КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Қазақ фонетикасының зерттелу тарихын  Ж.Әбуов  [1] төрт  кезеңге бөліп қарастырған, бұл кезеңдер   Ә.Жүнісбектің [2], Б.Қалиевтің [3]  еңбектерінде де көрініс табады. Ғалымдардың пікірінше әр кезеңнің дәуірдің өзіне тән теориялық негізі, зерттеу тәсілі, ұстаным ережелері болған. 

ХІХ ғасыр (естілім зерттелім дәуірі) – бұл қазақ тілінің фонемалық құрылысын жүйелі түрде зерттеудің басталған кезі. Осы уақытта алғашқы сөздіктер мен оқулықтар жасалды, ал зерттеушілер (Н.Ильминский, П.Мелиоранский, В.Радлов) дыбыстарды фонетикалық әдіспен бекіту арқылы екпіндерді сипаттап, сингармонизм құбылысын анықтады.

Н.Ильминский қазақ тілінің дыбыстық жүйесін екіге  топтастырды: 8 дауысты дыбыс (а-ә, е, ы, і, о, ө, ұ, ү, у) және 19 дауыссыз дыбыс (п, б, м, у, т, д, н, ж, з, ш, с, р, л, й, қ, ғ, к, г, ң). Сонымен қатар алғаш рет қазақ сөздерін   орыс графикасымен таңбалап, орфографиялық негізін қалады. Сондай-ақ үндестік заңының бар екенін баса айтқанымен, жуан мен жіңішке дыбысты толық ажырата алмаған.

В. В. Радлов қазақ тілінің дауысты дыбыстарын 9-ға  (а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү),  дауыссыз дыбыстарды 20-ға  (б, г, ғ, д, з, ж, л, ль, м, н, ң, қ,к, р, п, т, с, ш, у, й) бөлген. Дауыстыларды ашық/қысаң, жуан/жіңішке, еріндік/езулік деп, ал   дауыссыздарды қатаң/ұяң/үнді және жартылай дауысты деп жіктеген. Алғаш мәрте сингармонизм заңына түсінік беріп, тіл және ерін үндестігін нақтылады.

П.М. Мелиоранский қазақ тілінде 9 (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) дауысты, 20 (б, п, м, т,д, н, ж, з, ш, с, р, л, қ, ғ, к, г, ң, й, д, ж) дауыссыз бар дейді. Ол Радловтың  ізімен  л дыбысын (жуан-жіңішке) екеу етіп алады және дауыссыздардың қатарына дж дыбысын қосады да, д-ны анық айтпау керек, ол батыс қазақтарының тілінде тіпті сезілмейді деген. Ол үнді у дыбысын онымен қатар келетін дауыстымен біріктіріп қосарлы түрде (ау, еу, уа, уә т.б.) қарайды [3, 8]. сингармонизм заңын терең талдап, дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке, ашық және қысаң болып бөлінетіндігін көрсетті. Сондай-ақ дауыссыз дыбыстардың өзгеруін бірінші болып сипаттады (бм:бен-мен; дт: даг-тау; шс: таш-тас). Ол араб графикасы қазақ тілінің дыбыстық құрылымын дәл жеткізе алмайтынын айтып, орыс графикасын қолдануды ұсынды [4, 9].

 ХХ ғасырдың басы (төл зерттелім дәуірі) қазақтың дыбыс аппаратының тереңірек зерттелуімен сипатталады. Ғалымдар (А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, С. Жиенбаев, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбанов және т.б.) интуитивтік әдістерге негізделген зерттеулер жүргізіп, жуан/жіңішке дыбыстардың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді.

А.Байтұрсынұлы  «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты. Дауысты дыбыстар: а, о, ұ, ы, е. Дауыссыз дыбыстар мынау: б, п, т, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ й,у деп көрсетті [5,324]. Дауыстылардың  « ... жіңішке айтылатын орнын айыратын белгіге» дәйекшені (’)   [6, 325] аламыз деген. Сонда жоғарыдағы дауыссыздардың қатарына ә, і, ү, ө келіп қосылады. Ғалымның саралап беріп отырған қазақ тілінің дыбыс құрамы қазіргі төл дыбыстарымызды дәл санамалап берудің үлгісі болып табылады.

А.Байтұрсынұлы   «Дыбыстарды жіктеу туралы» жазған еңбегінде қазақ дыбыстарын алдымен екіге бөліп алады:

- дауыстылар: а, р, ң, л, м, н, е, қ, ұ, у, ы, й.

- дауыссыздар: б, п, т, ж, д, з, с, ш, ғ, қ, к, г.

Ғалым дауыстыларды одан әрі  қарай толық (дыбысты айтқанда дауыс желбезегі толық тербеледі) және шала (дыбысты айтқанда дауыс желбезегі толық емес, жартылай  тербеледі) деп екі топқа бөлген :

- толық дауыстылар: а, е, о, ұ, ы.

- шала дауыстылар: р, л, м, н, ң, у, й,

А.Байтұрсынұлы   қатаң, ұяң, үнді, ашық, қысаң терминдерін енгізді. Сонымен қатар дауысты дыбыстардың үндестігін зерттеу нәтижесінде жуан және жіңішке дыбыстарды бір фонема екендігін анықтады. Ғалым қазақ тілі бойынша алғашқы оқулықтар жазып, дыбыстық таңбаларды ретімен белгілеуді ұсынды.

Е.Омаров қазақ тілінің дыбыстарын дауысты (а, о, ө, е, ы), жарты дауысты (ымыралы (р, у, и, л), ымырасыз (ң, м, н)), дауыссыз (қатаң (п, т, с, ш, қ, к), ұяң (б, д, з, ж, ғ, г)) деп топтастырып, санын анықтаған [7]

Қазақ тілінде «сингармонизм» терминін алғаш қолданған Х.Досмұхамедұлы [8] араб графикасының қазақ тілі үшін тиімді еместігін атап көрсеткен болатын. Ол  9 дауысты дыбыс бар екендігін айтып, оларды еркін дауыстылар (а, е, о, ө, ә), қысаң дауыстылар (ұ, ү, ы, і) деп екіге бөлген. Дауыстылардың жазылуына байланысты: «Қысаң дауыстылар аяғы ашылса, түбірдегі орнын жоғалтып жіберіп жатамыз. Мысалы: мұрын – мұрны, ерін – ерні, көңіл – көңлім, орын – орным» [3,18]. Сондай-ақ қысаң дауыстылардың сөз басында түсіріліп жазылатынына лұу (ұлу), лақ (ылақ), уақыт (ұуақыт),  рас (ырас), ұмытпа (мұтпа) сияқты мысалдар келтіреді [3,19].

Қазақ тіліндегі фонемалар теориясын алғаш рет қолданған Қ.Жұбанов [9,170] болды. Ол қазақ тілінде 26 дыбыс (а, б, ш, ж, д, е, г, ғ, и, к, л, м, н, ң, қ, р, п, о, с, т, ұ, у, үу, з, ы, ый) бар деп сингармодауыстылар: [а], [ә], [е], [о], [ө], [ы], [і], [ү], [ұ] (36 б.)   және сингармодауыссыздар: [б], [г-ғ], [д], [ж], [з], [і], [к-қ], [л], [м], [п], [р], [с], [т], [у], [ш] (43 б.) деп бөлген болатын. Дауысты дыбыстарды жуан және жіңішке ретінде қарастырып, үндестік заңының тек дауыстыларға ғана емес, дауыссыз дыбыстарға да қатысты құбылыс ретінде қарастырды [9,28].

ХХ ғасырдың екінші жартысында (1950-1970 жж.) қазақ фонетикасының зерттелуінің үшінші кезеңі елеулі даму көрсетті. Бұл кезеңде қазақ тіл білімінде академиялық фонетика қалыптасып, еуропалық фонетикалық теориялар кеңінен қолданыла бастады. Ғалымдар  (І.Кеңесбаев, Т.Тәліпов, Ж.Аралбаев және  экспериментал-фонетистер Б.Қалиев, М.Исаев, А.Қошқаров, С.Татубаев, Б.Тайлақбаев, М.Раймбекова т.б.) қазақ тілінің дыбыстық жүйесін фонемалар мен екпіндер негізінде зерттеді. Дегенмен, үндестік заңы сияқты қазақ тілінің негізгі заңдылықтары толық зерттелмеді. Кеңестік тіл саясатының ықпалымен қазақ орфографиясына жат әріптер (и, у, я, ю, щ) енгізіліп, тілдің табиғи құрылымына өзгерістер енгізілді. Бұл кезеңнің басты жетістігі – қазақ фонетикасының ғылыми негізде жүйеленуі болды. Бірақ бұл фонемалар мен екпіндерге негізделген зерттеулер морфологиялық және интонациялық жүйеге кері әсер етті. Сондықтан, бұл кезең «екпін-фонемалық зерттелімдер дәуірі» деп аталды. Бұған мысал ретінде І.Кеңесбаевтың зерттеуіне тоқтала кетейік.  Ол қазақ тілінің транскрипция жүйесін әзірлеп, дауысты дыбыстарды жалаң (а, е, ы, і, о, ө, ү, ұ), екі қосынды (и, у) деп жіктейді.  Сонымен қатар қазақ тіліндегі екпін заңдылықтарын анықтайды. Дауыссыз дыбыстарды жіктеу үшін үш негізгі критерийге бөліп қарастырады: дауыс қатысы,  айтылу орны және  айтылу жолы. 

1. Дауыс қатысына қарай:

Үнді: м, н, ң, р, л, у, й;

Ұяң дыбыстар: б, в, г, ғ, д, ж, з;

Қатаң: п, т, к, ф, с, ш, қ, ч, ц, х, һ.

2. Айтылу орнына қарай:

Ерін дыбыстары: п, б, м, у;

Ерін мен тіс дыбыстары: в, ф;

Тіс дыбыстары: т, с, з, д, ч;

Тіл ұшы дыбыстары: н, л, ч;

Тіл алды дыбыстары: р, ш, ж, й;

Тіл ортасы дыбыстары: к, г;

Тіл арты дыбыстары: қ, ғ, ң, х;

Көмей дыбыстары: п.

3. Айтылу жолына қарай:

Шұғыл дыбыстар: п, б, т, к, г, қ, д, ч, ц;

Ызың дыбыстар: ф, в, с, г, ш, х, з, ж, и [10, 62].

ХХ ғасырдың  1970  жылдарынан бастау алады (үндесім зерттелім дәуірі). Бұл  сингармонизм құбылысының қазақ фонетикасының зерттеу нысанына айналған кезеңі (С.Мырзабеков, А.Айғабылов, Ә.Жүнісбеков, М.Жүсіпов, Ж.Әбуов, Н.Уәлиев, А.Дәулетов т.б.) тұсындағы зерттеулер, сондай-ақ  қазақ фонетикасы жаңа бағыттармен толыға бастаған кезеңі. Қазақ тілінің интонация жүйесі, морфонология  өз алдына зерттеу саласы болып  қалыптасты, оған үлек қосқан жас ғалымдарды да (Ж.Назбиев, Н.Сәдуақас, Г.Өтебаева, Г.Талдыбаева, Ә.Асанова; ассимиляциялық фонетика бойынша – Ә.Бәйімбетова, Б.Баймұқанов, Ж.Исаева, Г.Қайдарова, А.Молдашева, І.Оразалин, Ф.Аймырзаев; тарихи фонетика бойынша – М.Әлімбаев, Ж.Жұмабаева; салыстырмалы фонетика – Қ.Андабаева; интонациялық фонетика – А.Фазылжанова, А.Аманбаева, Т.Кеншінбай, Ж.Кеншінбай жазу мәселелері бойынша – Қ.Күдеринова; тарихи жазба мұраларда – О.Жұбаева, С.Ақымбек, В.Шнайдер; қолданбалы фонетика бойынша – Б.Жексенғалиев, Қ.Зәуірбекова, Г.Көкенова, А. Жұбанов, Ар. Жүнісбек, Қ.Үкібасова, А.Қаршығаева) осы топқа жатқызуға болады. Бұл кезеңде жазу реформасына қатысты жаңа ұсыныстар әзірленді.

С.Мырзабеков [11, 29].  өз еңбектерінде қазақ тілінің фонетикалық жүйесін терең зерттеп, дауысты және дауыссыз дыбыстардың құрылымын, ерекшеліктерін, сөздердің буындық құрылымын, дыбыстардың үндесуін, сондай-ақ графика мен орфография мәселелерін талдады. Ол қазақ тіліндегі 9 дауысты (а, ә, о, ө, ұ, ү, ы, і, е) және 25 дауыссыз дыбысты (б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, р, п, с, т, у, х, һ, ф, ц, ч, ш) олардың айтылу жолы мен жасалу орнына қарай жіктеді. Сонымен қатар, буынның сипаты, сингармонизм, ассимиляция, орфоэпия және орфография мәселелерін жан-жақты қарастырды. Ғалымның зерттеулері қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін жүйелі түрде талдауға бағытталған маңызды еңбектер болып табылады.   

Ә.Жүнісбеков  қазақ тілінің дыбыстарын зерттеу барысында 9 дауысты және 17(19) дауыссыз дыбыстың бар екенін көрсетіп, кірме дыбыстарды қазақ тілінің дыбыс құрамына енгізбейді. Ол қазақ тілінің төл дыбыстарын өз алдына бөлек талдаған. Дауысты дыбыстардың барлық үндесім түрлерін, ал дауыссыз дыбыстардың тек тірек түрлерін жинақтаған. Сонымен қатар, ғалым жасалым, үндесім, айтылым және естілім фонетикасы сияқты атауларды енгізіп, сингармофонетика мен сингармофонология ұғымдарын ұсынды. Оның пікірінше, кірме дыбыстарды қазақ тілінің дыбыс құрамына қоспау қажет, бұл тілдің табиғи құрылымын сақтау үшін маңызды [12, 2].  

«Қазақ грамматикасы» атты еңбекте  қазақ тілінің дыбыстар құрамын «Қазақ тілінің төл дауысты дыбыстарының жүйесі 9 дауысты дыбыстан құралады. Олар: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө [14 б. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002. 783 б.], ал дауыссыз құрамын «Қазақ тілінің төл дауыссыз дыбыстарының жүйесі 17 дыбыстан құралады. Олар: Б, Д, Ғ-Г, Ж, З, Й, Қ-К, Л, М, Н, Ң, П, Р, С, Т, У (w), Ш [20 б. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002. 783 б.] деп тоқталдық. Егер Қ мен К дауыссыздарын қалыптасқан дәстүр бойынша бөліп қарайтын болсақ, онда 19 дауыссыз дыбыс болады.

Ғалым өзінің «Қазақ фонетикасы» [2].   атты еңбегінде қазақ тілінің жасалым негізін яғни артикуляциялық базасын  сөйлеу мүшелерінің белгілі бір тілге тән жасалым негізін анықтау мақсатында  қазақ тілінің төл дыбыс құрамын дәл анықтап алу қажеттігін алға тартады. Ол мынадай сызба [2,35] ұсынады:

Осы пішіндеменің негізінде ғалым қазақ тілінің артикуляциялық жасалым ерекшелігін анықтайды. Яғни қазақ тілінің дыбыстарын жасауға қатысатын сөйлеу мүшелерінің ерекшеліктерін есепке алғанда, дыбыстарды бірнеше параметр бойынша жіктеуді ұсынады:

Дауыс желбезегінің қатысына қарай: қатаң (тербеліссіз), ұяң (тербеліңкі), үнді (тербелімді), дауысты (тербелмелі);

Еріннің қатысына қарай: езулік (ашық [а, ә], қысаң [ы, і], емеурін [е],) және еріндік (доғал [ұ, ү], сүйір[о, ө]);

Жасалу орнына қарай: ерін [п, б, м, у(w)], тіл ұшы [т, д, н, с, з, р, ш, ж, л], тіл ортасы [ә, і, ү, е, ө], тіл арты [а, ы, ұ, о], тілшік дыбыстар [қ, ғ, й, ң];

Жасалу тәсіліне қарай: жуысыңқы [ш, ж, с, з, л, р, й, ғ (г), у (w)]: (жайылыңқы [ш, ж, ғ, й], жинақы [с, з, й, г, у (w)], жанама [л], діріл [р]), тоғысыңқы [п, б, м, т, д, н, қ, (к), ң].

Қазақ тілінде 17 негізгі дауыссыз бар. Дауыссыздардың үндесім және үйлесім түрлері (к, г, ң, й) түрлі позицияда әртүрлі айтылады [2, 40].

Ғалым ұсынған бұл артикуляциялық жіктеу қазақ фонетикасыныңы заңдылықтарын анықтауға және қазақ тілі дыбыстарының жүйесін нақты сипаттауға мүмкіндік береді.

Кейінгі зерттеулерінде Ә.Жүнісбек қазақ тілін үндесім (сингармониялық) тіл деп атап келе, оның дыбыс құрамынына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігі болады деп, оларға сингема және аллосингема деген атаулар береді. [2,29]. Сонда қазақ тілінде 3 дауысты (ашық [а], қысаң [ы], құранды [о]) сингема (дыбыс), 17 дауыссыз [б, д, ғ, ж, з, й, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ш] сингема (дыбыс) бар болып шығады. Барлығы 20 сингема (дыбыс) бар  [12] дейді де 9 дауысты деп жүргеніміз үш тірек дауыстының (А:[а, ә]; Ы:[ы, і, ұ, ү]; О:[о, ө, е] үндесім варианттары немесе аллосингемалары болса, дауыссыз дыбыстар төрт аллосингемадан құралатынын  дәлелдейді [12, 48 б].   Оны мынадай кесте түрінде көрсетуге болады:

Қазақ сөзінің табиғаты бірыңғай әуезділіктен тұрады. Бұған қатысты зерттеушілер арасында пікір алшақтығы жоқ, тек оны зерттеуде бәрі бірдей ден қоймаған. Ғалымдардың бірі әуезділіктің бар екенін атап өтсе, бірі тілдегі қызметін, енді бірі артикуляциясын қарастырған. Ә.Жүнісбек: «Қазақ тілі көп әуезді (политембральный), өйткені әрбір сөздің өз айтылымы бар. Қазақ тілінде төрт әуез бар. Сөз әуезінің (тембрдің) осы ерекшелігі қазақ тілінің просодикалық жіктелім белгісі болып табылады» [2, 22]  деген тұжырымын қолдаймыз.  Сөздің әрбір айтылу ерекшелігі қазақ тілінің табиғи саздылығын, сөйлеу мәнерін анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Осыған орай қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттегенде интонация, тембр, екпін, ырғақ сияқты просодиялық құбылыстарға ерекше көңіл бөлген жөн. Ә.Жүнісбектің осы бағыттағы еңбектері қазақ фонетикасының жүйелі жіктелуінің негізі деп айта аламыз.

 

Әдебиеттер:

1. Абуов Ж. Сингармонические основы восприятия речи (теоретическое и экспериментально-фонетическое исследование). Автореф.дисс.... док.фил.наук. Алматы, 1998. 50 с.

2. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы: Арыс,  2009. – 312 б.

3. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы: «Сөздік-Словарь». 1999. – 200 бет

4. Қалиев Б.А. Қазақ тілінің фонетикасы. - Алматы : Эпиграф, 2021. - 168 б.

5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992. – 448 б.

6. Зиндер Л.Р. Общая фонетика. Москва, 1979. 312 с.

7. Ерғалиев Қ. І.Кеңесбаев және қазақ тілінің дыбыс жүйесі: Монография. – Павлодар: ПМПИ баспасы, 2014. –120 бет


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика