КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деп кезінде жылдам хат жеткізетін пошташылар қызметіне айтылса, бүгінде бұл сөз ғаламтор желісіне арналғандай. Еліміздегі, тіпті әлемдегі елеулі оқиғаларды әп-сәтте тарататын ғаламтор желісінің құдіретін айтпасқа болмас. Десе де, желі арқылы жылдам хабар  жеткізудің қаншалықты пайдасы болса, соншама зияны да бар. Бүгінгі күннің сәніне айналған әлеуметтік желіде тіл тазалығы мәселелері қаншалықты шешімін тауып жүр? Сөздік қорға бай, тілі орамды қазақ тіліміз заман ағымымен бірге лайланып бара жатқан жоқ па? Мақаламда осы мәселелер төңірегінде сөз қозғамақпын.

Әлеуметтік желілер арасында алдыңғы шепте тұрған – Whatsapp желісін қолданбайтын адам жоқ шығар. Одан кейін instagram, TikTok , Facebook кете береді... Жасыратыны жоқ,  заманауи деп танылған ғаламтор желісінің қазақ тілінің тазалығын сақтауға кері әсері көбейді. Жастардың әлеуметтік желідегі жазбаларында немесе бір-бірімен хат алмасқанда пайдаланатын түрлі жаргон сөздер сәнге айналып бара жатқандай. Айталық, «базар жоқ», «лақтырып кетті», «краш», «қораға кірді», «жынды екен», «сындырды», «кринж», «треш», «рофл», «токсик» деген сарындағы түсініксіз әрі мән-мағынасыз сөздерге жастар қауымы тым құмартып алған. Одан қалса «нестеватр», «туылған күн», «баллар» деп жазып сөздің қадірін кетіретіндер тағы бар. Осы ретте бүгінгі күні қызу пікірталас тудырып жүрген «туылған» күн сөзіне тоқталсам.

Көрнекті жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, ф.ғ.докторы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин «Туылған мен өлінген» атты мақаласында былай дейді: «Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауат­сыз­дық көрінісі. Арыдағы мың жыл­дық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соң­ғы екі ғасыр бойы… Абай… Шәкерім… Мұхтар Әуезов… Мысал келтіріп, дә­лелдеп жатудың өзі артық болар еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…». «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек…». «Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап…» «Мен 1897 жылы… Шыңғыстауда тудым». Қалыптасқан ауызекі тіліміз тұрыпты, арғы-бергі жазба нұсқалар­дың өзінен мың сан мысал келтіруге болады. Сөз білетін, жөн білетін ағайындар кейіс­пен, ренішпен жазып та жатты. «Туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар».

Ардақты ана тіліміздің абыройын айрандай төгіп, бай сөздік қорымыздағы сөздерді аздық ететін жас буын тілді шұбарландырып, орысша сөздер мен жаргондарды қосып сөйлеуді әдетке айналдырғалы қашан. Белгілі бір ортада ғана қолданылатын  жаргондар мен көше сөздері қазақ лексиконына еніп бара жатқан тәрізді. 

 Тағы бір айта кететіні, алғаш смартфондар пайда болып, қолданысқа енген кезде қазақ әріптері болмаған соң, кириллицаның икемін келтіріп жазып жүрдік. Бұл амалдың жоқтығынан болды. Алайда уақыт өте келе өз тіліміз, өз әріптеріміз сөйлесу құрылымына енгеннен кейін, ойымызды толыққанды жеткізуге және дұрыс жазуға қол жеткіздік. Десе де, жастар әлі қондырғыларына орнатуға асығар емес.

Ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезде жарық көрген кітаптар, баспа өнімдері, газет, журналдар редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер ететін. Әр сөздің грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды екенін айтпасақ да түсінікті. Әлеуметтік желілердегі жеке жазбаларға ешқандай редакторлық, корректорлық жұмыстар жасалмайды. Әр адам өзінің сөйлеу талғамына байланысты жаза береді. Содан болар, ауызекі сөйлеу тілінің элементтері болып табылатын жаргон, говорлар, варваризмдер жиі ұшырасады.

Ғаламтордағы тілбұзарлықтың алдын алу үшін не істеу керек? Қазақ тілінің мерейін арттырып, абыройын асқақтату үшін тіл тазалығын қалай сақтаймыз? Осы сұрақты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  профессоры, әлеуметтік лингвистикаға қатысты көптеген еңбектердің авторы Аман Абасиловқа қойып көрген едік.

«Иә, әлеуметтік желі адамдар арасындағы коммуникацияның жаңа түрін әкелді. Кез келген жаңа нәрсенің белгілі-белгісіз, түсінікті-түсініксіз жақтары, әсер ететін жақсы-жаман факторлары болады. Бұрын біз ауызекі сөйлеуде тілдік норманы көп бұзатынымызды онша елей бермейтін едік: айтылды, кетті. Енді сол ауызекі тіл әлеуметтік желіде жазбаға түскенде шошып кеттік. Оны бірден "тілбұзарлық", "шұбар тіл" деп байыбына бармай, әсер етуші факторын талдамай сынай бастадық. Енді соған тоқталып көрейік. Байыбына барсақ, ол аспаннан түскен жоқ, кенеттен пайда бола салмады ауызекі сөйлеуде бұрыннан бар еді. Қоғамына қарай адамы, адамына қарай тілі өзгеріп отырады. Сонау 11-ғасырдың өзінде М.Қашқари түркі тілдерін екіге бөліп: бірін "Шахарға барып-келіп тұратын адамы бар тайпаның  бұзылған тілі" десе, екіншісін "Шахарға барып-келіп тұратын адамы жоқ тайпаның таза тілі" деген екен. Біздің қазақ тілі сол тұста таза тілдің қатарында болған. Адамы араласқан тілдің өзі де араласады. Өзге тілден сөз кірмей тұрмайды, ол тоқтаусыз жүретін үдеріс. Бірақ тілдің өзіндік қорғаныштық жүйесі болады. Соның бірі - өзге тілден дыбыс алмау. Біз қазақ тілінің осы жүйесін бұзып алдық. "Өзге тілден, әсіресе орыс тілінен сөз алынса, оның түбір нұсқасы сақталсын" деген қағидатпен өзге тілдің сөзін сол қалпында өзгертпестен алдық. Сөйтіп тілімізге жат дыбыстар енді, оны алфавитке енгізіп, заңдастырып қойдық. Міне, тілбұзарлықты, шұбарлықты өзіміз саналы түрде жасап, тілдің қорғаныштық қабілетінің бірін тас-талқан еттік. Сондықтан біз алдымен тіл тазалығын тілдегі жат дыбыстардан арылтудан бастауымыз керек. Ол үшін тілдік реформа керек. Ол алфавит ауыстырудан басталады. Қазақ алфавиті қазақ дыбыстарынан ғана тұруы керек. Сонда өзге тілдің сөзін өз дыбысымызбен аламыз, ол өзіміздікі болады. Ал енді жастар тіліндегі жоргон, үнемделген/қысқарған сөз, кірме сөз, смайликтер т.б. өткінші құбылыстар. Оның да тіл дамына әсер ететін жақсы-жаман жақтары бар. Ол зерделеп-зерттесе  реттеуге көнеді, тіпті пайдасы болуы да ғажап емес. Кейде біз күнделікті сөйлеуде әдеби тіл нормасын бұза береміз. Ол неге бұзыла береді деп қарамаймыз. Адамдар сөйлеуінде ол бұзыла беретін болса, ол норма дұрыс емес шығар. Оның дұрыс сол бұзылған түрі ме екен. Міне, жастар тілінде көп бұзылатын нормаларға да ревизия жасау керек. Ағы мен қарасын айырған дұрыс. Тіл сырттай қарасаң, бір қалыптағы өлі нәрсе сияқты. Оған адамдардың сөйлеуі арқылы жан бітеді, қозалысқа түседі. Сондықтан тілді дамытушы - сөйлеуші. Демек, тілдік норма сол сөйлеуден бастау алып, жазуда қалыптануы керек», - деді. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика