КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ үшін бейнелеу өнері жат емес. Кезінде атақты қылқалам шеберлері Әбілхан Қастеев, Хакімжан Наурызбаев, Әубәкір Ысмайылов, Орал Таңсықбаевтардың туындыларына бүкіл әлем қол соғып, таңдай қақпаған елдер кемде-кем шығар. Бірақ бүгінгі таңда біз осы тұлғалардың ізбасарларын тәрбиелеуге қаншалықты көңіл бөліп отырмыз? Бүгінгі мектеп оқушылары, әсіресе ауыл балалары бейнелеу өнерінің әліппесін қалай үйреніп жүр? Ауыл мектебіндегі «Бейнелеу өнері» пәні талантты оқушының бағын ашуға септігін тигізе алып отыр ма? Бір өкінішті жайт, мектеп­тердегі «Бейнелеу өнері» пәні бұрын осы кезге дейін 1-6 сыныптарда аптасына 2 сағаттан оқытылып келсе, бүгінде бұл пән бір сағатқа қысқартылған. «Бейнелеу өнері» пәні сағаттарының қысқартылғаны балалардың мектеп қабырғасында жүріп пән негіздерін толыққанды үйреніп шығуларына айтарлықтай ке­дергі келтіреді» дейді Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Өнер, мәдениет, спорт» институтының директоры, «Бейнелеу өнері» оқулығының алғашқы авторларының бірі Берікжан Әлмұхамбетов.
– Сағат азайғанда, ол сабақ­тың сапасы да нашарлайды емес пе? Әйтпесе, бүгінде «Бейнелеу өнері» пәні мұғалімдерінен еліміз тапшылық көріп отырған жоқ. Бірақ оқушылардың таланттарын шыңдап, талабын өсіруге, өкінішке орай, пән сағаты тұрғысынан мүмкіндік берілмей отыр. Менің байқағаным, ауыл балалаларының талантты болатыны сонша, олар университеттегі білімнің алғашқы баспалдағынан өткен бір жылдың ішінде-ақ қанаттары қатайып өнерлері шыңдала бастайды. Міне, ондай балаларды сапалы оқытуға мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап көңіл аударсақ, оқу нәтижесі де, сапасы да артар еді,– дейді Б.Әлмұхамбетов.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті деканының орынбасары, аға оқытушы Әшім Хасенов академияға оқуға түскісі келетін мектеп оқушыларының сурет өнерінің қарапайым негіздерінен хабарсыз болып келетінін айтады. «Ондай балалардың суретке деген ынтасы болғанымен, бейнелеу өнері мектебін бітіріп келген түлектермен шығармашылық байқауға түскен кезде емтиханнан өте алмай қалып жатады. Себебі сурет салу деңгейлері төмен, қолдары жаттықпаған. Бояулармен жұмыс істей алмайды. Біз сурет мамандығына жылына 6-7 баладан ғана қабылдайтын болғандықтан, балалардың шығармашылық деңгейлеріне баса мән береміз. Бұл жағынан алғанда, әрине, сурет мектебін бітірген немесе сурет өнерін арнайы барып үйренген оқушылардың оқуға түсу мүмкіндігі жоғары болады» дейді ол. Осы аталған мамандықта білім алып жатқан Қытайдан келген отандасымыз Жанат Сейітхамзаны әңгімеге тартып көрген едік. Жанат сурет өнеріне бала кезінен құмар болғанын айтады. Мектепте жүрген кезінде сурет мектебінде тәлім алыпты. «Әрине, мектепте сурет пәнінің жақсы жолға қойылып оқытылғаны дұрыс. Өйткені қаншама дарынды, қабілетті балалар бар. Олардың бәрі бірдей сурет мектебіне қатыспайтындықтан мектепте де дұрыс білім алып шыға алмайды. Сурет – өте қиын өнер. Оны мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түрде, басқа пәндермен бірдей дәрежеде оқытатын болса, нәтижелі болар еді» дейді ол.
Біз еліміздің мектептеріндегі сурет сабағы мүлдем нашарлап кетті, сапасыз деп айтудан аулақпыз. Бар болғаны білімнің негізі қаланатын орта білім мектептерінде сурет пәнін үйретуге тиісті көңіл бөлінсе дейміз. Бұл талантты оқушыларымыздың өнеріне қанат бітірер еді. Сонда күні ертең олардың арасынан барша жұртты өнерімен тамсандыратын қылқалам шеберлері өсіп шығары күмәнсіз .

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз