КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Менің ойымша, тілді қадірлеу ең бірінші дұрыс сөйлеуден басталады. Дұрыс сөйлемеу тілге жасалған үлкен қиянат. Мұны айтып отырғаным, біз бүгінде сөз арасында «уау», «каксын?», «точно ма?», «уже», «скоро келем», «короче», «иес», «лузер», «супер», «класс», «лучше», «или», «конечно» «вообще», «еще», «обязательно» деген сөздерді қосып айтпасақ сөйлей алмайтын қалыпқа жеттік. Жастар жағы мұндай кірме сөздерді көбірек пайдаланады. Олар үшін орыс, ағылшын тілдерінен алынған сөздерді араластырып сөйлеу бейне бір сәнге айналғандай. Тілді шұбарлау – үлкен қасірет. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің айтуынша, «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады». Яғни туған тілді толыққанды меңгермей білімді, білікті маман болу аздық етеді. Ақиқатында, тілін білмеген ғалымнан, мықты маманнан не пайда?!

Өкінішке орай, өз тілімізді менсінбей, орысша сөйлеу белең алып барады. Қазақ арасында «Орыс тілі әлем тілдері қатарында», «орысша білсең, кем болмайсың», «ғылымның тілі – орыс тілінде», «баланы орыс сыныбына беру керек, бағдарламасы жеңіл» деген көзқарастың күші азаяр емес. Қоғамдық орындарда, көшеде қазақ жастарының арасында бір-бірімен орысша сөйлесетіндер аз еместігін көріп жүрміз. Сонда олар кімге жағып, кімге ұқсағысы келеді? Ана тілінен іргесін аулақ салып, басқа ұлтқа, басқа менталитетке сорпамыз қосылады деп ойлай ма?

Үлкен мегополис Алматы шаһарының көшелері толған жарнама, афишалар қазақ тілінде жазылғаны болмаса, барлық мекемелер келісіп қойғандай қате жазғандары көп. Бұл немқұрайдылық па, әлде әдейі істей ме? «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз» деген Шоқан Уәлихановтың сөзі бүгінде өз мәнін жоғалтқан жоқ.

Тексеруші, қадағалаушы органдар тарапынан қатаң да жүйелі бақылау болмағандықтан жекеменшік коммерциялық мекемелер жарнама мәтініне мән бермей, әйтеуір мемлекеттік тілде жазылса болды деген өгей көзқарас орын алған. Бұл айтқанымызға мысал да жеткілікті, оны сіз де, біз де күнде көріп жүрміз. Көз үйренді, бадырайған қателерді жергілікті әкімшілік, бақылау, қадағалау органдары да көрмегендей сыңай танытады. «Кафесы «Виктория» кафе», «дукені «Игилик» магазин», «қонак үйі «Роял Палас», «мейрамханасы «Ейфориза», «Nomad» көлік сақтандыру», «киім таразыға», «таназытқыштар», тағысын тағы… Біз базарға барғанда, әсіресе бутиктерге кіргенде ә дегеннен «Это почем?», «Сколько стоит то?» деп сайрап шығамыз. Бұл ана тілімізге деген бойымыздағы жанашырлықтың аздығы ма?

Меніңше, тілге деген құрметті, жанашырлық сезімді сәби кезден қалыптастыра білгеніміз жөн. Сәбилерге үйде жаппай қазақша сөйлеу арқылы, сапалы отандық мультфильмдер, әдемі мұқабалы, түрлі-түсті иллюстрациялары бар кітапшалар арқылы үйрету керек. Бала өмірінде теледидар мен компьютер тәулік бойғы «ұстазы» болмауын қадағалаған жөн. Теледидарды шектеу арқылы баланың кітап оқуға деген қызығушылығы артады. «Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды» деп Халел Досмұхамедұлы айтқандай, толыққанды ұлт болу үшін ана тілін жетік білу керекпіз. Ал көп ұлтты қоғамды мемлекеттік тілде сөйлету үшін тілге деген қажеттілікті тудыру керек. Ол үшін ең алдымен өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Өйткені қазақ тілін танымал ету, кемелдендіру өзімізден басталмақ.

Ана тілі

Ұлттық журналистік зерттеу 

орталығының сарапшысы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз