КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Қазақ ғалымдарының білімін арттыру үшін бүкіл жағдайлар жасалған. Шетелге білім алуға жіберілген. Жақсы ғимараттар салынған. Мемлекеттен қолдау зор. Бірақ ғалымның мүмкіншіліктері шектелген, қанаты майрылған құс секілді.

Сондықтан бүгінгі таңда қазақ ғылымының өркендеуі үшін ғалымға “еркіндік”, “сенім”, “жағдай” қажет сияқты. Еркіндік үшін ғылым ордаларында Кеңестік кезеңде қалыптасқан және бүгінгі демократиялық тәуелсіз Қазақстанның ғалымдарына қолбайлау болып отырған қағазбастылықты азайту керек. Түрлі жазбалардан ғалымдар бас көтере алмайды. Ал солар дұрыс жазып жатыр ма, жоқ па, оны тексеріп, ректоратта тағы қанша адам жұмыс істеп жатыр десеңізші. Мұндай дүниелер Еуропада мүлде жоқ. Бұл Компартияның Кеңес Одағында ғалымдарды бақылау астында ұстаудың бір амалы еді.

Магистранттар мен докторанттарға да осы қағаз бюрократиясы кедергілік жасап отыр. Докторанттардың қорғау кезінде жинаған құжаттарының кейде жазған диссертациясының беттерінен көп болып кететіні бүгінде күлкілі әңгіме өзегіне айналған. Мұндай қағазбастылық дамыған ешбір елде жоқ. Сол елдердің Ph D жүйесіне өттік, бірақ жүйенің мазмұнын толықтай қабылдадық па? Осы сұраққа көңіл бөлу керек.

Ph D жүйесінде докторанттар мен магистранттарға қол байлау болып отырған ең үлкен кедергінің тағы бірі “импакт фактор” шарты. Әрине ондай журналда ғалымдарымыздың, әсіресе жастардың мақаласы шықса, еліміздің ғылымы үшін үлкен жетістік болар еді. Бірақ мұндай журналдардың саны әр елде аз болады, әсіресе әлеуметтік ғылымдар саласында. Мәселен, Түркияның өзінде мұндай үш-ақ журнал бар. Ал Қазақстанда мұндай бір де бір журнал жоқ. Мұндай аз сандағы құнды журналдарға әр ғалымның мақала шығарғысы келеді. Сол журналға мақала беру үшін жергілікті атақты ғалымдардың өзі кезекте тұрғанда, Қазақстандағы жас докторанттың мақаласына қалай кезек келсін. Бұл шартты жеңілдеткен дұрыс. Мәселен Түркияның жүйесінде бұл былай шешілген. «Импакт фактор» журналында шыққан мақаланың құны ұлттық журналда шыққан мақалаға қарағанда үш есе артық. Яғни сіздің «импакт факторда» шыққан бір мақалаңыз болса, бұл ұлттық журналдарда шыққан үш мақалаға тең келеді. Сонымен қатар «импакт фактор» емес, бірақ халықаралық журналда шыққан бір мақалаңыз болса, бұл ұлттық журналда шыққан екі мақалаға тең келеді.

Еркіндік үшін ғалымдардың жылдық сабақ сағаттарын азайту қажет. Көп сағат сабақ беруден ғалымдар жүйелі зерттеуге уақыт таба алмайды. 

Ғалымға сенім арту үшін, олар сабаққа келді ме, келмеді ме деп жабайы тексеру болмауы да керек. Сабақ берген кезде, ректораттан бір қызметкердің келіп есікті ашып қарап кетуі ғалымға деген үлкен сенімсіздік және құрметсіздік. Шетелдерде сабақ берген кезде дәрісхананың есігін жөн-жосықсыз ашуға болмайды. 

Ғалымды сынайтын да, тексерістен өткізетін де студенттер. Студенттер бір ғалым жақсы сабақ өтпеді немесе үнемі кешігіп келіп, уақытымызды зая кетірді деп, кафедра меңгерушісіне шағымданса дереу тексеру басталады.

Ғалымға сенім арту үшін ғалымның өткізген емтихандарына және қойған балдарына, сол арқылы студенттің оқуын бағалауына араласпау керек. Егер ғалым әділетсіз баға қойып жатса, оны даулайтын студенттің өзі. Сонда ғана ғалым студенттің емтихандарын қалай бағалағаны талқыға түседі. Сондықтан ғалымдар емтихан қағаздарын төрт жыл бойы сақтап отыруға тиіс. Төрт жылдан кейін студенттің шағым жасауына, сотқа беруіне болмайды.

Сөз реті келгенде, он жыл бұрын студенттердің оқуын бағалау жөніндегі еуропалық жүйені қабылдаған Түркияның жүйесі туралы айта кетейін. Сол жүйе бойынша, ғалымдар бір студенттің оқу жағдайын бағалауда, жазбаша немесе ауызша емтихан аламыз ба, әлде әрі жазбаша, әрі ауызша аламыз ба, сондай-ақ бір тоқсанда қанша рет емтихан аламыз, қай кезде аламыз, тіпті еш емтихан қабылдамай тек үй жұмысы арқылы бағалаймыз ба дегеннің барлығын ғалым өзі шешеді. Бірақ мұны тоқсанның алғашқы сабағында студенттерге нақтылап түсіндіріп беруге тиіс.

Ғалымға жетімсіз айлық тағайындауды доғару керек. 

Жалақысы аз мұғалімдер арасында, өкінішке қарай, студенттердің қалтасындағы ақшамен күн көруді әдетке айналдырғандар бар. Мұндай ғалымдар жақсы азамат тәрбиелей алмайды. Бұл елімізге үлкен қауіп. Парақор мұғалімдердің әділеттілік, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, адамға жанашырлық деген адами құндылықтар жөніндегі үгіт-насихаттарының ешбіреуі студентке әсерлі болмайды. Өзі парақорлыққа ұрынған ғалымның айтқандарының барлығы да студентке өтірік болып көрінеді де тұрады. Сондықтан мұғалімдердің жалақылары жоғары болуы тиіс. 

Қазір айлығы төмен ғалымның беделі студенттер арасында төмен. Сондықтан үздік студенттер арасында ғалым боламын деушілердің саны жоқтың қасы. Үздік студенттер ғалым болуға көңіл бөлмеген елде ғылым қалай дамиды?

Ғалымдарға университеттерде жеке бөлме беру керек. Түркияда университеттерде бүкіл ғалымдардың сабақтан кейін отыратын жеке бөлмелері бар. Бірақ мен Қазақстанда университеттерде кафедра меңгерушісінен өзге ғалымдарда жеке бөлмесі болғанын кездестірмедім. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан мемлекеті және қазақ ғылымы өркендеу үстінде. Бірақ қазақ ғылымының Қазақстан экономикасы мен халықаралық аренадағы беделімен бір деңгейде өспей артта қалып отырғаны назардан тыс қалмауы тиіс. Қазақстан үкіметі қазақ ғылымының көсегесін көгерту үшін қолдан келген барлық жағдай жасауға күш жұмсап отырғаны анық. Бірақ осы орайда тек адам факторына, яғни ғалымның өзіне инвестиция салу ескерусіз қалған сыңайлы. Бұл жасалмаған жағдайда өзге реформалардың барлығының нәтижесіз қалары хақ.

Түркістан 

тарих ғылымының докторы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика