КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Алматыдағы Ғылым ордасында Ұлттық ғылым академиясының Жалпы сессия жиналысы болып өтті. Оған Қазақстан Президенті кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, академиктер мен мүше-корреспонденттер, ЖОО ректорлары, сондай-ақ жетекші ғылыми институттар директорлары қатысты. 

 Кең құрамды басқосуды ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов ашып, алғашқы сөзді Қазақстан Президентінің кеңесшісі, мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедке берді. 

 – Ғылым дамымай, техника дамымайды, техника алға баспай, өндіріс өркендемейді. Ғылым академиясының статусы өзгергенмен, ғылыми институттар ұлттық университеттердің құрамында даму үстінде. Өзі де осы академияның мүшесі болып табылатын Елбасы ҰҒА-ның дамып алға басуына әрдайым қамқорлық көрсетіп, зиялы қауымның пікіріне сүйеніп келеді. Құдайға шүкір, қазақ ғылымы көштен қалған жоқ. Сөйте тұра, алдымызда іске асыруға тиіс жаңа мақсат-міндеттер тұр, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед қадау-қадау ойларын ортаға салды. 

 – Жуырда Елбасы Ұлытауда ұлағатты ойларды алға тартып, қазақ тарихына қатысты пікірін білдірді. «Біздің тарихымыз ғұндардан басталады» деді. Ғұн тарихына қатысты әдеби еңбектер бар болғанмен, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін ғалымдарымыз тұшымды ғылыми-зерттеулер бере алмады. Көк түріктің иегері бізбіз дейміз. Бұл тарапта Қойшығара Салғаринның әдеби бағытта еңбектенгені болмаса, ғалымдарымыз тағы да келелі ғылыми еңбектер бере алмады. Әрине, кеңес дәуірінде оған тосқауыл қо­йылған да шығар. Алтын Орда дәуірін айтсақ, тағы да әдебиетшілер алға шығып кетті. Бір ғана Әбсаттар Дербісәлі оннан аса Фарабилерді тапты. Әлемге әйгілі әл-Фараби бабамыздың еңбектерінің ең болмаса жартысын не орыс, не қазақ тіліне аудара алмай келеміз. Қазақ хандығына келсек, Керей мен Жәнібек хандар туралы әлі күнге тұшымды монография жазылған жоқ. Осының бәрі көршілеріміз тарапынан артық-кем әңгіме шығуға себеп. Оған қарсы айтылар ғылыми уәж болуы керек. Оны айтатын да, жасайтын да – сіздерсіздер! – дей келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед тарихымыз бен әдебиетіміздің тығыз байланысына тоқталды:

 – Қарап отырсақ, салалары басқа болса да, Шоқан Уәлиханов, Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышпаев тарихпен шұғылданған. Тұрар Рысқұлов та, Ораз Жандосов монографияға бергісіз еңбектерімен тарихта қалды. Қаныш Сәтбаев «Едіге батырды» зерттесе, Евней Бөкетов әдебиетпен айналысты. Бейсенбай Кенжебаев төрт шәкіртіне төрт тақырып бөліп берді: Мырзатай Жолдасбекке көк түріктер дәуірін, Алма Қыраубаеваға Алтын Орда дәуірін, Мұхтар Мағауинге жыраулар поэзиясын, Рымғали Нұрғалиевке Алаш кезеңін зерттеуді тапсырды. Осының бәрі тарихымызды терең тануға негіз блды. Қазаққа ноғайдан жақын халық жоқ. Сол ноғайлы дәуірінің әдебиетін татар ағайындар әлдеқашан иеленіп, оқу құралдарына енгізіп қойған. Ноғай ғалымдары бұған «тарихымызды ноғайға қимасаңдар, онда ол қазаққа тиесілі» деп те шырылдады. 

Тарих та, әдебиет те философиясыз алға шықпайды. Бізде бұл тарапта қуатты мектеп болды. Сол мектептің мықты өкілдері 90-жылдардағы қиыншылықта бизнес саласына ауысып кетті, – деген Мұхтар Абрарұлы тағы бір мәселе ретінде психологияға жете көңіл бөлінбей келе жатқанын еске салды. Әсіресе, этникалық психология артта қалып қойды. Заң ғылымында да түйткілді тұстарымыз көп екен. Әрине, Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев секілді патриархтар негізін қалаған мектеп көп нәрсе тындырды. Салық Зиманов өмірінің соңында он томдық «Қазақтың әдет-ғұрып заңдарын» қалдырып кетті. Осыған көңіл бөлуіміз керектiгi айтылды. 

Тіл білімінде де күмілжіп жерге қарайтын тұстарымыз көп болып шықты. Сабақтас пен салалас құрмаласты талдаудан танбайтын тілші ғалымдарымыз лингвистиканың жаңа саласында артта қалып қойған. Бұл күнде ғылымы дамыған елдерде әлеуметтік, графикалық, компьютерлік лингвистиканың өзі сан-салаға бөлініп кеткен. Қазақ тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігін шығарғанымыз ауыз толтырып айтуға жақсы болғанмен, тіл ғылымында шекеміздің қызып тұрғаны шамалы болып шықты. 

ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов Ғылым академиясының қазіргі хал-жағдайы мен алдағы даму сатылары жайында баяндама жасады. Кеңестік модельден батысеуропалық модельге ауысқан Ғылым академиясының одан бергі он жылда жаңа бағытта жүзеге асырған сәтті істерін саралаған Мұрат Жұрынұлы ғылыми кадрлар даярлау мәселесіне тоқталып, жетекші университеттердің барлығы философия магистрлары мен докторларын дайындауды қайта қолға алғанын айтып өтті. Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті, ҰҒА-ның мүше-корреспонденті Мәмбет Қойгелдиев Қазақстанның көп ғасырлық тарихын зерттеудегі ғылыми жетістіктері жөніндегі, ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Ибадулла Үмбетаев мақта шаруашылығындағы жаңа ғылыми жетістіктер жайындағы ойларын ортаға салды. 

Осылайша, ҰҒА-ның жалпы сессиясында қазақ ғылымының қазіргі жай-күйі мен болашағы біршама талқыланып, оны дамыту мен нақты өмірге икемдеу және бәсекелестікті арттыру қолға алынатын болды. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика