THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тіл меңгерудің қиындығы мен оңайлығы оған деген көзқарастың қандай болатынына тікелей тәуелді сияқты. Себебі, кітап түрінде де, интернет беттерінде де толып жатқан тіл үйрету курстарының барлығы да ыңғайлы дей алмайсыз. Мәселен, қазақ тілін үйренгісі келген адамға «Қал қалай?» деп амандассаңыз, ол сөздіктен бірден «қал» сөзінің мағынасын оқиды. Ал «қал» - «адам денесіндегі мең» болып жазылғандықтан қазақтардың амандасуы денесіндегі меңді сұраумен байланысты екен деп ойлауы әбден мүмкін. «Мынау ағаш», «Оның түсі жасыл», «Ағаш өте биік» деп оқып келген тіл үйренушіге жағдай жасауды өзіне мақсат тұтқан Қанат Тасыбековтың «Ситуативті қазақ тілі» атты кітабы жарық көрген болатын. Қанат Тасыбеков өз кітабында тіл үйрену үшін тіл үйрету оқулықтарында аса көріне бермейтін бірнеше жағдайға мән беру керек дейді.
"Біріншісі – өмірде сөйлегенде біз әрқашан да не
мақсатпен және кімге сөйлеп жатқанымызды білеміз. Егер сіз көшеге шығып,
ағаштың жанына барып, оқулықтан оқып алған сөздерді айтатын болсаңыз: "бұл
ағаш. Ағаштың жемісі болады. Бұл ағашта алма бар. Алма қызыл" –
айналаңыздағылар сізді ақылсыз адам деп ойлап қалуы мүмкін. Оқулықтан алған
білім – өмірде қажетсіз болса, оны оқып не керегі бар деген ой келеді.
Тасыбековтың айтуынша, екінші мән беретін жағдай – біз әрқашан қандай да бір
жағдаятта (ситуацияда) сөйлейміз. Ал дәл осы ситуациялық жағдайда қалай сөйлесу
керектігін оқулықтар оқытпайды. Мәселен, қазақ салтына байланысты, мәселен,
отбасылық, ұлттық, дәстүрлі шаралар саналатын құда түсу, үйлену тойы,
шілдехана, қайтыс болу шаралары, құдайы беру, айт, наурыз сияқты шараларда
қалай сөйлеуіміз керектігін ешбір оқулық түсіндірмейді. Үшінші кезекте тілдік
штамптарға мән беру керек екен. Мәселен, автокөлік сатып алғанда дос-жарандар
мен таныстар «Өзің мініп, өзің тоздыр» дейді, бала босанған үйге «бауы берік
болсын» дейді, қаза болғанда «қаза қайырлы болсын» дейді, наурызда «ұлыстың ұлы
күні құтты болсын» деседі. Қазақ тілінде сөйлеймін деуші адам осындай тілдік
штамптарды меңгеру арқылы оңай әрі тез меңгере алады" дейді кітап авторы.