КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Тіліміздің өркен жаюына аударма саласы да айтарлықтай үлес қосады. Жалпы алғанда тіл ғылымы саласында аударма мәселесі жан-жақты зерттеліп, бұл туралы көптеген теориялар мен тұжырымдар жасалуда. Солардың бірі аударма саласындағы трансформация әдісі.

Оның негізгі анықтамасына келетін болсақ, аудармалық трансформация – белгілі-бір тілдегі сөздік және грамматикалық ережелерге сәйкес келетін мазмұнды екінші бір тілде сөйлеушілер түсінетіндей етіп алмастыру болып табылады. Осы үдеріспен байланысты аудармада «трансформациялық әдістер», «трансформациялық модельдер» пайда болғаны белгілі. Аударма туралы көптеген теориялар арасында ғалым В.Комиссаров өзінің «Лингвистика перевода» деген еңбегінде: «Аударма туралы төрт лингвистикалық теория бар, соған сәйкес аударма ұғымына да төрт түрлі анықтама беріліп жүр» деп жазған.

Аудармашылар кейде түпнұсқалардың дәстүрлі түсініктерін сақтауға тырысып, аударылатын тілдің ұлттық ерекшеліктеріне мән бермейді, ал кей кездерде аударылатын тілдің ұлттық нақыштарын сақтауға тырысады да, бастапқы шығармаларды асыра өзгертіп жіберетін тұстар аударма саласында көп кездесіп қалып жатады. Бұл мәселе айналасында С.Маркиш, В.Гумбольдт, Б.Уорф, К.Мэргэн, Л.Вайсбергер және т.б. ғалымдар өз пікірлерін білдірген болатын. Мысалы, В.Гумбольдт бұл қауіпке ұшырамау мүмкін емес екендігін айтса, өзге ғалымдар мұның себебін философиямен байланыстырады.

Аударма деректі жүйе емес болғандықтан, нақты тілдік мәтінге назар аударып отырған дұрыс деп білеміз. Аудармашының жұмысы белгілі бір мәтіннің тіліне байланысты жасалатын нақты әрекеттерден тұратынын дәйім ескеріп отырған жөн.

Аудармада аудармашы бара-барлыққа жету, әрқилы тіларалық өзгертулер жасай білуі керек. Бұндай өзгертулер жоғарыда айтқанымыздай трансформациялау деп аталып келеді. Бұндай трансформациялаулар көбінесе түпнұсқа тіліндегі мағлұматтарды, хабар, мазмұнды, ақпаратты аударма тіл нормаларын сақтай отырып жеткізу мақсатында қолданылады.

«Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелері» кітабының авторы А.Алдашеваның жазуына қарағанда, осы деңгейлердегі аудару үдерісінде қолданылатын техникалық әдіс-тәсілдердің негізгілеріне: ауыстыру (сөздерді, сөйлем мүшелерін, сөз таптарын ауыстыру; құрмалас сөйлемдегі синтаксистік ауыстырулар; контекстік және тілдік нақтылау; антонимдік аударма; өтелу; генерализация); орын тәртібі (сөйлем құрылысындағы сөз тіркестері мен сөздердің орын тәртібі); түсіру; қосу әдістерін жатқызуға болады. Осындай басты техникалық әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігіне байланысты түпнұсқаға дәл келмейтін аударма (недоперевод) және түпнұсқадан әлдеқайда артық (түсінікті, ғылыми, көркем, әсерлі) көрінетін (сверхперевод) нұсқа ретінде бағаланады. Айта кету керек, былай бөлуді шартты бөлу деп есептеген дұрыс. Себебі көбіне бұлар аудару үстінде бір-бірімен араласып, бірігеді. Аударма барысындағы неғұрлым көп кездесетін жайттың бірі – түпнұсқа мәтіндегі сөз тіркестері мен сөздердің орын тәртібінің өзгеріске ұшырауы. Мысалы, қазақ тілінде қалыптасқан сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі тұрақты, ал орыс тілінде еркін. Құрмалас компоненттерінің аударуда өз орындарын өзгертуі заңды құбылыс. Мысалы, «Егер сіз бұған келіспесеңіз, мен өкініп қалар едім. Я в отчаянье, если бы вы на то не согласились».

Сонымен қатар аударма саласында түр-түс атауларына қатысты мәселелер де туындап жатады. Ол туралы осы мақалада арнайы тоқтала кетуді жөн көрдік.

Түр-түс атаулары – ең көне әрі қарапайым, танымдық қызметі зор, тілде жиі қолданылатын логикалық теңеу тәсілі болып табылады. Шындық әлемді танудың ұтымды құралы бола тұрып, түр-түс атаулары мейлінше мазмұнды, көп қырлы тілдік құбылысты білдіреді. Түр-түс атауларының ойлау өрісінің бір формасы ретінде дүниені эмоционалды түрде қабылдаудағы және ондағы кейбір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі орны ерекше.

Түр-түс атаулары – ортақ, ұқсас белгілердің негізінде бір затты екінші затпен салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік, бейнелілік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа поэтикалық қырынан таныстыратын әрі таным құралы, әрі стильдік тәсіл.

Ғылымда түс атауларын білдіретін сөздерді зерттеудің әр түрлі тәсілдері бар. Олардың ішіндегі ең маңыздылары және белгілілері мыналар: антропологиялық (Кей П. Берлин Б.), психологиялық (Н.Серов, И.Рош, Б.Базыма) және гендерлік (Е.Мишенькина, Р.Лакофф) тәсілдер, сонымен қатар лингвомәдени тәсіл (Л.Исаева, Ш.Жарқынбекова, А.Вежбицкая).

Лингвомәдени тәсіл. Түс тұрақты шамалардың немесе «жалпы ғана емес, сонымен қатар ұлттық нақыштағы мағыналы – мәдени тұжырымдарды мәдени жадыда игеру, қалыптастыру, бекітудің жолдарын бейнелейтін дамудың өзіндік үлгісі» бола алатын мәдени ұстанымдардың бірі болып есептеледі. Мәдениеттің көптеген құбылыстарын түстердің мағынасын ескермей отырып түсіну мүмкін емес. Түс «қоршаған табиғаттың бейнесі туралы, халықтың тарихи жолдарының өзгешелігі туралы, әр түрлі этникалық дәстүрлердің өзара әрекеттесуі туралы, әлемнің көркем көрініс ерекшеліктері туралы бірден-бір ақпараттарды белгілейтін» мәдениеттің негізгі категорияларының бірі болып келеді.

Түс табиғаттың құрамдас бөлігі болған соң, ол мағыналыққа, қауымдастыққа, жоруларға толы: түс әр түрлі рухани-эстетикалық құндылықтарды нақтылы түрде көрсететін құралға айналып бара жатыр.

Құрылымы әр түрлі қазақ және ағылшын тілдерінің сөздік қорындағы көптеген атаулардың ішінде өте жиі қолданылатын, қолданыс ауқымы кең, мағынаға бай, тілдік бірліктердің бірі – түр-түс атаулары. Олар ұлт өмірінің айнасы, сондықтан бойында сақталған ұлттық мәдени негіздерге сүйенеді, өйткені өркениеттің өрісі қаншалықты екені де тілден бөтен дүние емес. Ендеше ұлт тілінен ұлт мәдениеті бөлінбейді. Тіл мен мәдениет – өркениет дамуының ең алғашқы кезеңдерінен бастап сәйкестік пен үйлесімділікте өмір сүріп келе жатқан құбылыс.

Зерттеуші Р.Лауланбекованың пайымдауынша, мәдениеттің айқын үлгілері, әсем өрнектері ажарланған ұлттық таңбалар (символдар), соның ішінде түр-түстік таңбалар болмысын тіл арқылы ашуды осы мәселе айналасындағы зерттеулердің жалғасы деуге болады.

Ұлттық таңбалардың негіздері – нышандар, белгі халық болмысында әмбебап категория екені даусыз. Ділі, мәдениеті, тілі, дүниетанымдық көзқарасы әр түрлі қазақ және ағылшын халықтарының фразеологиялық теңеулері жан-жақты, құрылымы, аялық білім, ішкі форма жалғаса туындаған концепт, ауыспалы мағына, лингвомәдени тұрғысынан зерттеу нәтижесінде жалпыхалықтық рухани дүниелер, әр тілге тән ортақ заңдылықтар, ұлттарға тән танымдық ерекшеліктер, т.б. жөнінде бірқатар жаңа мағлұматтарға қол жеткізілді.

Бір ұлттың тіліндегі түр-түс атаулары сол ұлттың тілінің байлығы ретінде қарастырылады. Өйткені басқа тілдер сияқты, ағылшын және қазақ тілдерінде де, түстердің барлығы тек өзінің негізгі мағынасында ғана қолданылмайды, қосалқы бір астарлы мағынасында да жұмсалуы мүмкін. Бұлар қандай да бір халықтың әдет-ғұрпы, материалдық-рухани мәдениеті, тарихы, наным-сенімдері жайлы ақпарат бере алады екен.

Аударма барысында аудармашыға және аударма өніміне қойылатын талаптарды ғалымдар әр түрлі атайды. Мысалы, ғалым-зерттеуші Л.Латышев аударма қызметінің өніміне – аударылатын мәтінге қойылатын бірінші және басты талап турасында былай дейді: «…ол (мәтін) түпнұсқа мәтінге коммуникативтік тұрғыда балама болуы керек, яғни адресатқа (тыңдаушыға немесе оқушыға) әсер етуі шығыс (аударатын) мәтіннің әсерімен бірдей болуы керек; ТТ (түпнұсқа тілі) адресаттары мен АТ (аударылған тіл) адресаттарының мәтіннің екі нұсқасын да қабылдаудағы және оларға жауап берудегі (реакция) алғышарттар объективті түрде бірдей (яғни олардың жеке қасиеттеріне байланыссыз) болуы қажет.

Ал екінші талап – ТТ мен АТ мәтіндердің барынша мүмкін болған семантика-құрылымдық жақындығы. Бұл жақындық аудармада автор (түпнұсқа авторы) ойының сәйкестігін барынша сақтауға, шығыс тіліндегі мәтіндердің аударылатын тілдегі мәтінінде дұрыс «орналасуының» ауқымын (диапозон) арттырады (сәйкесінше шығыс тілдегі мәтіннің кіріс тілдегі мәті­ннің «орынбасар» болуына, яғни дұрыс аударылмауына себеп болатын жағдайлардың санын азайтады), аударма үдерісінің және аудармашылық шешімінің шынайылығын арттырады.

Осы аталғандар аударма жанрының барлық түріне жалпы қойылатын басты талаптар болып есептеледі. Аударманың түрлеріне байланысты (мысалы, ғылыми, ресми, көркем, саяси, жарнама, т.б.) бұдан өзге де «қосымша» талаптарды көптеп айтуға болады (Бұл жерде біз қосымша деген сөзді тырнақшаға алып отырған себебіміз: аударманың бір саласында қосымша саналатын талап екінші түрінде негізгілердің қатарына жатуы мүмкін).

Аударма өніміне қойылатын тағы бір талап – коммуникативті-функционалдық баламалық. Бірақ бұл талап аударма өнімінің коммуникативтілік тиімділігіне байланысты болады. Аудармашы жасайтын мәтін аударма қызметінің өнімі болып табылады және төмендегі шарттарға негізделген болуы керек:

– Түпнұсқа мәтіннің семантика-құрылымдық тұрғыдан барынша мүмкін болған деңгейде ұқсас болуы керек (әрине, бұл бірінші шартқа қайшы келу дегенді білдірмейді);

– Түпнұсқа тілдің мәтінінен аударма талаптарының шегінен шығып кететін ауытқулар болмауы тиіс;

– Коммуникативті-функционалдық тұрғыдан түпнұсқа мәтінге балама болуы тиіс.

Түр мен түс атауларының қазақ тілінде тура номинативтік мағыналарына қарағанда, олардың қосымша, ауыспалы түрге айналған мағыналары басымырақ болып келеді. Бұл категория тілдің ұзақ даму тарихында қалыптасып, қолданыс дәстүріне айналған тілдің қасиетінің көрінісі мен құдіреті болып есептеледі.

 

Ана тілі

Шет тілдер және іскерлік карьера

университетінің магистранты


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз