КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


 

Қазақ айтыс өнері, ұлттық киім-кешек мәдениеті, айтыскер, сахна мәдениеті, кемшіліктер мен түзетулер.

Айтыс – бағзы заманнан жалғасқан бегзат өнер. Қазақ құрамын құраған текті тайпалар сақ, хұн, үйсіннің ру-ұлыстық кезеңінен тамыры тереңге тартқан салттық дағды. Көне түркі топырағында жасаған қазақ текті қандастардың тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен мәдени құбылыс. Айтыс қазақ халық ауыз әдебиетінең бір жанры ғана емес, ұлттық ұлы мереке. Фольклорлық театры. 

Айтыс басында қазақ халқының тіл байлығын жетілдірудегі маңызды мектебі болған да кейін бірте-бірте ұлттық болмысын көрсетіп беретін ұлы өнер болып жалғасты. Сахара көшпенділері өлең бәсекесін өнер бәсекесіне көтеруде қазақы этнографиялық дүниелерді бірге алып жүреді. Айтысқа қатысатын айтыскерлердің ұлттық бейнесі, далалық портпеті, киім-кешегі, ұлттық аспабы, айтысқа төрелік айтып жүргендердің аталық көсем сөздері, жас шамасына қарай киініп шығуы, айтыс көрермендерінің біріңғай ұлттық формада сәнденіп жасануы, айтыс майданы болған кигіз үйлердің ұлттық нақышпен безендірілуі бәрі-бәрі қазақы ортаның халқына сыйлаған жоғалмас, тозбас асыл мұрасынан келген. Кейін де қасиетін жоймаған.

Айтыста ұлттық киім-кешектің рөлі өте зор. Ежелден қазақ халқы ұлық мерекеде, ойын-тойда, айт пен аста өз ұлтының киімін киіп, аса жарқын көңілмен тамашаны тойлаған. 

Бір ұлттың киім мәдениеті сол ұлттың болмысын бейнелейді. Тарихын таңбасыз, естеліксіз еске салады. Бұны арыдан бастап таратуға тура келеді. Адамзат баласы «ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүперек», «адам көркі киімде», «қазақ қыз баласын қымтап ұстаған», «ұят бар жерде иман бар» деген ұлағатты сөздерді бойына жиып, жалаңаш тірліктен жамылғы өмірге қадам тастайды. Киім-кешек адамдық ар-ұятты, әдептілікті, тәртіпті, жан сұлудығын сақтайды. Алғашқы палеолит (көне тас құрал дәуірі) дәуіріне тәуелді археологиялық қазба мүйіз йне табылады. Мүйіз иненің табылуы адамзат сол кезден бастап киім тігуді үйренгенін растайды. Неолит (көне тас құралдар дәуірі) дәуірінде ағаш тамырынан, ағаш қабығынан, жүннен өру, йіру, тоқу өнері арқылы денесін жасыратын алғашқы киімдерді ойлап табады. Сосын жаңа эрадан бұрынғы 7 - ғасыр мен 5 - ғасыр аралығында сақ, хұн, үйсін тайпаларының тарихи деректері арқылы ұлттық киімдердің қолданысқа түскенін байқауға болады. Сақтардың бас киімі туралы Геродот: «сақтар нығыз киізден тігілген шошақ бөрік киеді» деген жанды, тірі тарих көзін қалдырып кеткен. «солтүстік патшалықтар тарихы. Түркі баянында»: «олардың салты шаштарын жәйып, етегін сол жағына қайырып жүреді. Күмбез пішінді киіз үйлерде тұрады. Судың тұнығын, шөптің сонысын қуып көшіп жүреді. Мал шаруашылығымен шұғылданады. Ет жеп, ақ ішеді. Теріден тігілген, жүннен тоқылған киім киеді» делінген. Кейінгі түркі қағанаты кезеңі, алтын орда қандығы дәуірі, ноғайлы заманы, дешті қыпшақ одағы мезгілі, қазақ хандығы құрылған ұзақ барыста қазақты кұраған ру-ұлыстар, тайпалар ұлттық сән, өрнектермен жасалған киімдерді тапқырлаған. Ұлттық үлгідегі киімге бір дәуірдің таңбасы емес, бірнеше дәуірдің таңбасы араласып жүреді. Аталған тарихи кезеңдерде жеке-жеке ұқсамайтын шен-шекпендер ғана жарыққа шығып, қолданыстан қалған емес, сол дәуірдегі киім-кешектер жаңа дәуірде де қасиетін жоймайды. Сәл өзгеріске енгенімен дәстүрлі қалпын түбегейлі бұзып кетпейді. 

Қазақтың ұлттық киім тігу, кию мәдениеті неше мың жылдық тарихи құнға ие. Ол бір ұлттың шаруашылық өмірі, кәсіп талғамы негізінде қалыптасады. Салт-санасына сіңіп кіреді. Ұлтымыз киімді табиғаттан қорғану үшін кюден бастап, қастерлеген, қадыр тұтқан. Киімді далаға қалдырмау, тастай салмау, аттамау, баспау, жағасын төмен қаратып ілмеу, киімді келсе-келмес ауыстырып кимеу, бөгде адамға бермеу қатарлы күнделікті өмірдегі дағдыларды жасап қалдырады. Қазақ ұлттық мінездемесі мен табиғатына қарай ашық, қанық түсті талдайды. Төрт маусымға сәйкесетін, жас шамасына үйлесетін, салтанатты мерекелерге сай келетін киім үлгісін сәндеп кие біледі.

Қазақтың айтыс өнері – бабалар сөзі. Тарихтың көзі. Қарапайым халықтан қадірлі ханға дейін мәдениет мәйегіне балайтын салтанатты, сәлихалы өнер. Айтысты өсіретін, өзге ұлтқа асқақ көрсететін дүние – ұлттық киім-кешек мәдениеті. Ұлт арыстары айтыс көргенде, сайысқа түскенде ұлттық киіммен шығып, рухын тірілткен. Айтыскерлер, зар заман шайырлары кеңеспен жыр толғағанда өз ұлтының өрнек салынған киімін киіп отырып көсем сөзді көсілте айта білген. Байырғы айтыс саханасында болсын, бүгінгі айтыс додаларында болсын қазақ айтыскерлері ұлттық киімнің барлық үлгілерін қолданысқа түсірген. Дәуірге қарай жаңалап отырған. Айтыскерлерге сәнденіп шығу жағына, киім талдау талғамына шектеу қойылмайды. әр айтыс тұлғалары ойламы арқылы бойларына жарасатын киім талдауға ерікті болады. Бір сөз анық, ұлттық киімдердің жараспайтыны, үйлеспейтіні болмайды. Тек денеге шақ келсе әдемілігімен түрленіп шыға келеді. 

Ертедегі абыздар, жыршы, жырау, айтыскерлер қосыны айтыс өнерінің сахналық киімін тұтынушылар әрі сақтап жаратушылар санатына жатады. Қазақтың дәстүрлі киім-кешектері тұтыну жолына қарай ажыратылады. Мәселен, адамдардың жас өлшеміне, ер-әйел дейтін жыныс жақтағы айырмашылығына, тұрмыс-тіршілік тәсіліне, кәсіп жолына, еңбек шарт жағдайына, әдеп-ғұрып, салт-дағдыға, жол-жосынға, мереке мейрамның сипатына қарай өз ішінен бөлініп отырады. Оның саласы көп: хандық кезеңдегі орда киімдері, хан-ханзада, би-бек, төре-қожалардың киімдері, сарбаз-сардарлардың киімдері, сал-серілердің киімдері, ұлттық дене тәрбиеге енген киімдері (қазақша күрес қатарлы жарыстардың ұлттық киімі ), ат үсті қимылдары мен түйе түлігін мінгендегі киімдер, алтыбақан сынды ойындардағы киімдер, мереке – мейрамдардағы киімдер, қазақтың дәстүрлі той киімдері, саханалық киімдер, молда-қожалардың киімдері катарлыларды атауға болады. Айтыс ардагерлері де осы саладардағы киім-кешек түрлерін сұрыптап, талдап алады. әсіресе, саханаға сай киінеді. Бағзыдан бүгінге дейін ұлт мұрасын ұлықтау жойылған емес. Қазақ халқы да дүниенің төрт бұрышын шарласа да айтысы мен ұлттық киімін бірге алып жүрген. Күнделікті өмірдің мерекелі, берекелі жасау салтына айналдыра біледі. Айтыс ақындары барлық қазақ киімдерін сахарада жортқанда да, саханада жыр төккенде де әз халқына таныстырып кеткені анық. Заман өзгерді, дәуір жаңаланды, бұрынғы өмір салты ұмыт болып, жаңа дәуірдегі жаңалыққа еліктеу барлыққа келді. Қәзір ойлаймын, айтыста тұрақты бір ғана киім киілді ме деп. Бірақ шындығында ондай емес. Шаман діні сананы билеген заманда бақсы деген айтыскер екі иығын жұлып жеп өлең айтты. өзгеден оқшау тұратын жалбыр – жұлбыр, құрама , аққудың қауырсыны қадалған жабайы ортаның киімдері пайда болды. Оны казір кисең жынды деген атқа қаласың. Ал кезінде солар аса құрметті атақпен әспеттелді. Бақсы топтық айтыстын бәдік пормасын, сарын айтысын айналымға салып кетті. Ол халықтан өзгеше киінуді салдар мен серілер жалғастырды. Абыздар мен жыраудар қайталай білді. Содан байқап білуімізше айтыс саханасындағы ұлттық киімдер бұрынғылардың ұзақ уақыт халық арасында тұнынған тұрмыстық ғадетінен жалпыласады. Бақсы киімі, абыз киімі, атейстік әулиелер киімі, салдар мен серілер киімі айтыскерлер киімінің ең ескі түрі, бастамасы. Бертінгі Ақан серінің серілік бейнесі мынадай мәтіндермен жазылып қалады: «Сейіл құрып сапарға шыққанда жанына отыз жігіт ертсе, онына жирен ат мінгізіп, қызыл барқыт шапан кигізіп, онына ақбоз ат мінгізіп, ақ барқыт шапан кигізіп, онына қара ат мінгізіп, қара барқыт шапан кигізіп, басында үкісі үлпілдеген кәмшәт бөрік, үсінде омырауынан ақ жібек жейдесінің, күлтелі жағасы желбіреген кестелі күрең бешпент, астында ойқастаған Сарыала аты – Ақанның өзі жүреді екен». Содан дамып қазақтың төрт мың түрлі ұлттық киіміне ұласады. Қазақ өнерпаздары талғам таразысына қарай киім талдайды. Мынау малшылар киімі, мынау емшілер киімі, мынау кеншілер киімі, мынау әртистер киімі, мынау айтыскерлер киімі деген айқын бөлініс жоқ. Ұлттық марка болғанмен кәсіптік марка сақталмаған сыңайлы. 

Ұлттық қиім кию жағы жалпылық сипат алып кеткен. Бұл да ұлт бірлігін сақтау, ұлт ұландарын ұйыстыру, қазақы кескінін ортақ тани білуге қарата жасалған ұлы қадам. өрлік идеяның басталу көкжиегі. Мәселен, қазақ тұтас дөңгеленіп тігілген ақ қалпағын, қырғыз маңдайы жарылған айыр қалпағын тайлы таяғына, жас пен кәрісіне дейін тұтынуға міндетті. Қазақтың ақ қалпағы жас өлшеміне қарай жиек салуда болмашы ұқсамастық болғанымен ұлғаусар парық өмір сүрмейді. Оған қарағанда жасаған ортасы мен рулар арасында азын аулақ жасалу парқы сақталған. Қазақстан жерін қойып, қытайдағы қандастарымыз мекен еткен Алтай, тарбағатай жеріндегі керей қалпақтары, Іле жеріндегі төрт сайлы сырылған Шағырдың зайыбы Қызай ана ақ қалпағы деп аталады. Бірақ оны тәртіп, қасаң қағыйдаға айналдырған емес, кезі келсе албан қалпақты қызай ұрпағы, керей қалпағын суандар киіп кете береді. Жерлік, рулық, ұлыстық шектемеге жармасып қалмайды. Айтыскерлерде киім талдауда жік-жік болып таласып жатпайды. Саханада ашалап айқын парқын табуға әсте бармайды. Баруына да ұлттық тәртіп жол қоймайды. Айтыс және оның әрбір іс-шаралары ұлттық бірлікті сақтайды. Дамытады. Көркем көкжиекке шығаруға жұмыс жасайды. Ал қазақ айтыс өнерінің өрісі кең болғандықтан ұлттық бас киім үлгілері, тұлғалық ұлттық сырт киім үлгілері, тұлғалық ұлттық іш киім үлгілері, ұлттық аяқ киім үлгілері, ұлттық бастырғы және салпыншақ қол өнер бұйымдарының айналымға түсуі, пайдаланылу жолы ұқсамайды. Енді сөз кезегін айтыста үнемі қолданыс тапқан ұлттық киімдердің осы түрін таныстырып өтуге тура келеді.

Айтыс сахнасындағы қазақтың бас киім үлгілері

Қазақ халқы бас киімді барынша қастерлеген. Күнделік өмірде жерге қоймай, шешсе қолына ұстап тұрып, ұйықтаса керегенің биік жеріне іліп қойған. Бас киіммен біреуді ұруға, бас киімнің үстіне отыруға қатты тиым салған. Қазақ тиымдарының ең қатаң түріне балаған. Бас киім туралы ертедегі естеліктер былай деректейді: «қазақ қыста ұзын және жалпақ милығы, мойынды жауып тұратын желкелігі бар тымақ киеді. Мұндай бас киім елтіріден немесе түлкі терісінен тігіледі. Жиегін дөңгелете аң терісінен тігілген шошайған бас киім ерекше болады. Боран болған кезде бас киімнің сыртынан кең жалбағай киілетін қалпақ жасалды. Жазда ми қайнаған ыстықта жұқа ақ киізден тігілген биік шошақ төбелі қалпақ киді. Айыр қалпақ деп аталатын қайырмасы бар, қайырмасы тілік қалпақ кең таралды. Бұл деректерден ұлтымыз маусым өзгерісіне сай бас киімін жаңалап отырғанын байқауға болады. Сыртқы пішінін де сан түрге қарай көбейтуге бар ерік, жігерін сарып етеді. 

Қазақтың бас киімі ерлер киімі және әйелдер киімі болып бөлінеді. Дәстүрде ерлердің киімін әйелдер, әйелдердің киімін ерлер киюге болмайды. Кимейді де. 

Ал қазақтың ерлерге арналған бас киімі мыналар: қалпақ (айыр етек қалпағы, төрт сайлы ақ қалпағы), үкілі бөрік, түлкі тымақ, малақай, күләпара, кестелі тақия, қауырсынды тақия , бас шыт қатарлылар.

Қазақ ерлерінің бас киімі айқын өңірлік және рулық ерекшелікке ие болып жатады. Тымақтың төбесі үшкіл келеді. Төрт сайлы болады. Түлік терісінен жасалады. Екі құлақшын, артында желке басары болады. Күлгін, қара көк торғындармен астарланады. Көбіне қара елтіріден, түлкі терісінен тігіліп, сырты ашық түсті торғынмен тысталады. Күлапара қыстық бас киімге жатады. Түлкі пұшпағынан, елтіріден тігіліп түрлі-түсті торғынмен тысталады. Қарлы-боран кезіндегі тымақ сыртынан бастыра киетін кең жалбағайлы қаптама. Бұл киімдер жерлік халықтарға ыстық сезіледі. Қазақтың бас киімдері жалпы жақтан ұқсас таралады. Ерлердің ең көп киетін бас киімі алтын зер жүгірткен тақия мен кестелі тақия. Айтыс майданында да тақия көп киіледі. Тақияның түрі көп. Зерлі тақия мен кестелі тақиялар қара барқыттан немесе басқа бұлдардан сырып тігілген, ою - өрнекті, ықшамды келеді. 

Қазақтың әйелдерге арналған бас киімі мыналарды қамтиды: үкілі тақия, бөрік, сәукеле, шылауыш, төбетай, қарқара, зере бөрік, оқалы бөрік, желек, шалма, жаулық, салы, әшекейлі бас киімдер қатарлылар. Қазақ әйелдерінің бас киімі жас шамасына, тұрмысқа шығу – шықпау жағдайына қарай парықты болады. Үкілі тақия-төбесі сүйірленіп, қызыл және көк түсті торғынмен тысталады. Алуан түспен кестеленіп, түрлі моншақтар тағылады. Бақыттың, қуаныштың, жақсылықтың симолы ретінде бір шоқ үкі қадалады. Бөрік – құндыз терісінен қюланып жасалған, дөңгегек бас киім. Кестеленеді, моншақтар тағылғады, төбесіне үкі қадалады. Жазда бөрікке үш бұрышты, төрт бұрышты жаулық жалғанады. Жаулықтың төрт бұрышы кестеленеді. Көбіне жібектен не жүннен тоқылады. Сәукеле – киіздің тысы түрлі кездеме, торғын және мақпалмен тысталу арқылы жасалады. Кестеленіп, моншақтармен безендіріледі. 

Шылауыш – кимешектің сыртына киетін бас қиім. Ақ матадан, ақ жібектен тігіледі. Кейде жағын, бет жақтауларын көмкеріп кестелейді. Ұлттық аяқ киімдерде әр маусымға сай сапалы өнімдерден жасалып өрнектеліп тігіледі. Ерлер мен әйелдердің аяқ киімдеріндегі өрнектер ұқсап кеткенмен пормасында елеулі парық болады. Қазақ ерлерінің аяқ киім үлгілері: ою – өрнекті ұзын қонышты етік, былғары етік, шоңқайма етік, саптама етік, кебіс, мәсі, шеттік, калош қатардылар. Ерлер қыста өкшесі биік, қонышы тізеден келетін шоңқайма етік, былғарыдан тігілген саптама етік киеді. Жазда нәлі қағылған жеңіл етік, мәсі және кебіс киеді. Қазақ әйелдерінің аяқ киім үлгілері: кебіс және мәсі, ою-өрнекті, биік өкшелі ұзын қонышты етік, алтын-күміс қақтырған оюлы көк сауыр етік қатарлыдар. Қазақ әйелдері « дос басқа, дұспан аяққа қарайды » деп ырымдап аяқ киім пормасын бойларына лайықтап, шақтап кюді тұрмысының бір бөлшегіне айналдырған. Қазыр айтыс саханасында бұл ерлер мен әйелдерге арналған киімдер әліде киіледі. Құнын жойған жоқ. 

Айтыскерлердің ұлттық киімге сәйкестіріп тағатын қол өнер бұйымдары 

Қазақтың айтыс сахнасына көтерілген әр бір әріптес ұлт уәкілі ретінде сыналады. Содан да ұлттық киімді қастерлеумен бірге, оған жарасымын тауып тұратын ұлттық нақышпен жасалған әшекейлі зергер бұйымдарға ерекше мән-мағына береді. Ер айтыскерлердің қадыр тұтатыны – қайыс белдік. Ерлер киім сыртынан белбеу буынады. Белбеу көбіне сиыр терісінен жасалады. Жуан және жіңішке тіліне береді. Беті алтын, күміс, інжу-маржан, алуан түрлі жақұт көздермен түйінделеді. Белбеудің сол жағынан былғарыдан тігілген қапшық қыстырылады. Оң жағына қаңжар ілінеді. Кезіндегі салдар мен серілер беліне қос қапталды белдікке қын асынып, қысқа жеңді кәзекей, саптама етік киіп сайын даланы аралаған. Қарақ бейнесін, қазақ бұйымын көшпенділерге өшпестей үгіттеген. Айтыскерлерде осы ұлы дәстүрді ұлықтауға міндетті. Айтыс саханасында қазақ әйелдері тұтынатын зергерлік бұйымдары: шашбау, шолпы, бет моншақ, сырға, алқа, білезік, түйреуіш, шекелік, қынама белдік қатарлылар.

Қазақтың киім мәдениеті мен айтыс мәдениеті бірге туып, біте кайнасқан, дәстүрлі тұтастанған сала. Ұлттық киім де, ұлттық өнер де ұлы бабалар аманаты. Сол аманаттың көзіндей, бабалардың сөзіндей қос арна бірде толып, бірде солып біз жасаған дәуірге там-тұмда жетті. Жоғалғанымызды жоқтап, шашылғанымызды жинап алатын күн туды. Дүбірлі айтыс мәдениетін дәріптеу үшін халыққа жәйылатын сахана мәдениетін көтеру маңызды. Соның ішінде қазақы киім кюді жалпыластыру тіпті де қажет. Жоғарыда күнделікті өмірде немесе саханада киетін ұлт ұрнақтарына арналған ұлттық киімдердің тізімі жасалды. Бір бөлім жеке қасиеттері түсіндірілді. Ұлт мұратын көтеретің алмас тілді айтыскерлердің назарына тасталды. Қазақы мінездемемізге сіңген бейғамдық пен салғырттықтың салдарынан төл өмірімізден өрнектеліп шыққан ұлттық киімге үрке қарайтын дүбара заман келді. Оны кисе ұялатын бір ұрпақ шыға бастады. Алдымен айтыс саханасында жүрген саңлақ айтыскерлердің ұлттық киімге болған талғамы жетіспей жатады. Атын алашқа жәйіп, даңқын дарқан далалықтарға жеткізіп жүрген айтыскерлер қосыны да төл киімін келістіріп киіп жүргені шамалы. Бүгінгі дәуір ұлттық киімді қорғайтын, қолдайтын өтпелі дәуір. Төл киімді зиялы кимесе, маман, оқымысты кимесе, сорпа бетіне шығар ел ағалары кимесе, алдаспан айтыскерлер кимесе кім киеді? Қос тілге ділін арнаған соңғы ұрпақ киіме? Мүмкін емес. Алдымен әр бір ұлт жанды ұрпақ өзінен бастау керек. өзгенің дүниесіне қызығып табалдырықтан сығалағанша өз үйіңнің төрінде отырып ұлттық мұрағатыңды ұлықтау керек. Бұл кезек күттірмейтін ауыр әрі жауапты міндет. Ал айтыкерлерге қойылатын талап неше мың есе салмақты. Бұрынғының сал-серілері ұлт киімін үлан байтақ далаға өзі киіп барып ардақтаса, бүгінгінің айтыскерлері саханадан түсе салып сандыққа салып тыққыштайтын жалтақ санасы жарыққа шықты. Үлкендерді қоспағанда жасы ортасына келгендермен жастарда ұлттық киімді көрініске киіп, көмескіге апарып тыға салатын құрметсіздік түсінік жаулап алды. Қазақ айтысымен қазақ киімі қалықтайды. Қазақ айтыскерімен қазақ киімі халық жүрегінен жол табады. әлем халықтарына таныстырылады. Айтыс – көсем сөз – ұлттық киім – айтыскер бір-бірімен жымдасқан органикалық дүние. Бірінің ролы кемісе бір тұтас айтыстың қасиеті төмендейді. Халық көңіліндегі рөліне ықпал жасайды. Қазір айтыс сахнасында осындай жұтаңдық етек алды.

Қазақтың айтыс ортасына қара ормандай халқым, жаны жайсаң жалпымның ұлттық киім киіп келуге арлануы.

Қазақы киім халық игілігі. Халықтан алып, халыққа қайтатын асыл мұра. Тозбас, көнермес төл мүлік. Қазақ ежелден торқалы тойда, топырақты өлімде, нұр силайтын наурызда, берекетті мерекеде ұлттық киімін ұлықтап ұрпақтарға кигізіп келген. әсіресе қазақ қыз-жігіттері алқалы бас қосу мен арналы айтыс ортасына барын киіп, бақанын асынып баратын болған. Бұндағы барын киіп жегені ұлттық киімдердің түр-түрін көрсетіп тұрғаны айдан анық. Бұл үрдіс жаңа ғасырға дейін жалғасты. Қазыр сәл солғындап қалған сыңайлы. Қазақтың түрлі мәдени іс-шараларын парықтауға болмайды. Айтыс көрермені болып басқа ұлттар отырғандай елестейді. Бәрінің кигені басқа ұлт тапқырлаған қарабайыр киімдер. Қазақ еліктегіш халық. өзіндегі бар асылды бағаламай, басқаның бөздеріне көз қызартатын халық. Деседе көпке топырақ шашуға болмас. «заманың қалай болса, бөркің солай» деп бас киімдер мен басқа қазақи киімдерді айырбастап жіберуге әсте болмайды. «аталар жүр қылжақбас, мұра қылар сөзі жоқ. Аналар жүр жалаңбас, басына таққан бөзі жоқ» деген сынды шындықпен қабылдауымыз тиіс. Ата мен ана айтысқа ұлттық киімнің біреуін кимей келіп жүрсе, жастарға не сын дерсің. Біздің халық ұлттық киімді көшеде киіп жүруден арланады. Ал қырғыз жастарын қөрсең, ойын-сауық кештерде түгелдей айыр қалпағын тастамай киіп отырады. Зал біткен ақ шағаладай ретті көрінеді. өзбек ағайындарда алқалы бас қосуларда ала шапаны мен сары ала доппасын өмірі тастамайды. Солар құрлы бола алмай бара жатырмыз. Бұл кемшілікті ата-ананың күнделікті өмір дағдысынан бастап өзгерту орынды. Анаға қарып қыз өседі, атаға қарап ұл өседі. Асылын қастерлеген халықтың өнері ешқашан өлмейді.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз