КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті бірлесіп өткізген «Тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің дамуы, мәселелері және болашақ бағыты» атты дөңгелек үстел барысында айтысты дамытуға қатысты бірқатар мәселелермен қатар, өнерден тыс жұртшылық түгілі, осы өнердің басы-қасында жүрген азаматтардың өзінің оның тарихынан бейхабар екендігі және ақпараттық құрал ретіндегі дәстүрлі әлеуметтік бағдарын біле бермейтіні сөз болды. 
Қоғам қайраткерлері, құзырлы мемлекеттік органдарының өкілдері мен 30-ға жуық айтыскер ақын қатысқан отырыста аталмыш шараның ғылыми негізін ашып, айтыс тарихы мен даму бағыттары бойынша ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, филология ғылымдарының докторы, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнайы баяндамалар оқыды.
Өз сөзінде айтулы ғалым Сейіт Қасқабасов айтыстың өте ерте заманнан келе жатқан киелі өнер екенін және ежелден елді ұйыстырушы, әлеуметтік дәнекерлеуші қызметін атқарғанын атап өтті.
«Фольклорлық айтыс өте ерте заманда пайда болған. Оның шығу тегі рулық қауыммен тікелей байланысты. Ежелгі рулық қауымда эндогамиялық неке салты болған. Айтыс халық пен қоғам тарихының барлық кезеңінде өмір сүрген. Әсіресе, ақындар айтысы ХІХ ғасырда биік тұғырға көтерілген», – деп тарихтан сыр шертті ақсақал.
Оның айтуынша, ақындар бектер мен билер секілді елдің, жердің мүддесі мен намысын қорғаушы болған. Сондықтан да, ақындар елдік сананың идеологиялық қайнар көзі ретінде барынша абырой тапқан.
«Сүйінбай мен Қатағанның айтысында Сүйінбай қазақтың, Қатаған қырғыздың сөзін сөйлейді. Отанды, елді қорғау, ел қорғаған батырларды мадақтайды. Сол арқылы кейінгі жас ұрпаққа тәрбие беру – осыдан келіп шығады. Бұл тіпті қауымдық, елдік, ұлттық сана-сезімді ояту секілді өзекті мәселелерді көтерген. Қазақтың бүкіл тарихын қамтитын шежіренің тарауларына түсініктеме беріліп, ел бірлігін тұтастауға ықпал етілген», – деді С.Қасқабасов.
Бұл ретте, ғалымның сөзін сабақтай отырып, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл сынды отырыс қатысушылары айтыстың пайда болғаннан, әу бастан келе жатқан функциясы, ең алдымен, елдік мүддеге қызмет ету екендігін бірауыздан қадап айтты.
«Сондықтан да, айтыстың заманауи бағдарын анықтау үшін, ең әуелі, «елдік мүдде» деген сөздің мәнісін айқындап алу керек секілді. Себебі, қазір «айтыс» десе, жұрт билікті сынау деп біржақты түсінетін болған. «Елдік мүдде» деген парламентті немесе билікті, облыстың әкімін ұстап алып, бас салып сынау ма, жоқ әлде басқа дүние ме?», – деп сұрау тастай сөйледі Алдан Смайыл.
Осы қатарда, айтыскер ақын А.Әлтаев айтыстың халықты жұмылдырушылық сипатына кеңірек тоқталып өтті.
Ол, тарихи дерек ретінде 1943 жылғы 4 желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысына Қазақстан Орталық партиясының бірінші хатшысы, Жоғарғы кеңес төрағасы, министрлер кеңесі төрағасының түгел қатысқанын сөз етті.
«Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов бастаған әдебиет алыптарының сол жолғы айтысты ұйымдастыруға белсенді кірісуі осының айғағы. Себебі, олар Шашубай ақынның тілімен айтқанда: «Өзім оқ, өзім бомба, өзім танк, Өзім кен, өзім қазына, өзім алып», – деген секілді халық ақындарының отты жырлары халықтың рухын көтеріп, бірлігін, елдік мұратын нығайта түсетінін анық аңғарды», – деп ойын әрмен қарай жалғады А.Әлтаев. «Ақындардың нені жырласа да, негізгі алтын қазығы, ұстанымы – мемлекетшілдік, отансүйгіштік, елдік мақсат, ұлттық мүдде, ынтымақ пен бірлік аясында болуы тиіс».
Айта кетейік, шара барысында «Айтыс және елдік мүдде», «Айтыс өнерінің бүгіні мен болашағы», «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру мәселелері» сынды тақырыптар талқыға түсті. Сонымен қатар, айтыскерлер арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мен ауызбіршілікке байланысты түйткілдер ортаға тасталды.
Отырыс соңында партия назарында айтыс шараларын бір орталықтан үйлестіру, «айтыс» мамандығында оқуға ниетті талапкерлерге арнайы жер-жерден гранттар бөлу, айтыс өнеріне жасөспірімдер мен жастарды ынталандыру мақсатында аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстарды жиі ұйымдастыру, сондай-ақ, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар ұсыныстар айтылды. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 414 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 748 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика