КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бірнеше жылдан бері «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы іске асырушы жоба – голливудтық блокбастерлерді қазақша сөйлету ұлттық руханиятқа ұпай әкелетін өте игілікті іс ретінде бағалануда. 
Осы жоба аясында қазақ тілінде дубляждалған 11-і фильм күні кеше Астанада көрермендер назарына ұсынылды. 
«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» голливудтық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынба­сары Бауыржан Байбек, «Болашақ» қауымдастығының төрағасы Қуандық Бишімбаев және дубляжды жүзеге асырған шығар­машылық топ, жобаға қаржылай қолдау білдірген «KASSA NOVA» банкінің өкілдері мен көрермендер қатысты.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен өмірге 2011 жылы жолдама алған бұл жобаны «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы осы уақытқа дейін табысты іске асырып келеді. Мақсатымыз – әрбір патриот қазақстандыққа керек мемлекет тілін дамытуға құр сөзбен емес, нақты іспен, көзбен көретін, қолмен ұстайтын, яғни «кәдеге жарайтын» жұмыспен атсалысу, – деді тұсаукесерде сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, жобаның бастамашысы Бауыржан Байбек. 
Осы жобаның арқасында бүгінде ана тіліміз дүниежүзілік киноның алып өндірісі саналатын Голливуд фильмдерінің алдын ала көрсетілімі жасалатын санаулы тілдің біріне айналды. Жалпы, көрермендердің, соның ішінде әсіресе, жастардың тарапынан бұл туындыларға деген сұраныс күннен-күнге өсу үстінде. 
Тұсаукесер рәсіміне жиналған шығармашылық өкілдері, танымал өнер жұлдыздары жобаның қазақ тілін насихаттауға, үйретуге нақты үлес болып қосылып отыр­ғанын айтады. «Жалаң ұранмен, жартыкеш жобамен іс бітпейді. Нұротандықтар елдің арманын, Елбасы бастамасын нақты әрекетпен іске асыру арқылы, жалпы қоғамға өнеге көрсетіп отыр» деді өнерсүйер жұртшылық.

– «Нұр Отан» партиясының мұндағы басты мақсаты – заманауи технологияларды, тәсілдерді, голливудтық фильмдердің танымалдығын пайдалана отырып, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту, жастар мен балдырғандар арасында өз тілімізде кино көру дәстүрін қалыптастыру. Отанымыздың кинодубляждау индустриясының дамуына үлес қосу, кинотеатрларды, интернеттегі бейнехостингтерді қазақша сөйлету. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, осы киноларда насихатталатын ізгілік, туған елге, жерге деген махаббат, айнымас дос бола білу, жамандыққа қарсы тұра білу идеяларын жас ұрпақ санасына мейлінше сіңіру. Қазіргі кинематография әлеуетін ұтымды пайдалану. Сол арқылы партия доктринасындағы құндылықтарды іске асыру, яғни саналы, жауапты ұрпақ тәрбиелеу, еліміздің халықаралық аренада ілгерілеуіне, «Мәңгілік ел» идеясының іске асуына атсалысуды басты мақсат етеміз» дейді партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Талантты жас режиссер Тимур Балымбетовтің жетекшілігімен қазақ тіліне дубляждалған «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» – 250 миллион доллар жұмсалған ең қымбат картиналардың үздік ондығына кіретін фильм. Әлемдік тұсаукесері 13 сәуір күні голливудтық DolbyTheatre-да өткен. Ол әлемнің 19 тіліне аударылыпты. 20-шы болып қазақ тілінде сөйледі. 
Фильмнің басты кейіпкерлеріне қазақстандық талантты актерлар өз дауыстарын сыйлады. Атап айтқанда, Жасұлан Байсалбеков – Альтрон, Бейбіт Камаранов – Тор, Ержан Жарылқасынов – Тони Старк немесе Темір адам, Ерғали Төлебаев – Америка капитаны, Бақытжан Жармұхамбетов – Қыран көз, Самат Қордабаев – Халкты дыбыстады. «Кек алушылар» туралы экшн-скивел жұлдызы, үздік әйел рөлі үшін қатарынан 5 сыйлықты жеңіп алған Скарлетт Йоханссонды қазақ тілінде «Super Star KZ» шоуының финалисі, атақты әнші Мақпал Исабекова сөйлетті. 

– Мен дубляж бойынша жобаға тұңғыш рет 2012 жылы қатыстым. «Батыл жүрек» мультфильмінің басты кейіпкері менің дауысыммен ән салды. Осыдан кейін сүйікті кейіпкерлерімді дыбыстау туралы ой мені жиі мазалай бастады. Енді міне, арманым орындалды. Жаңа, ең атақты және жұрт күткен Marvel блокбастерінде менің сүйікті актрисам Скарлетт Йохансон менің дауысыммен сөйледі, – дейді М. Исабекова.
Дубляждауға аталмыш жобаға тұрақты қатысып келе жатқан Бағанашыл кенті №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері де атсалысты. 
Киноиндустриядағы қазақ тілінің тынысын кеңейткен жаңа фильм кешеден бастап Қазақстандағы барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Бұл қадам жас буынның мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысын арттыратынына сенім мол.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз