КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің бас ғимаратында өткен дөңгелек үстел барысында айтыс өнерінің болашақ бағыты сөз болды. 
Айтыстың бүгіні мен ертеңгісін әңгімелеп, саралау үшін партия қоғам қайраткерлері мен айтыскерлердің басын қосты. 
Халқымыздың бойындағы асыл қасиетін ардақтап, биік мәдениетін паш етудегі ұлтымыздың баға жетпес рухани байлығы – айтыс өнері. Қоғамдық санаға қозғау салып, пікір туғызатын идеологиялық қауқары күшті өнердің елдік мұратты насихаттап, ұлттың дүниетанымын қалыптастырудағы атқарып келе жатқан қызметі орасан зор. Арғы тарихымызды әңгіме қылып тым алысқа бармай-ақ, Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында Жамбыл бастаған Кенен, Шашубай, Нартай, Нұрлыбек секілді халық ақындарының елдің еңсесін көтеріп, қазақтың рухын өлең-жырмен қалай жебегенін еске алсақ та жеткілікті.
Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары айтыс өнерінің қадыр-қасиеті бұрынғыдан да бетер арта түсті. Тәуелсіздіктің арқасында ақындарымыз өз ойларын еркін жеткізуге, небір көкейкесті мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік алды. Жас мемлекетіміздің қалыптасу барысындағы ел Президентін сайлау, Ата заң қабылдау, көк байрағын көтеру, төл теңгесін шығару, сыртқы елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату секілді үлкен оқиғалардың барлығын айтыс ақындары сүйіншілей жырлап, ақпарат құралдарымен бірге халыққа жарыса жеткізіп отырды. 
Соған қарамастан, соңғы жылдары айтыс мәдениетінің төмендеп кеткені баспасз бетінде жиі айтылып, оның келешегі қандай деген сауалдың құлағы қылтия бастағаны ешкімге де құпия емес. 2014 жылдың 24 қазанында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің бас ғимаратында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің дамуы, мәселелері және болашақ бағыты» атты дөңгелек үстел барысында да айтыстың бүгіні мен келешегі әңгіме арқауының өзегі болды. Партия айтыс өнері саласындағы мәселелерді талқыға салып, оларды шешудің жолдарын анықтап, ортақ тоқтамға келу үшін қоғам қайраткерлері мен айтыскерлердің басын қосты.
Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Арман Қырықбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан және құзырлы мемлекеттік органдар өкілдері мен есімі елге кеңінен танымал айтыскер-ақындар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстелді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі орынбасары Дихан Қамзабекұлы жүргізді. 
«Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Арман Қырықбаев партия қабылдаған саяси Доктринада ұлттық құндылықтарды сақтауға және оны дамытуға ерекше көңіл бөлінгеніне тоқталды. Соңғы жылдары партия көкпарға, аударыспақ пен бүркітшілер сайысына, қазақ күресіне және айтысқа тікелей қолдау көрсетіп келеді.Осы жайтты тілге тиек ете келе А.Қырықбаев:«Нұр Отан» айтысқа Елбасымыздың тапсырмасы бойынша қолдау көрсетуде. Басты мақсат – ақындардың халыққа сөзінің тімділігін, елдің ақындарды тыңдайтындығын, айтыстың әлеуетін пайдаланып, елдің бірлігін қамтамасыз ету. Айтыс өнегелі сөзбен биік мәдениеттің үлгісі болып, елді шынайы дамуға, жарқын болашаққа бастайтын елдіктің құралы болуы тиіс. Байбалам мен қызыл сөздің емес. Бұл елдің шын мәнісіндегі иесі – біз. Елбасының өзі қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауды тапсырды. Мұның барлығы жай айтылып жатқан жоқ. Кейбір нәрселер бір күнде бола салмайды. Бір күнде болдырамын деп асыққандықтың ақыры не болатынын халық даналығы айтады емес пе? Бұл – осының барлығын ойлай келе жасалған жұмыс. Айтыс ешкімнің енші салған меншігі емес, халықтың рухани қазынасы. Ал сол халықтың басым көпшілігінің дауысына ие болып, аманатын арқлаған 
– «Нұр Отан» партиясы. Сондықтан «Нұр Отан» осы бір өнерімізді дамытудағы өз жауапкершілігін толықтай сезініп, осы іспен айналысады. Және айтыстың ешкімнің қанжығасында кетпей, ел игілігіне жаратылуына толық мүдделі» деді. 
Дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов пен филология ғылымдарының докторы, айтыскер-ақын Аманжол Әлтаевтар да халыққа ортақ өнердің беталысының қандай бағытта дамуы керектігі жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Өз сөзінде Аманжол Әлтаев ақындар нені жырласа да, негізгі алтын қазығы, ұстанымы – мемлекетшілдік, отансүйгіштік, елдік мақсат, ұлттық мүдде, ынтымақ пен бірлік аясында болуы тиіс екенін атап өтті. Түп-тамыры түсініксіз жекелеген саяси күштердің, ағымдардың идеологиясына түсіп кетуге ақындар сақ болып, халықтың сөзін сөйлеп, елдік мүддені ұмытпауға тиісті екенін тағы да бір еске салды. «Дүниедегі ең мықты мемлекет Түркия мемлекеті, ең мықты халық түрік халқы» деп Мұстафа Кемал Ататүріктің елдің рухын көтергені секілді, біздің бүгінгі ақындарымыз да «Ең мерейлі, болашағы мықты мемлекет Қазақстан, ең талантты да білімді, рухты халық қазақ халқы» деп сөйлеуге, жырлауға үйренейік» деп түйіндеді өз ойын айтыскер-ақын. 
Филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Нұр Отан» партиясына айтыс өнеріне қолдау көрсетіп жатқаны үшін ризашылық сезімін білдірді. Айтыстың деңгейін көтеріп, елдік мұрат пен халықтың ауызбіршілігін одан әрі нығайту үшін партиямен ақылдаса отырып жұмыс жасауға шақырды. Ақындардың ауызбіршілікте болуы керек екенін айтты. «Бүгінде айтыскерлер арасында «Түгеншенің ақындары», «Бәленшенің» ақындары деген сөз тарай бастады. Бұлар – «Түгеншенің» де, «Бәленшенің» де ақындары емес, қазақтың ақындары. Сондықтан партияның айтысты қолдап отырғаны әбден орынды.Баршаға мәлім, айтыс айту деген сөзден шыққан. Ақынның аузын қақпау керек. Бірақ бұл ақын бетімен кетуі керек деген сөз емес» деген ол айтыс мәдениетін көтеруге қатысты ойларын жеткізді. 
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл «Нұр Отанның» түбінде айтысты ұшпаққа шығаратынына елдің көзі жетіп отырғанын айта келіп, келешекте оған мемлекеттік мәртебе алып беру мәселесін қозғады. «Айтыс шын мәнісінде қазақтың ұлттық өнері, ұлттық құндылығы болғандықтан, ол – мемлекеттік құндылыққа да айналуы керек. «Әлеуметтік маңызы бар әдебиетке» деген бюджетке салынатын арнайы сала бар. «Нұр Отан» партиясы айтысты республикалық бюджетке жаңағыдай бір сала етіп енгізуге ықпал етуі керек» деді депутат.
Бүгінгі ақындардың арасында «бұрынғының жыраулары ешкімнен қаймықпай, ашық айтқан» дегенді желеу етіп, асыра сілтеп жіберетіндердің жеткілікті екеніне тоқталған Б.Тілеухан ол заманның жыраулары әрбір айтар сөзіне айрықша мән бергенін, сынды орнымен айтқанын тілге тиек етті. «Соңына бір тайпа елді ертіп, Абылайдың беделін көтеріп, оның таққа отыруына себепкер адам ретінде Бұқар жыраудың оны мақтауға да, сынауға да құқығы бар еді. Бұқарша сынау үшін Бұқардың деңгейіне көтерілу керек. Ал біздің кейбір айтыскерлер сын айтқанда билікке де, басқаға да сөзін өткізуді емес, өзін көрсетіп қалуды ғана мақсат етеді» деді ол. 
Жарты ғұмырын айтыстың төңірегінде өткізген Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман «Нұр Отан» партиясының үлкен деңгейде жиын өткізіп, айтысқа мән беріп жатқанына рақмет айтты. Партияның бұл жұмысты одан әрі ілгерілететініне кәміл сенім білдірді. Бұрын-соңды да партиямен осы бағытта талай жұмыс жасағанын айта келіп, айтыс мәдениетін көтеру, ақындарды тәрбиелеу бағытында «Нұр Отанмен» ынтымақтаса жұмыс жасауға ықылас танытты. Айтыс елдің арасын ашатын құбылыс болмауы керектігіне тоқтала келіп, ұлттың еңсесін биіктету, елдік мұратты насихаттау, халықтың ынтымағын нығайту бағытында әрқашанда партиямен бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді. «Тағы айта кететін бір нәрсе, осы айтысты жексұрын етіп қойған адамдар бар: "Ойбай, бұл тек билікті сынауға, жамандауға арналған, ұйымдастырылатын нәрсе" деген мағынада сөздер шығарып. 
Соңғы сайлауда біз екі айтыс өткіздік. Атының өзі айтып тұр: «Ел басқарар ерің кім?» деп аталады. Екінші айтыс «Абылай – айбарымыз, Елбасы – ертеңіміз» деп аталады. Сол айтыстардың ішіндегі Елбасыны жырлаған сәттерді көрсең, жүрегің тебіренер еді деп ойлаймын. Залда отырған өзіміздің жүрегіміз қозғалып отырды» деді ақын. 
Сатирик-жазушы Көпен Әмірбек елдің мүддесін ойлап жатқан «Нұр Отан» партиясы тек айтысты ғана емес, Жайдарманды, бүкіл КВН, түрлі-түрлі әзіл-сықақ салалаларына дейін дамытып жатқанына тоқталып өтті. Отырыс барысында сөз сөйлегендер айтыстың мәртебесін мемлекеттік деңгейге көтеру, «айтыс» мамандығына оқуға ниетті талапкерлер үшін грант бөлуді қарастыру, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағымен бірлесе жұмыс істеу, айтыс өнеріне жасөспірімдер мен жастарды ынталандыру және «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына қазірден дайындық жасауға байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатып беретін болсақ, айтыс ешкімніңде ен салып қойған меншігі емес, халқымыздың рухани қазынасы екені дау туғызбайтын ақиқат. Билеуші партияның саяси Доктринасында – ана тілі, дәстүр, тіл мәдениет пен руханият ең басты ұлттық құндылықтар болып белгіленгенін тағы бір еске сала кеткіміз келеді. Cондықтан да, көшбасшы партия мәдени-рухани құндылықтар мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Партия айтысты өз қамқорлығына алып, «Бүркітшілер сайысы» фестивалін өткізуге қолдау білдіруде. Ұлттық дәстүрді дамытуға қосқан үлес бойынша жыл сайынғы «Алтын тұғыр» байқауы, «Қазақстан Барысы» чемпионаты, аударыспақ пен көкпар ойыны бойынша Азия ашық чемпионаттары, аламан бәйге, асық ату және т.б. өткізу тәжірибесі де бұдан тыс емес. Бүгінде партия жанында мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын халықтың басым бөлігінің дауысына ие болып, ел келешегі үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алған билеуші партия елдің бірлігі, ұлттық мүдде мен отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу бағытында айтысты дамытуға мүдделі. Ол мақсатты жүзеге асыруға партияның әлеуеті де, қауқары да жетеді. 
Халқымыздың ынтымағын нығайтудың, елдік мүддені дәріптеудің бірегей құралы болып табылатын айтысқа жетім баланың күйін кешкізбей, ұлтымыздың игілігіне айналдырудың заман талабы туғызған қажеттілік екенін білгендіктен де партия бұл мәселені еш уақытта да назардан тыс қалдырған емес. Ел аманатын арқалаған ірі партияға халық сенім артқандықтан, «Нұр Отан» айтысты өркениетті жолмен дамытып, мәдениетін көтеру бағытындағы жұмысын одан әрі де жалғастырып, соңғы жылдары белең алып бара жатқан «бейәдеп сөйлеп, жеке басқа тиісіп, ел арасына іріткі салып» жатқан әрекеттерді тоқтатуға себепші болады. Сүттей ұйып отырған ел тыныштығы басты мүддесі болып табылатын партия, айтыстың көздеген мақсаты түсініксіз жекелеген күштердің немесе түсініксіз діни ағымдардың идеологиясын насихаттауына жол бермейді.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегенді халық бекер айтпаған. Тәуелсіздіктің баяндылығы мен ел ынтымағын көздегендіктенде «Нұр Отан» айтысқа айрықша назар аударуда. Басты мұраты ел мүддесі болып келген айтыс өнері болашақта да партияның қолдауымен сол ұлы мақсатқа қызмет етіп, мемлекетіміздің мәртебесін өсіре түсетін болады.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика