КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Бүгінде Сегіз сері мен Сәкендерден смартфон құдіреттірек болып тұр. Көшеде, қоғамдық көлікте, вокзалда, екінің бірінің қолында осы дүние. Бағзыда атам қазақтың қосар ат мінгеніндей, олардың зәузаттары да қос-қостан телефон ұстағыш. Ішінде не керектің барлығы бар оны былайғы жұрт «ақылқалта» деп атапты. Аяулылығы соншалық бетін баппен сипап, экранына үңілсең шүңетіне түсіп, шырмауынан шыға алмай қалады екенсің... Бір сөзбен тұлпар мінген түркінің ұрпағы тәулігінің едәуір уақытын экранға телмірумен өткізіп, рухани әлемнен алыстап бара жатқанын сезе алар емес... 

Иә, қазақ пен кітаптың арасы алшақтап барады. Тіпті, тәуелсіздік құрдастарына кітаптар өкпелі. Ащы да болса шындық, университетте төрт жыл сессиядан «құлап» қалмау үшін мәжбүрлі түрде кітапхана жағалаған ұл-қыз бүгінде базар жағалап, арба сүйреп, бәліш сатып жүр. Анығында, Кеңестер Одағында қазақ рухына азаттық пен бостандықтың үнін тыңдатып, тасада болса да ағартушылық еткен том-том кітаптар-тұғын. Ол әдебиет бірнеше буын ұрпақты рухани байытып, ана тілінің кәусарына шомылдырып тәрбиеледі. Алтын қазынаға айналған шығармалар кітапқұмар оқырман қауымның жан серігіне айналған еді. Бүгінде ше? Жастар түгел дерлік, ақылды «смартқалтаға» телмірген. Сарғайған парақтарынан қасиетті қаражердің исі аңқыған кітаптар сөрелерде құндақтаулы... 

Бала күнімізде аракідік ауылға барғанда, аздап ащы сумен ауыз шайқаған ағалардың «Солай да солай, қарағым, Отыздан асып барамын...» деп аядай ауылдың азан-қазанын шығарып кетіп бара жататынын көретінбіз. Сол «ерсілігін» жеңгейлер жек көрсе де «кешіруге» дайын тұратын. Ал, бүгінде ше? Көпшілік ортада даусыңыз бұлай қаттырақ шықса, «Әлеуметтік ортада тыныштық бұзғаныңыз үшін» деп айыпталып кетуіңіз де ғажап емес. Себебі, құқық қорғаушылар үшін Мұқаңның жырынан жұрттың тыныштығы маңыздырақ болып тұр.

Өткенде бір жас ақын масаңдау күймен әдеби кеште жыр оқыды. Смартфонның экранына әлсін-әлі үңілгіштеп, туындысына зорға дегенде нүкте қойды. Құдай-ау, ауылдың жиын-тойында «әуеде ұшып жүрген алақарға, өлең айтып берейік балаларға» деп бір бастаса тоқтамайтын әжелердің жадындай жады жоқ әлгі ақынды іштей аядық. Сосын, кезінде өз жырын басынан аяғына, соңынан алдына қарай жатқа соғатын қайран Төлеген Айбергеновтің поэзияға адалдығына іштей мадақ айтасың. 

Тәуелсіздік жылдары жас оқырман неге көркем әдебиет оқуға құлықсыз? Ақталуға себеп көп.. Біреу, елдегі өмір сүрудің қиындығы оқырманды кітаптан алыстатып, күнкөріс қамытына жекті десе, екіншісі, оқитын дым жоқ, жазушы деп аталатын жұрт селт еткізер туынды жаза алмай отыр деп жатады. Айыптау да дайын: бұған билік кінәлі. Таралым аз,- дейтіндер де баршылық. Айтуларынша, Кеңестік кезеңде әр кітаптың тиражы 100 мыңнан асып жығылады екен. Жазушы қауым елдің сөзін айта білген екен. Тағы біреулері кітаптың орнын интернет, телебағдарламалар мен қытай мен кәріс, түрік пен үнді телехикаялары басқан шығар деген болжам айтуда. Анығы, кітаптың қадірі тәуелсіздік алған жылдардың бедерінде кете бастапты. Бұл туралы көзкөрген бір жағдаят еске жиі түсе береді. 

Түркістанда өткен студенттік жылдары жексенбілік базарға баратынбыз. Онда елуді еңсерген апай ескі кітаптарды саудалайтын. Қалтаның таяздығы кітап дүкендеріне маңайлатпайтындықтан, көбіне базардағы үйіліп жатқан ескі кітаптар ішінен бағасы арзан, бірақ кіл классиктердің шығармаларын іздейтінмін. Бірде қолыма М.Мағауинның «Көк мұнары» мен «Тазының өлімі» ілікті. Ілгеріде «Қобыз сарынын» кемірген көңілді қуаныш кернеді. Бағасы жеке-жеке 150 теңгеден. Қағыс естімеппін, тура 300 теңге. «Әй, балам, кітап оқыған адам қияли болып кетеді дейді. Онан да кәсіп игеріп, бақуатты өмір кешкенге не жетсін. Шарасыздықтан, үйде бар кітапты саудалап, шәй-тұздықты айырып жүрмін. Жап-жассың, кітап саған қол бола ма. Онан да өнер үйренсеңші»,- деп «тегін» ақылын аямады етжеңді апайым. Өнерді де кітаптан үйренетіндігіне саудагер апайдың ойлау жүйесі жетпегендігіне емес, қазақ әдебиетіндегі спартанец ­– Мағауин шығармашылығының құны бір қорап шылыммен тең болғандығына таңдандым. Кейіннен, бағымызға ұстазымыз Құлбек Ергөбектің кітапханасы кезікті. Әйтпесе, өнерсіз азып-тозып, Түркістанның бейғам көшелерінде тәшкі сүйреп, болмаса бір мекеменің есігін күзетіп жүрер ме едік? Кім білсін?... 

Атмосфера өзгеруде. Жөні, кітап оқу атмосферасы. Тіпті, кез-келген адамнан соңғы рет қашан кітап оқығанын, болмаса сатып алғанын сұрап көріңіз. Күмілжіген күйінде «есімде жоқ» деген бір-ақ ауыз сөз естисіз... Ал, қас қылғандай, оқырманды кітап оқуға елітіп ала алмай жатқанда сапасы сын көтермейтін, көркемдік деңгейі төмен кітаптар түрлі баспалардан том-том болып басылып шығып жатқаны тағы бар. Шәу тартқан шағында жыр жинағы мен көп томдығын бір-бірімен бәсекелесіп шығарып жатқан зейнеткерлер де жетерлік... 

Тағы сол, Түркістандағы іргелі оқу ордасында жастармен кездесуде университеттің бір проректорының әңгімесі еске түседі. «Жақында есімі елге таныс, пайғамбар жасынан асқан ақсақал келді. Құшағында көп томдық кітабы бар. «Қарғам, осында сөзің өтімді ғой, мына дүниемді студенттерге саудалап берсең» дейді. Мен ақсақалдың көңілін қимай алып қалдым. Кейіннен кітапты филология факультетінің студенттеріне ерікті түрде алуға үгіттедім. Өкініштісі, ешкім ниеттенбеді. Ақыр аяғы ақысын өз қалтамнан шығардым. Арада бір ай өткесін сол кітапты ақтарып шықтым. Анығында, оқитын, көңілге тоқитын дым жоқ. «Ит үргені естілер кісі келсе...» немесе «Күзде піскен бидайды комбайнмен жинайды...» дегендей тақпақтар екен. Бір сөзбен, ақсақалдың тірлігі «қағаз өлтіру» екендігіне көзім жетті»,- деп ашына айтып еді. 

P S: Ілгеріректе белгілі әдебиет сыншысы, марқұм Әмірхан Балқыбектің «Шәміл шындығы» атты қысқа мақаласынан мынадай бір қызық оқиғаны оқығаным бар. Ғұмыр бойы тау халқының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен имам Шәміл бірде өз халқына, оның ақыны мен жыршысына арнап «Ешкім өлең шығарып, оны ән қылып шырқамайтын болсын»,- деген заң шығарған көрінеді. Бұл заңына нөкерлері таңқалысып себебін сұрапты. Сонда Қап тауының мұзбалақ Шәмілі «Мен нағыз ақындардың ғана ақын болып қалғанын қаладым. Шын ақын қанша жерден шідерлеп бақсаң да өлең шығаруын қоймайды. Есесіне менің бұйрығымнан қорыққан өздерін ақынбыз деп жүрген жүрексіз өтірікшілер мен алаяқ суайттар сап тыйылады. Өздерін де, халықты да алдамайтын болады»,- деп жауап қайтарған екен. Бізге де имам Шәмілдің заңы керек болып тұр-ау...

alashainasy.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 319 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 591 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика