КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Қолымызға АҚШ-тың белгілі ғалымы, айтулы дәрігері Харви Карптің «баланы тыныштандыру өнері» атты еңбегі түсті. Мұнда ол әке-аналарға жылаған баланы жедел жұбатып, оны тыныш та тәтті ұйқысына қайта бөлеудің тәсілдерін зерттеген ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесін жазған. Қызығы, батыс пен шығыстың баланы жұбату өнерін зерттеген ғалым экономикасы қарыштап дамыған батыс әлемінің бұл нәзік тәрбие ісіне келгенде, шығыстан көш бойы кейін қалғанын мойындайды. Оның зерттеуінше, қазақтың бесік тәрбиесі − бала тәрбиесінің төресі!
Әлқисса, әңгімені әріден бастайық. Дәрігер кейіпкеріміз Харви Карпті бұл еңбекті жазуға қызық ойлар жетелепті. Зерттей келе, Карптің басында қызық ой туады: «Шамасы, баланың толық қалыптасуы үшін 9 ай жеткіліксіз болса керек, ол үшін толық бір жыл уақыт қажет шығар». Мұндай болжамын ғалым өзінше оп-оңай дәлелдеп те берген.
Әлбетте америкалық ғалымның бұл болжамды теоремасы басқа ғалымдар тарапынан дәлелденіп, қоштала ма, қошталмай ма, бұл жағы бөлек әңгіме. Бізді басты қызықтырғаны − ғалымның осыдан кейінгі туған ойлары болды. АҚШ-та бала тәрбиесінде кезігетін ең басты мәселе − жылаған баланы жұбату екен. Бұл − дәрігерлер арасындағы көп зерттелген де, талқыланған да, бірақ жауабы аса табыла қоймаған тақырып екен. Содан да Харвидің жазуынша, америкалықтар нәресте дүниеге келгеннен кейінгі 3 айды «шыдап» қана өткізуге тырысатын көрінеді. Ал Харви болса, бұл сұраққа өзінше жауап іздей келіп, жоғарыдағы теоремасын ұстанады да, баланы жұбатудың басты жолы − оған ана жатырында өзі 9 ай бойы үйренген жағдайды жасау қажет деп табады.
Ғалымның зерттеуінше, ол үшін 5 талапты орындау керек екен. Олар − баланы қымтап орау, тербеу, әлсіз шу жасау, бірдеңені сорғызу және баланы қырымен жатқызу екен. Бұл жағынан келгенде, ғалым шығыстың, оның ішінде біздің халықтың бесік тәрбиесіне тәнті болады. Өйткені біздің тәрбиеде − ғалым қажет деп тапқан талаптардың бәрі сақталады.
Бесікке бөлеу мәдениеті − дана халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі. Бесікке бөленген бала − ана құрсағында жатқандай, жылы да жайлы күй кешеді. Өйткені мұнда, Харви айтқандай, бала қымталып оралады да, тербеледі де. Ал анасы оған «шу жасап», бесік жырын әндетеді. Дана халқымыздың дәстүрін мұхиттың арғы бетіндегі елдер де мойындауда. Харви Карптің өзі бесік мәдениетінің сыртқы пішініне, яғни оның баланы жұбатудың мықты құралы екендігіне қарап-ақ оған зор баға берді. Ал қазақ халқы үшін бесікке бөлеу − оны тәрбиелеумен де тығыз байланысты.
Бесікке бөлеу − үлкен өнер. Ол − баланың ұйқысын ғана күзетіп қоймайды, оны халық сенімі бойынша, жын-шайтаннан да қорғайды. Сол үшін де халқымыз бесікті 7 затпен жабдықтаған. Олар − көрпе, қамшы, жүген, шапан, тон, кебенек, шекпен. Қамшы − жын-шайтанды қуатыны белгілі. Бесік жыры − баланың дүние танымының ерте кеңеюіне жол ашады. Қазақ халқы балаларының тілі ерте шығып, жатық сөйлеуінің кілті − осы бесік жырында жатыр. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Ана баланы әнінің ырғағымен тербетеді. өкініштісі, бүгінде бесік жырын әндететін ана аз. Ардагер ұстаз − ғалым Рамазан Жашиевтің айтуынша, бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар. «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем ... » Бәрі бар. Оның үстіне сазды, әуенді болып келеді. Міне, бесік тәрбиесінің мұндай да құпиясы бар.
Сірә, Харви Карп қазақтың бесік тәрбиесінің ішкі мазмұнын, ондағы сенім мен тәрбиемен таныса қоймаған болар. Өйткені оның еңбегінің басты нысаны − баланы тыныштандыру болатын. Дегенмен америкалық ғалым бұл жағын да зерттей бастаса, қазақ халқының даналығына тағы бір мәрте бас иеріне шүбәмыз жоқ. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз