THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ару болған анамнан ар қорғауды үйренгем
Авторы: Ұлдай Ибайдуллаева, журналист
05/06/2017 12:40 0 51003 0
Соңғы жылдары ғалымдар қытай жазбаларынан қазақ аңыз жырларында айтылатын «ару» деген ұғымның ежелгі жазбаларда кездесетіндігін дәлелдеді. Бұл «ару»атауы ХV-ғасырда қызға құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде айтылған. Бұл сөзді бүгін де қолданамыз. Біз тек қыз деген атауға синоним түрде қарастырамыз. Себебі тілші ғалымдардың пікірі бір арнаға тоғысады. Мемлекеттiк тiлдi дамыту институтының сайтындағы түсіндірме сөздікте: асқан сұлу, керiм, кербез (әйел, қыз). Қолаң шашты, қой көздi, Әйелде Ару сен едiң (Батырлар жыры). Екінші ауыспалы мағынасы: Көрiктi, сәндi, әдемi (ай, күн). Айдан Ару нәрсе жоқ, Түнде бар да, күндiз жоқ (Yш ғасыр).
... XXI ғасырдағы қазақ аруы кімдер, оларды қалай тәрбиелеп отырмыз? Халқымыз «Қыз бала – ел жұртының сәні» деп ұлықтап, оларды халықтың салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары негізіндеқазақ қызын – болашақ ұлт анасы деп ардақтаған.Әр халықтың қызын тәрбиелеуде айрықша қастерлейтін тұстары бар.Қазіргі заманда қыз баланың тәрбиесі аса күрделі жауапты іске айналып отыр. Заман ағымы өткен ғасырмен салыстырғанда мүлдем өзгерді. Қазір қыздардың табысы, іскерлігі,алғырлығы, сұлулығы, білгірлігі мен білім деңгейі жоғары бағаланады.Бұл күндері қыз-келіншектердің бостандығы – ең басты құндылығы болып саналады. Талантты, парасатты біліммен абыройға жеткен іскер, инабатты, уақыт түлкі бұлаңының шиырынан ақыл айласын асырған, яғни жиырма бірінші ғасырдың бойжеткендерінің биік интеллектуалды «қазақ аруы осы» дейтін ажарлы, білімді қыздар да аз емес. Ал біздер, ата-аналар қыздарымыздың қатарынан кем болмай оқуда, қызметте алда, қоғамда көшбасшы болғанын тілейміз. Оң жақтағы аяулымыздың жұмсақ мінезді, қайрымды, ибалы, сыпайы болғанынан гөрі заманы қасқыр болса, түлкі болғанын қалайтын да секілдіміз. Себебі заман қатал деп өзімізді жұбатамыз. Қоғамда «күшті, қасқыр әйелдердің имиджін» жарнамалау әдетке айналды. Қазір телеарналарда кәсіпкер, бизнесмен, қымбат көлік мінген, дәулетті, әнші, әртіс, тележүргізуші, депутат, басшы, іскер әйелдердің бейнесі қалыптасқан. Отандық телекөпіршіктерде осы қыздар көрініп жүр. Олар әдемі киінеді, шетелде демалады, тапқан табысы мол ер азаматтардың табысынан жоғары, яғни өзін-өзі асырауға қабілетті, тәуелсіз қыздар көбейіп барады. Оларға қарай отырып, жас бойжеткендер де еліктейді. Мен де солардай болсам деп ұқсап бағады. Осындай еліктегіш жастар тобыда өсіп жетілді. Бұл қыздарымыздың болашағына, ұлттың рухына қауіп тудырады. Неліктен?
Біріншіден: Кейбір қыздар көпшілік көзіне бірден шалынып, өзіне жұрттың назарын аударту үшін қара басынан ештеңе аямайды. Бұл топтағылар Софи Лорен кітабын жаттап, Анжелина Джоли, Ксения Собчак болып киініп, олардың өмірін қиялдайды. Сол еліктеу сезімімен олар бар күш-жігерін, әдемі тұрмыс, қымбат киім-кешектің, ал ойын мансап, баю жолына жұмсайды. Кейбірі тұрмыс құрмай-ақ екеуі екі жақта тұруға, заңсыз тоқал болуға келіседі. Тіпті, бала көтермей-ақ қаражаты болса, бір әйелді жалдап қалауынша тапсырыспен бала тауып алады. Екіншіден: Қыз-келіншектер ер-азаматтардың көмегінсіз қызметте өсіп, қоғамдағы орнын тауып жетістіктерге жете алады. Уақыт өте береді. Мансап пен қаражатқа қолы жеткенде отыздан асып, өзіне тең келетін жігітті іздей бастайды. Бұл құбылыс қоғамда қыздарымыздың оң жақта отырып қалуына «жағдай» жасап отыр, әрі бұл мәселе күн өткен сайын өзекті жағдаятқа айналып, ушығып, асқынып барады. Үшіншіден: Елімізде қыздар саны жігіттерден көп артық, сондықтан да бойжеткендер өз мезгілінде отау құрмауы болашақ қазақ елінің санының өсуіне кері әсерін тигізеді. Әрине, мұнда басқа да әлеуметтік факторлар бар. Ұятты, қайырымды қыздар тобы ата-анасы мен бауырларына көмектесу мақсатында артына қарайлап уақыт өткізіп алатындарымен бірге нарықтың қыспағынан қиналған үйсіз, жұмыссыздары да кездеседі. Еліміздегі қымбатшылық талай қыз-жігіттің жолын кесіп отырғаны да жалған емес. Нарықтың жастарға әкелген тауқыметі орасан. Төртіншіден: Батыстағы дамыған елдердің бас ауруына айналған жалғыздар трагедиясы таяу онжылдықта біздің елде де етек алып, перзентсіз егде әйелдер қатары күрт өседі деген қауіп тағы бар. Бесіншіден: Жастар арасында қайрымсыз, әдепсіз, адамгершілік пен ұяттан ада қыз-келіндер көбейді. Осы топтағылар санатына баласын сатқан, ата-анасын қарттар үйіне өткізген жас әйелдерді жатқызып, тексіз деп атасақ сөзіміз ауыр болмас. Тексіздік – әдеп пен адамдық санатынан шығып, нәпсі мен пенделіктің құлдарына лайық атау. Бұл қасіретті көрініс қазақ елінде ақиқатқа айналды. Алтыншыдан: тегімізден бездік, өзгенің қаңсығы бізге таңсық болды, батыстық тәрбиені үстем көріп, қазақ қызына тән басқа ұлттарда кездеспейтін төзімді, шыдамды, көмбіс, кешірімшіл отбасының, рудың, ағайынның бірлік тұтастығын сақтайтын дала қыздарына ғана тән даралықтан айрылып барамыз. Қазақтар өзгелерге еліктеймін деп ұлттық тұтастықты, қыз тәрбиесіндегі салт-дәстүрлерді уысынан шығарып алды. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерден айрылған халық, ертең тілінен, дінінен айрылады. «Қыз бала – ұлттың ұяты», «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» деген ұлағатты сөздерді бабалар бекер айтпаған. Ғасырлар бойы заман өзгергенімен, адамның негізгі сипаттары өзгерген жоқ.Әлде бәріне өркениет пен уақыт кінәлі ме? Ата-ананың қалауы қыз үй күшік, жігерсіз отағасының аяғына тапталып жатады деген де сөз емес. Нағыз қазақ қызын қалай тәрбиелей аламыз, қай жерден мүлт кеттік? Бүкіл қазақтың жақсысы мен жайсаңы жиналған мәдениет пен ой еңбегінің қаймағы Алматыда көрген мына көріністер естен кетпейді. Өткен жаз айы болатын. Абылай хан даңғылының бойындағы атақты «Заңғар» дүкенінің алды. Алматылықтар «Арбат» деп атаған, қала халқы көп жиналатын алаң. Абылай хан мен Жібек жолының қиылысындағы көліктер тұрағының қасында өте қымбат спорт автокөлігінің жанында әңгімелесіп тұрған келісті, сылқым анасы мен көрікті, әдемі бойжеткенге қарай бұрылған, елден келген сыңайлы, күн қаққан қыр қазағы олармен амандасып барып, қарындастар, «Наурызбай көшесіне қалай барам» деп сұрады. Мен оларға жақын тұрғандықтан бәрін естіп тұрдым.
Анасы:
– Через дорогу, – деді аялдаманы нұсқаған әйел.
Ауыл қазағы:
– Кешіріңіз, қай жолдан өтейін? – деді түсініңкіремей.
Қыз:
– Наурызбай. Джержинский что ли? Смотрите карта города! – деді жақтырмай.
Ауыл қазағы:
– Қандай карта?...
Анасы (қазақшалап):
– Карта әне ілулі тұр, аялдамаға бар, қасында, оған көп ақылдың керегі жоқ, оқып ал! – деп сілкініп, әйел теріс айналды.
Қыз:
– Какой тупой, – деп қыр қазағына жиіркене қарады.
Әңгімеге оларға жақындау тұрған жігіт ағасы араласты.
Жігіт ағасы (жолаушының қасына барып):
– Ол көше жап-жақын. Інішек қарсы жолдан өтіп, 5-ші троллейбусқа отырсаң тура жетесің, – деп жылы шыраймен қала қонағын жолға салып жіберді.
Осынау қарапайым көріністен көп жәйтті аңғардыңыздар. Ауыл қазағының әдемі қыз бен әйелдің дөрекілігінен де, сөзінен де, жүні жығылып жөн сұрағанына өкінгендей, ал әлгі сөзі түзу қалалық жігіт ағасына ауыл қазағы алғысын жаудырып жөніне кете берді. Мына әдемі әйел мен сұлу жас қыздың әдебіне қарап, сұлулық пен әдеп бір-біріне үйлеспей ме, деп қаласың. Ақынның «әдемі қызды көргенде, ақылды қызды аяймын» деген жыр жолы еріксіз еске орала берді. Енді тағы бір қыз бен анаға қатысты көрініске назар аударсақ.
Екінші көрініс. Алматылық ескі таныс әйел мен оның 16 жастағы жасөспірім қызы екеуі шаруасы болып үйге келді. Әңгіме арасында анасы жалғыз қызымның қатарының алды болғанын қалаймын, мектепті өте жақсы бағамен бітіргелі отыр деп қалды. Бірақ Қазақстанда оқымаймын дейді деп күрсініп алды. Әңгіме арасында қыз баладан қандай мамандықты қалайтынын, қайда білім алғысы келетінін, қай пән жанына жақын дегендей қарабайыр сұрақтар қойдым. Сөз барысында жастар туралы қызыл кеңірдек пікір талас болды.
Қыз:
– Мамам менен ештеңені жасырма деген, сыныпта не болып жатқанын бәрін айтып келем, біздің қыздар ұялмайды. Жігіттермен ұйықтайды, – деді.
Ол бала кезінен аңқаулау, ойын бүкпесіз, ашық жайып салатын әдеті болатын.Мен ұйықтайды деген сөзге тіксініп қалдым.
Анасы:
– Қызының сөзін жалғап, білесіз бе, масқара 11-сыныптың қыздары сыныптас ұлдармен ерлі-зайыптылар сияқты төсек қатынасына барады, бір- бірін жекешелендіріп алған сияқты, – деп бетін шымшыды.
Қыз:
– Ия, біздің сыныптың қыздары жігіттер үшін төбелесіп, шаштарын жұлады, сосын беттерін көрсетпей интернетке жібереді, – деп ол анасының сөзін тірілтті.
Анасы:
– Мен қызымды олардан қалай алыс ұстарымды білмеймін таусылды. Мына қыз ғаламтордан мәскеулік орыс жігітімен танысып, соған болашақта тұрмысқа шығам, Мәскеуге кетем, – дейді. – Жалғыз қыз алысқа кетсе қайтем? Жүйкем бітті, сөзге тоқтар түрі жоқ, – деп орнынан тұрып телефонмен сөйлесуге ыңғайланды.
Мен:
– Қызым, жігіттің артынан іздеп Ресейге барам дегенің қалай? Бұл қазақ қызына жат қылық. Өзіміздің тамаша жігіттеріміз бар, балалықпен айтып жүрген шығарсың, – деймін.
Қыз:
– Жоқ, апай. Мектепті бітірген соң Қазақстанда бір күн де қалмаймын. Біздің жігіттер қызды сыйлауды білмейді. Олар жұмыс істегісі келмейді, жалқау. Бәрі емес шығар, бірақ көбісі солай. Қыздарды пайдаланады.Сондықтан мен қазақ жігітіне тұрмысқа шықпаймын. Ал Андрей басқаша, оған сенем. Ол мектеп бітіргенімді күтіп жүр, өзі мені Қазақстаннан алып кетеді. Әрі Ресейде білімді өте сапалы, мұғалімдер ақша алып, емтиханға баға қоймайды, соған көзім жетті.
– Әсем, туған жерің, ата-анаң ше?– дедім.
Қыз:
– Туған жер дейсіз, қазір қыздар біреу 100 мың теңге берсе туған жерін сатып жібереді. Ата-ана болғанда мамам жалғыз өзі, мені сүйреп келеді, әкемді көрген емеспін. Маскүнем. Бұдан былай анама масыл болғым келмейді, оқып жұмыс жасап көмектесем...
– Жас бойжеткеннен қазақ қыздарынан кімді үлгі тұтасың? – деп сұрадым.
Қыз:
– Баян Есентаева, Дәриға Назарбаева, Аружан Саин, Әсел Сағатова,Сиви Махмуди. Олар әдемі киінуді, жақсы ақша табуды біледі. Арасында Бақыт Сыздықова сияқтылары да бар.
Мұның себебі неде? Өйткені олар өзін көрсете біледі, яғни француз қыздары сияқты әдемі киініп жүреді, әрі жұрттың бәрімен қызықты тақырыпта әңгімелесе біледі. Олар өздеріне сенімді, әрі мұны айналасындағыларға бірден сездіртіп тұрады. Орайлы әзілдесе де біледі, сондай-ақ мұны көрсете де біледі. Әсем бәрін үлкен адамдарша пайымдайды. Мен танымайтын басқа да қыздардың атын атады.Пікірі «Бізге үлгі болатын ешкім жоқ» дегенге саяды.
– Қызым, бізде де, керемет үлгі боларлық қыздар, аналар болған қазір де бар, – дедім. Мектепте айтпай ма?
Қыз:
– Білмеймін, апай. Әдебиет сабағындағы миф кейіпкерлері болмаса... «Абай» романындағы Зере, Ұлжан аналар, Айгерім, Тоғжандар, батырлар жырындағы сұлулар, Қыз Жібектен басқа қыздарды білмейміз. Кім бар? Өзім Ресей арнасынан жүріп жатқан «Институт благородных девиц» деген сериалды көріп жүрмін. Сол фильмнен көп нәрсе үйрендім.
Ия, Ресейдің РТР телеарнасынан 2010 жылдан бері әлі үздіксіз жүріп жатқан императрица Екатеринаның 18-ші ғасырда патшалы Ресей тұсында ашқан текті, тәрбиелі, ақсүйек бойжеткендер тәлім алған қыздар мектебінің негізінде түсірілгенін білетінмін. Бұл танымдық тарихи жанрдағы телехикая қыз тәрбиесінде берер тәлімі мол сериал. Орыс ағайыннан жиренетін де, үйренетін де мұралар бар. «Институт благородных девиц» жоғарғы мектептері бүгінде Ресейдің үлкен қалаларында қайта жаңғырып, заман ағымына орай жаңарып ашылып жатыр. Жас бойжеткенмен әңгімеден соң, отандық теледидар мен кино индустрия жастарды, қыздарды ұлттық рухта тәрбилеуде не тындырып жатыр деген ой туды. «Қазақстан» арнасында қыз- келіндерге арналған «Әйел бақыты» хабары бар екен. Хабардың бір шығарылымын аяғына дейін қарап шықтым. Кейіпкер жас келіншек. Көтерілген тақырып – ажырасу. Келіншектің мұңы мынау: олардың жалдамалы пәтеріне қонақ келе береді, ақша жетпейді, тар үйді ағайындар босатпайды. Келіншек «бұл қиындыққа» шыдай алмай баласын жетектеп, ажырасуға біржола шешім қабылдап достарының үйіне кетіп қалған. Әңгіме ортасында хабарға кейіпкердің жары жас жігіт келіп қосылды. Отағасы өзара шешетін жеке бастың мәселесін неге көпшіліктің талқысына салдың дегендей рай танытты. Ия, жігіттің сөзінен көрегенділігі, сабырлылығы азаматтылығы байқалып тұрды. Көпшілік, ағайын туыс алдында оның сағы сынды. Әңгіме татуласып аяқталған сияқты ма, түсіне алмадым.Теледидар сөзсіз жастардың өмірінде үлкен рөл атқарады. Әсіресе, жас қыздар тележүргізушілерге қарап, ой түзейді, бой түзейді. Осы хабардың берекесін қашырып тұрған үшінші жүргізуші Айгерім қыз сумаңдап балалы-шағалы, отбасылық өмір көрген қасындағы екі әріптестерінің де, қонақтардың сөзін бөліп аузын аштырмайды. Журналистік этикетті айтпағанда, қазақта сөз әдебі деген бар. Экранның алдында талай қазақ отыр. Телеэкран табиғаты шынайылықты қалайды. Сырты жылтыр көшірме хабар қазаққа сіңбей, теңселіп тұр. Басқа арналарда да қыздарға тәлім айтар, ой салар хабар, фильмдер жоқ. Қазір жүріп жатқан отандық телехикаялардың да жастарға айтары тағы жоқ, көпіршік, сылдыр су. Кешкілік «Түнгі студия» жаппай ыржың. Бұл қай ыржың? Жастардың «Жайдарманы» сүреңсіз хабарлар көшін бастайды. Арзан әзіл, астарсыз қалжың, айқай-шу,мағынасыз сөздер. Жастар үшін бұл хабар керек. Бірақ барша қазақтың демалыс күндері бетіне қарап отырған ұлттық арна мынаны көр де, күл деп тықпалау қаншалықты дұрыс? «Жайдарманды» електен елеп, сұрыптап, мазмұнын байытпай,баланың шала әңгімесін үлкен аудиторияға ұсыну «ұлттық» арнаның абыройын асырмайды. Аталған бағдарламалар топтамалары ақпарат қана береді. Рух көтерер тәлім, білім алар кейіпкер жоқ. Сонымен, Ресей арналарына қарап телміруге тура келеді.
Ойды ой қозғайды: Әсемніңәңгімесінен кейін көңіл құлазып, жастарға үлгі болар не бар? Бәрінен ада болдық па? Жауап іздеп көрейік.
Қазақ халқы көше жүріп ғасырлар қойнауына кетер тарихы, ұлағатты адамгершілікке тән ұлттық әдет-ғұрыпты қалыптастырды. Әдет-ғұрып дегеніміз – халықтың жөн-жоралғыларының, ұстанымдарының жиынтығы. Бұл әдет-ғұрыпттар, дәстүрлер халықтың адам тәрбиесі, адамгершілік дүниеге, өмірге көзқарасы мен рухани күйінен туды. Сондықтан да ол халықтың жан дүниесінің айнасы, ұрпақтарының құрмет тұтар мұрасы болып қалады. Біз бүгінде осынау тәрбиелер жиынтығын бабалардың сөзіндей, ұлы аналардың көзіндей қастерлеп, оны этнопедагогика деп атаймыз.Тарихқа қарайласақ өз тамырымыздан қыз тәрбиесі жөнінде даланың ұлы аналарнан үлгі алар тұстар баршылық. Олар ата-анаға мейрімді, айналаға қайрымды, еңбекқор, жарының жанына жалау болатындай әдепті қыз, ұлт анасын өсірді. Халықтық дәстүр қыз баланың тәрбиесінде ереже ұсынбайды, тек бағыт бағдар береді. Өнеге көрсетіп, әдептілік жөн жосағын нұсқайды. Оның барлық сыры мына ұғымдар төңірегінде топтасады. Ол адал мен арам, обал мен сауап, намыс пен ұят, еңбек пен әдеп... Осылай жалғаса береді. Қыз тәрбиесінде халқымыз – күш көрсету, қорқыту тәсілдерін ұстанбаған, оларды мәпелеу иландыру, сендіру әдістеріне, үлгі-өнеге көрсетуге ерекше мән берген. Қоғамда әлі де, үлгі тұтар даланың ұлы аналарының жалғасы баршылық. Естен кетпес Алматы автокөліндегі көрген тағы бір көрініс: Аялдамадан автокөлікке қолына таяқ ұстаған тың қарт кісі кірді. Ортаңғы орындықта біреуі алты-жетілер шамасында, екіншісі төрт жастар төңірегінде үйелмелі-сүйелмелі екі қыз бала және ажарлы жас ана отырған.
Үлкен қыз:
– Ақсақалға дауыстап ата мында отыр, – деді.
Кішкентай қыз:
– Атаға айқайлаймайды, – деді.
Үлкен қыз жүгіріп барып, ақсақалдың қолынан ұстап орындыққа қарай жетеледі.
Кішкентай қыз:
– Мама, атаға билет ал, – деді.
Келіншек:
– Ата отырыңыз, – деді ол да орынан көтеріліп. Қарт кісіоларғаалғысын жаудырып:
– Қарағым, мына балаларға қазақшаны кім үйретті? – деп сұрады. Ақсақал кішкентай қызды тізесіне отырғызып алды. Олар әңгімелесіп отырды.
Келіншек:
– Мен орысша оқығам. Балаларды жолдасымның қалауымен оның ата-анасына жібердік. Балаларды қазақ мектебіне береміз. Олар жақында ауылға қайта кетеді. Екеуі біздің қазақшамызды жөндеп, ата-әжесінің айтқандарымен тәрбиелеп жүр (күлді).
Қарт орнынан тұрып, түсуге бет ала беріп, қалтасынан 500 теңгеліктерді шығарып, балаларға, келіншекке 1,5 мың теңгені бөліп тұрып, бата берді.
– Алмаймын деп айтпа, қарағым. Осындай қазақтың тілін, дәстүрін ұстаған болашақтың анасын өсірген, қалқам, саған бас ием. Шіркін, сендей келіндер көп болса, мына қазақтың маңдайы жарқырар еді, – деп қарт орынан тұрып бара жатты. Көліктегі жолаушылардың бәрі оларға назар аударып қалды. Келіншектің сөйлеген сөзінен қалада өскені, тәрбиелі, білімді, әдепті жас екендігі байқалып тұрды.
Сонымен зерттеуші ғалымдардың ару – арлы да ұятты, пәк те таза, намысты да құрметті жан деген теңеуі осы келіншекке лайықты деп ойладым.
Қыздар, аналар жайлы жазғанда осы көрініс кино көргендей әлі күнге есімнен кетпейді. Бір түсінгенім жаһандану әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді жалмады, жұтты деп зарласақта қазақтың қанына жанына сіңген қарттарының, абыз ақсақалдарының көрегендігін, жомартығын және арлы да ұятты, әдепті келінді көрдік. Екі кішкентай пәк балғын қыздарға қарап қазақтың ибалы, намысты қызын, келін болып түскен соң бір шаңырақтың ақсақал айтқандай, «маңдайын жарқыратар» келіні болар деп болжадық. «Батыр болған бабамнан ел қорғауды үйренгем, ару болған анамнан ар қорғауды үйренгем» деген халық мақалы қазақтың ақсақалдары мен осындай ибалы келіндері тұрғанда өшпек емес.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1973.
2. А.Қасымжанов. Ойлау мәдениеті. – Алматы: Қазақстан, 1986.
3. Ғ.Есім. Сана болмысы. – Алматы: Ғылым, 1996.
4. Конфуций.Толғаулар мен талдаулар. Парасат. – 1993. – №10.
5. А.Рысбаева, Р.Дүйсембінова, С.Қоңырбаева «Казахстан Академия «Көкше» (дата конвертации ) 01.10.2012
6. Ұ.Асылов, Ж. Нұсқабайұлы. Әдеп инабаттылық әдістері. – Алматы, 1998
7. З.Бронислав. Қазақ даласының өмірі. –Астана: «Аударма», 2003.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ