THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз» деп ерекше атап өткен болатын. Елбасының осы сөзін негізге алсақ, бізге бүгінде қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде өз тұғырына қондыру жолында әлі де көп жұмыстар атқарып, талай маңызды істер атқаруымыз керектігі өзінен-өзі айқын болып отыр. Мұны айтып отырған себебім, былтыр Алматы қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы гимназияға «Тіл мерекесіне» орай шақырту алып, оқушылармен жүздесіп, олардың қойған сауалдарына жауап беріп қайтқан едік. Сол кездегі бір оқушының қойған сауалы әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Ол тіл мәселесін қозғай келіп: «Ағай, айтыңызшы, біздің министрлер, шенеуніктер, жоғары лауазымды адамдар неге мемлекеттік тілде сөйлемейді?» деген болатын.
Оқушының көкейінен шыққан бұл сауал көптен бері қалың жұртшылықты, әсіресе қазақтілді қоғамды ойландырып келе жатқаны сөзсіз. Өйткені мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының тілі мемлекеттік тіл бола тұра сол министрлеріміздің, шенеуніктеріміздің, жоғары лауазымды азаматтардың қажеттілігін тудырмай отырғаны қалай? Көпке топырақ шашуға болмас, бірақ күнделікті теледидар, радио бағдарламаларынан көріп, естіп отырғанымыздай, бүгінде алқалы жиындардың түгелі дерлік орыс тілінде өтіп жатқанын көретін болдық. Қазақ тілі әншейін кіріспе тіл ретінде қолданылып, оның үстіне «Ертең мені мемлекеттік тілді сөйлемеді деп айтпасын» дегендей, қазақша бір-екі сөзін айтып қалып, үйреншікті тілге көше қоятынын көріп жүрміз. Оны айтасыз, жоғары заң шығарушы Парламентіміз де бүгінде бірыңғай орыс тіліне көшіп алғандай әсер қалдырады. Олардың мәжілістеріне күнделікті қатысып жүрмесек те, жаңалықтардан ылғи орысша сөйлесіп, пікір алмасып отырғандарын көреміз. Баяндама жасаушылар да, оларға сауал қоюшы депутаттар да орысша шүлдірлеп, мемлекеттік тілді көпе-көрінеу елемеушілік, шеттетушілік байқатады. Тіпті халық қалаулыларының мемлекеттік тіл мәселесін күн тәртібіне қойып, мәселе көтермегелі қай уақыт екенін де ұмыта бастағандаймыз. Әйтпесе, мемлекеттік тіл саясатында алға тартар мәселелер аз ба еді? Әлде олар мемлекеттік тіл тақырыбын өздерінің сайлауалды тұғырнамаларына ғана арқау ететін болған ба? Осы жағын түсіне алмай далмыз. Кезінде мемлекеттік тілдің мәселесін жиі қозғап, орнықты пікірлерін білдіріп, қазақтілді қоғамның ризашылығына бөленген Оразкүл Асанғазы бастаған тіл жанашырларының Парламентіміздің жоғары мінберінен мемлекеттік тілдің мәселесін өткір көтеріп, сөз сөйлегендерін соңғы кездері естімейтін болдық. Соған қарағанда олар үшін мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстанда шешімін тауып қойған сияқты. Ал іс жүзінде бәрі керісінше.
Бәлкім кейбіреулер үшін мемлекеттік тіл тақырыбы әбден жауыр болған тәрізді көрінуі де ғажап емес. Ал қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесінде көргісі келетін, өз тілін сүйетін ұлт жанашыры үшін қазақ тілі қашан осы елде іс жүзінде нөмір бірінші тілге айналмайынша, жанын жай таптырмайтын мәселе болып қала бермек. Бұл «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дейтін мәселе емес.
Бүгінде Қазақ тілі өзінің аясын кеңейте алмай, көптеген кедергілерге тап болуда. Мұны мектептегі оқушыдан бастап, жоғары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бәрі байқап, біліп отыр. Кедергі деп отырғанымыз не нәрсе? Қазақ тілінің ойдағыдай қанат жаюына ең алдымен орыс тілі ырық берер емес. Оның үстіне қазіргі таңда үшінші тіл ретінде жаппай енгізіле бастаған ағылшын тілі де өкшелеп, тықсырып келеді. Тілдің жайын білетіндер айтады: «Бір қоғамда бірнеше тілдің қатар өмір сүруі мүмкін емес. Соңында бір ғана тіл жеңіске жетеді. Сол тіл үстемдік етеді» дейді. Негізі бұл қисынға келетін сөз. Өзіңіз ойлап қараңыз, біз үш тілді қатар пайдалана отырып, қалай қазақ тілін үстем етпекпіз? Қазақ тілі өзінің тұғырына қона алмай тұрғанда, оның жанынан орыс және ағылшын тілдерін қосып қою тілімізге өз қолымызбен жасап отырған қиянатымыз емес пе? Ағылшын тілінің ауылдағы Сәрсенбайға не қажеті бар? Сондықтан, ең алдымен мемлекеттік тілдің мәртебесін бір сәт ойдан шығармай, дәл қазіргі таңда, дәл осы кезеңде біз қоғам болып, ел болып мемлекеттік тілді қалай болғанда өмірге дендеп ендіртуіміз керек. Өйткені уақыт өтіп жатыр. Дәл осы кезде қолға алмасақ күні ертең кеш болып кетуі әбден мүмкін. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Ұрпақ ауысады. Буын алмасулар болады. Келетін жаңа ұрпаққа еліміздің барлық саласында мемлекеттік тіл дәрежесінің берік негізін қалап бермесек, оны ертең кім жасайды? Мұны айтып отырған себебіміз, бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тіл мүлде көрініс бермей отырған мекемелер жетерлік. Мақтаулы ұлттық компаниялардан бастап, кейбір министрліктердің, жеке фирмалар, тағы басқа кәсіпорындардың азаматтары күнделікті қызмет барысында қай тілде сөйлейтінін айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Кейінгі толқын қазақ жастарының арасында бүгінгі таңда өзара тек ағылшын тілінде ғана сөйлесіп жүргендерін қайтерсіз? Бұл да мемлекеттік тілдің саналы түрде шеттетілуіне алып баратын өте қатерлі құбылыс.
Қазақ тілінің үстемдігін орнату үшін, заң жүзінде де, іс жүзінде де мәртебесін биіктету үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауымыз керек деп айтып келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Бірақ оны еститін құлақ, елейтін көңіл болмай отыр. Қоғамымыздағы кейбір топтар мемлекеттік тілге қарсы жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады. Орыс баспасөзі мүлде мемлекеттік тіл туралы жақ ашпайды. Қалам сілтемейді. Сонда біз қай елде өмір сүріп отырмыз деген заңды сауал туындайды. Өз тілін сыйлата алмайтын, өз тілін құрметтете алмайтын біз сонда қандай елміз? Қандай мемлекетпіз? Ана тіліміздей қымбат болып кеткен қасиетті тәуелсіздігіміздің біз үшін қандай қиындықпен келгенін тарихтан жақсы білеміз. Жер үшін, ұлт үшін болған күрестердің бір парасы тіл үшін де болған күрес емес пе еді? Кешегі Алаш зиялыларының арман-аңсарын ұмытуға айналдық па? «Тіл ұлттың жаны» демеп пе еді олар? Ал сол ұлттың жаны болып отырған асылға біз қалай қарап отырмыз? Олар тіріліп келсе, ұяттан бетімізді басатын жағдайда отырмыз. Алаш зиялылары отаршыл Ресейдің тізесі аямай батып отырған кездің өзінде тіл үшін тынымсыз күрес жүргізіп кетті. Сол үшін атылды, жандары қиылды. Өйткені олар тіл сақталмай ұлт сақталмайтынын жақсы білді.
Ал қазір біз тәуелесіз елміз. Дербес мемлекетпіз. Бұрынғыдай Орталықтан басқарып, қысым көрсетіп отырған ешкім жоқ. Бірақ солай бола тұрса да, қазақ тілінің мәселесін шеше алмай келеміз. Орыс мектебіне барып көріңіз, бірауыз қазақша білмейтін оқушыны көресіз. Қайбір жылы орыс мектептеріндегі қазақ тілінің мәселесін жазбақ болып, зерттеу жүргізген едім. Сонда байқағаным, біздің елдегі орыс мектептері қазақ тілі пәнін пән деп қабылдамайды. Қазақ тілі пәніне екінші түк маңызы жоқ, елеусіз, әшейін уақыт өткізу үшін кіретін пән сияқты қарайды. Сол үшін де сабаққа дайындалмай келеді. Әріпті таяқ деп білмейді. Бірінші сыныптағы оқушы мен он бірінші сыныптағы оқушының қазақ тілін білу дәрежесінде анау айтқандай айырмашылығы білінбейді. Екеуі де ежіктеп оқиды. Екеуі де қазақ тілінде айтылған сөзді түсінбейді. Екеуіне де қазақ тілі мұғалімі жалынады: «Оқи қойшы» деп. Міне, біздегі орыс мектептерінің тіл мәселесіндегі жағдайы. Бұл мәселені алға тартып мектеп директорына кірсең: «Мы уделяем огромное внимание изучению государственного языка. Открываем для этого специальные кабинеты….» деп сайрай жөнеледі. Бірақ өздері де мемлекеттік тілді білмейді. Мектеп директоры мемлекеттік тілді білмеген мектептің оқушысы қазақ тілін үйреніп шығады дегенге сенудің өзі қиын.
Біздің елде орыс мектептерінің оқушыларының қазақ тілін оқытуда үлкен жеңілдіктер жасалады. Ешкім оларға тілді білуге міндеттісің деп қысым көрсетпейді. Оқып шықсаң болды, «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Ал қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінің мұғалімдері орыс тілін білмесең, бағасын төмендетіп, жазалайды. Ата-анасына хабарласып, ата-аналар комитетінің жиналысында күн тәртібіне қойып, талқылайды. Өйткені олар үшін орыс тілін білмеу ұят. Қазақ тілін білмесең, білмей-ақ қой, оған қарап, мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал орыс тілі… Орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың деген психология Кеңес Одағы кезінен бері әлі өзгерместен келе жатыр. Бұл ретте қарапайым мысалға сүйенейікші. Менің қолымда «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы шығарған 2014 жылға арналған қазақ мектептеріне арналған орыс тілі пәні бойынша сынақ тапсырмалары» бар. Дәл сондай сынақ тапсырмалары орыс мектептеріне арналған қазақ тілі пәнінен де бар. Мен асықпай отырып, екеуінің мазмұнымен танысып шықтым. Сондағы айтайын дегенім, екі пән бойынша берілген тапсырмалардың айырмашылығы жер мен көктей. Орыс мектебіне арналған қазақ тілі пәнінің сауалдары жеңіл құрылған. Ал қазақ мектебіне арналған орыс тілі пәнінің сауалдары кәдімгідей күрделі етіп жасалған. Мәселен, орыс оқушысына арналған жинақтан мынадай тапсырмаларды оқуыңызға болады: «Антоним сөздерді табыңыз», «Ақылшы, кеңесші» синонимдерінің орысша аудармасын анықтаңыз», «Сын есім нені білдіретінін белгілеңіз», «Жұмбақтың шешуін табыңыз», «Наурызда не тойланатынын көрсетіңіз», «Мақалдың жалғасын табыңыз», «Астана қаласынан 140 шақырым жердегі қорықты белгілеңіз» және т.б. Енді қазақ мектебіне арналған орыс тілі пәнінің тапсырмаларына назар аударалық: «Укажите синтаксическую роль прилагательной в сравнительной степени», «Существительное 3 склонения», «Укажите количество пропущенных запятых в предложении», «Придаточное изъяснительное отностится к глаголу со значением чувства», «Укажите невозвратное деепричастие», «Ряд с производными междометиями», «Сложносочиненное предложение без общего второстепенного члена» және т.б. Енді салыстырып көріңіз, екі жинақтағы тапсырмалардың деңгейін? Орыс тілі пәнін дұрыстап оқымасаң, бұл сауалдарға жауап бере алмайсың және емтиханнан өте алмайсың. Ал орыс мектебіне арналған қазақ тілі пәнінің тапсырмалары өте оңай етіп құрылғандықтан, әрине, орыс мектебінің оқушысы оны терең біліп шығуға талпынбайды да. Өйткені талап тым жеңіл. Тиісінше, мектеп бітірген кезде қазақша екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмайды. Тіпті «Мен қазақ тілін білуім керек. Мен осы елдің азаматымын ғой» деген ой олардың санасына кіріп те шықпайды. Тіл деген идеологияға ғой. Ол жалғыз мектеп арқылы ғана емес, бұқаралық сипат алып, адамдардың ой-санасына орнап, көкейіне қонақтауы керек. Мәселен, сіз шетелге тұрақты түрде өмір сүруге көшіп баратын болсаңыз, өзіңізден өзіңіз жанталасып сол елдің тілін үйрене бастайсыз. Біреу үшін емес, алдымен өзіңіз үшін. Өйткені онсыз өмір сүре алмайсыз. Дүкеннен азық-түлік сатып ала алмайсыз. Асханасына кіріп тамақтана алмайсыз. Әлемнің барлық елдерінде солай. Мемлекеттік тіл ерекше қадірленеді, әспеттеледі. Тек бізде ғана емес…өкінішке орай.
Біз тәуелсіздік алғанымызға жиырма төрт жыл болды әлі де тіл саясатында көңілжықпастық психологиядан арыла алмай келеміз. «Ертең үйренеді. Ертең сөйлейді» деп барлық үмітімізді ертеңгі күнмен байланыстырамыз. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ. «Қазақстанда өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жақсы үйреніп келеді» дейміз. Бірақ солардың көбі шын қалауымен, шын жүректен үйреніп жүр ме екен? Мұны айтып отырған себебім, бірде редакциямызға Қостанай облысындағы өкіліміз, белгілі журналист Оразалы Жақсанов келген еді. Ол кісімен әңгімелесіп отырып, Қостанай өңіріндегі тіл мәселесін әңгімеге арқау еттік. Ораз ағамыз бұған дейін Қостанайдағы өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді үйреніп жатқанына қуанып, солар туралы бірнеше мақалалар жазған еді. «Сол азаматтар қазір қайда, қазақ тілінде сөйлеп жүр ме?» дегенімізде: «Менің байқағаным, кейбіреулері қазақ тілін жақсы қызметке тұрып алу үшін ғана үйренеді екен, одан кейін қазақ тілінде сөйлеуді мүлде доғарады» деген болатын. Мұндайды көзбояушылық демеске лажымыз жоқ.
Осындай мәселелерді ойлана келгенде, біз өз елімізде мемлекеттік тілді білуді міндеттеуіміз керек. Мемлекеттік тілімізді өркендетудің бұдан өзге жолы жоқ. Міндеттемесек, нәтиже болмайды. Ісімізден береке шықпайды. Тіл бағдарламаларын жүзеге асыруға кеткен ақшада қайыр болмайды. Әлі талай миллиондар желге ұшады. Шіркін, Балтық елдерінің тіл саясатына сүйсінесің. Өйткені олар мемлекеттік тіл мәселесін бір жақты етіп алды. Тілді қор етуге жол бергізбейтін Тіл инспекциясын құрып алды (бізде бұл мәселе «жабулы қазан жабулы күйінде» келеді). «Мемлекеттік тіл» туралы заң қабылдап, өмірге ендіріп жіберді. Сол заңмен танысып отырсаң «мемлекеттік тілді білу міндет» деген сөйлемдерден көз тұнады. Латыштардың қабылдаған Заңының бір-екі ғана бабын оқып көрейікші: Закон ЛР от 21.12.1999 «Закон о государственном языке». Статья 5. «Любой другой применяемый в Латвийской Республике язык, за исключением ливского языка, в понимании настоящего Закона считается иностранным языком (астын сызған біз)». Статья 6. (1) Работники государственных учреждений и учреждений самоуправлений, судебных и принадлежащих к судебной системе учреждений, государственных предприятий и предприятий самоуправлений, а также тех предпринимательских обществ, в которых большая доля капитала принадлежит государству или самоуправлению, должны владеть (астын сызған біз) государственным языком и применять его в таком объеме, который необходим для выполнения их профессиональных и должностных обязанностей».
Латвия елінде бір ғана латыштар тұрады деп кім айтты? Өзге де ұлттар тұрады. Өзге де ұлттар өмір сүреді. Бірақ олар өз тілдерінің болашағы үшін ешкімнің көңіліне қарап отырған жоқ. Өйткені мемлекетті сақтап қалудың басты жолы ол мемлекеттік тіл екенін жақсы түсінді. Ал біз тәуелсіздігімізді сақтап қалуды көп айтамыз, бірақ оны сақтаудың басты жолы мемлекеттік тілді сақтау екенін тілге тиек етпейміз? Неге?
Мемлекеттік тілін сақтап, өркендетуге көршілес жатқан Ресей елі де үлкен көңіл бөліп отыр. Бір қарағанда, біз «олардың өз елі тұрмақ, орыс тілі сырт елдерде де сөйленіп жүр ғой. Мұнда қандай мәселе болуы мүмкін?» деуіміз мүмкін. Бірақ олай емес. Ресей билігі орыс тілін күшейтуге бүгінгі таңда қатты мән беріп отыр. Естеріңізде болса, былтыр Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары: «С 1 января 2015 года в России иностранные граждане, желающих получить разрешение на временное проживание или работу в РФ, обязаны (астын сызған біз) подтвердить свое знание русского языка, истории и основ российского законодательства. Центры тестирования для иностранных граждан и курсы подготовки к сдаче экзамена начнут работать в нашей стране уже с сентября. Эта инициатива направлена на скорейшую адаптацию мигрантов на территории России, так как при подготовке к экзамену, по замыслу законодателей, мигранты получат необходимые им знания по основам языка, права, истории и культуры. Центры тестирования для иностранных граждан и курсы подготовки к сдаче экзамена будут работать как в России, так и за рубежом, сообщают представители Министерства образования и науки» (Анна Курская, РИА Новости) деп жарыса жазды. Демек, ендігі таңда Ресей еліне барған еңбек мигранттары орыс тілін біліп, Ресей елінің тарихын, заңдарының негізін білуі тиіс. Ал Қазақстанға келіп, еңбек етіп жүрген еңбек мигранттарына біз неге осындай талап қоймаймыз? Біз мемлекеттік тілді білуді барлығына міндеттеуіміз керек. Ол мемлекеттік қызметші бола ма, депутат бола ма, министр бола ма, елшілер бола ма… барлығы мемлекеттік тілді білуі керек. Білуді міндет етіп қоюымыз керек. Тиісті Заңға мемлекеттік қызметшінің қызметке қабылданар кезде ауызша, жазбаша емтихан тапсыруын міндеттеу, қазақ тілінен диктант алу туралы бап енгізуіміз керек. Елбасының өзі Президенттік сайлауда қазақ тілінен арнайы комиссияның алдында емтихан тапсырғанда, қарапайым мемлекеттік қызметші неліктен қазақ тілінен емтихан тапсырмауы тиіс? Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі міндет етілмейінше, мемлекеттік тілдің мәселесі өз орнынан бір мысқал да жылжымайтынын түсінетін кез келді.
Бір қызығы, біздің елдің министрлері, жоғары лауазымды шенеуніктері Елбасының қабылдауында болғанда Мемлекет басшысы оларға қазақ тілінде сөйлесе, олар керісінше орысша сайрай жөнеледі. Бұл қалай? Бұл да мемлекеттік тілді сыйламаушылық емес пе? Елбасының қабылдауында отырып, қазақша сөйлемеген адам өзге жерде қазақша сөйлейді дегенге қалай сенеміз? Шетелге шыққан қазақ делегаттарынан да біз барған елде қазақ тілінде сөйлеуін міндеттеуіміз керек.
Естеріңізде болса, 2012 жылы Сенат қабырғасында: «Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша» заң жобасының таныстырылымы өтіп, аталған заңның негізгі баптарын Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов таныстырған еді. Сонда сенатор Болат Жылқышиев: «Мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек» деп мәселе көтерген болатын. Алайда сенатордың бұл орынды ұсынысын сол кездегі мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов неден састы (?), қолдамады. Міне, біздің елде мемлекеттік тіл саясатын ілгерілетуге бағытталған маңызды ұсыныстар осылайша қабылданбай, шеттетіліп қалып жатады. Бәйменов мырза сол кезде бұл мәселені бұлтаққа салып, Б.Жылқышиевтың сауалына орай қазақ тілінің халі әлдеқайда жақсарғанын айтумен ғана шектелді. Бірақ қазақ тілінің жағдайы жақсарғанына үлкендер түгілі оқушының өзі сенбейді.
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылы қазақстандықтардың 95 пайыздан астамы қазақ тілін білуі тиіс» екені тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Есептеп қарасақ, 2025 жылға дейін небәрі 10 жыл уақыт қалып отыр. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы бүгінгідей мардымсыз қадамдармен біз енді он жылда қазақстандықтардың 95 пайызын қазақ тілінде сөйлете аламыз ба, жоқ па? деген мәселе ашық күйінде қалып отыр. Қазақ тілінің мәселесінде етек-жеңімізді жинап, тезірек қамданып, заңдарымызды қатайтып, талапты күшейтпесек, жалпақшешейлік пен жалтақтық жалғаса берсе, Мемлекет басшысы қойып отырған межеге жете алмай қалуымыз әбден мүмкін.
anatili.kz