КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Көптен бері көкейде еді. Айтайын дегенім, қазақта балаға ат қоюда өрескел, құлаққа жағымсыз есімдер әлі де бар. Ойланып-толғанып, тауып қоймаған соң, болмыс-бітіміне сай келмей, ыңғайсыздық туып, амалсыз езу тартасың да қоясың. Уақыт, өзің өмір сүріп отырған дәуір дей салайық десек, солай ет деп ешкім қыстамағаны белгілі.
Советтік өмір салты кезінде түсінік-танымымызға жат, оғаш Совет, Социал, Октябрь, Маршал, Генерал, Депутат, Майор, Совхозбектер аз болған жоқ. Не мән, қандай мағына бар? Осы есімдер кеңес өкіметі орнап, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тамырын бекітіп алған пәлекет еді. Оу, сонда ештеңеге ой жүгіртпей, бас-көз жоқ, еліктей жөнелуімізге не себеп? Өзін нағыз патриот етіп көрсеткісі келген әлмесектік пе? 
Қазақ телевизиясындағы «Айтуға оңай», «Біз» телесайыс жобаларына 80-ге жақындаған бір әйел адам көрермен ретінде үзбей қатысады. Аты Советциал. Қазақ әйеліне лайық па. Маған ағайын болып келетін ініміздегі келініміздің әкесінің, яғни, құдамыздың аты Англия, ал, ендеше. Әйтеуір, Тайландия болмағанына шүкіршілік. Қай жерде болсын, қайда болсын, біреудің атын атамай отыра алмайсың ғой. Атадың екен, кейде әлгіндей аттардан қуыстанасың. 
1984 жылы тың игерудің отыз жылдығына орай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұзағаң (Мұзафар Әлімбаев) творчестволық сапармен Ақмола облысы Қорғалжын ауданының кеңшарларын аралауға шығады. Мұзағадай асқаралы адам келген соң қонақжай халқымыз қалай бір бас көрсетпей жіберсін. Ауылдағы әлгі дәм дайындаған үйге уақытында қазақылық шуақ, ықыласпен келіп жайғасады. Әуелде ойында ештеңе жоқ ақын ағаның етті орталап жегеннен кейін көңілі пәс тарта бастайды. Себебі, үй иесі шаруа жайымен кіріп-шығып жүрген баласына қайта-қайта «Целинбай, Целинбай» дей берген екен. Шыдамы таусылған Мұзағаң:
– Оу, ағасы, осы балаңыздың аты кім, айтыңызшы? – депті нығыз сөйлеп, өткір көзін қадай. Анау болса айылын да жимай, «балам целина жылы туып, содан Целинбай қойдым өзім» десе керек көкірегін кере. Беріліп отырған дәм, жайылған дастархан шын ниетпен болса да, ақын аға ренішті-ренішті сөздер айтып аттаныпты. Сол еліктеп, солықтау әлі жалғасып келе жатқан сияқты. Бушпенен Америка президенттігіне бәске түскен бір саясаткер бар, тек аты-жөні есімде жоқ. Алматы облысында нәрестелі болған жанұя сол американдықтың бір әрпін де шашау шығармай, сәбиіне қойған да жіберген. Шыққан тауларының биігін-ай десеңші. 
1992 жылдан былай қарай елімізде Нұрсұлтандар көбейді. Бір кезде Бибігүлдер молайып еді. Халқымызда жақсының, тұлғаның, атақты батыр-билердің есімдерін балаларына қою деген ертеден болған. Қазақта Боқтыкөт, Көтібар деген де аттар болғаны белгілі. Әрине, тұрпайы, оғаштау. Бұл амал жоқтықтан. Себебі, бала тұрмай, өле беруден зәрезат болғандықтан, ырымдаудан. Мұны жазып жатыр деп мені сөкпеңіздер. Қандай оғаш, тұрпайы болса да, қазақтың өз сөзі. Марат деп те қаптатып қойғанбыз. Еуропаның бұл Маратекеңі Француз-Париж революциясында қаныпезер, қатыгездігімен, аяусыздығымен аты шыққан жан екен. 
Енді бір көңіл аударарым, бізде әйел-еркектің есімдері ию-қию араласып жүр. Мысалы, Мәкен, Шәкен, Қанапия, Ләззат, Жұмажан, Баян, Тұяқ, Серік, Ермек, тағы тағылар. Өз басым жөнге сыйғыза алмаймын. Еркек еркекше, әйел әйелше аталу керек. Балаға қойылған есім ауызға не келсе, соны айта салу емес. Ат деген өмірге келген баламен бірге жасасып, болмыс-бітіміндегі өзгешелігімен байқалып тұрады деген ұғым бар менде. Бір адамға дұрыс тауып қойылған ат өзге біреуге жараспайтын сияқты. Өзімен көрге бірге кеткенде есімін атап, бейнесін көз алдыңа келтіресің. Айталық, қасымыздағы Игілік ауылында Құмжамал есімді әйел адам болды, қазір дүниеде жоқ. Құдаш есімді ақсақал бар. Осылай атау басқа біреулерге кірікпейтін сияқты, ал, өздеріне жарасады. 
Бұл айтып жатқаным өз басымның қиялы ғой. Жоғарыда әйел-еркектеріміздің есімдерінің ию-қию аралас жүргенін сөз етіп кеттім. Бәз біреулер орыстарда да солай деуі мүмкін. Иә, ондай-ондай оларда да бар. Бірақ, олар бір-ақ әріппен ер мен әйелдің ара-жігін ашып береді. Мысалы, Александр – Александра, Валентин – Валентина, тағы сол сияқты. Шынын айтсақ, бұл орысекеңде Иван дегеннен басқа орыс тілінде таза ат та жоқ. 95 пайызы ежелгі Греция, Рим, Византиядан ойысқан. 
Сөз соңында балаға ат қойғанда мұқият болу керек дер едім. Қазақы ұғымымыздағы Абылай, Абай, Мұхаммед, Мәлік, Төлеген, Сәлима, Әмина, Майра неден кем?! Осы күні етек алған Камила, Жанетта, Алина сияқты аттар еліктеуден алдына жан салмайтын қазақ шіркіннің намыссыздығын көрсетеді. Сондай-ақ, әп-әдемі Гүлнәрді Гульнара, Шынарды Шынара деп жүргенімізге не жорық?!. Өзге ұлт өкілдеріне мазақ болудың бір жолы да. Қысқасы, ұл-қызымызға ат қойғанда жаңылмайық, әдептен озбайық дегім келеді ағайын!

Арқа ажары

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 627 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 883 0







ТЕКСТ

Яндекс.Метрика