КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Мақтан етер халқы бар, мойындалған мемлекеті бар, шеті-шегі белгіленген шекарасы бар, бабадан жеткен тілі бар – ұлт бақытты. Қашан да. Қазақ сондай бақыт бұйырған халық.

Егер жер бетін әрбір мемлекетке үлестіріп таратар болса, 0,6 миллион метрден келеді екен. Ал қазақтың үлесіне тигені – 3 миллионға жуық. Бұл басқалардан бес есе көп жеріміз бар деген сөз. Дәл осындай мекенге қоныс теп­кен халықтан санымыз бес есе тағы кем. Демек, қазақтың жері – құт дарыған киелі мекен. «Күлдір-күлдір кісінеткен» арғымақтар дала­сында атойлаған бабалардың қасиетті өлкесі.

Ендеше, бойында қазақтың қаны тулаған әрбір адам қазақты сүйсе керек-ті. Көзсіз. Ешбір есепсіз. Патриотизм дегеніміз осы. Жеке бастың қамын емес, ұлттың мұратын күйіттеу. Бабадан аманат болып қалған тіл мен жердің, тарих пен дәстүрдің қадіріне жету. Тану. Түсіну. Жүрегімен сезіну. Мемлекет үшін мерейлі, ұлт үшін мақтан тұтар азаматқа айналу. Ұлттық рух пен ұлттық намысты бәрінен жоғары қою. Шын патриот осы үшін шырылдайды.

Бір ғана мысал. Сингапур елінің тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю отаршылдықтан көз ашып көрмеген халқын жиырма жылдың ішінде Оңтүстік Шығыс Азияның барысына айналдырды. Ортақ ой, ортақ іске біріккен ұлт айналасы аз ғана жыл ішінде кедейшіліктен құтылып, әлем алпауыттары таңырқаған бай, экономикасы еселенген мемлекет құрды. Қалайша дерсіз? Жауап қарапайым. Өз ұлтын жақсы көру. Осы мақсатта бірігу. Тізе қосу. Патриотизмнің ұлттық сипатқа ие болуы.

Енді өзімізге келсек, осыдан бес жыл бұрын Әбіш Кекілбаев: «Тіл өрге басу үшін қазақ мемлекетінің басында тұрған бес үлкен қызмет – Президент, Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы, екі палатаның төрағасы өлсін-тірілсін, аузын ашқанда қазақ тілімен сөйлеп, бісмілләсін қазақша жабу керек. Басқа тілде көстеңдеу өзін-өзі қорлағандық. Біздің Министрлер Парламенттегі баяндамасын орысша жасайды. Оны тоқтату керек. Әлеумет өз тілінде сөйлемеген адамды ысқырып тұрып, қабылдамасын. Біз осы уақытқа дейін қымыз ішуді, ет жеуді, аттан түскен қонақтың қолтығынан демеуді білсек, жетеді деп ойладық. Бұған дейін жетті. Ертеңнен бастап жетпейді. Осыны түсінгенде ғана тілдің бағы жанады» деп айтқан еді. Бірақ тыңдар құлақ табылса, қане?! Содан бері өзгере қойған ештеңе жоқ. Әлі де «жасау керек» деп жа­лаулатқан «күлтөбенің басында күнде жиын».

Күні кеше «доңыздың басқан шөбін тұлпарына жегізбеген» Кенесарының бүгінгі кей ұрпағы бір-бірімен орысша шүлдірлескеніне мәз. Анаңның ары тапталып, атаңның құны кеткен басқыншы жұрттың тілінде сөйлеу, сөйлеп қана қоймай оны мақтан тұту ұлт үшін ұят екенін білмейді. Бәлкім, білгісі келмейді. Мұндайда Ахмет Бай­тұрсынұлының «Ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл болып өседі, Ұлды құлша тәрбиелесең, құл болып өседі» деген сөзі ойға оралады.

Шынын айту керек, қазақ жұрты соңғы бес ғасыр ішінде 300-ге жуық көтерілісті басынан өткерді. Бабамның бас сүйегінен күл салғыш жасап қорлаған патшалық империяны айтпағанда, «күн көсемі» Лениннің, «халық қамқоршысы» Сталиннің тұсында да «азап вагонында» аз отырған жоқ. Тек кешегі алаш арыстарының арманы ақ қар, көк мұзда алаңға шыққан желтоқ­сандық жастардың бойынан табылды. Бұйығы арман, бұла күш одақтың осалдығын танытты. Тіпті сол кезде Одақ ұйымдастырған «Метель» операциясы да «желтоқсандықтарға» тосқауыл бола алмапты. Жоспарлы операциядан жастардың жігері мықты болған сияқты. Сол уақыт­тағы Қайраттардың қайсарлығы ұлтты сүюдің үлгісін танытқан.

Демек, ұлтты сүю мансаппен, бедел-белеспен өлшенбейді. Мінберден алшақ, мансабы төмен болса да, елге жанашыр азаматтың еңбегі ұлтқа он есе пайда әкелері сөзсіз.

Өзгелер сияқты емес, қазақ бақыт іздеген халық. Бірақ бақытты мылтықтың дүрсілінен, қанжардың қынабынан емес, жылқының тұяқ дүбірінен, аққу құстың қанатынан, домбыраның тиегінен, қобыздың қоңыр үнінен іздеді. Ханға қаймықпай қарады. Қазақтың бүгінгі ұрпағының бойында сол батырлықтың ізі бар ма? Махамбеттің руы, Бауыр­жанның намысы, Олжастың өрлігі байқала ма? Сонау ықылымнан мың өліп, мың тірілген қазақтың арманы әлі түгесілген жоқ. Мың бірінші өлуге хақы жоқ.

Ендігі үміт - кейінгі ұрпақта. Ұлтты сүйетін отаншыл ұрпақта. Олар тәуелсіз елдің ұландары. Санасы уланбаған. Ойы еркін. Қадамы нық. Айтары мығым жастар. Мақтан қылатынымыз осылар.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 607 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 844 0







10/05/2017 11:01

ҚАЗАҚТЫ СҮЮ
0 26155 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика