КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Түркі тілдері агглютинативті тілдер қатарына жататындықтан олардың дыбыстық жүйесінде дауыстылардың алатын орны ерекше.

Қазіргі түркі тілдеріндегі дауысты дыбыстар жүйесі сегіз не тоғыз дауысты дыбысқа дейін жіктеледі. Олар артикуляциялық белгілеріне қарай айқындалады (a,ä,e,o,ö,ï,i,u,ü); бірінші, екінші дәрежелі созылыңқы дауыстылар қолданылады; дауысты дыбыстар ашық-қысаң, жуан-жіңішке, еріндік-езулік фонемаларға жұптаса отырып бөлінеді [1,369]. Бұл дыбыстар жүйесі бірнеше негізгі параметр бойынша жіктеледі:

Үндестік заңы -  сөз ішіндегі дауысты дыбыстардың біркелкі жуан немесе жіңішке болып келуі. Бұл заң көне түркі тілінен бастап қазіргі түркі тілдерінің көбінде сақталған (қазақ, қырғыз, түрік, тува, хакас және т.б.тілдерде).

Ерін үндестігі – кейбір түркі тілдерінде (қазақ, қырғыз, татар, башқұрт) сөздің алғашқы буынында еріндік дауысты (о, ө, ұ, ү) келсе, келесі буындарда да еріндік дауысты дыбыстардың қолданылу тенденциясы бар (мысалы, қазақ тіліндегі көмір, бүркіт, көгершін сөздері).

Қысқа және созылыңқы дауыстылар – кейбір түркі тілдерінде дауысты дыбыстардың соқылыңқы нұсқалары кездеседі (хакас, якут, тува тілдерінде), бұл оларда мағыналық айырмашалық тудыра алады.

Түркі тілдеріндегі дауыстылар үндестігін зерттеген В.В.Радлов, дыбыстық өзгерістердің тарихи дамуына тоқталып, лексема құрамындағы дыбыстар өзгерісін сол тұлғасымен бірге сөз мағынасына, кірігу құбылыстарының орнығуына, жаңа формалардың пайда болуына ықпал ететіндігін жазады: «Кроме строго соблюдения закона гармонии гласных ..., происходят ... еще и другие фонетические изменения в ауслауте корней и ауслауте аффиксов, которые могут быть истолкованы как средство связи между «предметом-формой», в силу чего образуется своего роды гипераглютинация, ощущение членимости утрачивается, и в результате сплавления корня с аффиксом возникает не членимое новообразование» [1,372].

Қазақ тіліндегі дыбыстарды бөлу, оларға қатысты сипаттама жасау А.Байтұрсынұлының зерттеу еңбекетрінен бастау алады. Осы жөнінде А.Салқынбай мен Н.Сайбекованың [2] мақаласында: «1927 жылы жарияланған «Жаңа мектеп» журналының №2 санында жарияланған Елдестің «Қазақ дыбыстары» деген мақаласына байланысты Қызылорда, 28.04.1927 жылы жарияланған «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақаласында Ақымтте екі түрлі жіктелім орын алғандығын байқауға болады.

1. 1912 жылы жарияланған «Айқап» журналының №4-5 санында қазақ тілінде 24 дыбыс, оның ішінде 5 дауысты (а, о, у, ы, э),  17 дауыссыз (б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, г, ң, л, м, н),  2 жарты дауысты (й, у)  бар деп берілген жіктелім.

2. Ақыметтің Қызылорда, 28.04.1927 жылы жылы жарияланған «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақаласында 12 (толық дауыстылар – а, е, о, ұ, ы, шала дауыстылар – р, ң, л, м, н, у, и) және 12 дауыссыз бар деп берілген жіктелімі

[2,139] деп кестеге салып көрсетеді.

Г. Раева: «Көрнекті ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың құрылымы мен жүйесі жөнінде айтылған ойлары мен соны көзқарастары түркі дауыстыларының табиғатын айқындауға да қажетті түпнұсқа болады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қазақ тіліне тән бес дауысты дыбыс көрсетіледі.  Олардың ішінде жіңішке үндес варианттары жіктеу кестесіне енгізілмеген. Ғалым дауысты дыбыстар а, о, ұ, ы осы тұрғы күйінде жуан айтылады, мысалы аз, оз, нұр, сары. Бұлардың жіңішке айтылатын орнын айрыұша белгіге аламыз, дәйекші деп жазады [3, 42]. Ғалым қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды жіктеуге жуан дауыстыларды негізгі деп атап, тіл арты дауыстыларына көңіл бөлген [4, 24]. 

Н.Уәлидің зерттеу еңбегінде «А.Байтұрсынұлының қазақ тілінің дыбыстары жөніндегі фонологиялық көзқарасы алдымен өзі түзген әлірбиден көрінеді. «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның тоғызы дауысты, он тоғызы дауыссыз, Дауысты дыбыстар .../а/, .../о/, .../ұ/, .../ы/, .../е/ және ә,ө,ү, і. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ .../у/, һәм олақ .../й/». Бірақ А.Байтұрсынұлы тоғыз дауыстыны бас-басына таңба алмай, «Бес дауысты» жүйесмен әліпби түзе келіп, олардың әрқайсысын бір-бір әріппен белгілейді. Сөйте отырып, әлгі әріптер арқылы жазуда әр фонеманың екі түрлі әуезін (жуан, жіңішкелігін) сол фонеманың таңбасына сыйғызып береді. Сөйтіп төрт дауыстының бас-басына әріп алмай-ақ, дәйекші арқылы жуан немесе жіңішке (дәйекші болмауы – жуан оқуды, дәйекші болуы – жіңішке оқуды) әуезде оқылатындай жазу жүйесін жасайды» [5, 11].

А.Байтұрсынұлының дауысты дыбыстарды бөлу тәсілі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін және оның сингармонизм ерекшелігін терең түсінуге негізделген. Ол 9 дауыстыны тікелей тани отырып, жазуда оларды 5 әріппен таңбалаудың тиімді жолын ұсынған. Бұл әдіс жазуды жеңілдетіп, халыққа қолжетімді етуді көздеді, сонымен қатар тілдің табиғи әуезділігін сақтады. Дәйекші арқылы жуан-жіңішкені ажырату қазақ тілінің фонологиялық ерекшеліктерін дәл көрсететін шешім болды. Мұндай тәсіл сол кездегі ағартушылық мақсатқа да, қазіргі лингвистикалық талдауға да сай келеді деп тұжырымдауға болады. Ғалымның жасаған жіктелімі қарапайымдылық пен функционалдылықты біріктіріп, қазақ жазуының халыққа ыңғайлылығын көрсетті.

Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың тарихи дамуын, зерттеу әдістерінің эволюциясын және әртүрлі көзқарастар бар екендігін келесі кесте арқылы көрсетуге болады:


Кестедегі зерттеушліредің әрқайсысы  қазақ тіліндегідауыстыларды өз дәуірінің талаптарына, әдіснамасына және тілдің қолданылу ерекшеліктеріне сүйеніп жіктеген. Тарихи тұрғыдан алғанда, қазақ тілінің дауысты жүйесі прототүркі тілінен бастау алып, 9 дауыстыға (а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү) дейін дамыған. Ал кейбір зерттеушілердің 11-15 дауыстыға жіктеуі диалектілік ерекшеліктерді есепке алуынан және орыс графикасына қатысты жасалған.

Келесі кестеде қазіргі қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың жіктелуі берілген. Мұнда әрбір дауысты дыбыстың жалаң немесе құранды болып бөлінуі, жақстың ашылау дәрежесі, еріннің қатысуы (езулік/еріндік), сондай-ақ тілдің артқы, ортаңғы немесе алдыңғы позицияда орналасуы сипатталады.


Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде дауысты дыбыстарға қатысты   мынадай анықтама береді: «А, е әріптері барлық  буындарда кездеседі: ал, алақан, ер, ереже. Ж, ш, й дыбыстарынан кейінгі жуан а кейде ә болып айтылады, бірақ а жызылады: жай, шай.

Ә көбіне бірінші буында және бір буынды сөздерде жазылады: әсем, тәртіп, ән, әл. Алғашқы буын жіңішкелігіне қарай кейінгі буында ә естілсе де, а жазылады: тәкаппар, ләззат. Бірақ кейбір сөздерде естілуінше ә жазылады: сірә, күмән, күнә.

О, ө тек бірінші буында және бір буынды сөздерде жазылады: отын, төр, өс. Бірақ  екінші буында ө естілсе де, е жазылады: бөрене, көбелек. Орыс тілінен енген кейбір сөздерде соңғы буында о сақталады: кино, аккорд.

Ұ, ү бірінші буында және бір буынды сөздерде жазылады: ұлы, күн, күрт. Алдыңғы буындағы еріндік дауыстылардың әсерінен кейінгі буында ұ, ү естілсе де, ы, і жазылады: құндыз, бүгін, орын. Бірақ кейбір сөздерде ұ, ү сақталады: бұлбұл, дүлдүл, дәстүр.

Ы, і барлық буындарда жазылады: ыстық, іс, кіріс. Кейбір сөздерде естілуі көмескі қысаң дауыстылар түсірілмей жазылады: абырой, құбылыс. Кей жағдайларда қосымшалар жалғанғанда түсіп қалады: орын + а → орнады, ойын + а → ойнады, бірақ ойын + ы → ойыны.

Тәуелденгенде соңғы буындағы ы, і сақталады: киімі, бауыры, уақыты. Бірақ кейбір сөздерде жалғау жалғанғанда дыбыстар өзгеруі мүмкін: көрік + і → көрігі [6, 20].

 Ғалым ұсынған бұл зерттеу дауысты дыбыстардың жазылу заңдылықтарын нақтылай түседі. Әсіресе, жуан және жіңішке дауыстылардың буын ішіндегі орны, үндестігі, сонымен қатар орфография мен орфоэпия арасындағы айырмашылықтар жүйелі түрде берілген.

Профессор Ә. Жүнісбек [7] қазақ тілінің дыбыстық жүйесін артикуляциялық, акустикалық және перцептивтік тұрғыдан қарастырады. Ол қазақ тілінің артикуляциялық базасын анықтаудың маңыздылығын атап өтіп, дыбыстардың жасалу ерекшеліктерін нақты жіктейді.

Жаңа терминологияға ерекше мән беріп, сингармонизмді «үндесім», ассимиляцияны «үйлесім», артикуляцияны «жасалым» сияқты ұғымдармен алмастыра отырып, дыбыстарды жіктеу барысында артикуляциялық моделдеу мен кестелік сипаттау тәсілдері қолданады, бұл өз кезегінде материалды көрнекі әрі түсінікті етеді.

Ғалым дауысты дыбыстардың артикуляциялық ерекшеліктеріне сүйене отырып, оларды жасалу орны, ерін қатысы, тіл қалпы, ашықтық дәрежесі сияқты параметрлер бойынша бөледі [7, 23].

Е тобы (жасалу орны бойынша)

Тіл ортасы дауыстылары: ә, і, ү, е, ө

Тіл арты дауыстылары: а, ы, ұ, о

 

А тобы (ерін қатысы бойынша)

Езулік дауыстылар: а, э, ы, і, е (А1-3)

Еріндік дауыстылар: ұ, ү, о, ө (А1-3)

Егер егжей-тегжейлі қарастырсақ:

Ашық езулік: а, э (А1)

Қысаң езулік: ы, і (А2)

Емеурін езулік: е (А3)

Доғал еріндік: ұ, ү (А4)

Сүйір еріндік: о, ө (А5)

 

Д тобы (тілдің тік қалпы бойынша)

Ашық: а, ә

Қысаң: ы, і, ұ, ү

 

Б тобы (жасалу тәсілі бойынша)

Ашық: а, ә (Б1)

Қысаң: ы, і, ұ, ү (Б2)

Зерттеу жұмысында қазақ тілі  дауыстыларының артикуляциялық негізі жан-жақты талданып, дыбыстар  жүйелі түрде жіктеліп, олардың фонетикалық сипаты  түрлі параметрлер арқылы нақтыланған.  

Дауысты дыбыстар тілдің дыбыстық жүйесінде аса маңызды рөл атқарады. Олар сөздердің мағынасын ажыратуға, сөйлеу кезінде дыбыстардың үндестігін сақтауға көмектеседі. Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың үндестігі сөздердің дыбыстық үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Жазуда дауысты дыбыстардың дұрыс бейнеленуі сөздердің мағынасын дәл беру үшін өте маңызды. Дауысты дыбыстардың жіңішке және жуан түрлерінің айырмашылығын түсіну сөздерді дұрыс айтуға және жазуға көмектеседі.

Әдебиеттер:

1.     Түймебаев Ж., Ескеева М. Түркітанудың тарихи-лингвистикалық негіздері: Оқулық. – Астана:Еуразия ұлттық университеті, 2015. – 516 б.

2.     А. Байтұрсынұлы еңбегіндегі дауысты дыбыстар жіктелімі//ҚазҰУ Хабаршысы. №2(170). 2018. 137-142 бб.

3.     Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992. - 446 б.

4.     Раева Г. Түркі тілдеріндегі дыбыс сәйкестіктері. Монография. - Алматы: ЖК «LP-Zhasulan», 2001. - 154 б.

5.     Уәли Н.М.Графика. Орфография. Орфоэпия. – Алматы:Арыс баспасы, 2018ж. – 250 б.

6.     Сыздықова Рәбиға. Қазақ тілінің анықтағышы. 12-том. - Алматы: Ел-шежіре, 2018. - 384 б.

7.     Жүнісбек Ә.Қазақ тіл білімінің мәселелері – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2018. – 368 бет

 

 

 






ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика