КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Ток-шоу деген не? Біз оны қалай қабылдаймыз? Қазақстан телевидениесі ток-шоу деп жүрген хабарлар шын мәнінде осы жанрдың жүгін көтеріп тұр ма? Қазақстан жағдайына келер болсақ, ток-шоу сипатындағы ұйымдастырылған хабарларды әр телеарнадан көруге болады. Олар шама-шарқынша ноу-хаудың қыр-сырын меңгеруге ұмтылуда. Бірақ жаңалықтың бәрін Ресей арқылы қабылдайтын әдетімізбен АҚШ, Батыс елдерінен Ресей телевидениесі көшіріп алған бағдарламалар аясынан шықпай сол қалпында өзімізге пайдаланамыз.
    Отандық тележурналистика саласында ток-шоудың ұлттық сипаттағы елең еткізерлік соны соқпағын іздеп табу қиын. Біздегі ток-шоулар Ресей телеарналарында жүріп жататын ток-шоуларға егіз қозыдай ұқсас.
    Мәселен, «ОРТ» телеарнасында белгілі журналист Андрей Малахов жүргізетін «Пусть говорять» бағдарламасының – «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай…» немесе «Хабар» арнасындағы «Біз» бағдарламасы, «ОРТ»-дағы «Один в один» – «Хабардағы» «Жұлдыздар додасы», «Вечерний Ургант» – «Қазақстандағы» Қоянбаевтың «Түнгі студиясы»… Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
    Неге? Қазақ телевидениесі не себепті өзгенің идеясымен сусындап, хабарлар жасауға әуес? Тележурналистика саласындағы кадрлардың қарым-қабілеті ешкімді қайталамайтын ұлттық ток-шоулар жасауға жетпей ме? Әлде мұндай хабарларды игеріп әкететін техникалық мүмкіндік жоқ па? Бәрі бар. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан Қазақстандағы басты телеарналарға қаржылық, техникалық жағынан қыруар көмек көрсетілді. Қазіргі заманғы озық үлгідегі «Қазмедиа» орталығы жұмыс істейді. Телевидение кадрлары алдыңғы қатарлы елдерде тәжірибеден өтіп жүр. Былай қарасаң, бұл салада қалыптасқан кадрлар әлеуеті көгілдір экранға жаңа дүниелер енгізуге әбден жетіп тұрған сияқты. Бірақ олай болмай тұр.
    Себеп журналистердің шығармашылық ізденісінде… Осылай деп айтуға болар еді. Соңғы жылдары көгілдір экрандағы хабарлар мен бағдарламаларды тек әншілер мен артистер жүргізетін сырқат жаппай орын алып кетті. Республикамызға әбден белгілі болған, онсыз да экран бетінде ән салып, би билеп жататын артистер қауымы енді жаппай бір-бір хабардың тұтқасын ұстап шыға келді.
    Біз бұл жерде өнер адамдарының талантына, жеке басына, күн көріс жағдайына ешқандай дау айтпаймыз. Бірақ жылтырағанның бәрі алтын емес, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін мәтелді есте ұстауымыз керек. Жүргізуші артистеріміз телевидениенің өзіне тән заңдылықтарын ескере бермейді. Олар сахнадағы еркіндігін, зал толы көрерменді тапқырлығымен қарқ қылатын талантын талғамай әкеліп, көгілдір экранға тықпалайды. Соның салдарынан «жұлдыздар» жүргізетін бағдарламалар салмағы жоқ бос сөзге, арзан күлкіге құрылады. Белгілі бір залдағы немесе мәдениет үйіндегі саны шектеулі көрермен емес, экранның сыртында миллиондаған адам отыр ғой. Олардың обалы кімге?
    Ток-шоу бағдарламаларын ақпа­раттық танымдық, әлеумет тақыры­бындағы және көңіл көтеретін жеңіл ток-шоу деп бөліп қарайтын болсақ, белгілі бір халықтық мәселелерді сөз еткенде жүргізушілердің де, арнайы шақырылған адамдардың да біліктілігі төмен екені байқалып қалады. Көтеретін тақырып туралы арнайы зерттеулер жасалмайтыны көзге ұрып тұрады. Бұл біз жоғарыда айтқан ток-шоуға жауапты команданың әлсіздігі демеске амалың жоқ. 
    КТК арнасында «Бешбармақ» деген ток-шоу бар. Егер соған сай болса, осылай атайық. Жүргізушісі – әнші Нұрлан Абдуллин. Басқаны былай қойып, осы телебағдарламаның атының өзі көрерменнің қарсылығын туғызады. Шоудың бар көрінісі – асқан етті алдыға алып, кім жақсы пісірді, кімдікі дәмді екенін анықтау. Айнала отырған қонақтар бос, қысыр әңгіме айтады. Қайран қор болған эфир уақыты дейсің. Қазақта «Бешбармақ» деген сөз жоқ. Бірақ оны ұйымдастырушылар ток-шоуды тартымды ету үшін әдейі осылай аталған деуі мүмкін. Солай-ақ болсын. Бірақ хабар барысында тұщымды ештеңе айтылмайды. Тап бір көрерменге қазақтың ұлттық тағамын «бешбармақ» деп түсіндіруді мақсат еткендей.
    Сахна мәдениеті сияқты экран мәдениеті деген болады. Ток-шоулардың көпшілігінде осы жағы ескерілмейді. Жүргізушілер қалай болса, солай киінеді, өздерін қалай болса, солай ұстайды. Орынсыз қалжың, анайы сөздер де айтылып жатады.
    Қазақстанға белгілі әншілер Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова бірігіп жүргізетін «Той Веststar» ток-шоуын алайық. КТК-да жүрген бұл ток-шоу бір қарағанда телевидение талаптарына жауап беретін сияқты. Алайда екі әншіні көгілдір экраннан әбден көре-көре көздері талған көрермен оларды жүргізуші ретінде қабылдай алмады.
    Ток-шоу үшін жүргізуші үлкен рөл атқарады. Оның бет-әлпеті, дикциясы, өзін ұстай білу мәдениеті, шеберлігі, тапқырлығы хабардың қызықты да тартымды болуының кепілі. Жай ғана шай үстінде айтылатын әзіл-қалжыңмен алысқа ұзау қиын. Мұндай хабарлардың өмірі қысқа болады.
Андрей Малаховтың «Пусть говорятты» жүргізген кездегі тақырыпты ойнатып, қатысушыларды біртіндеп қатыстыра отырып, көрерменді еліктіріп, көтерілген мәселені түбіне дейін ақтарып, шырқау шегіне дейін жеткізе білетін біліктілігі біздің жүргізушілерде жетісе бермейді. Бірақ сирек те болса ізденістер бар.
    Бұл орайда «Қазақстан» телеар­насындағы «Айтуға оңайдың» жүргізушісі журналист Бейсен Құранбекті орынды айта кету керек. Бейсеннің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік үні, нағыз ұлттық болмысы анық көрініп тұрады. Күлетін жерінде көрерменмен бірге күліп, жабырқайтын жерінде бірге жабырқап, жан дүниесімен беріле, тартымды әңгіме жүргізеді. Дәл осы хабарды ұйымдастырушылардың көтерілген мәселеге байланысты керек адамдарды, мамандарды іздестіріп, табуға деген талпынысы, ұжымдық үлесі назар аударады.
    Осындай ізденісті «Қазақстан» телеарнасындағы «Алаң» ток шоуынан да байқауға болады. Бұл хабардың жүргізушісі әрі продюссері Нұрмұхамет Байғара лауазымды тұлғаларды шақыра отырып, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердегі кез келген проблемаларға байланысты ашық әңгіме жүргізіп жүр. Оның біліктілігі мен өзін аудиторияда ұстай білуі, сөз мәнері қонымды.
    Өкінішке қарай, мұндай мысалдар саусақпен санарлық. Кезінде жап-жақсы басталған «Хабар» арнасындағы «Біз» бағдарламасы қазір адамдарды қатар-қатар отырғызып қойып, сұхбат жүргізетін классикалық тікелей эфир хабарынан аумай қалған. Тек аудитория басқа…
    Жалпы, ток-шоуда сұхбаттың да, пікірталастың да, ойын түрлерінің де сипаттары болуы керек. Жүргізуші соның бәрін үйлестіріп, жүріс-тұрысы, дауыс ырғағы, тапқыр әзілі, тартымдылығы арқылы кәсіби біліктілік танытса ғана көздеген мақсатқа жетуге болады.
    Қазіргі телевидение талаптары бойынша әр телеарнада ток-шоу модераторлары болуы керек. Қазақстан арналарында мұндай лауазымда қанша адам, қай бағытта жұмыс істейтінін біз білмейміз. Бірақ мәселенің бәрі сол модераторлар арқылы шешіледі. Олардың кәсіби біліктілігіне бірінші кезекте маңыз берілуі тиіс.
    Ток-шоу тікелей эфир арқылы миллиондаған көрермен жинай алатын бағдарлама. Оның көрермендерге ықпалын сөзбен жеткізу қиын. Сондықтан да АҚШ, Ресей сияқты алпауыт елдерде мұндай бағдарламалар үшін қыруар қаржы бөлініп, ток-шоу алуан түрлі формада ұйымдастырылып жүр. Қазақстан жағдайын олармен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан әлемдік сипат алған ток-шоу еліміз телеарналарында көрініс табуда. Тек оны жай ғана эфир толтыру үшін емес, халыққа пайдасын тигізетін жаңа деңгейге көтеруге күш салу керек. Сол арқылы қазіргі интернетке сүйенген жедел ақпараттар заманында телевидение өз беделі мен орнын жоғалтпайды.

anatili.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 309 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 583 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика