THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қала балаларын былай қойғанның өзінде, ауылдағы балалардың өзі жылқының түр-түсін, ерекшеліктерін қаншалықты меңгерген?! Қазақы қасиетімізді жоғалтып, көптеген салт-дәстүріміз ұмытылып, әдет-ғұрыптан айрылып бара жатқан бүгінгі қоғамда кімге барып, «сен арғымақтың қасиетін білесің бе?» деп сауал қоя аламыз. Әлеуметтік желілердің бірінде этнограф-ғалым Бабақұмар Хинаяттың «Қазақ жылқыны қазір ең жоғарғы деңгейде ардақтайды деуге келмейді. Сенбесеңіз, жылқы тұқымы түгілі оның «племенная книга» деген [сипаттама жинағы] жоқ. Екінші, халқының тең жартысынан астамы қалада тұратын қазақтар жылқының түсін де, тісін де, әбзелін де білмейді. Әншейін құр кеуде, тамсану ғана. Ал, моңғолдарға қараңдар. Немесе мажарларға-венгрлерге қараңдар, ағылшын мен америкалықтарды айтпай-ақ қойдық. Қазақтың да көне тарихта орта ғасырда солай жылқыны ардақтағаны рас. Ол сол көшпелілердің бағы қайтқан дәуреннің еншісінде» деп жазуы тегін емес.
Біз бабаларымыз ардақтаған жылқының қасиетін ұмыттық, қадірін жоғалттық. Осыдан үш жыл бұрын «Алматыкітап» баспасы «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітапты жарыққа шығарған екен. Авторы – белгілі тарихшы Ахмет Тоқтабай. Тарихшы бұл еңбегіне 27 жылды жұмсаған екен. Ұзақ жылдар бойы көз майын сарп етіп, Қазақстанның көпшілік аймақтарын, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай елдерін аралап, қазақтың асыл текті жылқысына қатысты дүниелердің бәрін іздеп, зерттеп-зерделепті. Оның көп уақыты Мәскеу, Петербург, Орынбор, Омбы, Ташкент мұрағаттарында өтті. Жылқы мінезді қазақ оқырманы үшін бұл кітап таптырмас қазына. 700-ге жуық әдебиетті пайдаланып, күні-түні көз ілмей жазған «Қазақ жылқысының тарихы» еліміз үшін баға жетпес дүние. Бүгін біз оқырмандарымызға «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» жануардың қадірі мен қасиетін білдіргіміз келіп отыр.
***
...Адамзат тарихында адамның қолға үйреткен жануарларының ішінен жылқыдай жасампаздық рөл атқарғаны жоқ. Осы бір тамаша сұлу және күшті жануар алғашқы адамдардың негізгі серігі болып, тарихтың келесі белестерінде де ұмыт қалмай, басқа бір сапалық құндылықтарды иемденді. Жылқыны қолға үйретіп, кейін келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени тарихи көкжиегі айтарлықтай кеңейген еді. Үйретілген жылқының көмегімен адам бір теңізден бір теңізге дейінгі аралықтағы орасан үлкен құрлықтар мен кеңістіктерді игерді. Уақыт пен кеңістікті бағындырған ат өз кезегінде адам тарапынан құдайдай сыйланып, оған небір тамаша мифтер мен аңыз ертегілер арналған болатын. Араб аңызында айтылатын аңыз сөздер атқа арналған гимндей. Алла жылқыны жаратқанда оған былай депті: «Сенімен ешқандай жануар теңдесе алмайды, бүкіл жер жаһанның қазынасы сенің көз алдыңда жатады. Сен менің дұшпандарымды таптап, достарымды алып жүресің. Сенің арқаңнан маған арнап аят оқылады. Әлемде сенен бақытты ешкім болмайды және барлық жан-жануардың ішінен жоғары бағаланасың, себебі сен дүниені жаратушының махаббатына ие болғансың. Сен қанатсыз ұшасың, қылышсыз кесесің». Жалпы, Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны, оған дәлел жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі – Ботай қонысы. Ботайлықтар әлемдегі алғашқы жылқышылар, жылқыны қолға үйреткендер. «Жылқыны қолға үйрету, – деп көрсетеді Боффон, – адамның ақылы мен өнерінің жануардың түйсігінен асып түскен ұлы жеңісі». Аттың үстіне басқа халықтардан бұрын көтерілген ата-бабаларымыз басқалардан жоғары тұрды, айналасына зер салып бақылай білді.
***
Осыдан алты мың жылдай уақыт бұрын кіндігі қазақ жері болып саналатын, арғы тегі тарпаңдар мен кер-құландардан тараған қораш жылқылардан бүгінде көпке әйгілі қылқұйрық тұқымдары: ақалтекелер, ағылшынның таза қанды сәйгүліктері, мініс, жегіс аттары, ірі жүк жылқылары іріктеліп, сұрыпталып шықты.
***
Иллиада дастанында «скиф жылқының кісінеуін ең жақсы музыкадан жоғары қояды» Плутарх Херонейский (б.з. 46-127 ж.ж. ). Скиф патшасы Атей Македония патшасы Филиппке (Александр Македонскийдің әкесі) жазған хатында: «Сен адамдармен соғысуға үйретілген македондықтарға патшалық етесің, ал мен аштықпен, шөлмен күресуге үйренген скифтерге патшалық етемін» деп жазған. Бірде атын тазалап жатып Атей Филипптің елшілерінен: «Филипп осыны істей ме? – деп сұрайды. Тамаша флейта ойнаушы Исменияны тұтқынға алып, ол оған флейта ойнауды бұйырады, барлығы оның өнеріне таңғалады. Атей болса: «Флейтаға қарағанда, жылқының кісінеуін ерекше ықыласпен тыңдаймын», – деген екен.
***
Өмірі есектің дауысын естімеген скифтердің өздерінен гөрі, жылқыларына таңсық, тосын жағдай болады. Геродот: «...Скифтердің жері суық болғандықтан ешқандай есек пен қашыр болмаған. Сондықтан есектің бақырғаны скифтердің атты әскерін абыржытып тастады. Парсыларға қарсы шабуылға шыққанда есектің бақырғанын естіген скиф аттарының құлағын тігіп, қорыққандарынан артқа қарай қашатын себебі бұрын мұндай дауысты естімегендігі, мұндай жануарды көрмегендігі...».
***
Аристотельдің жазбасынан. «Скиф патшасының үнемі құлындайтын жақсы мама биесі болады, құлындарының бәрі жақсы жетіледі, құлынның біреуін айғыр қылып қоя беріп, бұдан жақсы құлын туар деген оймен енесіне салмақшы болады. Айғыр көнбейді. Биенің үстін жауып айғырды жібереді, айғыр шабады, шапқаннан соң биенің басын ашып көрсетеді. Енесін көрген айғыр шапқылай жөнеліп, жартастан құлап өледі».
***
Гиппаха – бие сүтінен жасалған скифтердің тағамы, кейде ашыған бие сүті деп те атайды, скифтер тағам ретінде пайдаланады, оны қою күйінде ішеді және жейді. Біздіңше, бұл сүзбе не құрт сияқты тағам болуы керек.
Ашыған бие сүті дегені – қазіргі тілмен айтсақ – қымыз, бие сүтін кептіріп, ірімшік құрт күйінде пайдалану сияқты технология болуы мүмкін. Біздің ойымызша, скифтер жеке бие сүтін ғана емес, сиырдың да, қойдың да сүтін пайдаланған. Днепродзержинскийден табылған пекторалда құлынын емізіп тұрған бие, бұзауын емізіп тұрған сиыр, ең бастысы, қой сауып отырған скиф бейнеленген. Қой сауудың әдісі қазіргі қазақ, т.б. халықтардікінен айнымайды. Сондықтан скифтер сиыр, қой сүтін кептіріп тағам жасауды білген, қой мен сиырдың құрты ондаған, жүздеген жылдарға шыдаған және дәмдік қасиетін жоғалтпаған. Әскери жорықтарда таптырмайтын жеңіл, бұзылмайтын жоғары құнарлы тамақ болған. Қазақ жауынгерлерінің, барымташыларының қанжығасында құрығанда 1-2 килограмдай құрт бірнеше күннен, бір аптаға жететін азық болған. Скифтердің жылқылары аласа, қойлары ірі болып келеді делінеді тарихи деректерде.
Климен Александрский скиф ашығып не шөлдеп бара жатса, астындағы атының тамырын қиып жіберіп қанын ішетін, сөйтіп аты көлік болумен қатар, тамақ та болады деп көрсетеді. Мұндай салт Шыңғысхан заманындағы моңғолдарда да болғаны белгілі. Скифтердің әскери өнерін сөз еткенде, ерте заман авторы олардың қаша жүріп ұрыс жүргізетінін, жауды ішке кіргізіп жіберіп, бетпе-бет соғыспай, тиісе қашып діңкесін құртатынын көрсетеді. Платон «диалогтарында» Сократ: «Ал осы скифтер қашып бара жатып соғысқанда қуып бара жатқаннан кем түспейді», – деген.
***
Кемерлер мен скифтердің әскері соғыс тарихында тұңғыш рет атты қосындардан құралды. Шығыс мемлекеттерінің әскерлерін бірінен кейін бірін талқандаған осы скиф атты әскерінің жойқын күші болатын. Кемерлер мен скифтер Батыс Азияға басып кіргенге дейін бұл елдердің әскери күшінің негізі қос доңғалақты арбалар болды да, атты шеріктер енді-енді ғана пайда бола бастаған. Скиф соғыстарынан кейін Батыс Азиядан қос доңғалақты арбалар жайындағы деректерді мүлдем кездестірмейміз.
***
«Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» атақты сәйгүлік – мемлекеттің аты – мемлекеттің меншігі ретінде Ғұн ордасында айрықша есепте тұрған. Дәл осындай сәйгүлік Мөденің әкесі Тұманның мың мильге талмай шаба алатын шаң тимес жүйрігі жөнінде аталып өтіледі. Тұманның бұл жүйрігі түркі моңғол эпостарындағы батырлардың жан серігі тұлпарларды және елдің, рудың, жүздің атағын шығарған бергі замандардағы әйгілі бәйге аттарын еске түсіреді. Ғұндардан бергі қазақтар да жылқыға қанша бай болғанымен мұндай жылқыларды ерекше қадірлеп, көздің қарашығындай сақтап, атақ, дәреже берген. Мысалы Есімханның Сарықұласы, Абылайдың Алшаңбозы, Қобыландының Тайбурылы, т.с.с.
***
Қытайдың армиясы 320 мың болғанда, жеңіспен қуып жүрген ғұндардың сайлауыт әскері 10 мың, яғни, бір түмендей әскер еді. Қытай әскерлері қорғанысқа өте қолайлы Петең жайлауын басып өтпекші болғанда, Мөде 300 мыңнан аса әскеріне бұйрық беріп, тіке шабуылдап, Қытай императоры Гао-диді жеті күн бойы қоршап, тыпыр еткізбейді. Қытай армиясы нағыз қақпанға түсті, не іштен не сырттан көмек ала алмады, азық-түліксіз қалды. Тарихи деректерде ғұндардың атты әскерлері – кілең ақбоз аттылар батыс бағытта сап түзеді, көк аттылар шығыс жақта, ал кілең қара аттылар солтүстік жақта сап түзесе, күрең торылар оңтүстікте тізіле сап түзеп тұрды. Аттың түр-түсіне орай әскер қосындарын жасақтау қазақ-қырғыз халықтарында бергі заманға дейін келді.
***
Аммиан Марцелиан ғұн жылқыларын ұсқынсыз, бірақ шыдамды десе, әулие Иероним ғұнның көтерем жылқылары деп, оны Рим аттарына қарсы қояды, бірақ ғұн жылқыларының екпінді жылдамдығын жоққа шығара алмайды. Ғұн жылқылары жайында анық, ең бастысы, маман ретінде әділетті жазған Рим мал дәрігері Вегеций. Вегеций мал емдеу туралы еңбегінде: «Шыдамдылығы мен төзімділігі, айрықша шаршамайтындығы, суық пен аштыққа мойымайтындығы тұрғысынан соғысқа ең керекті ғұн жылқысы»,– деп көрсетеді. Еңбектің маңызы сол – ғұн жылқысына сырттай қараған жай саяхатшының, жазушының жазбасы емес, әскери іс пен маман мал дәрігерінің тұжырымдамасы.
«Ғұн жылқылары үлкен орақбас, томаға көз, тар танау, қалың жақ, қайратты бұлан мойын, тізесінен төмен түсіп тұрған қалың жалы, жуан қабырғалы, қақпан бел, қалың құйрық, өте мықты жіліншікті, қысқа аяқты, қалың және үлкен тұяқты, кең құрсақты, негізінде денесі арса-арса сүйекті, құйрығы майсыз, бұлшық еттерінде ешқандай дөңес байқалмайды, тұрпаты биік емес, ұзынырақ, қарны жарау, сүйектері темірдей, арықтығының өзі әдемі көрінеді, ең жаман дегенінің өзінен әсемдік байқалады, байсалды, ақылды, жараны, мертіккенді жақсы көтеретін жануар».
***
Бойы биік, бәдені сұлу жылқыларды көшпенділер жоғары бағалады, мұндай жылқыларға тайпа көсемдері мен ру басыларының ғана қолы жеткен. Бұл жылқылар батырлардың, атақты жауынгерлердің меншігі болып қартайып өз ажалынан, болмаса иесі өліп, сонымен бірге о дүниеге мініп баратын болып сойылатын. Археологиялық қазбалардан табылып жатқан 15-18 жастағы ірі жылқылар ауқатты бай адамдардың ғана моласынан кезігеді. Түркі заманындағы Егіз Қойтас моласынан табылған мініс атының қаңқасы шоқтығына дейінгі биіктігі 144 см, басы үлкен болғанымен қубас, жеңіл, сөз жоқ салт мінуге арналған ірі жылқы екенін аңғартады.
Сонымен түркілерде бойы аса биік емес, басы үлкен, аяқтары қысқа, омыраулы, құйрық-жалы қалың дала жылқысымен қатар, таңдаулы, бойы биік, тұрпаты әдемі асыл тұқымды жылқылары да болған.
***
«Түркілермен ұзақ соғысқа ешкім шыдай алмайтын еді», – деп жазады түркі тарихшысы А.Озкиримли, – олардың шаршамайтын жылқылары ұрыста әрқашан тың, сергек қалпын сақтайтын, мұның өзі маңызды рол атқарды, соғысқа үйретілген түркі жылқылары өздігінен айла-амалдар жасап, иелеріне жеңісті қамтамасыз ететін. Әскердің бүкіл тактикасы жылқыға арналды».
***
Асыл тұқымды жылқылардың шығуы жөнінде әлем халықтарында алуан түрлі аңыздар кездеседі. Араб жылқысының жеті тұқымының шығуы жөніндегі аңызда: Сүлеймен арабтарға берген айғырды жындар қастандықпен теңізге тастап жібереді, жағаға жақындап шыққысы келген жануарды қайтадан итеріп түсіргенде, күш қуаты таусылған ол теңіз түбіне бата бастайды. Айғыр су түбіне кетіп бара жатқанда пайда болған толқын мен көбіктен жаралған жеті құлын өсе келе әкесінің барлық жақсы қасиеттерін алады, тіпті асып та кетеді. Сөйтіп жеті құлын арабтың көне таза қанды тұқымдарының атасы саналады, олар: Манаки, Эдреджи, Коэйлань, Сахлади, Джилфи, Трефи, Эдбань.
***
ХVIII ғасырдың аяғында Қорғалжын өңірінде өмір сүрген, 17 мың жылқы біткен Ақтайлақ байдың жылқыларының пайда болуы жөнінде әпсанада: «Теңіз көлінің жағасында түнде жусап жатқан Ақтайлақтың жылқысына іңірде көлдің ақкөбік толқынынан шыққан айғыр шабады, таң біліне көлге қайта батып ғайып болып кетеді. Ақтайлақтың сансыз жылқысы сол ақкөбік айғырдан өскен-мыс». Осыған ұқсас қазақ аңыздарын салыстыра қарап отырсаңыз, судан шыққан су айғырды арнайы терминмен – «суын» – деп атайтынына да куә боласыз. Суын – суы бар жерлердің бәрінде де жылқыға шауып, көп жылқы содан пайда болған-мыс. Негізінде араб және қазақ аңыздарының мәні бар: жылқылар суы мол, шөбі шүйде жерде өсіп-өніп, көбейіп жан-жаққа тарайды, сонымен бірге араб жылқысы да, қазақ жылқысы да табиғаттың төлтума тұқымы. «Араб жылқысы – табиғаттың төлі, ағылшын жылқысы – өнер төлі» деп баға бергенде, Карло Нобили ағылшын жылқысының қолдан шығарылған тұқым екенін ескертеді.
***
Атқұмар байлар мен батырлардың асыл арғымақтарды қолға түсіру үшін бүкіл Орта Азияны аралаған, қым-қиғаш оқиғалы өмірлерінен бірнеше серілік роман жазуға болар еді, ол жайында да толып жатқан фольклорлық материалдар да бар. Сарыарқаның бір серісінің айтқаны:
«Тәшкеннің арғымағын аралап ем,
Болса сұлу, арты пыштай.
Тәшкеннің арғымағын ат дейсің бе,
Тұлпар бар түрікменде ұшқан құстай».
1890-1892 жылдары орыс мал дәрігерлері Торғай облысының қазақ шаруашылықтарын зоотехникалық зерттеулерінде он төрт алтын түсті жылқыларды тіркеген. Алтын түс көбінесе түрікмен асыл тұқымды жылқыларында кездеседі. Әрине, қазақтың мыңдаған жылдық табындарында мұндай түстің табылуы теңізге тамған тамшыдай ғана, бірақ осы фактінің өзі қазақ шаруашылықтарында арғымақтың таңсық емес екенін көрсетеді. «Арғымақ – қазақтың кереметтей жақсы көретін бағалы жылқы тұқымы. Далада өткен небір тарихи оқиғалар осы арғымақтың атымен байланысты. Арғымаққа атақты қазақ жырауы Нысанбай ода арнаған»,– деп жазады «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» – деген мақаласында Я.Я.Полферов.
***
Қазанат – қазақы биелерге асыл тұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан. Мәлімет берушілердің айтуынша, қазанат алу үшін кез келген асыл тұқымды айғыр жарай береді. Қазанатты қазақтар басқа жылқылардан көбіне жақсы көреді. Оның жақсы қасиеттерін білетіні сонша, айғырын сұрамайды да. Себебі, қазақы биелер басқа тұқыммен қосылғанда, айғырының жақсы қасиеттерін алып, өзінің жақсы сапасын жоғалтпайды, – деп дәлелдей түседі В.Фирсов.
***
Қобыланды батыр жырында:
«Мінуге керек қазанат,
Беліңе керек шарболат», –
деген сөздер қазанаттың көне тұқым екеніне шүбә келтірмейді.
«Қарабайыр қазанат, қара жерде қалдырмас» атты халық мақалында қазанаттың айғыры қарабайырдан, Махамбеттің «Арғымақтан туған қазанат» – деп келетін өлең жолдарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Мұрағат деректерінде «Қазанат» – деп қазақтар арғымақтың тұқымын айтатыны хатталған. Ал, «Қазанат» терминінің шығуы әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қазан – ежелгі сақ, скиф замандарынан тоқшылықтың, құт-берекенің, күштіліктің, елдіктің белгісі болды. Көшпенділер қазанға табынды, қасиетті санады, ұлықтады. Қазандай күшті ат қазанның аттары деген сөздерден қазанат сөзі шығуы мүмкін.
***
Қазмойын – қазанаттың үшінші ұрпағы. Қазанат айғырларды қазақы биелермен будандастырудан пайда болған. Мойны қаздың мойнындай иілген, бойы биік, сирақты, қамыс құлақ, бота көз, түрікмен тұқымына жақындай, салт жүріске жарамды жылқылар «қазанаттан туған қазмойын» – деген Махамбеттің жырлары ойымызды сабақтай түседі. Қазмойын – жеке тұқымға жатпайды, Бөкей ордасынан шығарылған қазанаттың бір тармағы деп айтамыз.
Сауран тұқымы, сауран сойы деп аталатын жылқылар ХVII-ХIХ ғасырларда Кіші жүздің Бөкей ордасында тараған. М.Бажанов кіші жүз жылқылары Ел Сауран қаласы маңынан көшіп бара жатқанда көшке кеп қосылған белгілі бір айғырдан тарайтынын жазады. Айғыр арғымақ тұқымдас болғандықтан Бөкей ордасындағы әйгілі жүйріктердің көбі осы тұқымнан шыққан. Қазіргі қазақ тіліндегі Сауран сойы – әдемі сәйгүлік жылқы деген ұғымды білдіреді. Бөкей ордасындағы жылқы тұқымдарын асылдандыруға Жәңгір хан ерекше көңіл бөлді. Жәңгір хан бұрынғы қазақ хандары сияқты жылқы шаруашылығын бірінші орынға қойды. Ұзақ уақыт аумалы-төкпелі заманда (жоңғар соғысы, елдің қоныс аударып Еділ мен Жайықтың арасына келуі т.с.) жоғалып кеткен қазақтың бұрынғы тарихи жылқы тұқымдары: арғымақ, қазанат, қарабайырларды қалпына келтіруге тырысты. Ол үшін Орта Азиядан, Кавказдан, Ресейден асыл тұқымды айғырлар алдырып, тұқымдарын селекциялау шараларын жүргізді. Бұл іс жемісті болды. 1830 жылы Жәңгірдің Николай патшаның ұлына берген ақбоз желгіш қазақ тұқымды аты Петербургте мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Жәңгірдің тұсында Бөкей ордасында мал басы өсіп, 200 мыңнан 5 млн. ға жетті. Хан жылда ат бәйгесін өткізіп тұрды. Оған Ішкі Ресейден т.б. жерлерден ат мамандары, жылқы өсірушілер қатысты.
***
Бор – мәстек (қоныс аударушы орыс шаруаларының жылқылары) пен қазақ жылқысының буданы. Қазақ әлсіз денені, қорбиған жандарды әдетте «бор», «боркемік» тексіз, затсыз деп кемсітеді. Орыс зерттеушілері қазақтар өз жылқыларын мәстекпен шағылыстыруды қаламайтындықтарын жазады. Бор-мәстектер қазақ даласы мен Орынбордың шекаралық аудандарында кездескен.
***
Жабы – Қазақстанның көпшілік жерінде ұшырасқанымен негізінде оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шығыста шоғырланған. Парсылар ябы деп тұқымы тексіз, бірақ күшті, керуенде күш-көлік есебінде пайдаланылатын қораш жылқыларды атайды. Тәжікстандағы түркі тектес лоқайлықтар өз жылқыларын түрікмен жылқысынан айыру үшін – «йабы» дейді. Жабы түркі халықтарында көбінесе жүк көтергіш деген мағынаны білдіреді. Жабының жал-құйрығы қалың, денесі шымыр, тұрпаты шұбалаңқы, мойны мен аяқтары қысқа, тез ет алғыш, арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді жылқы. Қазақта кез келген асыл тұқымды жылқыны «арғымақ» деп, ұсқынсыз нашар жылқыларды, «жабы» деп екіге бөліп айту бар.
***
Берік – күшті, еті тығыз жылқылар. Бұл түрге жататын жылқылардың бітімі қораштау, семіз, еті нығыз, кебеже қарын, кең құрсақ, аяқтары жуан, жал-құйрығы қабалау, басы үлкен, мойны жуан болып келеді. Жылдам жүріске, шабысқа жарамсыз, бірақ жай жүріспен кез келген қашықтыққа мойымайды. Беріктің негізгі қасиеті – жемшөп талғамайды, қоңдылығын көпке дейін сақтайды, ауыр жұмыстарға шыдамды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Тағы бір қасиеті – үстінен неше айлап ер-тоқым түспеген беріктер демалуға бір жеті, он күнге қоя бергенде, бұрынғы күйіне қайта келіп, тез ет алады. Мінезі жуас болады. Беріктің өзі халық арасында әр түрлі айтылады: шобыр ат – мініспен қатар күш-көлікке жарамдылығын; тұғыр ат- таза мініске арналғандығын, мес ат – аш-тоқтығы білінбейтін жуан денелі, қарынды, сирақты, күші мығымдылығын, шабан ат – жүрісінің шабандылығын айтады. Беріктер – жұмыс аттары болғандықтан, қой жаюға, мал қайыруға, күш көлікке т.б. пайдаланылады. Күй талғамайтын берік, басқа тұқымның екі-үш жылқысы істейтін жұмысты жалғыз өзі істейтін. Қазақтар өз табындарында арнайы беріктердің тұқымын сақтап өсіріп, көбейтуге мүдделі болатын. Беріктің шыққан тұқымына орай, «сәбден берік», «шекті берік» т.б. атау қалыптасқан.
***
Жүрдек – күші мығым, берік пен бәйге аттарының арасындағы салт жүріске арналған аттар. Жүрдектігіне, бойының берікке қарағанда сұңғақтығына және денесінің сүмбідей жаратылысына қарап сұлу ат деп те атаған. Жүрісі көбінесе жайлы, желіс, заржеліс түрінде болады, сондықтан жастайынан желіске үйретеді. Жүрдек – қазақ жылқысының орасан үлкен қашықтықтарды салт атпен бағындыруға қолданылатын жылқы түрі. Жүрдек – мал ұрлаған барымташыларды қууға, алыс сапарларға шығуға, қиын-қыстау кезеңде бір жерден екінші жерге тез ауысуға т.б. пайдаланылады. Жүрдек әр тұқымда кездеседі. Сол себепті қазақтар «найман жүрдек», «адай жүрдек», «қазанат жүрдек» деп атайды.
***
Жүйрік – шабыс аттары. Еуропа елдерінде жылқының ең жақсысы деп күйме, тарантас, каретаға жегілетін желгіштерді бағаласа, қазақтар шабысқа бейім аттарды бірінші орынға қояды. Жүйріктердің тұрпаты, сырт пішіндері әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ қазақтар жылқының ұшқырлығын, әсіресе алысқа шабатын қасиетін жоғары бағалайды.
***
Аяңшыл – тек салт мінуге арналған, әдемі аяң жүрісі бар, адамға жүрісі жайлы аттар. Абай мұндай аттарды «аяңы тымақты алшы кигізгендей» деп мақтаған. Аяң – қазақ тұрмысында өте жиі қолданылатын, ауыл мен ауыл, ел мен ел арасына аяңдап барып, аяңдап келетін халықтың мінезі мен болмысына жарасымды жүріс. Атқа мініп тура шапқанды, қатты желдірткенді, желіп-шауып жүргенді, атты құр бекерге қинағанды қазақ әсте жақтырмаған. Аяң – өгіз аяң, жай аяң, жел аяң т.б болып бөлінеді.
***
Желгіш – жылқылар қазақ тұрмысында көп болмаған және қазақ көп пайдаланбаған жүріс. 1871 жылы қазақ жылқыларын түрге, топқа бөліп зерттеп жазған М.Бабажанов «желгіш» дегендерді мүлдем атамайды. Желгіш жылқылар қазақ жеріне ХIХ ғасырдың соңында, кейін Кеңес үкіметі кезінде көбейді.
Жорға – қазақтың бәйге аттарынан кейінгі жоғары бағалайтын, ерекше жақсы көретін тұқымы. Жорғаның жүрісі тегіс жерде адамға жайлы, білінбейді. Жорға жылқыда туа бітетін жүріс болғандықтан, қазақтар жорға тұқымын сақтап, тіпті қолдан да үйреткен...
Бұдан басқа қазір мүлдем ұмытылып қалған, әр мақсатқа қолданылуына орай жылқы топтары кездеседі. Мәлімет берушілерден алған ақпарлар бойынша «сай ат», «сәйгүлік» – елшілер мінетін, «ереуіл ат», – жорық аттары. «Ереуіл атқа ер салмай ...» деген Махамбеттің «ереуіл» сөзінің мағынасы жөнінде кезінде үлкен пікір-талас болғаны мәлім. Этнографиялық ақпарлар жазба, тарихи деректермен шендеспегендіктен бұл сөздерді әлі жан-жақты зерттеу қажет.
Қазақта асыл тұқымды жылқылардың, бәйге аттардың, жорғалардың тұқымдары ерекше сақталып, олардың шығу тегі, таралуы, қай құлын қайда берілгенін т.с.с. шежіре сияқты атадан балаға айтылып, ауызба-ауыз беріліп отырған. Арабтар жақсы аттың тегін қағазға жазып, былғарыға тігіп, мойнына іліп қойған, мұны «хюдже» деп атаған.
Кейбір тұқымдар мал иесінің атымен аталады. Жазба деректерінде 1840-1850 жылдары Көкшетау уезінде «Сәбден тұқымы», Қарқаралы уезінің – Мойнақ болысында «Ниязбек тұқымы» туралы мәліметтер кездеседі.
ТҮРКІСТАН