КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Күміс білезік

Авторы: MTDI

23/05/2017 10:15   0   27725   0

Қазақтың дәстүрі бойынша күміс сақинасы мен білезігін келініне сыйлайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан әжелеріміз жайлы материал дайындамақ болып кейіпкер іздеуге кірістім. Бұл әрекетімнен түк шықпады. Бір адамды тапсамшы. Маған осы дәстүрімізден қол үзіп алғанымыздай көрінді. Біреуі көзі тірісінде келініне көңілі толмай, қызына сыйласа, екіншісі сол күмістің қадірін білмей енесінің сыйлағанын жоғалтқан, дәлірек айтқанда, қайдағы бір «ескі-құсқыны» менсінбей күл-қоқысқа тастаған. Осының өзі-ақ ене мен келін арасындағы сыйластыққа байқаусызда сызат түскенін аңғартатындай. Күміс білезікті бекерге таңдап отырған жоқпыз. Қасым Аманжоловтың әкесі Рақымжан да баласы өмірге келгенде оның кіндік шешесі Шәуияға күмістен қос білезік сыйға тартқан. Күміс – қазақ ұғымында тек сәндік әшекей ғана емес, оның қорғану, емдік қасиеттері зор болған.
Қолындағы күмістен соғылған білезігін ұлының алған жарына сыйлауы ененің келініне тапсырған аманаты. Менің жолымды жалғастырсын, отаудың түтіні түзу шықсын, осы білезік үзілмей қолдан-қолға өтіп, шаңырақ кеңейе берсін деген ырым. Енесінен сыйға алған білезікті келіні ертеңгі күні өзінің келініне сыйлауы шарт. Бұл дәстүрлер сабақтастығының бір белгісі. Қызына сыйласа, онда дәстүріміздің бұзылғаны. Себебі қыз – жатжұрттық. Қыздан туған бала қазақта немере емес, жиен болып есептеледі. Қанша жерден жақын тартқаныңмен қыздан туған жиеннің руы да, қаны да бөлек екені белгілі. Бұл қыздың баласы бала емес дегенді білдірмесе керек, дегенмен қазақтың салт-дәстүрін аяқасты етпей, жастарымыз біліп өскені абзал.
Жаңадан түскен келіннің алғашқы қадамы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы тәжірибелі ененің көз алдында. Білмегенін қызындай көріп үйретіп, «жаманын жасырып, жақсысын асырып» отыратын ақ жаулықты аналарымыз азайып кеткендей. Ал ененің тілін таба білетін жас келіннен аналарымыз ештеңе аямайтыны бесенеден белгілі жайт. Оны ененің емеурінінен-ақ танисыз. Бір кездері көңіліне ұнаған, сенім артқан келінін қасына шақырып алып, сандығын ақтарып: «Мынаның бәрі сенікі. Осыны өлгенде өзіммен бірге көрге алып кетеді деймісің, тағып, жарқырап жүр, қарағым» деп, өмірі құлыпталып тұратын сандығынан алтын, күміс әшекейлі заттарды қызындай көріп кеткен келініне табыстаған әжелерді де көзіміз көрді.
Мұндай құндылыққа ие болған ақылды келін дәулет-дәрежесіне қарамастан, енесінің аманатын өзінің қобдишасында сақтаған. Ендігі мақсаты – өзінің ізбасарына, өзінен туған баланың келіншегіне сыйлау. Оның артында барлық шаруаны, бала-шағаны саған сеніп тапсырдым деген ниет тұрады.
Ауыл-аймақта, жер-жерде осындай білезікке ие, ене мен келін арасындағы әдемі бір сыйластыққа ұйытқы болып, аманатты арқалап жүргендер табылып қалар. Күдер үзбейік.

Бағдагүл МҰРАТҚЫЗЫ
Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 488 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 774 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46174 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 43955 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика