КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақтың әрбір мақалы – рух қазынасы, ұлт құндылығы. «Ақылды қария – ағынды дария», «Есік алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» деген тәмсілдің мағынасы терең, жосығы бөлек, жөні ерек. Осы тұрғыда қазыналы қарттардың қазіргі қоғамдағы орны қандай? Еліміздегі азаматтық қоғам қалыптастыруда алдыңғы толқынның үлесі қандай? Осыған орай біз бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловты әңгімеге тарттық.
Жас қазақ: Жоқ іздеп жүрген жолаушымыз. Жоғалтқанымыз – жайлауда жусап жатқан жылқы емес. «Қарты бар елдің қазынасы бар, қызы бар елдің базынасы бар» деген қазақта аталы сөз бар. Соның қазынасы мен базынасы қалай үйлесім тауып жатыр деген сауалдың жауабы сіз жақтан табылатын сияқты. «Базынасы» дегенде енді жалпы жастар тәрбиесі жайлы айтсаңыз. 
Жеңісбек Мәуленқұлов: Сауалыңыз орынды. Жалпы, ұрпақтар сабақтастығы жас­тар тәрбиесіндегі алдыңғы толқын ағалардың атқарар міндеті мен жауапкершілігі атан түйеге жүк. Біздің қазақта алдыңғы толқын ағалардың кейінгі буынға көрсетер үлгі-өнегесі көп болған, аманаттаған өсиеттері де Алатау мен Қаратаудай биік, сан қатпарлы. Осы тұрғыда біз қашанда жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерге жолбасшы болуымыз керек. Жастар үлгіні, өнегені ата-әжелерінен, ата-аналарынан үйренбегенде қайдан үйренеді? Осы ретте бабаларымыз «Өсетін елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» дегенді де айтып кеткен. Біз – өсетін елміз. Жиырма жылда жас Қазақстан танымастай өзгерді. Мемлекетіміз 30 үздік елдің қатарына қосылуды меже тұтуда. Осындай зор өрлеулер кезеңінде қазына қарттар қарап отырар ма? Бойымыздағы барымызды балаларымызға сарқып беріп кету үшін бірқатар бастамалар көтеріп жатырмыз. «Ұрпақтар сабақтастығы – кемелді келешек кепілі», «Өнерлі ұрпақ – өміршең ұрпақ», «Ардагерлеріміздің ақыл-ойы – жастарымыздың даңғыл жолы», «Тыныштық – ең үлкен байлық», «Ерліктің даңқы өшпейді», «Баталы бұлақ – ардагер» сынды іс-шаралар мен байқаулар ұрпақтар сабақтастығына арналды. Мұндай іс-шаралар алдағы кезеңдерде де жарасымды жалғаса бермек. Сонымен бірге облыстық ардагерлер кеңесі өз жұмысын жандандыра отырып, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша жұмыс жасауда. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызды жастар бойына терең сіңіру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Осы бағдарлама аясында «Әжелер алқасы» құрылды, жұмысшы тобы жасақталды, іс-жоспары бекітілді. Алқа өз жұмысында мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын қолдай отырып, жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі ретінде ана мен баланы қорғау, отбасы құндылықтарына айрықша назар аудару, келешектің иесі жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландыра отырып, сана сапасының алдыңғы сапқа шығуына баса назар аударуымыз керек деген Елбасы тапсырмасын негізгі арқау етіп алдық. 
«Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық» деді Елбасы. 
Міне, осы ауқымды да айбынды жолда алдыңғы толқын аға буынға сенім артты. Әрине, тәуелсіз еліміздің ертеңгі тіректері жастарға да артылар міндет қыруар. Біз осы ұрпақтар сабақтастығын сәтті үйлестіре білуіміз керек. Ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталады. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатын ұмытпағанымыз жөн. 
Әкелер мен аналар берген тәрбие бала өмірінде маңызды орын алмақ. Өздеріңізге белгілі, тарихта Ұмай ана, Домалақ ана, Қарлығаш ана, Бегім ана, Гаухар ана, Раби­я Сұлтан бегім сынды ұлт аналары ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орындары болды. Сол сияқты ұлтымыздың танымал тұлғалары Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжан, Шоқанның анасы Айғаным – өміршең ана бейнелері. Бұларды ана образының жиынтығы деп атауға болады. Қазіргі әжелер мен аналар да өз ұрпағына терең тағылым, ұлағат бере білулері керек. Кентау қаласында «Әжелер алқасының» алғашқы қадамдары мен алдағы міндеттері» атты семинар өтіп, онда ене мен келін арасындағы байланыс, отбасындағы әке мен ана орны, бала тәрбиесі сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Мұның өзі, сайып келгенде, ұрпақ алдындағы парызды өтеу, ертеңге ізгілікті із тастау, өнегелі сөз, тәлімді тірлік қалдыру. Осы бағытта 18 аудандық, қалалық ардагерлер кеңесі жанында «Әжелер алқасы» жұмыс істейді. 526 бастауы­ш ардагерлер ұжымдары жанынан «Әжелер алқасы» құрылған. Олардың да ережелері, іс-жоспарлары бекітілген. 
«Тәрбие» деген Тәңір бар. Біз қашан да сол Тәңірге табынып жүруіміз керек. Тәрбие тағылымды болуы үшін көптеген жұмыстар жасап жатырмыз. «Әже – отбасының берекесі», «Әкенің отбасындағы рөлі», «Келін – отбасының келешегі» деген тақырыптарда үздік шығармаларға бәйге басылды. Бәйге шарты облыстық газетте жарияланды. Сондай-ақ «Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» байқауының тәрбиелік мәні терең болғаны анық.
Міне, қараңыз. Қазығұрт ауданында «Әжелер алқасына» – 126, Мақтаралда – 168, Бәйдібек ауданында – 59 әже мүше болды. Сондай-ақ Түркістан, Кентау, Сарыағаш, Сайрам, тағы да басқа аудандарда бұл бастама қызу қолдау тапты. 
Облыс әкімі жанынан құрылған «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы форум ардагерлер кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Форумның атқаратын міндеті айтарлықтай ауқымды. Бесіктегі бала тәрбиесінен бастап ата сақалы аузына түскен үлкендердің мәселесіне дейін жан-жақты қараймыз. Айталық, бір басқосу ақсақалдардың абырой-беделін арттыруға арналды. Өйткені, біз кейінгі толқын – інілерге қай жағынан болсын, өнеге-үлгі боламыз десек, әуелі бойымыздағы барлық міннен айырылуымыз керек. Жастар бізге биік тау деп қарайды. Біз жастарды ертеңіміз деп сенеміз. Сіз айтқан үйлесімді осылай үлбіретіп отырған жайымыз бар. Бұл өз кезегінде жемісін беріп те келеді. 
Жас қазақ: Тіршіліктің тауқыметін кішкенесінен тартқан аға буынның өмір жолы – өрлік пен ерлік дастаны. Олардың өшпес өнегелері мен өмірлік тәжірибелері бүгінгі және келер ұрпақтың рухын ояту мен шыңдаудың ерен үлгісі екені анық. Осы тұрғыда көпшілікке тамсана айтып жүрер тамаша тірліктер тыңдырдыңыздар. Осыны өз аузыңыздан естігіміз келіп отыр.
Жеңісбек Мәуленқұлов: «Ардагерлер – алтын қазынамыз» деп аспандатқан бір бөлек те, тағдыр тауқыметін көп тартқандардың қолтығынан демеп, олардың әрқайсысына қоғамның бір мүшесі екендігін сезіндіру – басқа әңгіме. Әрине, екеуінің де міндеттерін бір-бірінен бөлек қарастырмағанымыз жөн. Қазір облыстық ардагерлер ұйымдарында 186338 ардагер есепте тұрады. Солардың 688-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Әне, көрдіңіз бе, қарт майдангерлер селдіреп барады. 30 мың тыл ардагерлері есепте. Соғыста опат болғандардың 894 жесірі бар. Міне, осылардың барлығының көңілдеріне, қас-қабақтарына қарау оңай шаруа ма? 
Ардагерлер қозғалысының қайнар көзі де, ұйытқысы да, алға қойған мақсаттарын ел ішіне таратушы да, насихаттаушысы да – бастауыш ардагер ұйымдары. Облыс бойынша 526 бастауыш ардагерлер ұйымы қарттық кезеңнің барынша мәнді де мазмұнды өтуіне қолдан келгендерін аямауда. Әсіресе, олардың денсаулықтары қатты алаңдатады. Биылғы бес айда 8029 қарт (оның ішінде ҰОС 431 ардагері) ауруханаларда ем қабылдады. Облыстық клиникалық ауруханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналып 16 төсек бөлінген. Дәл осындай палаталар барлық аудан, қалаларда ашылған. Сонымен бірге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес ардагерлеріміз жеңілдетілген рецептермен дәрі-дәрмектер алып тұрады. Облыс бойынша 565 дәріхана ардагерлерге жеңілдетілген дәрі-дәрмектер беруге тиіс. Соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің үйлеріне барып, медициналық көмек көрсету ұйымдастырылған. 
Елбасы талабына сәйкес және облыс басшысының тікелей қолдауымен атқарылып отырған іс-шаралардың нәтижесінде ардагерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетіп отыру да ұмыт қалған емес. Мәселен, 2012 жылы облыстық бюджеттен 202,7 миллион теңге қаралып, қарттар мен мүгедектерге аса қажетті қоларба, протездер, тифло, сурдо құралдары, есту құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар «Ақсу-Жабағылы», «Ардагер», «Мейір», «Манкент» шипажайлары мен демалыс орындарына жылына 8 мың ардагер барып тегін демалады, денсаулықтарын жақсартады. 2013 жылы облыстық бюджеттен осы бағыттағы қызметтерге 332 миллион теңге қаралды. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 41,2 пайызға өскендігін анғаруға болады.
Қартайған шағында тағдырдың жазуымен жалғыз қалған қариялар да бар. Мысалы, 80 жастан асқан 535 жалғызілікті қарттарға зейнетақысына қосымша бір реттік есептік көрсеткіш көлемінде көмек берілуде. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерді рухани қолдау мақсатында жыл сайын демеушілірдің жәрдемімен және жергілікті бюджеттен 10,8 миллион теңге бөлініп, республикалық газеттердің біріне тегін жазылуға мүмкіндік жасалды. Былтыр 16401 ардагерге коммуналдық қызметке ақы төлеуде, қоғымдық көлікте тегін жүруде, дәрі-дәрмек алуда жеңілдік берілді. Бұл үшін бюджет пен демеушілер есебінен 129,0 миллион теңге қаржы жұмсалды. Шымкент қаласындағы соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне әлеуметтік қолдаудың бір түрі ретінде «Әлеуметтік такси» қызметін көрсету тәжірибесі қолданысқа енгізілді. 
Облыс бойынша Жеңіс мерекесі құрметіне 9471 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендерге 171,3 миллион теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. 
Облыстық ардагерлер кеңесі Жеңіс күні қарсаңында бірқатар тың істерді қолға алды. Ардагерлердің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында «Ерліктің даңқы өшпейді» фестивалінің аясында «Ұлы Отан соғысының хас батырлары» тақырыбында жазылған үздік шығармаларға байқау жариялады. Үздік шығармалар жеке кітап болып шықты. Сондай-ақ соғыстың соңғы ұрпақтары, бүгінгі тың еңбеккерлерінің жарық көрмеген шығармалары жинақталып, облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен «Қызыр қыдырған күн» деген атпен кітап болып жарық көрді. Облыста 437 ескерткіш, 13 құлпытас түгелдей жаңғыртылып, күрделі жөңдеуден өтті. Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақта орналасқан «Даңқ» мемориалындағы 140 мыңнан астам майдангердің аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылды. «Жеңіс» саябағына жерлес батырымыз, генерал Сабыр Рақымовтың ескерткіші қойылып, «Ерлік» музейі ашылды. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесі «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша жұмысын жалғастырып келеді. 
Жас қазақ: «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген бар. «Атаңа не қылсаң, алдына сол келеді» дегеннің де мән-мағынасы терең. Бәйтеректеріңізге бұдан басқа не бұйырып жатыр екен?
Жеңісбек Мәуленқұлов: Иә, аталар мен әжелерге қандай қамқорлық жасасақ та артықтық етпейді. Осыны ескеріп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен ардагерлер үйі бой көтерді. Енді жеке ғимаратымыз бар. Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы да осында. Қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ ішінен көлемі бір гектар болатын «Ардагер аллеясын» ашпақпыз. Аллея ортасына алдына немересін отырғызған қазақ қариясының ескерткіші қойылмақ. Оның биіктігі 3,25 метр болмақшы. Міне, осы алаңқайда аталар мен әжелер немерелерін жетектеп жүретін болады. Қазір қарттарымыз орталық саябақтағы «Ақтұлпар» шахмат клубына келіп, қоңыр күздің жаймашуақ күндерінде уақытын замандастарымен шүйіркелесіп өткізіп жүр. Ардагерлер атсалысумен ұйымдастырылған «Шаттық» ансамблі аудандарға шығып, өнер көрсетіп тұрады. Жалпы, азаматтық қоғам институттарын тұрақты дамыту үшін адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайту керек. Қарттар – қоғамның белсенді мүшелері. Олар өмір көрген, ауыртпалықтарды иықтарымен көтерген. Ендеше, оларды қоғамнан тыс қалдыра алмайсыз. 
Жас қазақ: Жастар жағы арман дегенді әрқалай бағалайды. Сіз қалай бағалайсыз?
Жеңісбек Мәуленқұлов: Бір қария жас жігіттен «Арман деген не?» деп сұрапты. Жас жігіт: «Ата, арман деген қиял ғой» деп жауап қатыпты. Сонда қарт: «Жоқ, балам, арман дегеніміз – ақыл-ойдың шыңы. Құс ұшсам дейді. Бала өссем дейді. Қыз бен жігіт бақытты болсақ дейді. Қарт жүзге жетсем дейді. Ақылды адам данаға айналсам дейді. Ұстаз шәкіртке үлгі болсам дейді. Адаспаған арманына жетеді. Адасқан арманына жете алмай өкінішпен өтеді» деп жауап қатыпты. Арман туралы менің де айтарым осы.
Жас қазақ: «Ғайыптан түскен алтыннан ақсақал берген бата артық» дейді халық. Біздің қалың оқырманымызға бата берсеңіз. 
Ж.Мәуленқұлов: Ата-бабалар аманатына адал болыңыздар! Қарттарды құрметтеңіздер. Абыройдан асқан асу жоқ. Абыройлы болыңыздар! Газеттеріңіздің әр сөзі әр жүрекке жетсін! Оқырмандар көкірегіне нұр шуағын сепсін! «Жас қазақ» газетін жас қазақ емес, барша қарттар да іздеп жүріп оқысын. Ішіндегі дүниеден көңіліне көп нәрсе тоқысын!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Жас қазақ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 586 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 830 0















31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 48445 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46369 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 44121 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика