КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында: «Қазір біз балаларымызға қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. «Үштілділік» мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады», - дей келе үштілділік мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтірмейтінін, керісінше, 2020 жылы мектеп бітіргендердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеріп шығатынын айтады. Алайда, біз биліктің бұл мақсатқа жету үдерісін практикалық тұрғыдан көре алмай отырмыз...
Білім және ғылым министрлігінің орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағатын қысқартуы елде үлкен шудың шығуына себеп болып отыр. Тіпті, мәжілісте бірнеше депутаттарымыз министрліктің бұл шешіміне тікелей қарсылық білдіріп, депутаттық сауал жолдап үлгерді. Жуық арада өткен «мемлекеттік тілді қолдау» акциясында да бұл мәселе төтесінен қойылып, министрліктің бұл істеп жатқаны орыс мектептеріндегі оқушылардың мемлекеттік тілді мүлде ысырып тастауына алып келіп соғатынын жаппай тіл жанашырлары айтуда. Парламент депутаты Розақұл Халмұрадовтың мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдауы да министрліктің бұл шешімінде мемлекеттік тілдің үлкен мәселесі тұрғандығын айғақтай алады.
Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов: «Елімізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден артық мектеп бар. Сарапшылардың айтуы бойынша, осы мектептерді бітірушілердің 7-10 пайызы ғана қазақ тілінде сөйлей алады. Білім және ғылым министрлігі бұл жағдайды түзеудің орнына, мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында қазақ тілі пәнінен тапсырған тест жауаптарының бағасын жалпы қорытынды балға есептемейді. Бұл оқушыларды мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырмайтынын министрліктегі лауазымды тұлғалардың түсінбейтініне қайран қаласың. Қазақ тілін үйретудің халық арасында кеңінен қамтылуы өзекті мәселе болып тұрған кезеңде Білім және ғылым министрлігінің мұндай қадамдарға баруын қалай түсінуге болады? Осындай асығыс шешім қабылдауға не түрткі болды? Егер министрлік қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясын, әдісін ойлап тапқан болса, оны іске асырып, оң нәтиже бергеннен кейін сағатты қысқартса болмас па еді?» – деген мәселені төтесінен көтеріп, мәжіліс залын шулатқаны бар. Расында, министрліктің қазақ тілі пәнін көбейтудің орнына істеп жатқан бұл әрекеттері адам түсініксіз. Нақты статистикаға жүгінбей, орыс тіліндегі мектептердегі мемлекеттік тілдің ахуалын біле тұра, мұндай қадамдарға бару, шын мәнінде, министрліктің мемлекеттік тілге жасаған келесі бір қастандығы болды.
Білім және ғылым министрлігіндегілердің ойына мықтап ұстап алғандары «ғылым ағылшын тілін білгенде ғана дамиды» деген қате қағида. Яғни, білім алып жатқан әрбір адамды ағылшынша сөйлету олар үшін басты мақсат болып, сол үшін кез келген әрекеттер мен шешімдер шығарудан таймауда. Қазақстан билігінің «үштұғырлы тіл» саясаты бойынша, қазақ тілінің сағаты қысқарып, орнын ағылшын тілі басқаны да дәл осы себептен екені ешкімге жасырын емес. Министрліктің бұл бастамасына тіл жанашырлары, депутаттар мен қоғам қайраткерлерінен бөлек, мектеп мұғалімдері және ата-аналар да жаппай қарсылық көрсетіп, өзінің ашық ойларын ортаға салып жатыр. Тіпті, баласы орыс мектебінде оқып жүрген орыстілді ата-аналардың өздері Білім және ғылым министрлігінің бұл әрекеттеріне қарсы. Олар мемлекеттік тілдің маңызын сезініп, орыс мектептерінде қазақ тілі пәні онсызда өз деңгейінде оқытылмайтынын, балаларының мемлекеттік тілді мүлде білмейтінін басты назарға алып, министрліктің бұл шешіміне сын көзбен қарап жатыр. Ұстаздардың мемлекеттік тілге селқостық танытуы және оқушыларға ешқандай талаптың қойылмауы, мемлекеттік тілге қажеттілік тудырмауы салдарынан балаларының мемлекеттік тілді білмей шығып жатқанын баспасөздерде жарыса жазуда.
Министрліктің орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін қысқартудың бірнеше себептері бар екенін министрлік өкілдері атап өтті. Атап айтқанда, орысша және басқа тілде оқытатын мектептерде ана тілінен гөрі мемлекеттік тілдің сағаты көбейіп, «баланс» бұзылыпты. Екіншіден, 2007 жылғы бұйрыққа байланысты қазақ тілі пәнінің сағаттар саны көбейтілгендіктен, оқушы компонентінде (факультативтік сабақтарға) сағат саны қалмай қалыпты. Бұл жағдай орыстілді және басқатілді мектептердің ренішін туғызған көрінеді. Одан бөлек, оқушылардың оқу жүктемесін азайтып, оқыту әдістемесін жетілдіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыру үшін еуропалық үлгіге сәйкес тілдерді сатылай оқыту әдістемесі енгізіліп жатыр. Қазақ тілі нақты пән болғандықтан, грамматика, теорияны оқытатындықтан, жақсы нәтиже шығара алмай жатқаны да өз алдына бір мәселе болып жатыр-мыс.
Қазақ тілі пәнінің қысқаруына алып келіп жатқан жоғарыдағы себептер көзі ашық кез келген адамның күлкісін келтіреді. Қазақ тілі пәнін көп оқыту баланстың бұзылғандығын айтады, шын мәнінде, орыс мектептеріндегі балансты сақтау үшін «бүкіл мемлекеттік балансты» бұзуымыз керек пе? Мемлекеттік тілді білмейтіндердің, сөйлемейтіндердің барлығы дерлік орыстілді мектептерден шығып жатқанын статистика бойынша да көрсетіп беруге болады. Елдегі болып жатқан тіларалық қақтығыстардың, лингвистикалық конфликтің себепкерлері де дәл осы орыс мектебін бітіргендердің кесірі. Ендеше, мемлекетіміздегі бұзылып жатқан бұл балансты кім сақтайды сонда? Елдің тыныштығы үшін, ұлтаралық баланстың сақталуы үшін орыс және өзгетілді мектептерде қазақ тілі сабағын көбейтіп, мемлекеттік тілді зорлап болсын үйрету керек екенін министрліктің түсінбейтініне таңым бар. Еліміз үшін ең бірінші «мемлекеттік баланстың сақталу» кепілдігі бірінші орында тұру керек емес пе?..
Білім және ғылым министрі қызметінен оқу жылының басында босап қалған Бақытжан Жұмағұлов, расында, үлкен дауды өршітіп, өзі жоқ болды. Ал, жаңадан тағайындалған министр Аслан Сәрінжіпов саясатта тәжірибесі жоқ болғандықтан, әлі күнге дейін нақты бір қадамға бара алмай отыр. Білім және ғылым минстрлігінің жаңа оқу бағдарламасына қарсылық білдіріп жатқан тіл жанашырлары мектептердегі қазақ тілінің сағат санын азайту мәселесін тілдер мерекесіне орай өткен митингте де көтерді. Әрине, митингтің басты мақсаты – дұрыс емес жүргізіліп отырған саясатқа наразылық іспеттес. Ендеше осыншама наразылыққа қарамай Білім және ғылым министрлігі бұл әрекеттерін тоқтатпаса, онда халықтың талап-тілегі, мемлекеттік тілдің мәртебесі билік үшін бір тыйын деген сөз.
Орыс мектептеріндегі қазақ тілін өркендету, дамыту мәселесі бұған дейін де көтеріліп, Білім және ғылым министрлігінің де басты назарында болатын. Дегенмен, соңғы жылдары «үштұғырлы тіл», «үштілділік» саясаты жиі насихатталып, министрліктің шешімін өзгерткені рас. Мәселен, қазақ тілі пәні қысқартылмай тұрған уақытта республикамыздың орыстілді мектептерінде 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін қазақ тілі 1600 сағатқа дейін оқытылып келіпті. Соның өзінде, орыс мектептеріндегі орыстілді оқушылар жылына 1600 сағат оқыса да, 160 сөз үйреніп шыға алмай жатқаны министрліктің назарында болуы керек еді. Әрине, әр сағатта қазақ тілінде үш сөзден үйренсе, 10-сыныпқа көшкенде 4800 сөз біледі екен. Лингвистика ғылымының дәлелдеуінше, кез келген тілде айтар ойыңды толық жеткізу үшін 3500 сөз жеткілікті көрінеді. Ал, орыс мектептеріндегі бұл олқылықтың орнын толтырудың орнына, Білім және ғылым министрлігі кері кетіп отыр. Мәселен, саясаттанушы Дос Көшім бір сұқбатында: «Мен өзім орыс сыныптарына сабақ беріп көргенмін. Жоғары оқу орнындағы орыс бөлімдеріне де сабақ беріп көрдім. Сонда оқу орнына алғаш келгенде олардың сөздік қорын тексеру үшін екі сағатты қазақ тіліндегі сөздерді жазып шығуға арнайтынмын. Сонда тоғыз жыл бойы қазақ тілі пәнін оқып келген балалардың сөздік қорындағы сөздің саны 35-40 сөзден аспайтын. Бұл – үлкен мәселе. Мемлекеттік тілге қажеттілік тудырмайынша, қазақ тілін үйренуге ешкім тырыспайды. Сондықтан қажеттілік тудыру керек. Екіншіден, мектеп бітірген балалар үшін ҰБТ-ға қазақ тілін міндетті пән ретінде енгізу керек және оның балы жалпы балдың ішіне кіргізілуі қажет. Қазіргі күнгідей қазақ мектебін бітіргендерге – орыс тілінен, орыс мектебін бітіргендерге қазақ тілінен тест тапсыртып, бірақ қорытындысында оның балын алып тастап есептеу – «баланың ойыны» секілді нәрсе. Бұл, керісінше, тілдің беделін төмен түсіріп тұр», - деп, орыс мектептеріндегі мемлекеттік тілдің мәселесін назарға алады. Тек Дос Көшім ғана емес, мемлекеттік тілдің жай-күйіне алаңдайтын кез келген есі дұрыс адам орыс мектептеріндегі бұл мәселелерді бұрыннан біледі. Осындай жағдайларды көре тұра Білім және ғылым министрлігі халықпен, жұртпен санаспайтындығын көрсетіп отыр.
Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні мәселелері онсыз да жететін еді. Бірнеше жылдан бері «қосалқы» пән деген аттан арыла алмай келуінің өзі орыстілді оқушылардың мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарауына алып келді. Мәселен, қазақ тілі әдістеме бірлестігінің жетекшісі Аманғайша Аязбаева: «ҰБТ кезінде орыс мектебін тәмамдаған түлектер орыс тілі, тарих, математика және физика, география сияқты өзі түспек мамандығына сай пәнді таңдайды. Бұлардың қатарына «қазақ тілі» де кіреді. Алайда, «резервтік» пән деп есептеліп, ҰБТ кезінде оқушының осы пәннен жинаған ұпайлары есептелмейді. Сайып келгенде қазақ тілі санда бар, санатта жоқ. Міне, осыны өзгерту керек. Қазақ тілі «қосалқы» пән деген атаудан арылса, яғни ҰБТ-дағы негізгі пәндердің қатарына қосылып, басқалармен бірдей сұралса, оқушылар да мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарамайтын болар еді. Мысалға, осыдан 15-20 жыл бұрын қазақ тілі еңбек, ән-күй сияқты «өтсе өтті, өтпесе қойды» дейтін қосалқы дәрежедегі пәндердің қатарында жүретін. Оқушылардың көпшілігі сабаққа келмейтін. Кабинетке қуып жүріп кіргізетінбіз. Сол заман келмеске кетті. Ендеше орыс түлектерінің бірыңғай тестілеуіне қазақ тілін негізгі пән ретінде кіргізудің де еш өрескелдігі жоқ деп білемін», – дейді, орыс мектептеріндегі мемлекеттік тілдің мәселесіне алаңдаған мұғалім. Расында, Білім және ғылым саласындағы осындай көзге көрініп тұрған олқылықтар түзеле алмай отыр. Ғылыми тұрғыдан алғанда, адам баласы кез келген нәрсені «қажеттілік» туғызу арқылы ғана үйрене алады. Ал, мемлекеттік тілге қажеттілік тумайынша, мәселеге пысқырып та қарамайтындардың саны көбейе түседі. Орыс мектептеріндегі дәл қазіргі жағдай осы айтылғандардың кебі.
Егер статистикамен сөйлейтін болсақ, елімізде таза орыс тілінде білім беретін 1470 мектеп бар. Бұл мектептерде жүз мыңдаған оқушылар оқитыны бегілі. Сонымен қатар, саны 2413-ке жететін аралас мектептерде де орысша оқитындардың саны ат төбеліндей. Егер болжамдап айтатын болсақ, елімізде орысша оқитындардың саны жарты миллионнан асып жығылады. Бұл аз көрсеткіш емес. Ендеше Білім және ғылым министрлігінің орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін қысқартуы осыншама халықтың мемлекеттік тілді білмей шығуына алып келеді. Мәселен, ҚР Білім беру ісінің үздігіЕрнар Мәсәлім: «Орыс сыныптарында қазақ тілі сағатының қысқаруын кез келген адам дұрыс емес деп айтады. Өйткені бұған дейінгі бес сағаттың өзі аздық ететін еді. Ал оны азайту дұрыс емес. Орыс сыныбындағы балалар қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Үйренген де жоқ. Аптасына бес сағат оқыса да, 11-сыныпты бітірген басқа ұлт балалары әліпті таяқ деп білмейді. Әлі күнге қазақ тілінде сөйлеуден тартыншақтайды. Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Бірінші, жан-жақтан ағылатын ақпараттың бәрі орыс тілінде. Яғни, ақпараттық экспансия басым. Екінші, білім саласындағы басты мәселе – әдістемелік жағынан кемшілік көп. Оқулықтың сапасы сын көтермейді. Мамандар жетіспейді. Үшінші, қазақ тілін оқытуда IT технологияларды көбірек пайдалану керек. Мәселенің бәрін кешенді түрде қолға алсақ та, шешілмей жатыр. Неге? Мәселен, қазақ-түрік лицейлерінде оқитын қазақ, орыс балалары алдымен түрік тілін біліп шығады. Өйткені, олардың әдістемесі, мамандары мықты. Және тілді жүйелі түрде оқытады. Бір айта кетерлігі, бізде қазақ тілін меңгеру үшін алдымен грамматиканы, содан кейін ғана сөйлеуді үйретеді. Күрделі тіл категориясын жаттатқызып, сөйлеуге мән бермейді. Соңғы жылдары енгізілген өзгерістің өзі ешқандай әдістемелік тұрғысына сай емес. Орыс тілі қазақ тіліне механикалық түрде аударылады. Ал, әлгіндей лицейде бірінші сөйлеуге, сосын грамматикаға басымдық береді. Ағылшын тілінде де солай. Сондықтан министрлік бұл мәселеге бақылауды күшейту керек. Меніңше, орыс сыныптарына тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ғана емес, басқа да гуманитарлық пәнді (тарихты, т.б.) оқытса деген ұсынысым бар. Сонда балалардың сөйлеуіне жақсы болар еді», -деп мемлекеттік тілді оқытудың өзектілігін көрсетеді. Расында, орыс мектептеріндегі орыстілді оқушыларды қазақ тілінде сөйлетпей жатып, қазақ тілінің граматикасын үйрету – орыс мектептеріндегі басты қателік. Ал, бұл мәселені назарына іліп алып, «қазақ тілін оқытудан нәтиже жоқ» деген сылтауды ұстанған Білім және ғылым министрлігі қазақ тілі пәнінің сағатын қысқартып отыр. Міне, мәселе қайдан туындап жатыр.
Жалпы, кез келген шешімді қабылдауда, стратегиялық әрекеттер жасауда президентіміздің тілімен айтқанда, «прагматизм» қажет. Яғни, әрекеттердің әрбірінде түпкі пайда тұруы керек. Білім және ғылым министрлігі орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін қысқартқандағы түпкі пайдасын неге халыққа түсіндіріп бере алмайды? Әрине, министрліктің бұл әрекеттерінде түпкі пайда, халыққа берер жемісі жоқ. «Мемлекеттік тіл» халықты біріктіруші фактор болып табылатындықтан, еліміздегі ұлтаралық қақтығыстарды, ішкі тыныштықты, келіспеушілікті дәл осы мемлекеттік тілде сөйлей алатын жалпы халық қана сақтай алады. Министрліктің тілімен айтқанда, ішкі балансты тұрақтандырады. Ал, әлгі дұрыс емес шешім әлден бүкіл халықты шулатып, министрлікке, билікке деген наразылықтарын тудырып отыр. Дәл осы қарқынмен кетсе болашақта орыс мектептері мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың қатарын көбейте түседі. Сол кезде қоғам тілдік жағдайға орай одан бетер бөлініп, тарамдалып, түсінбеушіліктер мен қақтығыстар көбейеді. Ал, бұдан кімге қандай пайда?.. Білім және ғылым министрлігі осы мақсатты көздеді ме?..

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз