КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

«Мемлекеттік тілге қатысты бес сауалды» Оңтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Көмекбаева Балхия Абдыманабқызына жолдаған болатынбыз. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

Сұхбат беруші жайында

 Көмекбаева Балхия Абдыманабқызы 1957 жылы 9 ақпан күні Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ.

1976 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, «Химия» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1979 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Химия» мамандығын; 2004 жылы Алматы экономикалық университетін бітіріп, экономист-қаржыгер мамандығын алған.

1996 жылы «Способы получения водорастворимых полиэлектролитов, их использование для регулирования дисперсных систем» тақырыбында диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атағын алды.

1979 жылы еңбек жолын оқытушы болып бастаған. 2010 жылдың шілде айынан бастап ОҚО Тілдерді дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарады.

«Ажар» Еуро Азиялық білім беру саласындағы әйелдер сыйлығының лауреаты.

«ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының» медалін, «Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының 10 жылдығы» медалін алған. (мәліметтер http://ontustik.gov.kz/view.php?id=8825 сілтемесінен алынды)

1. Мемлекеттік тілді дамытуға орталық бюджеттен Тіл комитеті арқылы және жергілікті бюджеттен Тіл басқармалары арқылы миллиондаған қаржы бөлінеді. Солар қайда жұмсалып жатыр? Нәтижесі қоғамда неге көрінбейді?

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінен қаржыландырылады. Тіл комитеті арқылы басқармаға қаржы бөлінбейді.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2 621 523 тұратын адамның 1 904 079-ы (72,6%) қазақ болса, 432 921-і (16,5%) өзбек, 133 765-і (5,1%) орыс, 31 915-і (1,2%) тәжік, 31 108-і (1,1%) әзірбайжан, 87 735-і (3,3%) басқа этностар.

Мемлекет басшысы 2011 жылғы Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80%-ға жеткізуді міндеттеді. Облыстық білім басқармасымен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің саны артып келеді. Балабақшалардағы балалардың 87 пайызы қазақ тілінде тәрбиеленеді. Мектептегі оқушылардың 78,4 пайызы қазақ тілінде білім алады.

Облыстағы тілдерді дамытуға бөлінген он үш миллион теңгеге жуық қаржының тиімді жұмсалуының нәтижесінде қазірдің өзінде облысымыздағы мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 87,7%-ды құрады. Өзге ұлт өкілдерінің 74,3%-ы мемлекеттік тілді меңгерген. Түрлі семинарлар өткізіп, әдістемелік құралдар, сөздіктер таратудың нәтижесінде аудандық, қалалық әкімдіктер мен жергілікті басқармаларда мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі 100 пайызға жетуі де көңіл қуантарлық жағдай. Мемлекеттік қызметшілердің 95,6%-ы мемлекеттік тілде ісқағаз жүргізе алады. Бұл – үлкен жетістік.

Басқарма мемлекеттік тілді Қазақстан халқын біріктіретін басты фактор ретінде қалыптастыру мақсатында жыл басынан бері 16 іс-шара ұйымдастырып өткізді. Олардың ішінде, жастардың арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тілдерді оқып-үйренуді насихаттау мақсатында 8 байқау, тілдерді оқытудың өзекті мәселелеріне байланысты 6 семинар, ономастика мәселелеріне байланысты ғылыми-практикалық конференция, облыстағы өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді қолдау форумы ұйымдастырылды.

Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай шешендік өнерді насихаттау, еліміздің тұрғындары арасынан сөз өнеріне жақын, тілге шешен, ділмар азаматтарды іздеп табу мақсатында республика деңгейінде үшінші рет «Кәнеки тілім, сөйлеші!» атты байқау өткізілді.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, үш мыңға жуық өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды насихаттау мақсатында тұңғыш рет облыстық «Мемлекеттік тілді қолдау» форумы өтті.

2001-2010 жылдар аралығында 3 ауданға, 5 ықшамауданға, 237 ауыл мен ауылдық округке, 295 білім және мәдениет мекемесіне жаңа атаулар берілді. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне облыс бойынша 1072 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 16039 геонимнің барлығы растайтын құжатымен енгізілді.

Ұлттық салт-дәстүрді, мемлекеттік тілді насихаттауға арналған төрт сериялы анимациялық мультфильм түсірілді. Тіл саясатын насихаттауға бағытталған Шымкент қаласының негізгі көшелеріне билбордтар ілінді. Тілдік ахуалға байланысты әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Салалық кітаптар әзірленді. Ономастикалық жұмысты жетілдіру бағытында ғылыми-деректік зерттеулер жүргізіліп, «Тәңірлік топонимдер», «Атамекен атаулары» атты тарихи-танымдық кітаптар шығарылды. 

2. Осыдан жиырма жыл бұрын жасалған мемлекеттік тілді дамытудың құқықтық базасы ескірді. Өйткені, қазір қоғамда ол заңдарды қабылдаған кездегіден демографиялық жағдай өзгерді, экономикалық-әлеуметтік жағдай да басқа. Осыған байланысты мемлекеттік тіл туралы жаңа заңның қабылдануына не кедергі?

Оңтүстік Қазақстан облысының Тілдерді дамыту басқармасы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңына, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев бекіткен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облысының 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына, Елбасының Жолдауларына, «Оңтүстік Қазақстан облысында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына» сәйкес жұмыс жүргізеді.

«Тіл туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін басқарма тарапынан көптеген ұсыныстар берілген. Меніңше, мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар мемлекеттік қызметке қабылданбауы керек. Мысалы, Ресейде Көші-қон полициясы арқылы жай жұмысшылардың өзі жұмысқа қабылданар кезде орыс тілінен сынақ тапсырады. Соған біз де келуіміз қажет. Тағы бір ұсынысым, мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде қазақ тілінен тапсырған ұпай саны есепке алынбайды. Мемлекеттік қызметке кірер алдында мемлекеттік тілден тест тапсырамыз, ол да жалпы ұпай санына қосылмайды. Мемлекеттік тілді оқып-үйренуге қажеттілік тудыруымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осы мәселелерге назар аударса деген ұсынысым бар.

3. Мемлекеттік тілді дамыту үшін құрылған ресми мекемелердің арасында (Тіл комитеті, Облыстық тіл басқармасы, Тіл білімі институты және т.б.) неге байланыс, ортақ бағдарлама, стратегиялық жоспарлар жоқ? Олардың жұмысын кім үйлестіреді?

Тіл комитеті Облыстық тілдерді дамыту басқармаларының жұмысын үйлестіреді. Облыстық басқармалар аудан, қалалардағы тілдерді дамыту жұмысын ұйымдастырады. Комитет пен басқармалардың арасында тығыз байланыс та, ортақ бағдарлама да бар. Облыстық басқармалардың стратегиялық жоспарлары Тіл комитетімен келісіліп, бекітіледі. Тіл комитетінің тапсырысымен дайындалған мемлекеттік тілді оқытуға арналған әдістемелік құралдар, түрлі сөздіктер облыстарға таратылады. Басқарма «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру барысында облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясымен, этномәдени орталықтармен тығыз байланыста жұмыс істейді, меморандум түзілген. Облыстағы 20 этномәдени орталық жанындағы 11 жексенбілік мектепте тыңдаушылар өз ана тілдерін оқиды. Неміс жексенбілік мектебінде қазақ тілін оқыту курсы ұйымдастырылған.

Облыстағы ОҚО ТД «Қазақтелеком» АҚ филиалы, «PetroKazakhstan Oil Prodakts» ЖШС сияқты ірі мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту курсы ұйымдастырылған.

4. Мәдениет министрлігі мен жергілікті әкімдіктерден бөлінетін қаржыдан бөлек іргелі зерттеулер жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі арқылы Тіл білімі институты және жоғары оқу орындарының қазақ тілі кафедрасына жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Олардың қайтарымы неге көрінбейді?

Білім және ғылым министрлігі арқылы Тіл білімі институты және жоғары оқу орындарының қазақ тілі кафедрасына бөлінетін қаржының қайда кеткенін зерттеу басқарманың құзырына кірмейді. Оны Білім және ғылым министрлігінен сұрағаныңыз жөн деп ойлаймын. Ал менің ойымша, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарында педагог мамандарды, әсіресе тіл пәнінен сабақ беретін мұғалімдер оқуын тек күндізгі оқу түрінде оқытып, сырттай оқытуды тоқтату қажет. Білім берудің сапасын арттыруға, жаңа инновациялық әдістемелерді ендіруге көптеп көңіл бөлу керек.

5. Мемлекеттік тіл мемлекет тарапынан құқықтық, қаржылық және насихаттау жағынан нақты қолдауға ие болуы керек. Тіліміздің тұғырға қонуына не кедергі, аталған үш тетіктің қайсысы толық нәтиже бермей отыр? Жалпы бізде жоспарланған тіл саясаты бар ма, оның орындалу механизмдері жолға қойылған ба? 

Басқарманың облыстағы үйлесімді тіл саясатын және үгіт-насихатты дұрыс жүргізуінің арқасында мемлекеттік тілдің қажеттілігі мен маңыздылығын ұғынған өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар мен мектептерге бере бастады. Облыста 2010 жылы 12 878 өзге ұлт өкілі қазақ мектептерінде білім алса, 2011 жылы 814-ке артып, 13 692-ге жетті.

Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өзіміздің қандастарымыз оң үлес қосуы керектігін айтып келемін. Елімізде 10 млн.-нан астам қазақ болатын болса және олар түгел тілді игерсе, байлықтың ең үлкені осы болар еді. Өзіміз, бәріміз игерсек, сөйлесек осындай орта пайда болатын болса, барлық мәселеміз шешіледі. Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуы тиіс», – деді. Олай болса, барша қазақстандықтарға мемлекеттік тілдің маңыздылығын, ауадай қажеттілігін жан-жақты насихаттауымыз қажет. Мысалы, XXX Жазғы Олимпиада ойындары барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты насихатталды. Осылайша, Олимпиада ойындарындағы әрбір жеңісіміз бүкіл қазақстандықтарды біріктірді. Біз де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік тілді жаңаша сипатта насихаттау жағын қолға алуымыз қажет.

Баршаңызды мемлекеттік тілді отбасында, балабақшада, білім мекемелерінде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, халыққа қызмет көрсету және барлық салада батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыруға, жалпы қоғамда мемлекеттік тілдің мерейлі мәртебесін үстем етуге, оны еліміздің ертеңі ретінде бағалап, дамытуға шақырамын.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз