріктеп, табиғат заңын бойлай отырып, кесіп алатын уақытын анықтайды. Жақсылап кептіреді, ыстайды, иеді не тезге салады. Мұның бәрі толып тұрған биологиялық, географиялық білім. Дайын сатып алатын өнім жоқ болғандығы себепті, керектінің бәрін қолдан жасайды, демек, бар уақытын қолөнерге жұмсайды. Осы процесстің өзінде қаншама тәрбие жатыр.

Мәселен, жас талды кеспе, бұлақ көрсең көзін аш – бұл баланы табиғатты қорғауға тәрбиелеу. Тіпті, осы қолөнерді үйретіп жатқан ұстазына (көбінде ата-анасы) деген құрметі қалыптасып, сыйлауды үйренеді. Адал еңбек еткен адам жалған сөйлеуден де ада болады. ал бәленің басы өтіріктен басталары анық.

         Халық ауыз әдебиетінің маржандарына көз жүгіртсек, «ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды», «еңбек етсең ерінбек, тояды қарның тіленбей» деген жолдарда еңбектің мәнін айшықтап тұрғандай. Мақалдап сөйлеп, мәтелдеп ой төркінін жеткізген ата-бабаларымыз еңбек арқылы материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жетілудің, кемелденудің және халықтық тәрбиенің негізін қалыптастырды.

        

ҚР Орталық мемлекеттік

музей қызметкері

Бұлбұл ШӘКЕН

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз