КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ауыл мәдениеттен алшақтап бара жатыр. Көп елді мекенде мектеп оқушылары ұйымдастыратын шағын концерттерден басқа бірде-бір мәдени шара өтпейді, кейбірінде ол да жоқ. Бұрын дүркіретіп тұрып талай кештерді өткізген халық театрларының үні бүгінде естілмейді, бірен-саран ауылда сақталып қалғанымен көбі аласапыран заманда тарап тынды. Рухани нәрмен сусындамаған адам аза бастайды, бүгінде ауылдық жерлерде ел естімеген қылмыстардың жасалуы да соның бір көрінісі сияқты.
Бұрын ауылда күнде ойын-той болатын. Өрістен қайтқан малын бөліп алған соң ағайын Мәдениет үйіне ағылатын. Онда жергілікті өнерпаздар, өнерпаз дейміз-ау, сол өз араларынан шыққан сауыншылар, мұғалімдер, тіпті екі қолы май-май механизаторлардың өзі сахнаға шығып ән айтып, би билеп, жұртты мәз-мейрам қылатын. Тіпті қырман басында немесе шабындық кезінде далада да думандата беретін. Одан қалды өзге елді мекендерге барып, былайша айтқанда, гастрольдік сапарларға шығып, өнерлерін көрсетуші еді ғой. Бір сөзбен айтқанда, ауылда мәдени өмір қайнап тұратын. Ал қазір сол күндер келмеске кеткендей, клубтардың көбін әлдеқашан бұзып, отқа жағатынын жағып жібердік, ал кірпіштерін әлдекімдер қалаға апарып үй соғып алды. 
Халық театры деген дардай атаулары бар өнер ұжымдары жан-жаққа тарап кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында күні кеше дүркіреп тұрған Есіл ауданы Қарағай ауылының клубында құрылған халық театры өнер сахнасынан ізім-қайым жоғалды, оның соңынан Шал ақын ауданының Ыбыраев ауылының да халық театры жабылды. Бұл театрлардың күшімен Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Оразбек Бодықовтың «Үйленгім келмейді», Шыңғыс Айтматовтың «Жер-Ана» повесі бойынша «Толғанай», қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша «Ақымақ қасқыр» спектакльдері үзбей сахналанып тұрған еді бір кезде. Бұл облыс, одан қалды республикаға танылған ұжымдар болатын, ал олардан басқа аудан, ауыл көлемінде өз көрермендерінің көзайымына айналғандары қаншама еді. Қазір халық оларды ұмыта бастады.
Мәдениетке бейжай қарай алмайтын абзал азаматтардың арқасында әлі күнге дейін сақталып қалған ұжымдар да бар. Бірақ оларды қос қолдың саусағымен-ақ санап шығуға болады. Қызылжар өңірінде «халықтық» деген атқа ие алты театр болса, соның үшеуі ғана ауылдық жерде орналасқан екен. Соның бірі – 1936 жылы құрылған Аққайың ауданы Аралағаш ауылының өнер ұжымы. Халық театры атағын 1976 жылы иемденген ұжымның қатарында бүгінде 12 адам тіркелген. Жетекшісі – Дулат Рүстемов. Ал Жамбыл ауданы Пресновка ауылдық мәдениет үйінің театры 1912 жылы құрылыпты, 1959 жылы оған «халық театры» атағы берілген екен. Надежда Рудикованың қарамағында 26 көркемөнерпаз қызмет етіп келеді. Есіл ауданындағы «Прометей» атты халық театры 1969 жылдан бері халық арасында өнер көрсетсе, Петропавл қалалық мәдениет үйінің халық драма театры 1920 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқан емес. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің «Пилигримм» халықтық студенттік театры 1968 жылы қазығын қаққан екен. 1988 жылы өңіріміздің жалғыз жоғары оқу орнының жанынан тағы бір «халық театры» атағы бар өнер ұжымы құрылды. Ол – жастар арасында танымал «Кривое зеркало». Бұл театрлардың әртістері – сан алуан мамандық иелері. 

Гүлшәт НҰРЖАҚЫПОВА, СҚО мәдениет басқармасы халық шығармашылығы бөлімінің бастығы:

– Облыста халық театрларының саны – алтау. Олар үш жылда бір рет өздерінің атақтарын қорғайды. Өкінішке қарай, бұл театрлар құрамындағы барлық адамдарға жалақы төленбейді. Тек театр жетекшісі мен режиссеріне ғана айлық беріледі. Ал қалғандары ауылда басқа қызмет істейтін адамдар ғой, олар бос уақыттарында келіп, қатысып тұрады. Жыл сайын осы қараша айында барлық ауданды аралап, үздік ауылдық клуб пен үздік кітапхананы анықтаймыз. Олар кейін облыс орталығындағы гала-концертте марапатталады.
Қызылжарда 700-ден астам ірілі-ұсақты елді мекен бар болса, соның 219-ында ғана клуб бар екен, олардың 129-ы – мемлекеттің меншігі, ал қалған 90-ы – жекенің қолында. Демек, ауылдардың үштен екісінен астамы мәдени шаралардан мақұрым қалып отыр. Бас қосып, көңіл көтеретін орынның жоқтығынан жастар бұрыш-бұрышқа жиналып арақ ішеді, арты ұрыс-төбелес пен ұрлық-қарлыққа ұласып жатады. Тіпті соңғы уақытта ауылдарда адам естімеген айуандық қылмыстар көптеп тіркелуде. Кәмелетке толмаған қызды зорлау, әке-шешесін өлтіріп, жертөлеге көміп тастау дегенді бұрын ауыл білмейтін. Ал қазір екі күннің бірінде осындай ақпарат келіп түседі. Бұл ауылдағы ағайынның азып бара жатқанын аңғартса керек. Мәдениет адамды тәрбиелеуші құрал екені белгілі. Бүгінде ауыл сол тәрбиешісінен айрылып қалып отыр.

Алаш айнасы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 570 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 821 0







ТЕКСТ

Яндекс.Метрика