THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ұшан-теңіз ғаламтор жүйесінде қазақ тіліндегі сапалы, мазмұнды контент әлі де болса аз. Бүгінде ғылым тілі болып саналатып - ағылшын, өзге де тілдерден ана тілімізге тікелей аударма жасап беретін онлайн-аудару жүйесі тіптен жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру және қазақ тіліндегі контенттің мазмұнын байыту мақсатында «Wikibilim» қоғамдық қоры ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен, «Google» компаниясының техникалық жәрдемімен және «Кар-Тел» компаниясының серіктестігімен «GoogleTranslate+Kazakh» жобасын қолға алды.
Кеше Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде болашақ аудармашыларға жобаның таныстырылымы өтті. Айта кетейік, «GoogleTranslate» - мәтін бөлігін немесе веб-бетті автоматты түрде аударуға арналған компанияның тегін веб-қызметі. Ол бір сөзден бастан көлемді мақалаға дейін аударма жасап бере алады. Немесе өзге тілдегі веб-сайтты оқығыңыз келсе, бірақ ол тілді білмесеңіз, өзіңіз білетін тілді таңдай отырып, сол тілде оқуға мүмкіндік береді. Бұл аударма машинасының жадында 64 тіл бар, ал қазақ тілі 65-і (ешкім алдымызды орап кетпесе) болып енгізілмек. Ол үшін жүйеге қазақ тіліне аударылған мәтіннің үлкен көлемі жүктелуі шарт. Сонда аталмыш тілдердің кез келгенінен қазақ тіліне тікелей аударма жасауға болады.
– Біздің мақсатымыз – «GoogleTranslate» әлемдік аударма жүйесіне қазақ тілін қосу. Жоба тілге, ұлтқа жанашыр адамдар, жастар жабылып жүзеге асыратын шаруа деп білеміз. Аударма қызметінде түркі тілдес тілдердің ішінде түрік пен әзірбайжан тілдері ғана бар. Яғни машина түркі тілдес тілдердің ережелері және ерекшеліктерімен таныс. Қазақ тіліне қауым болып жабылып, түрлі тілдерден аударылған өте көп материал салуымыз керек. Сонда «Google»-дың аударма машиналары қазақ тілін тез үйреніп, оны жүйеге қосуға мүмкіндік алады, – деп пайымдайды «Wikibilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, оған мемлекет пен бизнес қолдау жасап отыр. Алайда көп боп жұмылып қолға алмаса, жүзеге асуы екіталай. Сондықтан әркім оның дамуына өз үлесін қоса алады. Ол үшін gmail сервисінде электронды жәшік ашып, «Google.com»-нан аудармашыға еніп, аударма жасауға болады. Электронды мәтіннің аудармасын қалай жүйеге енгізу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіретін бейнероликтер ғаламторда көп, сондай-ақ Beeline мен «Wikibilim» ҚҚ сайтында нұсқаулықтар орналастырылған. Аударма машинасына өз жазбаңызды немесе ғаламтордан алынған материалды енгізе аласыз. Машина жаңа енгізілген әрбір сөзді жадына сақтай береді. Егер жасалған аударма қате деп тапсаңыз, оны да түзетуге мүмкіндік бар. Ең бастысы, машинаны үйретуге болады. Машина аударма жасаған кезде, сөздердің бәрін саралай келе, ең жиі қолданылған баламасын шығарады. Ең сапалы аударма ағылшын мен испан тілдерінің арасында жасалады екен.
Бұл онлайн-аударма қызметі – орыс тілін айналып өтіп, өзге тілден тікелей аударма жасауға ыңғайлы жүйе. Әрине, тігісі жатық мәтін шықпаса да, не туралы сөз боп жатқанын түсінуге болады. Тіпті фильмдердің астындағы субтитрларды аудартып алуға да болады екен.
– Осыдан 7-8 жыл бұрын қазақша Уикипедия - ашық энциклопедияны қолға алынған кезде, оның болашағына сенгендер аз болды. Сол кезде бұл жүйеге бар-жоғы 7 мыңға жуық мақала, оған жазып тұратындардың саны 4-5 адам еді. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы 1,5 жылда бүгінде мақалаларды 182 мыңға, ал тұрақты жазып отыратын адамдардың санын 250-ге жеткіздік. Осы қолға алып отырған жобамыз да көпшілік арасында қызығушылық тудырады деген ойдамыз, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Интерфейске тіл енгізу ірі компанияларға қаржылық жағынан тиімсіз, көп шығын шығартады. Сондықтан тілдің дамуына сол тілде сөйлейтін халық белсенділік танытып, мүдделі болуы шарт.
– Әлемдік онлайн аудармаға қазақ тілін енгізуге бағытталған жоба ғаламтордағы қазақ тілінің дамуына үлкен импульс беретініне сеніміміз мол. Серіктестік аясында мобильді интернет және «Үйдегі интернет» қызметінің абоненттері «GoogleTranslate» қызметіне тегін кіре алады, – дейді «Кар-Тел» ЖШС PR-менеджері Анар Жұмағұлова.
АЙҚЫН газеті