КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

           Жыр туралы қысқаша мәлімет:

«Айман – Шолпан» жыры халқымыздың өмір салтынан үлкен мағлұмат беретін аса бағалы фольклорлық қазыналарының бірі. Жыр арқылы оқырман ұлтқа тән таным-түсініктер және қазақы психологиямен танысып, дала заңы туралы мағлұмат алады. «Айман-Шолпан» жырында 19 ғасырдағы қазақ халқының өмір салты бейнеленген. Жыр басқа лиро-эпостық жырлардан өлең өлшемімен де, кейіпкерлердің мінез-құлқымен де ерекшеленеді. Мұнда басты мәселе - екі жастың махаббаты емес, екі рудың арасындағы бітім.  Айман мен Әлібектің, Шолпан мен Арыстанның арасындағы ғашықтық сезімі жырда ашық айтылмай, емеурін, тұспалмен жеткізіледі. Бас қаһарман Айман болса, басқа жырлардағы әйелдердей сүйгенін сарғая тосып отырмайды, сүйгеніне қосылу үшін белсенді әрекетке кіріседі. Жырдағы Көтібар батыр, Арыстан батыр, Есет өмірде болған адамдар. Десек те сюжет пен фабула арасында алшақтық көп. Тіпті, осы оқиғаның өзі өмірде болмаған, батырдың атын ластайтын туынды деген пікірлер де әр жылдары баспасөз беттерінде көтеріліп жүрді.

Әсіресе, Көтібар батыр елінің қамын ойлаған, патшаның отаршылық саясатына қарсы шыққан, ел ішіндегі аруағы асқан батырлардың бірі. Жырда Есетті Көтібар мен Арыстанның арасындағы жалғыз ұл деп суреттейді. Көтібардың сегіз ұлы болғаны, Есет сол ұлдардың бірі екені де тарихи шындық. 

«Айман-Шолпан» жырының тәрбиелік мәні зор. Жырдағы рушылдық, жікшілдік, бірін-бірі асыра мақтау, бірін-бірі сөзбен мұқату, шайтан сөзге еріп болмашыдан дау шығару ел ішінде әлі де кездесіп қалатын ұлттық кесапаттарымыздың бірі. Жырға қазақ халқының бойындағы қасиеттері мен кесапаттары қатар сомдалған құнды дүние ретінде қараған жөн.  

 

Маман

           Маман – Тама руынан шыққан, кіші жүзге дәулетімен аты таралған байлардың бірі. Маманның елден асқан байлығын жырда «Байлығы Маман байдың жаннан асқан», «Байлығын Маман байдың айта алмаған, Сұқтанбай келген қонақ қайта алмаған» деп суреттейді.

           «Маман бай мал біткенге болыпты мас» - деген жолдар арқылы жыршы Маманның мінезін ашуға бет бұрады. Жалпы қазақы дүниетаным бойынша «мастану», «мас болу» ұнамды қылық емес. Маманның теріс қылықтары жырдың композициясымен бірге үдей түседі.

           Шөмекейдің асына да Маман «Даңқымды Шөмекейге білдірем деп» келеді.

           Көтібардың  жадағай киіз үйді менсінбей, Маман түскен алтынды үйді қалауы Маман бай үшін іздегенге сұраған болады. «Дәулеті бар немедей осы Шекті кезі келмей жүр еді. Қара таудан су артқан қума кедей, біздің елден үй таңдап неғылады?!» деп алған беттен Көтібарды мұқатып сөйлейді.

«Елінде мендей шонық биі бар ма?

Кедейдің айуан малдан күйі бар ма?

Аузына ақ тимеген қу кедейдің

Алтыннан бақтырулы үйі бар ма?» - деген сөздері де Маманның астамшылығын білдіреді. Әйтпесе, Көтібар Маман айтқандай тақыр кедей емес. Ол – әрі бай, әрі батыр, Шекті елінің арқа сүйер азаматы. Шөмекей елінің сауын айтуға Көтібар мен Маманды шақыруының өзі осы екі тұлғаның абырой-беделінің тең түсуінен. «Бір тұтқа кіші жүзде бай еді деп» Маманды таңдаса, «Бір сүбе Қара тауда ер еді деп» Көтібарды таңдайды. Маманның бойындағы менмендік пен өзімшілдік көріскелі келген Көтібармен амандаспауынан айқын аңғарылады.

           Маман өзінен елдің асқанын көре алмайтын дүниеқоңыз, іші тар жан. Күрең аты топтан жеке келіп, бас бәйгені жеңіп алған Көтібарды «Бұл бағы қу кедейдің асты ма деп» қатты қайғыланады. 

           Маман – малына мастанып, жайшылықта өктем сөйлегенімен, нағыз ұрыста бой көрсете алмайтын ынжық бай. Көтібар қол жинап келіп, елін шауып жатқанда да батырға қарсы қасқайып тұра алмай, бұғып қалады. Өзінің басының аман қалғанына қуанып, Айман мен Шолпанға араша бола алмайды. Айманның ақылымен аулына қайтып келген Шолпанның алдынан шығып, атынан түсіруге ғана дәрмені жетеді. Бұл көріністі жыршы:

           Шолпан қыз жылап көзді ісіреді,

Сұр жорға ат жерді танып кісінеді.

Даусымен сұр жорға аттың үйден шығып,

Шолпанды Маман байғұс түсіреді, - деп әсерлі етіп жеткізеді. Малы көптігіне мастанып, елден асқан бағына семірген Маман әп-сәтте байғұстың кейпіне енеді.

           Қорыта айтқанда, жырда Маманның дене бітімі, кескін-келбеті суреттелмейді. Оның бойындағы бар қасиеті мал-дәулеттің көптігімен өлшенеді. Сол себепті, Маманды салу барысында оның ішкі дүниесіндегі менмендік пен өзімшілдікті және қорқақтық пен пендешілікті баса көрсеткен жөн.

 

Көтібар

           Көтібар – Шекті елінің ел қорғаған батыры. Ел ішіндегі алдынан дау тарқаған беделді адамдардың бірі. Осы жерде, біздің зерттеу нысанымыз «Айман-Шолпан» жыры екенін, Көтібар бейнесін беруде біз фабуланы емес, көркем туындының сюжетін басшылыққа алатынымызды есте сақтағанымыз абзал. Ол туралы жырда:

           «Жалғанда Көтібардай болған бар ма?

Жігіттер бұл жалғанды көңліңе алма.

Саба жетер жер емес, жері шалғай,

Шай тартқан тоғанақтап тоғыз нарға», - деп суреттейді. Жырда Шектіге тән қызба мінез «былғайтын егескенді кекті» деген теңеу арқылы бірнеше жерде келтіріледі. «Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген мәтел де ел арасында Шектінің осы мінезіне сәйкес шыққанға ұқсайды. Көтібар жырда өркөкірек, ұр да жық батыр түрінде сомдалады. «Көтібар өзге жөнге көнбей отыр, Сөзіне жұрттың айтқан ермей отыр» деп жырлағандай, өзіне арнап тігілген үйді менсінбеуді алдымен Көтібар бастайды.

           Маманның «Қара таудан су артқан кедей» деген сөзі құлағына тиген Көтібар Маман отырған үйге баса көктеп енеді. Алдынан тұрып көріспеген Маманға деген ашуы көтеріліп, «Сыртамнан қатыншылап күңкіл қылмай, Көзіме еркек болсаң қылшы баян» деп, тарпа бас салады. Көтібардың Маманды қу бас атауы, ашамайға мінетін ұлың жоқ деп өзінен қор санауы, салған жерден Айман мен Шолпанды тоқалдыққа алам деп егесе түсуі оның да шамданғыш, тез ашуланғыш, алды артын ойламайтындығын көрсетеді.

           Жыршы осы талас пен егес үстіндегі Көтібар мен Маман байдың ұнамсыз қылықтарының бірінен бірін асара суреттейді. «Сөйлейсің әлің білмей Маман шалым, Айманды тоқалдыққа алайын ба?», одан әрі «Аулыңды ас тарқамай шабарыма, Маман бай, еркек болсаң әкел қолың» деп өзеуреген Көтібарға Маман бай "Қу кедей, жаман қатты шабарсың" деп, менсінбей қолын береді.

           Көтібар жырда жеңілгенін мойындай білетін, сөзге тоқтай білетін батыр ретінде де суреттеледі:

           «Болады неке оқып қиылғанда,

Ел-жұртым тамам тегіс жиылғанда,

Мен сізден қашамын ба бөтен жаққа,

Құданың асығыс жоқ бұйырғанға»

           Көтібар мына сөзді құп көреді,

Айманның мұндай сөзін еп көреді.

«Той қылып, неке қиып аламын» - деп,

Көтібар жеңілген соң тоқталады.

           Көтібар баласынан ешнәрсе аямайтын мейрімді әке. Алпыс күнге дейін Айманға неке қыймауын өтінген Есетке:

           « - Ей балам, бір істі ойлап едім, менің өзім,

Тік тиді өңменіме айтқан сөзің.

Өзге дүние сұрасаң бәрін бердім,

Айманды көп сұрама қалар көңлім» - деп жауап бергенімен, Арыстан мен Есеттің көңілін қалдыра алмай,

           Өкпесін көтере алмай, - «бердім, - дейді,

Құдайым не салса да көрдім, - дейді.

Айман маған жоқ екен, ей, Арыстан!

Күдерді Айман қыздан үздім» - дейді.

           Жырда Көтібар үзілді-кесілді ұнамсыз кейіпкер емес. Оның бойында батырға тән аңғалдық, батырға тән менмендік, батырға тән тоқтам бар. Көтібардың астындағы бәйгі күреңінен де батырдың тұлпарына тән қасиеттер мен мұндалайды. Бәйге күрең сан жылқының ішінен дара шауып келіп, өзінің ерекше жаратылысын бір танытса, ел шетіне жау келсе күншілік жерден сезіп, шиыршық атып иесіне білдіруі арқылы екі танытады. Тұлпардың осы қасиеті туралы Есеттен сұрап білген Айман өз айла-амалымен осы атты қолына түсіріп алады. Көтібардың бұл қылығын жыршы: «Көтібар батыр емес пе, қауыпсыз, аты-сайманымен Айманға берді» - деп суреттейді. Сол сияқты «Әй, Айман, обал қылдың ғой, елге жау араласпай баратұғын едім» - деген өкінішінде де елінің қамын жеген аңғал батырдың шарасыз халі бейнеленеді. 

Суретшінің Көтібар батырдың портретін саларда тарихтағы Көтібар батыр туралы да мағлұматты білгені дұрыс. «Тарихтағы Көтібар кім? Ол барша қазақ халқына белгілі батыр, азаттық үшін бүкіл өмірін сарп еткен халық кө­семі Сырымның үзеңгілес інісі, көте­рі­лісте қол бастаушы мыңбасы. Көтібар – тарихи тұлға. Оның Есет және Дәрібай атты ұлдарының бейіті бүгінде жұртшылық жиі зиярат етіп баратын орынға айналған. Суретші Көтібар батырдың портретін сомдарда осы мәселелерді де ескергені жөн.

 

Арыстан батыр

           Арыстан – Шекті елінің батыры, Көтібардың соңынан ерген інісі. Арыстан жырда сабырлы, салмақты, алды артын болжайтын тұлға ретінде көрініс алады. Көтібар мен Маман арасындағы жанжалдың ушығып бара жатқанын сезген Арыстан «Шайтан сөз топ ішінде не керек?!» деп басу айтады.

           Жыршы:

           Сөйлейді ер Арыстан сөзді тосып,

Барады Көтібарды ашу қысып,

«Мен-мендік  екі батыр, тастаңыз» деп,

Арыстан арасында қойды басып, - деген жолдар арқылы Арыстанның Көтібардай емес, сабырлы екенін байқатады.

Дәулеті әр пенденің бөлек-бөлек,

Көтеке, ашуды қой, ақыл керек.

Қымыздың қызуына желік қылған,

Шайтан сөз топ ішінде неге керек? – деп егескен екеуге басу айтады.

           Көтібар қызу қанды, мақтан сүйгіш адам болса, Арыстан сабырлы, тәубешіл жан. «Бәйгені шаппай бер» деп Маманның қитығына тие сөйлеген Көтібарды шеткерірекке жетелеп шығарып,

- Көтеке-ау, атыңыз еркін болса жеке келер,

Келгенін аттың жеке әркім көрер.

Қосып тұр Маман батыр үш көк мойын

Келерін кімнің аты құдай білер, - деп сабақты иненің де сәтімен тігілетінін ескертеді.

           Шектіге бара сала Маманның елін шабамын деп сауын айтқан Көтібарды  райынан  қайтара алмасын сезген Арыстан алдымен жорыққа барудан бас тартса да, ағасының өзі келген соң меселін қайтара алмай, амалсыздан ілеседі.

           Арыстан Көтібарға ілесіп, Маман байдың елін шапқанымен, Айман мен Шолпанға көп жанашырлық жасайды. Жайдақ нарға мінгесуді қиынсынып, мініске ат сұраған Айманның тілегін орындап, шайқалтып жорға мінгізеді. Сондай-ақ, «әкемнің бізден басқа перзенті жоқ еді, екеуміздің бірімізді қайтарыңыз» деп зар илеген Айманның тілегін орындайтын да осы Арыстан.

           Арыстан сөздің халін тартсын дейді,

Арызын екі бақыр айтсын дейді.

Үндемей ер Көтібар қарап тұрса,

Арыстан: «қыздың бірі қайтсын» - дейді немесе

           Арыстан бұл сұлудың тілін алды,

Қасына он бес жігіт ертіп алды,

Тілегін қыздың айтқан екі қылмай

Шолпанды ер Арыстан ертіп салды, - деген жолдар Арыстанның бойындағы ізгілікті танытса,

           Арыстан Маман байға сәлем айтты,

Жұбатып қызға айтады барлық жайтты.

«Бұл малды Көтібар ашуын басқаннан соң қайтарам» деп,

Шолпанмен амандасып кейін қайтты, - деген жолдар Арыстанның Көтібарға сөзінің өтетінін ғана көрсетпейді, оның әділеттің жолын аттамайтын адалдығын, ашуды ақылға жеңдіре алатын салқынқандылығын да танытады.

           Шолпанды берді Маман Арыстанға,

Әр жерде әлсіздерге болысқанға, - деген жолдар да Арыстанның адами тұлғасын аша түседі. 

 

Айман

           Жырдағы басты кейіпкерлердің бірі – Айман. Жыр «Айман-Шолпан» аталғанымен Шолпанның бейнесі жырда жан-жақты ашылмайды.  Жырда Айман бейнесі Көтібардың ауылды шабатын сәтінен бастап көрініс алады. Ол көркіне ақылы сай, алды артын ойлай білетін көреген жан. «Айман, Шолпан тез киінсін» деп бұйырған өктем дауыстан ерке қыз алдымен қорқып қалады.

           Кигені Айман қыздың көкше кебіс,

Маманға айуан малды берген тегіс.

Ақ мамық, алтын тақта жатқан қызға

Келеді жаудың даусы еміс-еміс.

           Ақ Айман бұл дауысты қош алмайды.

Ұйқысын шыт мамықтан аша алмайды.

Ақ мамық, алтын тақта жатқан сорлы

Аяғын қорыққаннан баса алмайды, - деген үзіндіде көз алдыңа үркек сұлу елестейді.

           Айманның ақ мамықтай білегі бар,

Майысқан жез қармақтай сүйегі бар.

Мінгізіп жайдақ нарға жөнелгенде,

Тілейтін жаудан қыздың тілегі бар, - деп жырлағандай, алғашында үрей мен қорқынышқа бой алдырған Айман, санасын ақылға жеңдіріп, тығырықтан шығар жол іздейді.

           «Шырағым, екеуміз қосылып өлең айтайық, мына дұшпандардың білгені батырларға арыз айтып келеді дер, білмегені неге мәз боп келеді дер. Не де болса, дұшпанға бекер пенде болғанымызды мойынға алғанымыз жарамас», - деген жолдардан, Шолпанның астына сұр жорғаны мінгізіп, өзіне де бір жүйрік атты қалап алуынан, Көтібардың буынына түсе, мақтай отырып, Шолпанды жарым жолдан еліне қайтаруынан оның ақылдылығын көреміз.

-  Сенің қайтқаның артық болар, егер сен қайтпай бұлармен бірге барсаң бір күннен кейін отын алып, от жағып, күң болып кетерсің. Мен ажалым жетпей өлмеспін, ешкімнің қорлығына көнбеспін» - деген жолдар Айманның өрлігі мен өзіне деген сенімділігін байқатады.

Айман – көреген жан. Ол – үш жылғысын ойлайтын ақылды ару. Көтібар мен Маман ас үстінде егесіп, Көтібар Маманның елін шабуға серт берді деген суық хабарды естіген күннен бастап Айман бейқам жатпай, дүние-мүлкін, ас-ауқатын, асылы мен алтынын шалғай жерге жасырады. Жауға бүкіл жиған-тигені қолды болмасын деген оймен ешбір жанға білдірмей, ата-анасына қажет болатын дүниені тасаға тығып, ол туралы Шолпанға еліне аттандырып тұрып сыр ашады. 

Сонымен бірге, өзінің сүйгені Әлібекке сәлем айтып, алпыс күнге дейін атқа қонбауын, бірақ алпыс күннен қалмай өзін құтқаруын өтінеді. Әлібектің алпыс күнге дейін жорыққа аттанбауын қадағалауды, батырды қайткенде де тоқтатуды Шолпанға шегелеп тұрып тапсырады. Мұның астарында да үлкен көрегендік жатыр.

Айман – сертіне берік адал жар. Ол:

«Көңліме ашық оты болды уайым,

Бенденің қадір алла білер жайын.

Ешкімге басым кеспей мен тимеспін,

Қазаны жеткізбесе бір құдайым» - деп Әлібекке деген адалдығын жеткізеді.

           Айман қыз ойлай ма екен Әлібекті,

Қылмайды кімдер әуес асыл текті...

... Алдырған томағасын ақ сұңқардай,

Айман қыз отыр ма екен аппақ болып, - деп Әлібек те сүйген жарын сағына зарлайды.

           Айманның бейнесін сомдауда жыршы «Айманның көңілі кең, ақылы дана», «Шығады әртүрлі ой Айман жастан», «Айманның әрбір түрлі айласы бар, Секілді бойы көркем биік шынар» деген теңеулерді пайдаланады. Осы айласының арқасында Айман Теңге мен Есетті өз мақсаты үшін пайдаланып, алпыс күнге дейін неке қыймауға мұрсат алады. Көтібардың қару жарағы мен атын қолына түсіру арқылы ел шетіне жау келгенін білдірмей, Көтібарды шарасыз күйде қалдырып, Әлібектің қолының да, Көтібардың қолының да шайқасқа түспеуіне септігін тигізеді. Екі ел мен екі ерді бітістіріп, Шолпанды Арыстанға бергізіп, өзін Көтібарға өкіл қыз еткізіп, Әлібекке ұзаттырады. Сөйтіп жел сөзбен қамшыласып дұшпанға айналған Маман мен Көтібар құйрық жеп, төс қағысқан құда болып тынады.

 

Шолпан

Жыр «Айман-Шолпан» аталғанымен Шолпанның бейнесі жырда жан-жақты ашылмайды. Алайда Шолпанның өзінің ата-анасына адал перзент, бауырына арқа тұтар серік екені айқын аңғарылады.

«Шырағым, Шолпан, Арыстан қайтсын, - деді ғой, елге қайт» - деді. Сонда Шолпан тұрып: «апеке, сіз қайтыңыз, сізден менің жаным артық па?» - деді» түріндегі үзінді Шолпанның бауыры үшін өз басын құрбан етуге даяр екендігінен хабар береді. Жыршының Шолпанды «сұлу Шолпан» деп суреттегені немесе

Шолпан қыз қызыл құмнан құлай жүрді,

Ызамен көздің жасын бұлай жүрді.

«Дұшпаннан кек алатын күн болса» - деп,

Тәңірден істің артын сұрай жүрді, - деп сипаттағаны болмаса, басқаша болмыс-бітімі ашылмайды.

 

Әлібек

           Әлібек – Айманның сүйген жары. Жырда Әлібекті «асыл текті батыр», «асыл зат» деп суреттейді. «Әлібек үйде болса берер ме еді, Амал не маңдайдағы қалың сорға» деп зарлаған Айман Әлібекке ерекше сәлем жолдайды. Өйткені, «ер мінезді келер» дегендей, Әлібектің бойында да батырға тән қаттылық, бірбеткейлік бар. «Құдайым жақсы адамға ақыл салар, Тездікпен келген жерде көріспесең, Ер еді іші қатты көңлі қалар, - деп Шолпанға Әлібекті ерекше тапсыруының да сыры осында.

           Әлібек Айманды қатты қадірлейді. Тіпті, «алпыс күнге дейін Көтібардың елін шаппа» деген өтінішін де қанша қиын болса да қабылдайды.

-        Ақ Айман әлде айла, ақыл тапты,

Көңілімді алпыс күнге жабырқатты.

Айманға аман-есен жолықтырса,

Шалар ем құдайы қып қара-ала атты, - деген жолдардан Әлібектің Айманға деген сезімі мен сенімі қатар көрінеді. Қару-жарақсыз, ат-көліксіз қалған Көтібардың ауылын қапыда шауып алмай, Айманның Көтібарға берген уәдесін орындауына мүмкіндік беруі де Әлібектің бойындағы адамгершілік қасиетті аша түседі.

           Айман да Әлібекті қатты қадірлейді. Оның әрдайым «асып туған атадан, Алтынды сүйек асыл тек» деп, бағасын асырып отырады.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 481 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 905 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1085 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика