КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


    Қазақтың даласы – Қазақтың Анасы. Елге құт мәңгілік сөз. Күтетін Отанымыз – осы. Оның кеңдігі мен байлығына қасындағылардан бастап дүниежүзінде әрі мақтап, әрі тамсанып көздерін сатып қарайтындар аз емес. Кең байтақ туған өлкемізді көктеп өтетін әлемдік халықаралық және мың тарау ішкі қатынас жолдарымыз бар. Қайсысына түссең де Көк пен Жердің түйіскен шексіздігі жеткізбей шалқып сайрап жатады. Әлімсақтан бергі бізге дейінгі аталар соның бәрін қалай таза ұстаған. Біздер ата салтын солай қадірлеп ұстаудан ауып кеттік. Ауып кеткенде адасып кеткен жоқпыз. Қазақстанды аралап қай бұрышына шықсаң да, жарқырап жатқан қасқа жолдардың бәріне жағалай мәшинеден аударылып өлгендерге жарысып ескерткіш соғып жатырмыз.

    Аттары жазылған темір шарбақ, үйген тас, цемент тұғыр, үйден үлкен қызыл мәрмәр, бұрылыс таудың басына қойылған биіктігі бес-алты кез кісінің тіке тұлғаларын ел қорғаған қаһарман, не абыз, алыптар деп ойламаңыз. Жол апаттарынан қарапайым қазаға ұшыраған кәрі-жас жолаушылардың жығылған орындарына қойылған құр белгілер. «Жалғыз мола болғыр!» – дейтін ел қарғысына ұшырағандар емес. Бірақ бекер нәрсе.

    Бұл әдет осымен жалғаса берсе, жақыны жарты ғасырда, ұзаса бір ғасырда Қазақстан жолдары жағалай өтірік ескерткішке толады. Келе жатқан беттен жағаға шығуға ашық жер таппайтын боламыз. Оның үстіне шетелдерден ертең келетін туристер «сұлу ескерткіштерімізді» суретке түсіріп, тарихи тағдырларын сұраса не дейміз?!

    Осыларға ұқсас бір мысалды қосып айтсақ, Алматының Кеңсайындағы үлкен зиратта жеке адамға, не әулетке тұрғызылған қызыл, қара мәрмәрлардан қалың етіп биік қаланған өрнекті қорған зираттар бар. Бұларға бәсекелес озғаны мен қалғандары Республикамыздың бар аймағында толып жатыр. Осылардың арасынан Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтерді іздейсіз. Тауып алсаңыз, тәу етесіз. Басқа жақсылар да бар.

    Әлем таныған ұлы тұлғаларымызды іздеушілер бізге әлемнің әр бұрышынан келеді әлі. Оған күн жақын. Жақсыларымыздың орындарына халық болып қарауымыз керек шығар демей, ауыл арасындағы бақталастықпен ерсі «орынсыз бекер мал шашып» «озу» көшелі жұртшылығымыздың көңілдеріне кірбің, реніш кекесін әкеледі. Көптің көзі мен аузын жаппайсың. Олар ойындағысын айтады.

    Кеңсайдың төрінде тұрған Бауыржан батырға барып дұға оқыған арыстар;

    Сабыр Рахимов туысымызды серпуыс топырағымен алып келіп, осылай еңсесін көтеріп қойсақ, Астана мен Алматыда жеріміз жетпей ме? – деп алдындағы үлкен еңіске үңіліп ой түзеді.

    Ұлттық кісіліктің, ұлттық дәстүрлердің басы ұлттық тағамдарда тұрады. Кім де болса келген үйдің алдымен басына, одан кейін асына қарайды. Ошағы майлы болмаса, алтын сарайыңда да адам тұрмайды.

    Кімге нәсіп қайдан кездеспейді. Баяғыда мың торғай қамаса, бір торғай тұрғысыз бір кедейдің лашығы болыпты. Соған жұпыны киінген жалғыз атты жолаушы кездейсоқ келіп түседі. Лашық иесі мейманын құрақ ұша қарсы алады. Бұйырған дәмін алдына қойып, бар ықыласымен күтеді. Қызметін көрген бейтаныс қонақ кетерінде үй иесін қимай, қайта көрісуді Тәңір жазсын деп арыздасып аттаныпты. Және осы күтімді өзіне өмірбақи үлгі етіп, кішіпейілділікке ұстанып ұмытпай өтіпті. Сөйтсе, бұл жалғыз атты жолаушы өзінің қол астындағы елінің жағдайын білуге, бойын жасырып, белгісіз бәдәуи болып аралап жүрген сол елдің ақылды патшасы екен дейді.

Мұны өсиет еткен үлкендер халқымыздың меймандостық салтына сыйынып айтатын.

    Қазақ халқының тұрмысындағы ежелден келе жатқан меймандостық дәстүрі жіңішкеріп, үзілудің сәл-ақ алдында ілініп келеді. Мұны мойындамай, бой бермей: «Олай емес, біз бұрынғыдаймыз!» – деп бас көтергіміз келгенімен, айтпасақ – адал сөздің атасы өледі ғой. Белгілі дегдар отбасылар болмаса, (бұл бай үй болу деген сөз емес) көбіміз майдалап кеттік.

    Ұлттық тағамдарымыз қымызды – немістер, қымыран-шұбатымызды еврейлер, жылқы еті мен қазыларын – француздар, ет асу салтымызды қырғыздар біздің тілімізде қойылған аты «Бешбармақ» деп иеленеді.

Сонымен, ұлттық тағамдарымызды әркім өз аттарына теліп, жазып алып кетіп жатыр деп еліміздің ішінде ренжушілік өршіп жүр. Ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында кете берсек, өркеніміз өспейді. Бұған қамдану әрекеті жоқ па?

    Ас пен тойдың әлегі тіпті аспандап кетті. Тіршілік салты деп бәріне де тілектестік білдіреміз. Бірақ басты мақсатты мақтаныш, бақталастық бәсеке етіп ұстанудың керегі не? «Тойсаң – тоба қыл», «Ұлық болсаң – кішік бол» дейтін ел әдебінен аспаған абзал емес пе.

    Ата жұртымызда халқымыз тұрмысына қарай үлкенді-кішілі жиын өткізерде алдымен күні бұрын жөн білетін үлкендерін шақырып кеңесасын өткізетінді. Онда тойхана бар жарағын жайып көрсетеді. Алыс-жақыннан келетін атажегжаттарын, сый кісілерін, құда, нағашы, жиен, күйеу – жамағаттарын, қалың аралас қатысы бар достарын атайды. Оларға қоятын мінт, киіт, әйелдерге арналған зергерлік әшекей дүниелерінің беттерін ашып ұстап көруге ортаға тасталады.

    Кеңеске келген ауыл ағалары мен кейуаналар ақылдасып, салт жолдарын саралап алдын асырады, төмендеуін толықтырады. Сияпаттардың және тойға шақырылған қонақтарға жасалған қызметтердің дәрежесі іштей – тойхананың, сырттайсый кісілердің есебінде болады.

    Жан-жақтан келетін құрметті меймандарды күтіп алуға, бір-біріне серік, тындырымды азаматтар бөлінеді. Олар қонақтардың алдарынан шығады. Түстік жерден тосып, аттарынан түсіп, қолдарын қусырып құрметтеп қарсы алады. Иықтарына орамалдарын салып тұрып, қолға су құяды. Қымыз бен ет жолазықты дастархандарын жаяды. Таза далада дәм таттырып, ауылдарына бастап алып келеді.

    Қайтарында дәл солай, жаңа таныс жастары ойын-күлкімен өлеңдетіп, қалаған жерлеріне дейін шығарып салып қоштасады. Меймандардың ауылдарына жеткенге дейінгі сәлемдеме қоржын, жолазық, сусындары ас-жиын иелерінен кісілері аттанарда айтылып бөлек беріледі. Алыс-жақыннан, өз елінен, қоңсылардан шаруа иіні қабаттасып, әлде сырқаттанып, сондай-ақ, кейбір үй қаралы жағдайға ұшырап айтылған асқа не қызықшылыққа келе алмай да қалады. Қазақ салтында жиын өткізген жақ мұндай отбасыларға да көлікпен арнайы сыбаға табақтар жібереді. Саулық тілеп, сәлем жолдайды.

    Бұл – үлкен мәдениетті құрмет еді.

Егер мұны ұмытса – білімсіздікке, ескермесе – елемегендікке есептелетін ақталмас айып болады. Қазақ дәстүрі мұндай кінәға жауапты тойхана иесінің өзінен емес, сол елдің ұрпағы өсіп, кісі болып жүрген аталар мен аналардан кісі салып сұрайды.

    Тап осындай дәстүрге бір мысал: Қыстың бір қатал суық шағында екі кісінің жолдары тоғысып, бір бағытқа сапарлас болып екеуі бірге жүреді. Бірінің жақсы қасқыр ішігі бар. Екіншісі де тоңбайтын толық орта киімді екен. Бірақ боран жағдайға қарай ма? Соңғы кісіні үсік шалып, еліне жетіпті.

    Әдетте қасқыр ішік екі кісіні бір тәулікте үсікке бермейді . Қасындағы жолдасына қараспаған қасқыр ішікті адам жолдастық ақыға жарамаған. Соны келген бетте баласынан естіген қасқыр ішікті жігіттің әкесі, таңертең тай жетелетіп, үсік алған жігіттің елінің үлкеніне кешірімге адам жіберіпті. Ол ел разылық рахметін айтып, барған кісіні киітпен қайырыпты.

    Ата жолындағы адамгершіліктің мұндай адал қатынастарын аман-есен дамытып, алға қарай алып жүру – ұрпақ жалғастығына көшіп отыратын әлеуметтік аманат.

    Қазіргі кездегі елімізде өткізіп жүрген жалпы жиындарымыздың жағдайлары қалай? Түрге бөліп түгендеп, жекелеп талданса әңгіме ұзарып кететін болғандықтан Сіздермен бір бағытта айтып ақылдасып отырмыз.

    Қалаларда мейрамханалар жетерлік. Көпшілік шақырылған қызықшылық та, қаралы жиындар да соларда өтеді. Төрт жүз-бес жүз орындар «орта жиын» деп, одан көбі «күшті, әлді жиын» деп аталады. Бұл атауларға қанағаттанбағандар: «Мың кісілік тойды жасаған адам мен боламын!» – деп өзін көрсетіп, сол ойлағанындай жиын өткізу де бар.

    Әрине, осы жарыс тойлардың астарлы әдістері де жоқ емес. Бәрінің ережесі біреу. «Той» – Құдайдың қазынасы деген». Іске сәт! Кредит алып жасаған той шығынымды екі есе өндіремін. Ондай түсімі жоқ болса, осынша адамды күтіп басыма ұрамын ба?! – деп саудагер сақы жиын иесі асқазанның басындағыларға ашық көкіп отырады.

    Тойға шақырылған жамағат сырт киімдерін шешіп өткізетін дәліздегі қабырғада, түйенің көзіндей әріптермен компьютерге теріліп ілулі тұрған қағаздан өздерінің аты-жөндерін іздеп, қай орынға барып отыратындарын біледі. Столдардың бәрінің қатар сандары қойылған. Әр стол жеке топ адамдардың меншігі.

    Халқымыздың атына кір келтіретін кінә жарты жамағаттың жүрегін аздырады. Барлық столдың үсті бірдей болмайды. Той иесінің қошемет көрсеткісі келген, әр ыңғайда бөлек отырған мырзаларының дастархандары басқалардан бай болады. Халық мұндай тойды «ала дастарханды той» деп атайды. Құрметтеп сөз беру де солай жүйесіз жүреді. Соның салдарынан жолына өкпелеген жегжаттар тойға қосуға әкелген кілемдерін бермей, үйлеріне арқалап қайтады. Сықақ театрларының сахнасынан көрсетіліп жүрген осы мазақ шындық өміріміз.

    Мейрамханалармен келіскен шартты сағаттарға сай тойдағы қызықшылық уақыты таянған шақта әр столға орамал, тақия, тәтті-пәтті, арақтар қойылған «Тойбастар» табақтары тартылады. Бұл кәделі салтты бағалаған көпшілік әр дастарханда отырған өз топтарымен бірі бастап, қалғандары қосылып, қалаған өлеңдерін айтысып қызықшылықты көтереді. Орталарындағы «тойбастарға» қойылған дәстүр салттарын ырым етісіп таратып алады. Шын салт солай.

    Сарайды кернеп, тойбастар өлеңдері гулеген тұста, Ата жолымызда жоқ осы заманның, яғни біздің кейінгі ұрпақтарымызға қалдырар сұғанақ салтымыз басталады. Жер-су баспай үлпілдеп жоғарыда отырған сыпайы ханымдар қимылдайды. Жандарындағы жалаңаш қатынды суретті целофан қалталарын шығарып, дастарханда тұрған қымбат балықтар мен уылдырық, қия кескен қазыларды, еттері ажырамаған омыртқа, жіліктерді салып алып, стол астында аяқтарының арасына қысып отырады.

    «Тойбастар» айтылып бітпей жатып, жоғарыдағыларды көрген жамағат жапа-тармағай ұмтылып дастархан талайды. Ұрыста тұрыс жоқ. Суретсіз целофандар қаптайды. Белгілі ханымдар енді алдарына келген арзан ақ қалтаға «ырым» етіп, шет елдерден келген (өздері аттарын да білмейтін) иттің басындай бұдыр шеке таңсық жеміс пен маймыл жейтін бананды басады.

    Алпысты алқымдаған «зиялы кісілер» бала-шағаға араласпайды. Ірі турайды. Біреуі – саяжайдағы күзетшіме деп, біреуі – екі-үш құрылысшыма деп табақ-табақ төсеме ет пен палауды, түрлі салаттарды атасы тегін арзан қалталарға бөлек-бөлек тоғытып, өздерінің айтуынша – сауап тірлік жасауға әкетеді.

    Ауылдардағы әдеттер де осыларға ұқсайды. Бірақ есіңнен кетпейтін бір ерекшеліктері бар. Қаладағыдай барлық жерде мейрамхана жоқ қой. Ол жақта жиын өткізілетін екі-үш бөлмелі үйдің қасына алпыс-сексен кісілік жалдамалы шатырлар тігіледі. Сол орындар кісіге толысымен ас тартылады. Келіп жатқан нөпір көпшілік кезек күтіп сыртта әңгімелесе тұрады. Ол айып емес. Жағдайды түсінгендік.

Бірақ әр бөлмелердегі әйелдер отырған және сырттағы киіз үй, шатырлардағы кәрі-жас ер кісілер – бәрі ас жеп, бата жасап тарағанда дастархандарында түк қалдырмай тазалап алып кетеді. Жиын иелері жабыла жүгіріп, бар дастархандарын қайта жасайды. Келесі кісілер кеткен соң тағы солай болып, жазғандар ең кемі – үш ауысымды атқарғанда «уһ!» десіп естерін жияды. Қай мейманы қалай кеткендерін түгендей алмай, кінәні бірінен-бірі көреді. Тәңірдің таңы атқан соң бәрін ұмытады да, елге шүлен таратып біздей той жасағасын ешкім жоқ деп шығады.

Дастархан талау келіннің тойы, кемпірдің асында ғана емес, атпалдай азаматтар дүниеден өткен қаралы қайғының үстінде де осы сүйкімсіз салт қалыптасты.

    Өмірдің көлеңкелі және күншуақты жақтарына қарай ас немесе той жасаған отбасы, кісі аяғы басылысымен, жиын-теріндерін реттеп келесі күні «Шүкіршілігін» өткізеді. «Шүкіршілік» – ата дәстүрі. Бұған жоғарыда сөз болған «Кеңесасындағы» ақылшы ата-ана алқалары, кеше қызмет еткен қасапшы, қазаншы, отыншы, келіндер мен азаматтар, қоңсылар шақырылады.Солардың белсенді, әдепті қызмет еткендеріне үлкендердің батасы беріледі. Сырға-жүзік салынып, көйлек-орамал, шапан жабылып рахмет айтылады. Кемшілік жіберген жоқ па? Соған дейін қарап, елағалары мен апалар кешегі өздерінің көпшілік істерін қорытындылайды.

    «Шүкіршілік» деген атаудың мәнісі – ниет еткен жиынның аман-есен, жаманатсыз өткені үшін Аллаға және жақсылыққа ниеттерін қосып келіп қатысқан халқына разылықтарын білдіріп тәубаға келуі.

Бұл мұра ілуде бір отбасыларда қалған. Соларды жоғалтпасақ игі. Халқымызға қайтаратын жақсы кәде. Қазіргі ас пен той иелерінің мұнымен жұмыстары жоқ. Олар алдымен түсім санап жүр.

    Ендігі бір сөз – қазаққа тән әдептердің кетілуі. Әңгіме етіп отырған көптің арасында кімдер жоқ. Ардагерлер де, кемтарлар да бар. Өмірге еңбектерімен үлес қосқан жақсылар мен жайсаңдардың қатарына, яғни отыратын төріне олар да ие. Дүниені түріне қарап түгендеуге болмайды.

    Үлкеннің алдын, кісінің жолын кеспейтін халқымыздың қайран әдебі қайда қалып барады?!

Шамамен елу-алпыс жастардағы біздің заманның білімі бар бас көтерер атқамінерлері қабатында ата тұр ма, апа тұр ма, мән бермей, көптің алдына түсіп жүруді өздеріне мәртебе санайды. Қастарындағы ханымдарда да иба болмайды. «Қараша – ханның тұсында, Қатын – ердің тұсында» деп сіресіп өтеді.

    Тағы бір теріс тірліктерге қараңыз. Ас-тойды бастау үшін келген елді даяшы мейрамхана сарайына кіріп орындарына отыруларын өтінеді. Дастархан басына барып тізе бүккен небір тәуір еркек-әйел отырмай жатып, тамаққа бас ұрады. Сусындарды ашып бастарына көтереді. Халықтың жайғасқанына, жиынның құрметпен басталуына бата берілетініне қарамайды. Сонда солар үйлерінен оразаларын ашпай аш келе ме?! Мұның үстіне кейбір кейін келгендер бұрын отырған үлкен-кішімен дастарханды айнала жүріп қол алысып амандасады. Осы әдет бекер нәрсе. Тазалыққа обал. Жайғасып орналасып қалған көпшіліктің үстіне келген кісілер жеке болсын, көп болсын және жасы үлкен абыз ата болсын, мейлі, олар қолдарын кеудесіне қойып сәлемдессе үлкен құрметке есептеледі. Әйтпесе, дәм алып отырған кісі сескеніп қалуы мүмкін. Мен қолымды жуып келіп едім деген сөз емес. Ол түгілі, ортаға тартылған табақтағы мол етті турауға пышақ жетпей қалса, қалтаңдағы қабы бар, жуылып салынған бәкіңді де қасыңдағы табақтас кісілердің көзінше жудырмай табаққа салуға хақың жоқ. Олай етпесең кісі күдіктеніп, кірбің алып бой тартады.

    Халық тұрмысына қалыптасқан дәстүрлердің қырын сындырмай, дәрежелерін түсірмей пайдалансаң, бүгінгі өмірден озық екенін білесің. Ондай халық қасиеттері мақтаныш емес пе!? Ол ұлттық мәртебе.

    Ойдан ой туады, сөзден сөз шығады. Кейде біз осы бір нәрсені артық қыламыз деп, тыртық қылып жүрген жоқпыз ба? Ұлттық ғұрып-әдет туралы сөз қозғап қалдық қой, осы арада «пұшық айтып қор қылған ән» секілді маңызын қашырған ұлттық ойынымыз туралы да бірер ауыз айта кеткеннің айыбы болмас. Тағы бір келелі әңгіменің кезегі келіп тұр. Расында жоқтаусыз бір өнеріміз жобасыз шапқыншылықта қолжаулық болып жүр. Көптің назары неге түспейді деп қараңыз. «Қазақтың ұлттық ойыны көкпар» деп, «жаңаша жасалған» спорттық ойын түрін жиһанға жариялап көрсететін болдық. Оның басындағылардың қуаныштары да, одан өтетін мақтаныш желпіністері де жоқ емес. Ізгі әрекет қой, құтты болсын!

    Бірақ... ол несімен қызық? Тәртібі қалай? Қашан, қайда шабылады? Жеңімпазы анықтала ма? – Осының бәрі айтып отырған ұлттық ойынымыздың бойында болатын, қабырғадан қазылған қара жолды, атадан балаға жалғасып келе жатқан сақ-қазақ халқының ерекше дәстүрі еді ғой...

    Жоғарыда айтылған белгілерді ойын кезінде кезегімен жүзеге асыру үшін, әр түрлі амалдар атқаруға лайықты азаматтар мен жүйріктерді дайындауда мықты саяткерліктен өтеді. Халық мектебі бұған қиырсыз қазына болған.

    Қай елдің болса да іріктелген шабандоздары бар. Оларға тетелес талапкерлері толып жатады. Көкпардың «салымды көкпар» және «еркін көкпар» деп аталатын екі түрі болған. Оларда тана көкпар немесе серке көкпар беріледі. Ат пен азаматтарды үйрететін ауыл көкпарда лақ көкпар шабылады.

    Салымды көкпарда ат шабатын үлкен алаңның екі басынан қарсы екі мәре қақпа белгіленеді. Мысалы, бұларда асырса жеті салымға дейін бәйге қояды. Бірінші бас салымнан бастап, бәйге бағасы бірте-бірте төмендейді. Салымға қатысушы талапкерлердің санына шек қойылмайды. Ат мінген адамдардың бәріне рұқсат. Сондықтан жұрт жапатармағай бас бәйгеге ұмтылады. Бірақ кім нешінші салымды салса, соның сыйлығын алады. Дегенмен, ат ауыстырып шабатын атақты шабандоз, кейде бір көкпарда, екі-үш салымды салып, екі-үш бәйгесін қабат алып та кетеді. Саятшылар алыс ұлыстар шақырылған үлкен көкпарларда әр түрлі әдіс қолдануға, әр түрлі аттарымен сыралғы азаматтарын дайындап әкеледі.

    Жүйрік қашағанды арнайы мінген шабандоз біреуде кетіп бара жатқан көкпарды көз ілеспей қуып жеткен бойда тартып алып, тақымға басып, оңға-солға не артқа жалт айналады. Басы жұмсақ ұшқыр ат үстіндегі иесі екеуі сыралғы. Тізгінді қалай қақсаң, солай бұрылғыш жеңіл жануарды «басы жұмсақ қашаған» деп атайды. Ондай атты танитын, біле қоятын бәсекелес қуғыншылар екі тұсынан өкпесін қысып, бұрылуға шама бермейді. Көкпарға жармасуға жақындап жанаса берген кезде, қашаған ат иесі тізгінді тіке тартып, дауыстап шалқайса, үйретілген ат бар күшімен кілт тоқтайды. Қуғыншылар еріксіз екпіндерімен өтіп кетеді. Қашағанды артына қарай ізінен айналдырған шабандоз, тістесіп ілесіп жүрген қуғыншыларды ырықсыз ыдыратып, өзінің сенімді серіктесіне жеткізіп көкпарды асырады. Енді көкпар додакеш аттылы шабандозға жетті.

    Додакеш ат деп адам мен аттың демінен от жанған қарақұрым арпалыс додаға, басын жерге бұққан күйі, сүзіп-жарып кіріп бара алатын тақымға толық қарулы белді атты айтады. Ондай атта тақымындағы көкпарды бір-екі сағатта шымалдай жабылған жұртқа бере қоймайтын таңдаулы шабандоздар отырады. Жақтастары өз шабандоздарының атының басын тартып, қарсыластарын көкпарға жармасқан күйінде бой бермей сүйреп мәреден өтсе – айтулы жеңіс сол.

    Жаздың ыстығында көкпар шабылмайды. Өйткені, жылқы бұзылып, қызылмай болып кетеді. Оған ұшыраған жылқы өкпесін де алдырады, қайтып қатарға қосылмайды. Сондықтан халық көкпарды күзге қарай, оның өзінде, күн салқын түскен түстен кейін бастау – бұзылмас салт.

Бесін ауып, күн еңкейе бере, жастары үлкен ел ағалары келісіп, шабысып жатқан еркін көкпарды әр талапкер өзді-өз жақтарына алып қашуларына рұқсат деп бата береді. Көкпардың сол соңына ат сақтап, азамат дайындап жүрген тың күштер күреске қосылады. Бұл әдет барлық жақтың салтында бар нәрсе.

    Бастарын сүзіп әдекеш аттар шығады. Әдекеш аттар деп, қалың қол тізгіндерін жіберіп, бәсекеге лап қойған кезде, жарты шақырым аралықта құстай ұшып, топтан жүз-екі жүз қадам озып шығып кететін шапшаң аттарды айтады. Ол аттар ұзақ шабыс, қалың додаға салуға жарамайды. Жақын қашықтыққа жүйріктігі үшін шаппай сақтап, денесін қыздырып қана жүреді. Өздерінің ұ з а қ ш ы л деп сенген жүйріктерін мінген шабандоздарына көкпарды шығарып беруге, сондай-ақ, қарсы жақтың алып қашқан шабандозына сақпанның тасындай сарт етіп, ә дегеннен жетіп, түп етектен жармасып жібермей ұстап тоқтатуға жақсы.

    Алып қашу – көкпар тартысының аяқталу сәттеріне дайындалатын шешуші тәсілдер. Әр түрлі болады. Атақты шабандоз ұзаққа салатын белді атты осы кезде ауысып мінеді. Топтан шеткері, беті ашық жақты ала жүреді. Әдекеш атты әріптесі шығарып берген көкпарды қағып алып, бес-он шақырым қашықтыққа жеке кетеді. Үзіліп-созылып қуып жеткен екі-үш адамға бой бермейтіндігіне атағы бар азамат өзіне сенеді.

    Көкпардағы мұндай амалдарды барлық ел ежелден білген. Әрине, қарсы жақ қашқынды жібермеуге жабыла ұмтылады. Бірақ олардың ішіндегі тың жарау атқа мінген белгілі шабандоз қуып жетеді. Ел сынайтын атақты шабандоздардың айқасы басталады. Ол екеуінің арасында көпшілік көкпардағы көп кездесетін қолтартыс, жататартыс дегендер болмайды. Ағып бара жатқан ат үстінде көкпарға қолұшы тиді дегенше, көз ілеспей тақымдарын асырады. Ұстасқан ерлер кеуделерін көтермей жатып, аттарын ажырата бұрады. Астындағы аттарының сауырлары соғысқанда көкпар күрт етіп шығып біреуінде кетеді. Олай болмаса, тақымдары ажыраспаған шабандоздар айналып айқасып қарама-қарсы тартысады. Аттар ентігіп, қырылдап алға жұлқынады.

    Шұбырып жеткен нөпір топ оларға тиіспейді. Алқа-қотан кеңінен қоршап қызықтайды. Жақтастарына жар болуға дем берген дауыстар жаңғырады. Шабандоздар жіберіспей жүргенде, аттардың бірі шаршап жатып та қалады. Көкпар қарсыласында кетеді. Таңғалыстар мен марапаттау, мақтаныш шуға ұласады. Бас қосқан қариялар жігіт ағаларына дереу жар салдырып, дабыра дауыстарды басып тоқтаттырады. Екі шабандозды аттарынан түсіріп әкеліп, көпшілікке қарсы қатар тұрғызып, разылық рахметтерін айтады. Екеуін дос болуға құшақтастырып, дүйім жұрт қол жайып, абыз ата бата береді. Ерлерді аттарына қондырады.

    Қатар алып қашу – күрделі әрі сұлу, табысты шабыс. Шетке шыққан көкпар қолдарына тиісімен, белгілі бір жақтан келген көкпаршылар беттерін ауылдарына түзеп қаз қатар шабады. Басында төрт-бес кісі болса, қауырт қуып жетіп қосылғандарымен ең кемі он-он екі аттылыны құрайды.

    Іркіс-тартыс созылып жеткен қуғыншыларға қатар алып қашу әдісі алдырмайды. Көкпарды қолдан-қолға асырып, оңға не солға қарай шетке шығарып жібереді. Бұл саумалап тарту әдісі көпшіліктің күшімен көп жолға жарайды. Алайда, оны да сындырып, көкпарды жеңіп әкететін әбжіл, қолы қатты көкпаршыларды жоқ демеңіз.

Ал осы кеткен көкпарды астындағы атына атағы да, күші де сай шабандоз қуып қосылды дейік. Талайлармен тартысқан іскер көкпаршы алдындағы топқа арқан бойы таянғанда, астындағы арғымағын іркіп, демін еркін басып жете алмай келе жатқан сыңай көрсетіп біраз байқайды. Бірте-бірте есік пен төрдей аралыққа таяйды. Алып қашушылар көкпарды шетке ауыса берген кезде, қуғыншы атты қойып жіберіп араға жарып кіреді. Өз атының үстінде үзеңгідегі аяғы ғана қалады. Қатарындағы екі адамның артқы қастарынан асып, олардың аттарының сауырларына көлденең жатып созылып, үшінші адамдағы көкпарды жұлып алып өз атына қайта отырады. Онымен де тұрмай, артқа қарай кілт келте бұрылып, сәнімен кетіп бара жатқан қарсыластарының салтанатты қатарын бұзып көкпарды тартып әкетеді.

    Көкпардың мынандай да қызығын сан қайталап көрген көпшіліктің куәгерліктері бар: салымды салуға алып қашқан көкпаршы қуғыншыларға жеткізбей мәреге жеке келеді. Ондай бір шапшаң қимылды сәтті жеңіс кімге де болса сөзсіз сенім әкеледі. Ағып бара жатқан ат үстінен мәредегі салым сызығына көкпарды лақтырып тастап өту үлкен қошеметке лайықты мәртебе. Дәл сондай шабыспен келіп тастап өткен көкпарды соңынан он-он екі метр кейін келе жатқан қуғыншы шабандоз жерге тигізбей қайта қағып әкеткенін көріп, шулаған көпшілік көрген көздеріне сенбей, мынау рас па деп, бірін-бірі мазалайды.

    Жарайды, халқымыздың ұлттық көкпар сайыстарындағы ежелден қалыптасып бекіген тәртіп-дәстүрлері жайында шамалап түсініктер бердік. Жаңа дүниені жасау үшін атадан қалған мұраға қарау керек шығар деген де ой бар. Ал бүгінгі күнге қарасақ, «Ұлттық көкпар ойынымызды» жасап алдық. Оның қалі қалай? Б.д. бұрынғы атамзаманда жабайы тарпаңды алғаш рет қолға үйретіп, адамзат баласына ат мінгізген сақтармыз. Одан беріде бүкіл түрік енші алысып, Тұран төрінде Сақ атаның Отанын ұстап қалған Қазақпыз. (Мағжан). Жаудан елін, малын, жерін қорғауға қаһармандық қайраткерлікке үйрететін бейбіт күннің қызығы жансебіл көкпар.

    Жаугершіліктегі түнгі-таңғы күзетте ат үстінде екі көзін кезек ілген – атбесікте өскен аталар дәстүрінен бүгінгі ұрпақ неге бейхабар?! Түрік текті қазақ өмірінде атпен мың түрлі айла – әдіс, қимыл, қызық, қуаныш, құдірет, қаһар, қайғы, қасірет, күш көрсетіп келген мыңдаған жылдық дәстүр тарихынан қазіргі көкпар қандай ұлттық өзек ұстап отыр? Аты дардай «Ұлттық көкпар ойыны» болған соң бұл өнердің табиғатын тану үшін өзге жұрт алдымен көкпардай жаңалық өзегін жарып көреді ғой. Біреуге біреу сыншылдық – өмірдің өз жарасымы.

    Теңіздің тамшыдан құралып, елеусіз будан құрғайтынын білетін көпті көрген көнекөздеріміз бен алдымызды болжасатын ойлы азаматтарымызға ақыл салып отырмыз. Әлеуметтік кеңесулер әр нәрседен тұрады. Солардың басын құрап ұстасақ, бүтіндігіміз бүлінбес еді. Бірақ біз неге кертіліп барамыз?!

    Біздің ұлттық көкпар ойынымыздың алғашқы мектебінде балауса балаларымыздың көкпарлары тұрады. Онда жас талаптардың шамаларына қарай он бес – он жеті кила тартатын лақ көкпарлар тартылады. Ол шағын топты ауылдың балалары мен тай-құнан, аттарын үйрететін оңаша ойындары деп аталады. Көбіне күзде шабылатын қатардағы халықтық көкпарларға ең кемі жиырма бес килалық серке көкпарлар беріледі. Елдің дені осыны шабады. Ал асқан көкпарларға ат аяғы жететін қазақ елінің аймақтарына қоса, жыл бұрын сауын айтылып, туысқан ағайын елдер де арнайы шақырылады. Ондағы берілетін бәйгелер де осы хабарда қабат айтылады. Аламан, түмен көкпар деп аталса шыдас беретін ерлерге сай тана көкпар тартылады. Міне, тәуекел, бел кетер, белбеу кетер деп арты аңызға айналатын, ел сынасар сайыс осы болады.

    Қазіргі көкпарға қарап көріңіздерші, трактор, камаздардың тозған доңғалақтарын қоршап қалап, оны цемент лаймен сыбап, аттың омырауынан келетін әуіт жасайды. Әуіт – негізінде шөлді ауылда су тоқтататын тоған. Біздің ұлттың «шабандоздары» сол резиналы тас шұқыр тоғанға «салым» салысады. Тас ақырға аттар соғылып мертігіп жатыр. «Көзге сүртетін мақтаныш» – көкпаршыларымыздың кезек жығылып, аттардың аяқ астынан жан сауғалап қашатыны басқа жұртқа қызық күлкі, біздің ұлтқа қорлық.

    Көкпар деп елге көрсетіп жүргендері – салмағы жоқ, қоқырсық тыққан қойдың терілері. Үй орнындай қоршау сызықтың ортасына көкпарды әкеп тастайды. Екі жақтан екі аттылыны шығарып, жатқан көкпардың жанына тұрғызады да, төреші «пшт!» деп ысқырады. Сол кезден бастап, бір-бірін соққан ат итеріс басталады. Бұл жерден көкпар алуға арналған қазіргі заманның «жекпе-жек» ережесі. Масқара майдалық!

Ал шындығында бұл әдіс ат ұстамай, есек мінетін ағайындардың балаларының құрым киізді есек көкпары етіп тартатын есек итерісінен жұққан өнер екенін білеміз.

    Бүгінгі көкпарды созып сөз қылатын түгі жоқ. Он-оннан бөлінген аттылы адамдардан екі команда жасақтаған. Найза лақтырысатын аралық жерді сызып қоршау алаң жасаған. Ол қарға адым жер атқа не тұрады? Сызықтан бір аттың тұяғы асса болды, төреші «пшт!» деп тоқтатады. Көкпарды баяғы тоқымдай жерге тағы әкелдіріп тастатып, тағы да екі аттылыны итеріске шығарады. Әр жақтың да араларында «қорғаушылары» бар. Олар көкпарды мәреге алып қашып бара жатқан «шабуылшыны» өкпе тұстан жетіп көлденең соғуды ерлік санайды. «Өмір барда – өлім бар...». Аяғың аспаннан келмесін?!

Сонымен, қазіргі қазақ көкпары шыққанына екі ғасыр толмайтын ағылшынның аяқдоп (футбол) ойынының, яғни жаяу көкпардың қуыршақ көшірмесі болып қорлықта көрінеді.

    Түрік елдерінің Отаны – Тұран төрінде ежелден қарашаңырақ болып, бар дәстүр-салтын ұстап қалған қазақ халқының ұлттық ойыны көкпардың тағдыр-тарихы мынау:

    Бейбіт күндердегі қызықшылық көкпар қызығып айтуға жеңіл. Ал шындығында шыдасаң түсетін ойын. Оның тамыры тереңде. Төтеннен тиген талай жау біздің елдің атпен тиген айқастарынан талқаны шыққан. Адамнан бұрын аттың ойранынан тығылған. «Құлынынан қолда өскен жануар иесін жауға тастамас» – дегенді аталар содан айтқан. Азаматтарымыз бен аттарымыздың бір-бірінен сенісуден туатын кереметтері зерттелмей, игілікке асырылмай, ұлттық көкпар ойынымыздағы атбегілік, саятшылық, атқа шабыс салт-дәстүрлеріміздің қазіргі көкпарда бірде-бірі жоқ. Құр далбақтап шауып жүрген болымсыздарды көрген бұрынғы қариялар «мынанікі көкпар емес, ат әуре, к... әуре», – деп теріс қарайтын. Осы өнеге біздің есімізде болу керек қой.

    Ағылшындарда біздің елдегідей жылқысы әр үйдің адамдарының өмірсеріктігіне қалыптаспаған. Сондықтан азаматтарына мінерлік аттары ұлттық дәстүрінде сай болмаған соң, амалсыздан аяқ доп жасап, жаяу көкпарды ұйымдастырған. Біз енді кері кеткендігіміздің көкесін көрсетіп, солардың жаяу жүгірісін атқа үйретпекпіз.

    Шетелдік көрермендер біздің шіріген резина доңғалақтар қалаған обамызды (мәрені) көріп, олардың аяқдоп ойынының азғын көшірмесін «Қазақтың ұлттық ойыны» деп атап алғанымызға абыройларын ашып күлмей ме?! Плагиат ұлт атанбас үшін, басқаның өнерін жосықсыз иеленуден, халықаралық ережеге сай бұған патент те төлеп отырармыз әлі...

    Көпті көрген көнекөзді кісілер, осы тізіп айтқан майда тірліктердің басын құрайтын жөн жол керек. Егер пікір қосқыларыңыз келсе, рахмет! Ұлттық дәстүрімізге – мәдениетімізге, қасиетімізге сүйеніп, белтұтар нақты үлгімен айтыңыз. Бізден кейінгілерге елдік өсиеттің шөлі соғып тұр.

    Ұлт дәстүрін білмегендерімен тұрмай, ата жолын адасып көрсету қазіргі азаматтарымызға ұят. Халқымызбен кеңесіп, көкпарымыздың нағыз ұлттық дәстүріміздегі ережесін қайта бекітейік. «Адасқанның айыбы жоқ, Қайтып үйірін тапқан соң». Әлемдік додаға түсіп отырған Қайсар Қазақ халқын ерлікке суарар, Аталық өнер ошақтарымыздағы сөнбес шоқтарды арғымақты айқастарға алаулап алып шығайық. Мұндай дүниені сілкінтер «Желе бер жаным қаракөк, Желкілде желмен айдарым!». Мағжан – от шашар ойын біздікі еді ғой!.. Уассалам, қадірменді жұртым?!

Қазақ әдебиеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз