КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жыр туралы қысқаша мәлімет:

«Қамбар батыр» жыры Қалмақ шапқыншылығы кезінде ел қорғаған батырларға арналған жыр. Жырда қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, болмысы жинақталған.

Он сан ноғай бүлгенде,

Орманбет би өлгенде,

Он екі баулы өзбек,

Өзбек жұртта билеген,

Әзімбайдай патша өткен деген жолдар бізді жыр оқиғасы өткен дәуірге жетелейді.

           «Жауһар деген тасыңыз –

Барша тастың анасы.

Керей менен Уақтың

Жұға деген жұртыңыз –

Уақтың ноқта ағасы,

Ер Қамбар – соның атасы

Назым сұлу апаңыз –

Олардың болған анасы.

Кешегі өткен ер Көкше –

Екеуінің баласы» деп, оқиғаның тарихи тамырына бойлайды.

 

 

Қамбар батыр

 

Батырлар жырында Алпамыс пен Қобыланды дүниеде еш кемдік көрмеген бай болса, Қамбар батыр керісінше сіңірі шыққан кедей. Қамбар өзінің ата-анасымен бірге «алпыс үйлі обыр мен тоқсан үйлі тобырды» аңның етімен жалғыз өзі асырайды. Сондықтан оның өмірі тек қиындықпен, аң аулаумен өтіп жатады.

Он хан үйлі оят бар,

Қырық сан үйлі қыят бар,

Алпыс үйлі арғын бар,

Жетпіс үйлі жебір бар,

Тоқсан үйлі тобыр бар,

Он сегізде жасы бар,

Жалғыз туған басы бар,

Алалға қара дегенде,

Қара тұлпар аты бар

Әуелі Құдай себепші

Соның бәрін асыраған,

Қамбар деген бір ер бар – деп суреттегендей, аталған рулардың барлығын асырау Қамбардың мойнында.

           Ел қамымен жүрген Қамбар Әзімбай он екі жасар Назымды күйеуге беремін деп жар салғанда да бара қоймайды. Назымның алдынан көн етікті де, көп етікті де өтеді. Бірақ Назым «бұлардың ішінде ат ұстап міне алатыны жоқ» деп ешкімді менсінбейді. Әзімбай шақырушыдан «бұл тойға келмеген кісі қалды ма?» деп сұрағанда Қамбардың келмегенін жеткізеді. «Назым оған тимейтін шығар деп шақырмадық» дейді шақырушы. Елге тегіс жария болған бұл әңгіме Қамбардың құлағына да шалынады.

           Қамбар батыр жалпы көппен араласып, ел ішінде жүретін батырлардың қатарынан емес. Ол жырда саяқ, көп уақытын аң аулаумен өткізеді. Оның көп тобырмен араласпай жүруі, Назымды алуға барлық ел үміттеніп барғанда Қамбардың асықпауының сыры тереңде. Қамбар «алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобырдың» қам-қарекетін жасамай ешқайда шықпайды. Әзімбай шақыртқанда ол он екі күннен кейін жететінін айтады. Тіпті Назым сұлу алдынан шыққан кезде Қамбар батыр қыздың сұлулығына бөгеліп қалармын деп тоқтамай жүріп кетеді.

        Мені неге шақырдың

Мырзаға тисең болмай ма,

Мырзалар сені алмай ма?!

Мен кедейге тигенмен,

Не табарсың, бейшара!

Алтынды шатыр менде жоқ,

Мамықтан төсек менде жоқ,

Алтынды көрпе менде жоқ,

Ақ орда үй менде жоқ,

Қорлықпен өтер күніңіз,

Босағамда отырып,

Құлан менен бұланның

Сирағын жиып өлерсіз, - деп Назымның бетін қайтармақшы болады. Қамбардың бұл сөзі өзін қорсыну емес. Жеме жемге келгенде Қамбар тақыр кедей емес. Ол жауға аттанарда шешесіне:

        «Айналайын, шешеке,

Анау молтық көрінген

Бәйтерекке барғайсың.

Ат басындай түбіне

Алтын тығып қойғанмын

Алтынды қазып алғайсың.

Обыр менен тобырға

Тамақ қылып бергейсің,

Ғаріптердің, шешеке,

Көңілін аулап жүргейсің, - дейді.

Түптің түбіне келгенде Қамбар батыр өзінің кедейлігіне жасып, налымайды да. Кедейлігінен Назым мен Әзімбайдан ұялмайды. Әзімбайдың жіберген хабаршыларын күткенде соятын қойы жоқтығын айтып, аңның етін алдарына тосады.

Оның жырда ең бір ерекшеленетін тұсы – батырлығы.

«Батырлардың ішінде,

Мойнына таққан дуамын.

Дұшпаным қорқып қашқан соң,

Артынан сондай қуамын» деп өз күшіне сенім артады.

Қамбар батырдың батырлығы жолбарыспен жеке арпалысқанынан көрінеді. Қалың нуды тасалап жүрген жолбарыспен Қамбар батыр ойда жоқта кездесіп қалады. Жолбарысты көрген Қамбар зәресі ұшып қашпайды. Үлкен тарғылмен жекпе-жекке шықпас бұрын бір Құдайға сиынады. «Алдымда ағам, артымда інім жоқ. Әке-шешем болса, олардың да жасы сексеннен асты. Мендей жалғызды шерменде қылма» деп жалбарынады.

        Бүркіттей жазып тырнағын

Тұлпарға барып асылды.

Қамбар да қайтпай ұмтылып,

Бар қайратын шақырды,

Құйрығынан көтеріп,

Айналдырып басынан

Лақтырып жіберіп

Қырық қадам жерден асырды.

Басқа жырларда жолбарыспен немесе әртүрлі жыртқыштармен батырлар алыспайды. Қамбар батыр басқа батырлардан осынысымен де ерекшеленеді. Қамбар – аңшылықты өнер дәрежесінде меңгерген. Жырда батырдың аңнан қайтып келе жатқан бейнесі:

        Бір жағында бес құлан,

Бір жағында бес құлан,

Теңдеп алған аңы бар.

Құдайдың берген Қамбарға

Атадан артық бағы бар

Қызыл алтай бір түлкі

Тымақтағы ердің тағы бар - деп өте шебер көрсетілген. Жаңбырдай тері тамшылап, он құланмен шоқытып келе жатқан жануары да, маңдайдағы ақы бар қара қасқа тұлпардың үстінде отырған Қамбардың да шоқтығы биік.

           «Қамбар батырда» көне ертегілік (мәселен, аңшылық дәуір көрінісі) және қаһармандық жыр сарыны бірлесе орын тепкен. Жырда Қамбар батырдың туу, өсу процестері айтылмай, он сегіз жасар жігіт етіп суреттеледі.  

Қамбардың мінезі өте салмақты. Ол алып-ұшып қонған жеңіл мінезді адам емес. Сол себепті де өзін тоқтатпақшы болған Назымның тоғыз құлаш өрмегін семсермен турап салады.

Ашуланса да әрбір ісін ақылмен істейді. Әзімбайдың ұлдары көңілін қалдырып, қарындасымызды сирағы шыққан кедейге бермейміз деп көңілін қалдырады. Кейін өздеріне жау шапқанда Қамбар батырдан жәрдем сұрайды. Міне, батырдың ақылдылығы осы жерде білінеді. Ол еңбегі үшін Әзімбайға талап қоймайды.

«Мінгенде атым қара кер,

Кімді алмас қара жер.

Кәпірдің қылған қорлыққа

Шыдай алмас бір де ер.

Он екі күн болғанда,

Билер мені онда көр.

Отыз үйлі обырға,

Тоқсан үйлі тобырға,

Азық жиып берейін.

Бұйрық болса Алладан,

Іздеп келген көп қолдың

Әуселесін көрейін» - деп жауап береді. Өзі кедейліктің қыспағында жүрсе де өзгеден ештеңе дәметпейді. Алайда осы адалдығы мен ерлігінің құрметіне Әзімбай қызы Назымды береді. Онымен қоса мал, мүлік беріп кемтігін бүтіндеп береді.

Қорыта айтқанда Қамбар батыр ел қорғаған батыр. Жырды оның кедейлігін бетіне басып айтпаған адам қалмайды. Шындығында Қамбар кедей болса елін, жерін ойлағандықтан, қолындағысын жұртына бөліп бергеннен кедей болды. Ол өзінің қара басының қамы үшін жүрген жан емес. Елінің қамын ойлап қамыққан хас батырлардың бірі.

 

Назым

 

Назым – Әзімбайдың жалғыз қызы, көп ұлдың ортасындағы еркесі. Жырдың басында Назым сұлу, ерке, кербез қыз бейнесінде көрінеді.  Әкесінен жар таңдау еркін алған Назым:

Пернеменен көрініп,

Құдай берген екі аяқ,

Бір басуға ерініп,

Бойын балап керіліп,

Аузынан ішкен шекер бал

Кіндігінен көрініп...

... Сексен үйді аралап,

Төре менен мырзасын

Бәрін де көріп саралап,

Біріне көзін салмады,

Хабарына алмады,

Жөней де кетіп қалады».

           Назымның сұлулығын:

           «Қыз Назымның жеңгесі,

Пердесін қолға алады,

Пердеге жүзін салады,

Өз жүзіне қыз Назым

Талып түсіп қалады» - деп суреттейді. Жалпы, ғашықтық дастандарда сүйгенінің дидарын көріп немес қыздың сұлулығын көріп естен тану мотиві бар. Ал өз көркіне өзі есінен тану Назымның жан баласына бітпеген сұлулығын паш еткендей.

           «Қаламменен жазылған

Қарақат көзді қасым көр,

Қолыңа майда етпесе,

Жібекті көр де, шашым көр.

Алтыннан соққан зер көрдің

Түймесін көр де, басым көр,

Жер үстіне қар жауса,

Қарды көр де етім көр,

Қар үстіне қан тамса,

Қанды көр де, бетім көр», - деп Қамбарға өзінің сұлулығын сипаттаған  Назымның сұлулығына ешкім сай келмейді. Онымен теңесетін, оның алтын басын қадірлейтін жан Қамбар ғана. Жыр батыр мен оның жарын сұлулық өлшемінде бітістіреді.

Назымның батырлар жырындағы әйелдерге ұқсамайтын бір тұсы – еркіндігі. Өзінің сүйген жары үшін Назым ештеңеден қысылып, қымтырылмайды. Өзіне қарамай қойған Қамбар батырдың жолын тосып, үйге түсуін өтінеді.

           – Қара қасқа атты Қамбар-ау,

Қара атыңда жал бар-ау,

Біздің үйге түсе кет,

Шай самаурын іше кет.

Қанша мейман түссе де,

Күткендей бізде әл бар-ау.

Ауылының іргесінен өтіп бара жатқан Қамбарды үйге түсуін өтінген қыз Назымның бойында өзгеше бір батылдық бар. Бір қарағанда Назым осы қылығымен жеңіл мінезді көрінетін сыңай танытады. Алайда Назымның бұл батылдығын ақылсыздық деп қарамай оның өз сүйгені үшін күресе білетін жан ретінде қарастыру керек.

«Алтынды шатыр нетейін,

Мамық төсек нетейін,

Алтынды көрпе нетейін.

Босағаңда отырып,

Атып келген құланның

Өкпесі мен бауырын жеп,

Сорпасын ішіп өтейін» - деген Назым байдың ерке тотай қызы емес, сүйгені үшін ыстыққа да, суыққа да төзе алатын жан екенін танытады. «Ақылың бар ма деуші едім, неткен ақымақ жігітсің» деп Қамбарға наздана сөйлейді. Мұндай батылдық басқа әйел образдарында кездеспейді.

           Өзіне қарамай қойған Қамбардың әрекетіне Назым өкпе артып, өз сұлулығына күдіктене бастайды.

           «Жерге салды тепкіні,

Қамбарға қылды өкпені.

Қарамастай өзіме,

Не болды менің жүзіме.

Ақ бетіме салды ма,

Жаппар бүгін секпілді» деп айнаға жүгіреді. Осы әрекетінен Назымның балалығы мен аңғалдығы көрінеді. Жырда сүйіспеншілік, махаббат мәселесіне келгенде Назым еркелігі басым болғанымен, қиын кезеңдерде ақылды әйелдердің қатарында.

           Ол өз теңін табу үшін талпынып, әкесіне батыл шарт қояды. Қамбармен сырласу үшін батыл әрекеттерге барады. Сондай-ақ өзін алуға келген қалмақ ханын амал-айламен кідіртеді.

           Назымның ерке назды қылығына сай ерекше сұлулығы да бар. Оның сұлулығына жиналған жұртта есеп жоқ. Жырда оның сұлулығы дүниедегі ең сұлу жаратылыспен салыстыра жырланады.

           Белсенсе білек көрінер

Сырдың құба талындай.

Торғын балтыр көрінер

Ақ киіктің таңындай.

Қасы қара көрінер

Құралайдың теңіндей.

Екі емшегі көрінер

Сау қайыңның безіндей.

Ғашықтықтың зарпынан

Тоқиды өрмек ерінбей

Өрмек құру арқылы Назым Қамбармен бетпе-бет жүздесіп ішкі сезімін танытуға мүмкіндік алады, екеуара тіл табысуға жол ашады.

Назымның бұлай өрмек тоқып, батырдың жолын тосуында үлкен сыр бар. Қазақ батырлар жырында кәпірге қыз беру намыс. «Кәпірге тигенше батырдың етегінен ұстайын» деген ой Назымның ақылдылығының бір көрінісі. Сондықтан ол Қамбардың жолын тосады. «Жаны бар кісі қонаққа, Қыз шақырса келмеуші ме еді» деп қайрылмай бара жатқан Қамбарға ренішін білдіреді. Әрі екеуара айтыста Назым сұлу Қамбардың мәртебесін көтеріп отырады. Оны жұртқа тұлға болған батырға балап, сондықтан да жолыңды тостым деп өз сырын айтады.

Назымның киім киісі, жүріс-тұрысы да бөлек.

           «Алтынды бөркі басында,

Қырық нөкер қыз қасында,

Алтын шәйнек қолында»  немесе

           «Алтыннан қамыт доғасы

Қымқап тонды киеді,

Шорай алтын жағасы

... Үстіндегі кигені

Бүрмелі торғын көйлек-ті» - деп жырланады.

        «Табаны жерге тимеген,

Маңдайы күнге күймеген,

Күймеден басқа нәрсеге,

Жорға екен деп мінбеген.

Торқадан басқа киімді

Тон екен деп кимеген» - деген жолдар Назым сұлудың сән-салтанатын асыра түседі. Мұндай сипаттаулар Назымның сұлулығын одан сайын асқақтата түседі. Өз ісіне сенімді, ойлағанын болдырмай қоймайтын Назымның әрекетінде кемістік жоқ. Назым сұлудың басты ерекшелігі – бұла өскен еркіндігінде. Назымның қимылында ерекше бір ептілік бар. Мінезінде баяулықтан гөрі шапшаңдық, дер кезінде шешім қабылдай білетін ақылдылық бар. Қамбарға өз сезімін білдіруі осы мінезінің арқасы. Екіншіден, елді бірліккке шақырып, жауға бірлесе күш жұмсауы үшін қыз алысудың орны ерекше. Міне, Назымды осындай миссияны орындаған, әрі өз сүйгені Қамбарға қосылып арманына жеткен әйелдер қатарына жатқызуға болады.

 

 

Әзімбай

 

Әзімбай «Қамбар батыр» жырындағы еліне шапағаты тиген байлардың бірі.

«Әзімбай патша хан екен,

Ақылы оның дана екен» - деп суреттегендей, ол малға да, жанға да, ақылға да бай. Оның жеті ұл және Назым атты сұлу қызы болады.

           Сексен үйді тігейін,

Сексен бие сауайын.

Сексен саба толтырып,

Бал қымызды жияйын,

Он екі жасар Назымды

Бір сүйгені бар болса,

Қалың мал алмай берейін, - деп жарияға жар салады.

           Он екі баулы өзбекте

Әзімбай еді қара көк

Арылмаған уызы,

Сабада пісер қымызы,

Арғы атасы асыл тек – деп оныңбайлығы мен тектілігін жырға қосады.

Әзімбайдың жырдағы басты жауы – қалмақ ханы. Жырдың бір нұсқасында оны Қараман деп атаса, енді бірінде Мақия, бірінде Мақтым атайды. Бұл жерде ханның аты маңызды емес, маңыздысы діні бөлек, ділі бөлек дұшпанның қалың елді басынуы.

Бір жалғыз қызы Назымды қимаған, бір жағы елінің қамын ойлаған Әзімбай тығырықтан шығар жол іздейді.

 Қараман Келмембетке бастатқан жиырма жігітті жаушы қылып жібереді. Мұны іші сезген Әзімбайдың түрі бұзылып сала береді.

           Әзімбай сонда сөйледі

Ашуы келіп азырақ,

Беті оттай қабынып,

Омырауын көтеріп

Нар бурадай шабынып,

Белін бумай, желбегей

Бөрі ішігін жамылып,

Қабаттап киген камзолды

Сыдыра түйме тағынып:

– Ертелі-кеш шұбырып,

Қонады мейман ағылып,

Кедейлер мені көрмесе,

Қалады, – деді, – сағынып

Отымның басын бермейді,

Іздеген жоғы табылып.

Әзімбай бір елдің ханы. Сол себепті де ол Қамбыр батыр туралы алғаш естігенде:

«Кетші әрмен, төлеңгіт,

Бұл тіліңе армеймін.

Мақтаған Қамбарды көрмеймін.

Он екі жасар Назымды

Кедейге, тіпті, бермеймін» деп қатты кетеді. Алайда кейін Қараманнан құтылудың бір-ақ жолы Қамбар батырдан көмек сұрау екенін жіті түсініп, бектері мен билерін батырға жібереді. Егер Әзімбай ақылсыз болса ол мұндай қадамдарға бармас еді. Ол өз елін сақтау үшін түрлі амалдарға барады. Бір елдің ханы боп отырған Әзімбай әр істі күшпен емес, ақылмен шешу керек деп ұғады.

           – Айтып едім, жүгірмек,

Қылдың, – деп, – бекер осыңды,

Қарындасың екеуің

Қамбарды ер деп мақтаушы ең,

Табасың қайдан десіңді?

«Ақырын, Құдай, оңда!», – деп,

Бұл сөзді айтып Әзімбай

Көзінің жасы жосылды.

Жырдағы Әзімбайдың бір сасқан жері осы. Дегенмен «ханда қырық кісінің ақылы бар» дегендей Әзімбай бұл тығырықтан да жол табады. Жырдың бір нұсқасында ол қалмақ ханына «қызымды беремін, алдымен алпыс күн той жасайын» деп алдап, Қамбар батырдың келгенін күтеді. Қамбар батыр келген соң бірлесіп жауға соққы береміз деп ойлайды. Әзімбайдың осындай шешімінің арқасында халық шапқыншылықтан аман қалады.

Әзімбай көзсіз батыр емес, әрбір ісін ақылмен ойлап шешетін тұлға. Қараманға күші жетпейтінін білгендіктен оған қарсы шықпайды. Қамбардың келгенін күтеді. Қызы Назымды ұзатарда да сараңдық танытпайды.

           Отыз күн ойын өткізіп,

Қырық күн тойын өткізіп,

Мың түйеге жүк артып,

Жүз түйеге алтын менен ділдә артып,

Құл-құтанын бірге артып,

Ырғап-жырғап жөнелтеді.  

 

 

Алшыораз

 

Алшыораз – Әзімбай ұлдарының ішіндегі ең ақылды, жаужүрек батырының бірі. Елді ұйыстырып, жау келсе қарсы төтеп беретін Алшыораздың бойынан батырлықты байқаймыз. Жырда Әзімбайдың ұлдарынің ішінде Алшыоразға ерекше көңіл бөлінеді. Әзімбайдың басқа ұлдарынан Алшыораздың орны бөлек.

           Бесеу еді белгілі

Әзімбайдың тентегі,

«Қайда, – деп, – кедей» жүгірді,

Қолында бір-бір келтегі.

Жын ұрғандай бұрқылдап,

Адамның бәрін жинады,

Түсіп қалды бір жерге

Басынан тері телпегі.

Алтауының ішінде

Ақылы көп артықша

Алшыораз еді еркегі

Әзімбайдың басқа ұлдары басындағы телпегін дұрыс кие алмай, жан-жағын жайпап, елді дүрліктіріп жүрсе, Алшыораз оларға ақыл, кеңес беріп бауырларын сабырға шақырып отырады. Қарындасы Назымның Қамбармен сөйлесіп тұрғанын көрген Қарымсақ Қамбарды қорсынып, інілерін шақырады. Ондағы ойы жалған намысқа салынып, Қамбарға сес көрсету болатын. Мұны көрген Алшыораз ағаларын сабырлық танытуға шақырады.

           Алшыораз айтты: – Ағалар,

Сүйінбе малдың көбіне,

Кімді қырып тастайсың

Жан көрінбей көзіңе.

Көтере алмай жүрсіңдер

Бергенін Құдай өзіңе,

Менің де келді ашуым

Сендердің айтқан сөзіңе,

Үй жығылып қалғандай

Қойныңның бір қап желіне.

Ешкімнің тілін алмайсың

Едіреңдеп бәрің де,

Пісіріп нанды деміңе.

Байлықтан көздері шайлыққан ағалары ештеңені көрмейді. Елді дүрліктірген ағаларына «Құдайдың бергенін көтере алмай жүрсіңдер» –, деп оларға тоқтау салады.

           Алшыораз алдын ойлайтын ақылды адам. Ол Қамбар батырдың ерлігін бағалап, оны сыйлайды. Ел басына күн туғанда Қамбардың көмек қолын созатынын алдын-ала сезеді.

           Екіталай іс болып

Ат құлағы теңессе,

Паналарсың тығылып

Осының барып жеңіне.

Әлімбай ханның баласы

Қарасаң ақыл, тегіне,

Қарындасың кем болмас,

Батырдың түссе шеніне.

Ағайынмен ойласып,

Назымжанды қосайық,

Қаласа Құдай, теңіне.

Қораз, Дараз, Қарымсақ сияқты ағалары Қамбар батырды шабайық десе, Алшыораз Назымды Қамбарға қосайық дейді. Осыдан-ақ ағаларынан Алшыораздың айырмашылығы білінеді.

Келмембет Назымды Қараманға қосуға жаушы боп келеді. Алшыораз мұны естіп ашуланады. Келмембетке кел онда көріселік деп алдап, оның жағасына жармасады. Жырдың бір нұсқасында:

           Жағадан ұстап Алшыораз

Талия тартып табанын,

Ат үстінен жұлып ап,

Аударып жерге түсірді.

Жаушыға келген батырдың

Зәресін жаман ұшырды – десе, енді бірінді:

           Садағына қол салды,

Қозы жауырын оқ алды.

Келменбетке жар болған,

Қырық жолдасын көрген соң,

Сыбағалы оқтарын

Аямай-ақ береді – деп, оның қырық нөкерді бір өзі жайратқанын айтады.

Қарындасы Назымды айттыра келген Келмембетті

«Бермен келші сен құл» деп,

Құлағын кесіп алады.

Күші тасыған, намыс кернеген Алшыораз құдалыққа келген елшінің құлағын құнтитып, мұрнын шұнтитып қоя береді. Қандай жау келсе де қаймықпай қарсы тұратын Алшыораз:

           «Қазақ пен қалмақ қатысып,

Құда болған бар ма екен,

Бұрынғыдан соңғыға?

Дұғай сәлем дегейсің

Қараман дәудей ханыңа!» - деп Қараман ханға сәлем айтып жібереді.

Мұны естіп Қараман долданады. Әзімбайдың елін шабамын деп жұртын тегіс атқа қонуға бұйырады. Алшыораз да ел басына тықыр таянғанын біліп Қамбардан жәрдем тілейді. «...Қараманға қарсы қайрат көрсете алмайтындығын біліп, ақылмен жол табады, хал-жайын айтып, Қамбарға Жәдігерді атттандырады, батырдан күш-көмек сұрайды. Мұның бәрі Алшыораздың ақылы, намысы бар, өжет, ержігіт екендігін сипаттайды».

Алшыораз Қамбар батырмен қосылып Қараманға бірге аттанады. Басқа ағалары үйінде жаудан бұғып жатқанда ол батырлық танытады.

Жырдың бір нұсқасында Алшыораздың мінезі, киім киісі суреттелген. Оның жылқыны жаратып мініп, сұлуды іздеп сүйетін сері адам екені жырда жақсы айтылған.

           Ең кенжесі – Алшыораз,

Секілденген шын қораз.

Жаман менен жақсының

Арасын жігіт білетін,

Қатарымен жүретін.

Таланты бар неме еді,

Жайдарысынып күлетін,

Құлаққа сөзді ілетін.

Жігіттіктің дәуірін

Өткізбейтін мүнетін,

Тәуірлеп киім киетін,

Жаратып жылқы мінетін,

Сұлу іздеп сүйетін.

Адамшылық ойлаған,

Халыққа бөлген ниетін,

Көпшіл жігіт мырза еді.

Қалай десек де Алшыораз бейнесі елін жаудан қорғаған, намысшыл, адал, байлықты көтере алатын қанағатшыл, көпшіл адам.

 

 

Келмембет

 

Келмембет – қалмақ ханының елшісі, арам пиғылды кейіпкерлердің бірі. Фольклортанушы Ж.Рақышева жырды зерттей отырып, Келмембет бейнесін «Келмембет – мойны қыл ішектей, басы тоқпақтай, көзі қояндай, беті бүйректей, танауы борсықтың ініндей, соғымға сойған өгіздей, жел аударған қаңбақтай» деп суреттейді.

Келмембеттің тегі құлдан тарайды. Оған хан ашуланғанда «бес байталға алған бедірек құл» деп дүрсе қоя береді.

Ол – Қараманнның қайда жұмсаса сонда баратын, айтқанын екі еткізбейтін қолшоқпары. Келмембет Қараманның айтқанына еш қарсылық көрсете алмайтын қорқақ адам. Алайда ол кімге сес көрсетіп, кімнен қорқу керектігін біледі. Қамбар, Қараман, Алшыораз сияқты өзінен күші басым батырлармен абайлап, жалынышты леппен сөйлеседі де, Әзімбай сынды қарттармен өктемсіп, сес көрсете сөйлеседі. Мұнан Келмембеттің әрі қу, әрі екүжүзді залым екенін көреміз. Қараманның елшісі болып келген Келмембет келе сала Әзімбай ханға қызы Назымды Қараман хан алатынын жеткізе келеді. Ол екі арадағы елшілікті де жөнімен атқара алмайды. Елшіліктің мақсаты екі елді татуластыру, біріктіру болса Келмембеттің мұны түсінуге шамасы жоқ.

           – Асықпасаң, бай-еке,

Мүйізі ұзын боз бұқа

Пәйкеліңді аңқытып,

Пәлегіңді үзеді.

Артына қарап бұрылып,

Айдайын десең, сүзеді.

Исі жұртқа жайылып

Піскен аңқып түйнегің,

Қолына өткір кездік ап

Ортасынан тіледі.

Келмембеттің қыршаңқы тілі кез-келген адамның ар-намысына тиеді. Ол сөйлесе қарсыласын тұқыртып, өзін елден зор санап өктемсіп сөйлейді. Өзі елші бола тұра Әзімбай еліне келген ол еш қызмет етпей-ақ Назымды Қараман әйел қылып алатынына күмән келтірмейді. Әзімбайдан қызыңды бер деп рұқсат алудың орнына, оны құлындай жұмсауға даяр тұрады.

           Бүгін саған мейманмын,

Таңдап сой семіз қойыңды.

Құда түсіп, құйрық жеп,

Қыламыз қызық ойынды – ­деп, Әзімбайға бұйрық бере келеді.

           Келмембеттің мұндай әумесерлігіне Әзімбайдың ұлы Алшыораз шыдамайды. Елінің намысын Келмембетке таптатқызып қойғысы келмейді. Қалайда мұндай кеудесіне нан піскен батырды жөнге салу керектігін білген Алшораз Келмембетті өлтіре сабайды.

           Құлағын отап құнтитты,

Өткір қара пышақпен

Мұрнын кесіп шұнтитты.

Қылшықтай мойнын қуартып,

Тоқпақтай басын сымпитты,

Қояндай көзін бадырайтып,

Бүйректей бетін бұлтитты.

Төскейден қашқан борсықтың

Ініндей қылып үңірейтіп,

Танауын екі таңқитты.

«Көп асқанға бір тосқан» дегендей өзінің тоғышар пейілінен Келмембет осындай жапа шегеді. Мұрны мен құлағынан жартылай айрылған Келмембет Қараман ханның тілін алмасқа лажы жоқ. Әркімнен бір ыққан құлдың өз еркі өзінде емес. Алшыораздан оңбай таяқ жеген Келмембетті Қараман қайта жұмсайды. Бұл жолғы сапары тіптен қиын. Қараман оны Қамбар батырға жұмсағанда әбден зәрезап болған ол Қамбар батырмен ат-үстінде тілдеседі.

           Амансың ба, Қамбаржан,

Алып кел деп алдыма

Жіберіп еді Қараман,

Әзімбайдың үстінде

Мейман болып жатырмыз,

Көп күндер өтті арадан.

Нәсіп айдап бұл жаққа

Шығып едік қаладан,

Патшаның мейірі қанбады

Сөйлесіп қатын-баладан.

«Әңгімеге айланбай

Ат үстінен айт тағы,

Қайт, – деп еді, – даладан».

Міне, Келмембеттің бар ойлап тапқан қулығы. Байқап отырғанымыздай оның Әзімбаймен тілдескені бөлек те, Қамбармен әңгімесі тіптен басқа. Әзімбайға өктемсіп сөйлесе, Қамбарға жалынышпен, үрейлене тіл қатады.

Көпнұсқалы жырдың және бір нұсқасында Келмембетті алып денелі, шешен адам етіп көрсетеді. Алшораздан зорлық көріп, үсті-басы қан болса да, жеңілгенін мойындамайды.

«Келмембет сынды шешенің

Адамдарға таң болып,

Бір пормылы жан болып,

Тұла бойы қан болып,

Қарқ-қарқ күліп жөнелді.

           Мақия қанның алдына барып:

           Алдияр тақсыр, ханымыз.

Жолыңызға құрмандық,

Шапса аулақ малымыз

Құлағым мен мұрнымның

Кегін содан алыңыз деп шағынады.

Келмембеттің ең бір сүйкімсіз қылығы – сатқындығы. Кім күшті, кімнің билігі мықты Келмембет сол жаққа ыққыш келеді. Мәселен, Қараман мен Қамбар жекпе-жекке түскенде Келмембет қай жаққа шығарын білмей дал болады. Өзінің қу жанын күйттеп екі жаққа өтірік араша түскендей сыңай танытады.

           Қаһар қылды Қараман

Ұядан жалғыз балаға.

«Қойыңдар, – деп, – ұрысты»

Келмембет түсті араға.

Бұған дейін Келмембеттің бұлай дауыс көтеріп, ақыл айтатындай дәрмені жоқ болатын. Таразының екі басы теңескенде күштің қай жақта екенін бағдарлай алмаған Келмембет осындай әрекет жасауға мәжбүр болады.

Келесі бір нұсқада Мақтым ханның қолшоқпары болған Келмембет оны ойда-жоқта сатып кетеді. Келмембеттің Қамбардың жағына шығуын былайша түсіндіреді:

           Туғанымда анадан,

Мұсылман едім мен жастан,

Өзіме серік аз болып,

Мен дінім бұздым әу бастан

Айналайын Құдайға,

Жолықтырған Қамбарды

Құлшылық қылып бағайын,

Мұхаммедтің алдына

Иманды болып барайын – деп тәубесіне келеді. 

Қорыта айтқанда жырда суреттелгендей Келмембеттің құлағы құнтиған шолақ, мұрны шұнтиған пұшық. Мойны қылдырықтай, басы тоқпақтай. Беті бұлтиған бүйректей дөмпиіп, танауының тесігі тым үлкен. Кескін келбеті тым ұсқынсыз. Басы таз Келмембет не істесе де құлға тән әрекет етеді. Жан-жағына жалтақтап, өзінен күшті болса қойдан момын сыңай танытады. Оның жүзіне қараған адам қулықтың, арамдықтың, сатқындықтың сипатын сезеді. Ол өзінен төмен адамдарды менсінбей оларға дөрекі, айқайлап сөйлейді. Өзіне емес Қараман сияқты батырларға сенеді. Тамақтан басқа ештеңе ойламайтын тойымсыз Келмембет осындай сүйкімсіз сипаттарымен  ел есінде қалған.

 

Қара қасқа ат

 

Батырлар жыржырының қайсысын алмайық, батырдың тұлпары сенімді серік әрі асқан жүйрік болып суреттеледі. Тұлпарлардың бір-бірінен негізгі айырмашылықтары түр-түсі ғана. Ал, олардың алты айлық жолды алты күнде басуы, ақылдылығы, төзімділігі бірдей. Мәселен, Алпамыстың атының түсі шұбар болса, Қобыландының аты бурыл. Ал Қамбар батырдың атының түсі – қара қасқа. Жырда Қамбар батыр мен оның мінген тұлпары да бірге суреттеледі. 

           «Қара қасқа атты Қамбар-ай,

Қара атыңда жал бар-ай» – деген ұйқас жырдың әрбір жерінде бірнеше рет қайталанады.

Қара қасқа аттың Қамбарға көмегі көп. Алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобырды Қамбар осы тұлпарының арқасында  аң етімен қоректендіріп отырады. Қамбардың Қара қасқа тұлпарынан басқа сенері де, сүйенері де жоқ. Қысылғанда көмек беріп, жауға шапқанда үнемі қасында болған тұлпарды батыр ерекше құрметтейді.

           – Қанатты туған пырағым,

Аға-іні сен едің,

Тар жерде жолдас, шырағым.

Мойның алтын таяқтай,

Қамыстай екі құлағың,

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе – тұяғың.

Сұлулығың сүмбідей,

Жылқыға бітпес, жануар,

Сымбатың менен сыяғың.

Міне, жолбарыспен жекпе-жекке түскенде Қара қасқа атқа Қамбар батыр осылай мұңын шағады.

Қамбар батыр аңға немесе алыс сапарға шығарда тұлпарын баптайды. Оған мейіз, жем береді. Қара қасқа ат жүріске төзімді жылқы малы. Оған себеп «басының үлкендігі он екі қарыс қазандай» жолбарысты Қамбар батыр өңгеріп алғанда да ауырсынбайды. Әзімбайдың ауылының  тұсынан өткенде қалың жұрт таң-тамаша болады. 

           Қара қасқа тұлпарға

Бестен жүген жүгендеп,

Бұраңғымен белдіктеп

Шұғаменен терліктеп,

Жұптап айыл салады.

Тәулеп қамшы алады,

Күн жетпеген бауырдан,

Жел жетпеген сауырдан,

Орай бұттан салады – деп, Қара қасқа атты алыс сапарға дайындайды.

           Қамбар батыр өзі кедей болса да бес қаруы мен атының әбзелдері түгел батыр. Мысалы, ол Қара қасқа аттың аяғына оқтығы таза күдеріден бау, құйысқанын алтыннан тағады. Бұл батырдың тұлпарға деген шынайы сүйіспеншілігін білдіреді. «Қара аттан басқа малымды, ағайыным жеп тауысты деп» Қара қасқа аттан басқа серігі жоқ екенін Қамбар жырда сөз етеді.

Жырда Қара қасқа аттың жүйріктігі жаңа бір көркемдік белеске көтерілген. Тұлпардың шабысы қатты. Бас бермейтін арынымен Қара қасқа ат асау кейіпте көрінеді.

           Ауыздықпен қарысып,

Ұшқан құспен жарысып,

Көбігі түсіп сауырдан,

Тер тамшылап бауырдан.

Аттың шабысы мен батырдың ызалы кейпі бір арнада (паралелизм) дамиды. Батырдың ашуы мен тұлпардың шабысы оқиғаның психологиялық күйін дәлме-дәл суреттейді. Мәселен, батыр атқа қонғанда оған әлдебір нәрсе әсер етеді. Жайшылықта тұлпардың бұлай ауыздықпен алысуы сирек. Яғни, бұл психологиялық күй болашақта бір күрестің болатынын алдын-ала сездіреді. Мәселен, Қара қасқа аттың бұлай тулауы Әзімбай елін Қамбар батыр құтқармақ болған сапарында жүзеге асады. Сол сияқты Назымның алдынан өтіп бара жатқанда да Қара қасқа аттың екпіні қатты. Қамбар батыр Әзімбай еліне жүрерде Қара қасқа аттың шабысы былай суреттеледі:

           Тобық майы бұлтылдап,

Тұяқтан оты жылтылдап,

Шақпақ оты шақылдап,

Найзаның ұшы жарқылдап,

Азулары шықырлап,

Ауыздыққа қарысып,

Ұшқан құспен жарысып,

Алты қырдан асып тұр.

Міне, осы екпін, осы дүбір, болашақта батырдың үлкен жаумен теке-тіресін сездіреді.

Қара қасқа ат – ғажайып жануар. Оған қысылтаяң шақта тіл бітіп, жекпе-жекке шыққанда әуелгі ату кезегін дұшпанына беруді сұрайды. Қалмақ ханы әуелгі оғын атқанда, жүресінен жата қалып, оқ үстімен өтеді. Екінші оғын тартқанда «тұрымтайдай бұлтылдап,  найжағайдай жалтылдап» өнерін көрсетіп, оқ маңынан өтеді. Ал үшінші оғын атқанда бозторғайдай шырылдап, аспанға атылады. Тартқан оқ дарымай, астынан өтеді.  

Жалпы айтқанда, Қара қасқа аттың ең басты ерекшелігі – аты айтып тұрғандай түр-түсі қара, маңдайы ақ болуында. Тұлпардың тұрпатынан оны4 жылқы малына тән мінезі аңғарылады. Ауыздықты қарш-қарш шайнаған, үстіндегі иесіне бас бермей кететін екпін байқалады. Табаны тасқа тигенде шақпақ оттар жан-жаққа шашырағанынан-ақ оның мықты тұлпар екенін көреміз.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика