КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген ауыздан шыққан әр лебізге жауапкершілікпен қараған бабаларымыздан көп ілгері кете қойған жоқпыз-ау! Өйткені, бүгінгі сөйлеген сөзіміздің түпкі нәтижесі шынайылықты мәнінен қиын. Көпшіліктің басы жиі қосылатын той-томалаққа бара қалсақ, асабалардың: «Зима халада, гуси-гуси га-га-га, толыватыр тамада, қуыс-қуыс қалада, қол соқпайсыздар ма, ойыншық па сіздерге тамада» деген секілді «әдемі» әзілдеріне «қарық болып» қайтамыз. Мағынасыз сөзі, анайы қалжыңдарына қайта-қайта қошемет сұрап алатын оларға қарап, «ұялмас бетке талмас жақ бітетінін» тағы мойындаймыз. Анығында «оттың шаласынан сөздің шаласы жаман» емес пе еді? Осы шала сөздердің бізге тигізер зияны туралы ойланып көрдік пе? Сөз жауапкершілігі, сөйлеу мәдениеті – мамандар талқылауындағы бүгінгі тақырып осы. 

– Сөз құдіреті қазақ үшін қаншалықты маңызды еді? Халқымыз сөз жауапкершілігін қалай түсінген, қазір сөз қадіріне жете алып жүрміз бе? 

Нұргелді Уәли, 
филология ғылымдарының докторы, профессор: 
– Сөз өнерін қазақ халқы аса жоғары бағалаған. Сөзді киелі деп те түсінген. Әлдекім «әлдене туралы жақсы айтсаң да, жаман айтсаң да, айтқаның айналып келіп, өзіңді табады» дейді. Қазақ мақалы адамға келер он бәленің тоғызы тілден деп сақтандырады. «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» деген тілекті айтушы да ата-бабаларымыз. «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады» деген мақалдың мазмұны – «Кеткенді келтіріп, кемтігіңді толтыратын да тіл» дегенді аңғартпай ма?! Тілді аса жоғары бағалағанын, сөзді құдіретті деп танығанын халықтың осындай қазыналы сөздерінен де аңғаруға болады. 
Халық даналығынан бейхабар адамдар сөз қадіріне жете алмайтыны рас. Қазіргі жаһандану заманында адамзат қоғамын озық технология билеп-төстеп барады. Бір қорқыныштысы – рухани даму артта қалып келеді. Екеуінің арасындағы алшақтық ұлғая берсе, адамзат әлеміне төнген аса зор қауіпке айналады. Ал рухани дүние қоғамда, жеке тұлғада тіл арқылы орнығып, тілмен көктеп-көгереді.

Бейбіт Исхан, 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Атам қазақ тіл мәселесіне қашан да зор мән берген. Cөз жауапкершілігі, сөз қадірі, оны қалай түсініп жүрміз деген бүгінгі әңгіменің өзі де содан туындап отыр емес пе! «Жастарға жаппас жала жоқ» (Абай), «Не ексең, соны орасың» дейді ғой, қазіргі уақытта қайсыбір жастардың бойынан не айтып, не қойғанына мән бермеушілік байқалса, оның бір себебі – аға буынның тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінде жатыр-ау. Екінші себебі – мектептегі оқу-тәрбие ісі ме деп ойлаймын. Өйткені, мектепке барған баланы бірінші сыныптан бастап, мектеп бітіргенше тесті-жауап жүйесі арқылы оқытып, білімдерін бағалайтын қазіргі мектеп баланы ойлап сөйлеуге, өз пікірін жүйелі жеткізуге баулымайды. Әсіресе, баланы дұрыс сөйлеуге үйрететін тіл-әдебиет, тарих сияқты пәндердің өзін тест тапсыруға ғана бағыттау – қазіргі жастардың айтар пікіріне салғырт қараушылығын қалыптастырып жатқандай. Айтар ойының тереңдігі мен салмақтылығына мән бермей, әйтеуір айта салайын деушілердің барған сайын көбейіп бара жатқандығы осыларға байланысты болар. Әйтпесе, тіліміз кедейленіп, шешендігіміз кеміп бара жатқан жоқ. «Ойы айқынның сөзі айқын», «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» дегендей, бар пәле ойлау машығымыз бен дағдымыздың дұрыс қалыптаспай, мешеуленіп бара жатуынан сияқты. 

Ботагөз Сүйерқұл,
Сүлеймен Демирел университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы: 
– Қазақ – ежелден сөзді қастерлеген, «таяқтың еттен, сөздің сүйектен өтетінін», «басқа келетін он бәленің тоғызы тілден» екенін, «аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетінін» білген, сондықтан да ұрпағын «кісіге қарап сөз алмауға», «сөзіне қарап кісіні алуға», яки тануға үндеген, сөздің парқын айыра білуге баулыған халық. Күні кешеге дейін қарттарымыз айтпағын бір мақалмен жеткізуге, ал көкірегі ояу жастарымыз оны аңғарып қана қоймай, түйсіне білуге тырысып келгені белгілі. 
Алайда, бүгінгі ахуал мүлдем басқа... Көшеге шықсаңыз, жолға таласып, бірін-бірі тілдеп жатқан, көліктен шыға сала бір-бірінің жағасына жармасып, боғауыздың неше атасын айтып, бас-көзге қарамай, төмпештеп жатқан қазақты көресіз. Аулада ойнап жүрген балалардың бірнеше тілде «боқтай алатынын» көргенде, еріксіз «бұлардың ата-анасы қандай екен?» деген ойға қаласыз. Ал бір-біріне қарап «ой түзейтін» бойжеткендеріміздің бейауыз жігіттермен бірге темекі тартып, сыра ішіп, «арқа-жарқа» болып отырғанын көргенде, тіпті айтуға сөз таппай қаласыз. Мұның бәрі отбасындағы теріс тәрбиеден, өнеге боларлық кісінің жоқтығынан туындаса керек.
Бала ес біліп, етек жапқанға дейін: «Екі иығыңда екі періштең отырады, сол жақтағысы аузыңнан шыққан әрбір жаман сөзіңді, кісіге істеген қылдай қиянатыңды тізіп жазады, әр жаман ойың мен сөзің бағыңды байлайды, өмірде жолың болмайды... Ал оң жақтағы періштең әрбір жақсы сөзіңді, ізгі ниетіңді есепке алады, жақсы сөйлеп, қайырымдылық жасасаң, адамдардан алғыс алған сайын жолың ашыла түседі, бағың жанады» – дегенді құлағына құюымыз керек. Ата-ананың перзентінде 80 ақысы (көзі тірісінде, яғни бұ дүниеде атқарылатын 40, о дүниеге кеткенде өтелетін 40 ақысы) болатынын, соның алғашқы онын бала «тілімен//сөзімен» («Сіз» деп сөйлеу, дауыс көтермеу, сөзін бөлмеу, балағаттамау, жаман сөздерді мүлдем естіртпеу, тек жақсы сөздерді айту, т.б.), келесі онын «көңілімен//жүрегімен» (мейіріммен қарау, жанашырлық таныту, қамқорлық жасау, көңілдерін қалдырмау, т.б.), одан кейінгісін – дене мүшелерімен (көмектесу, оларға аяғынан тік тұрып қызмет ету, т.б.), тек соңғы онын «мал-мүлкімен//ақшамен» қайтара алатынын санасына сіңіру арқылы баланы, ең алдымен, «Құдайдан қорқуға», содан соң «пендеден ұялуға» баули алатынымыз анық. Ал білім алу – надандықтан арылып, Адам болудың келесі баспалдағы болмақ! Ата-анасын шын мәнінде сыйлай білген адамның өзгелерге де жаманшылық жасай қоймасы белгілі. Демек, Абай атамыздың осы сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған әр адам адасудан аулақ болады десек, қателеспеспіз. 

– Қазақтың сөз саптауы, оны тыңдап-түсінуі қалай еді, жалпы, біз бүгін қалай сөйлеп жүрміз? Сөз жауапкершілігін сезіне алып жүрміз бе? 

Нұргелді Уәли:
– Бәріміздің санамызда орныққан тілді қолдана білу дағдымыз – сөз саптау. Сөз саптауымыз дұрыс болу үшін, алдымен, бүлдіршін жастан-ақ тілдің сөз байлығы, грамматикалық құрылымы мен дыбыстық жүйесі адам санасында мықтап орнығуға тиіс. Бұндай жерде, ең алдымен, халық әдебиетінің үлгілері – ертегі, өлең-жыр, аңыз-әңгіме және көркем әдебиет тілі арқылы орнығады. Қазіргі жас буын оқып-үйренуден гөрі компьютерге иек сүйеп алған. Бұндайда шығармашылық қабілеттің отыз пайызы жоғалады. Бұл – шындық. Өйткені, кітап оқу, радио тыңдау мидың «елестетуіне», сезімді ой елегінен өткізуге, яғни мидың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Компьютер жұмысты жеңілдететін теңдесі жоқ техникалық құрал, бірақ шығармашылық құрал емес. 

Бейбіт Исхан:
– «Тіл – елдіктің негізі». «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл». «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ барлық рухани құндылықтардан тілді жоғары қойған. Сондықтан да жас ұрпақ тәрбиесіне тілдің алар орны ерекше. Тілдік тәрбие білім ошақтарымен ғана шектеліп қалмайды. Жастарды сөйлеу мәдениетіне үйретуде той-томалақтың, басқадай жиындардың, әсіресе, теледидар, радио, электронды аудиобейне құрал-жабдықтардың ықпалы өте күшті. Біздің білуімізше, қазақтың бұрынғы үлкенді-кішілі жиындарында аузының дуасы бар, көпке танымал ақсақалдарға, от ауызды шешендерге ғана сөз берілген. Олар өздеріне үлкен жауапкершілік жүктелетін болған соң, айтар сөзіне аса мән беріп, бата-тілектерін көркем тілмен төгілтіп айтқан екен. Ал қазір ше? «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» дегенге басымдық беріп кеттік пе, әйтеуір кез келген жан сөз алып, «Бәленшекең айтқанды мен де айта аламын» деп, аузына не келсе, соны шатып-бұтып айтатындар тым көбейіп кетті. Шіркін, солар сол жиынның бейне жазбасын көріп, өзінің қалай сөйлегенін тыңдаса ғой! Сонда екінші рет ділмәрсімес пе еді деген ой келеді.

Ботагөз Сүйерқұл: 
– Қазіргі кезде көпшілігіміз қай сөзді қай жерде және не үшін айту қажеттігіне мән бермейміз. Мәселен, күнделікті дастарханға отырғанда және тамақтанып болған соң бетімізді сипай саламыз, кейбіріміз тіпті жай ғана тұрып жүре береміз. Бұл – бертінде қалыптасқан жаман әдет. Ең болмағанда, «Біссіміллә! Асқа адалдық берсін, Басқа амандық берсін, Отбасыма ырыс-құт берсін, Халқымызға тыныштық берсін! Әумин!» – деп, ас қайырудың еш қиындығы жоқ. Адамдарға әр түрлі жағдайларға байланысты рахмет айтсақ, еститініміз – «Оқасы жоқ!» деген тілдік оралым. Бұл – «Кешіріңіз!» дегенде қайтарылатын жауап. Ал алғыс айтқан адамға «Мархабат!» деген жөн. 
Теледидар мен радиода тұрақты жұмыс істейтін журналистеріміздің өзі сөз мәдениетінің: сөз дұрыстығы, тазалығы, байлығы, мәнерлілігі, қисындылығы, орындылығы, бедерлілігі сияқты коммуникативтік (қатысымдық) сапаларын сақтай бермейді. Үш сөзінің екеуі «жаңағы» болатын, сөздік қоры жұтаң жүргізушілерден «Сіздерге тікелей эфирде қызмет етіп жатырған...», «Бүгін осы мәселені тілге тиек етіп отырық...» деген секілді қателерді жиі естиміз. Мұның өзі маман даярлаудағы кемшілігімізбен қатар, сөз қадірін білетін немесе «не айтсаң да тыңдай беретін» тыңдарман, «не болса да көре беретін» көрермен қауымның талғамынан да хабар береді. 
«Әу» дейтін екі қазақтың бірі сахнаға шығып жатқан «шығармашылық еркіндік» арқылы «сөз қадірін кетіруге» әншілеріміз де «өзіндік үлесін қосып жатыр» десек, артық болмас. Жас әншілерді былай қойғанда, бір жігітпен (есімі есімде жоқ!) «Қызылқұмда ауылым» әнін орындайтын Гүлнұр Оразымбетованың «Оймақ ауыз, күлім көз, құралай қас...» деп шырқауы ешкімді шамдандырмайды. Үш қыздан тұратын көп топтардың бірі «Қазақ қызы» әнінің шумақтарын не білместікпен, не әдейі қысқартып айтқанда, өлең ұйқасын бұзумен қатар, жалпы туындының мазмұнына да нұқсан келтіретінін, яғни авторлардың құқығын таптайтынын ешкім ойлап жатқан жоқ. Сондықтан ел алдына шығатын азаматтарымыз бен қыздарымыздың сөзін «саралап», әндерін «електен» өткізіп отыратын құзырлы орган немесе білікті де тәуелсіз мамандардан құрылған сараптау комиссиясы керек. Елімізде «бір құзырлы мекемені» жан-жағынан қыспаққа алатын «он өкілетті орган» болатынын ескерсек, біз үшін дұрысы – тәуелсіз сарапшыларға жүгіну болар. 

– Осы күні той басқарып жүрген кейбір асабалар ауыз өзімдікі деп дүйім жұрттың алдында анайы әзілдерді айта беретін болды. Бұған қалай шектеу қоюға болады?

Нұргелді Уәли: 
– Той жиында орнымен айтқан әзіл жақсы ғой, жұртты бір сергітіп, көңілін көтеріп тастайды. Шаһарстандағы (мегаполистегі) үлкен-кіші жиналған белгілі бір тойда сөзінен сүрінген асабаның бір қарияны ренжіткені есіме түсіп отыр. Сонда асаба қолындағы микрофонын қарияға ұсынып жатып: «Ел құрметіне бөленген қариясыз! Кәрі қойдың жасындай жасыңыз бар, көпті көрген басыңыз бар» деп мақалдай келіп, «той иесіне құттықтау тілегіңізді айтсаңыз?» – демесі бар ма. Сонда қария, қарағым, менің жасымда не шатағың бар еді! – деді де той иесіне қарата: «Пәленшеке, осы сөзді естісін деп шақырып па едің мені» деп ренжіген күйде тойдан шығып кетті. 
Әдетте, жасы үлкен адамдардың «кәрі қойдың жасындай жасым бар» деп, өздері бірінші жақтан айтса, еш әбестігі жоқ. Бұндай сөзді «кімге, қашан, қай жерде, қалай» айту керектігін пайымдай алмаған адам тілдік коммуникацияда этикеттік нормадан ауытқып, тыңдаушының көңіліне қаяу түсіреді. 
Қазақтың кейбір мақалдары этикеттік норма бойынша бірінші жақта сөйлеуді қажет етеді. Қария адамдардың аузынан «бір аяғым жерде, бір аяғым көрде» деген сөзді естіп қаламыз. Ал, бұл мәтелді екінші жаққа, қарияның өзіне қаратып айтсаңыз, бүлдіресіз.

Бейбіт Исхан:
– Асабалардың сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы, менің ойымша, ең әуелі оқып-тоқып үйренуіне, екіншіден, алған тәлім-тәрбиесіне байланысты екені анық. Ал оның тапқырлығы мен парасаттылығы сол кәсібін жете игеруінде жатса керек. Тәрбиелі адам тойға жиналған қонақтарды «қытықтап күлдіремін» деп, бейәдеп сөзге еш уақытта жоламайды. Орынсыз әзіл айтатын, өрескел қылық көрсететін асабаларды бір тойдан екінші тойға шақырып, жарнамалап жүрген өзіміз де парықсыз шығармыз, әлде олардың бір тойдан екіншісіне көшіп жүрулеріне басқаларға қарағанда арзандау болатыны себеп пе екен?

– Тойларда сөз берілмесе жатып кеп ренжитін, ал сөз беріле қалса, не айтып отырғанына мән бермей, бір-бірін қайталай беретін, өзгелердің уақытын қадірлемейтін әдет пайда болды. Одан қалай арылуға болады? 

Нұргелді Уәли: 
– Әдет – әдет емес, жөн әдет. Сөзге ысылған тәжірибелі нағыз асаба – шаршы сөздің шебері. Алдымен, ол той иесімен ақылдасып, тойдың сценарийін «жауыр» болған «жасанды» жолмен емес, жаңа бір үрдісті қалыптастыруға күш салу қажет-ақ. Кейбір тойда, байқап та жүреміз, ұзыннан-ұзақ сөз беріп жатпайды, құрметті, қадірлі адамдардың аты-жөні аталып, той иесінің атынан оларға арналып түзу тілек айтылады. Ешкімге «өшіретпен» сөз беріп «қарық қылып» жатпайды, жиналған жұртты да мезі қылмайды.

Бейбіт Исхан:
– Қазақтың бұрынғы тойларында барлығына сөз берілмеген. Сөз алып, бата-тілек айту дегеніңіз зор мәртебе болып саналған. Беделді кісілер ғана сөйлеген. Ал қазіргі тойларда бала-шағаға дейін сөйлейтін болды. Тілек сөз (тост) – әбден қалыптасқан (стандарт) сөзге жатады. Сол себептен, сөз алушылар бірін-бірі қайталап, оның өзінде де жүйелі айтпай, тойдың сәні мен мәнін кетіріп жатады. Бұдан құтылудың бір жолы – құдаларға, нағашы-жиен жұртқа, аға-жеңгелерге, т.б. деп топтастырып, солардың арасынан ең беделді біреуіне «Сізге сөз беріледі, тілегіңізді қысқа да, нұсқа етіп жүйелі айтуға дайындалыңыз» деп алдын ала асаба немесе той иесі ескерту жасауы қажет деп ойлаймын. Осыны бір жүйеге келтірсек, жас ұрпақ үлкендердің бата-тілегін үнемі естіп, дұрыс сөйлеуге тәрбиелене түсер ме еді.

– Қариялардан бата сұрай қалса, тост айтып «ал енді сол үшін» деп қайыратын жағдайға жеттік? Оған не айтасыз? 

Нұргелді Уәли: 
– Тойда айтылатын батаның жөні бір басқа. Ал жақсы тілектің жөні бөлек. Бата беруші адам, әдетте, оны батагөй деп атайды, ел-жұртқа сыйлы, жолы үлкен адам болуға тиіс. Бата сұраған кезде батаға сай этикеттік, ғұрыптық нормалар сақталып отырады. Батагөй қарияның сөз мазмұны той иесіне, жиналған жұртшылыққа деген жақсы тілек, бата сөзде түзу тартылған желідей болып, тәлімдік-тәрбиелік мәні зор, жанды жадырататын үлгілі сөз түрінде болады. Жұртшылық бата сөзден осыны күтеді, «ал сол үшін алып қояйық» деген бұралқы сөз тойдың сәнін бұзады.

Бейбіт Исхан:
– Қайсыбір қарияларымыздың батаның орнына тілек-тост айтып жататыны жиі кездесетіні рас. Бұл, енді кеңестік дәуірдің санамызға салған зардабы. Бұдан біртіндеп арыла бастағандаймыз. Себебі, қазақтың қазіргі тойларының көбісі арақ-шарапсыз өтетін бола бастады емес пе? 

Ботагөз Сүйерқұл:
– Енді той жайлы бірер сөз... Бабаларымыз «айт – аттынікі, той – тондынікі» деген. Бұл мініп барар аты, киіп барар киімі (біркиері) бар кісіге айттау /айтшылау/ да, тойға бару /тойлау/ да жарасады деп санағаннан туған сөз. Біз тойға барушылар мен той жасаушылар туралы ой қозғамақпыз.
Қазір табысы ішер ас, киер киімге жеткенімен, одан үлкенірек игіліктерге (көлік, баспана, т.б.) жете бермейтін бауырларымыз көп-ақ. Елімізде қазақ халқының (ат төбеліндей «байларды» санамағанда) өзге ұлт өкілдерімен салыстырғанда, тұрмысы төменірек екені жасырын емес. Үлкен қалаларда балалары мектеп бітіргенше жатақханада тұратын немесе кісінің үйін жалдап жүрген отбасылар да аз емес. Алайда, сөйтіп жүріп, әр түрлі жағдайларды/жақсылықтарды/ «атап өтуге», «дүркіретіп» той жасауға қарсы емеспіз. Тіпті, нақты аты белгісіз «жұрттармен» бәсекелесуге, тойымызды «олардан да асырып», керемет етіп өткізуге тырысамыз. Мысалы, «жұрттар 200 адам шақырса, біз 400 адамды күтуге «дайынбыз» (оның 100 шақтысы шын тілеулес жандар болса, қалғаны «ұялғанынан келіп...» дастарханды сынап-мінеп отыратыны да бізді ойландыра бермейді), «жұрттар бір лимузин жалдаса, біз оның қасына 5-6 мерседесті қосамыз», «жұрттың» тойына екі-үш эстрада жұлдызы келсе, «біздің тойымызға» он шақтысы келуі керек... осылай кете береді. Атағы жер жарған асабалардың «сұрайтынын» бере алмайтын болғандықтан, «арзанқолдау» асабалардың «қызметіне жүгінуге» мәжбүрміз. Жасыратыны жоқ, дүйім жұрттың көзінше «өзімдікі деп аузына не келсе, соны айта беретін» де (көбінесе) «солар». Арнайы алған білімі жоқ, үйінде сөз қадірін ұғындырып отырған қариясы жоқ, әзіл-сықақ театрларының әртістеріне (қазір олардың да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені белгілі) еліктей жүріп, өз бетімен «қалыптасып жатқан» сондай асабалардың той иесі айтқан сомаға (қанша болса да!) келісе беретіні аян. Есесіне, «қарызданып» жасаған тойымызды «КВН сахнасына» айналдырып жіберу олар үшін түк емес. Сөйте тұра, екі-үш сағаты кешіккен қонақтарды күтумен кеткен алтын уақытымыздың қалған бөлігін «қошемет сұрап» тұрып алатын, «анайы анекдоттарына» қол соқпасаң, «қарғай жөнелетін» асабаларды тыңдаумен өткізуге етіміз үйреніп кеткен. «Ойынның арзан, күлкінің қымбат» екенінен мүлдем хабары жоқ осындай «жігіттерді» «еркелетіп» жүрген тағы да өзіміз. Асабадан «қалыспай», қолына тиген микрофонға «жабысып алып, жарты сағатсыз айырылмайтын» «көсемдер мен шешендер», бата бермек түгілі, «ас қайыра алмайтын» ағаларымыз туралы айтудың өзі ұят. 
Айналып келгенде, бар мәселе – адамның отбасында алған тәрбиесіне, қандай ортада өскеніне, бала күнінде кімді тыңдап, кімнен қандай тәлім алғанына байланысты. Біздің барлық қателігіміз осы – балаларымыздың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескермеуден туындайды. 
Ең алдымен, той жасауға қатысты бәсекелестікті тоқтатуымыз керек. Сонда ысырапшылдықтан да, даңғазалықтан да құтыламыз. Қуанышымызды шын көңілімен бөлісетін, кем-кетігімізді сынамайтын, үй иелерінің және қонақтардың атақ-лауазымына қарамайтын, нағыз жанашыр жандарды ғана шақырсақ, олар өнерлерін ортаға салып, тойдың сәнін келтірсе, ойы терең, сөзі түзу қариялардың батасын алсақ, ол тойдың көптің есінде қалар тамашаға айналары анық! 
Сөзімізді әрбірімізге қатысы бар мынадай халық даналығымен түйіндегіміз келеді: «Ниетіңді түзе, ол ойыңа айналады. Ойыңды түзе, ол сөзіңе айналады. Сөзіңді түзе, ол әдетіңе айналады. Әдетіңді түзе, ол мінезіңе айналады. Мінезіңді түзе, ол тағдырыңа айналады!».

– Танымал адамдардың сөздерін өзгертіп немесе айтпаған сөзін былай айтыпты деп аңызға айналдырып жіберетін әдетіміз бар. Осының ара-жігін кім айырып береді? 

Бейбіт Исхан:
– Бұндай қателіктердің жазба мәтінде тұрмақ, сөйлеу тілінің өзінде болмағаны дұрыс. Алайда, сөйлеу, жазу үдерісінде кейбір қанатты сөздердің қай танымал тұлғаның аузынан шыққанын еске түсіре алмай қалатын кездеріміз болады немесе біреудің айтқанын біреу айтты деп шатастырып та алуың мүмкін. Біле тұрып, қате қолдану – ел-жұртты нағыз шатастыру. Ал белгілі адамның бір ой-пікірінің өзгеше өң алып, басқа біреудің аузынан түрленіп шығуы – ғылым тілінде қайтадан өңделу (репродукция) деп аталады. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовтың: «Қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын» деген пікірі, А.Сейдімбектің: «Кез келген адам мұсылман бола алады, бірақ кез келген мұсылман қазақ бола алмайды» дегенімен үндес екені анық.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз