THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мемлекеттің басқару тетігінде отырған адамдардың арасында пайда болатын астамшылық, басқаларды менсінбеушіліктің өзi адамгершiлiктi, қоғамда қалыптасқан мәдениеттi бұзатын нәрсе. Яғни, бұл басқа елдермен арадағы қарым-қатынасқа селкем түсiредi.
Бір байқағаным, қазақ шенеуніктері – күштi мемлекеттен келген адамдардың алдында төменшiктейдi, кедей мемлекеттiң алдында өзiн биiк санайды. Бұл жаман нәрсе. Тәкаппарлық жайлаған жерде береке болмайды.
Тағы бір таңқалатын дүнием – қазақтардың орыстар тарапынан талай езгiге ұшырағаны тарихтан белгiлi. Бiрақ сонда да солардың ығына жығылып, бәйек болып жататыны. Неге қазақтар орысша сөйлейдi? Мiне, маған осы жағы мүлдем түсiнiксiз. Мүмкiн, өткен тарихын жақсы бiлмей ме екен деген ой қылаң бередi. Егер де орыстардың этникалық қазаққа көрсеткен зорлық-зомбылығын білгенде орыс тілінде сөйлеуге жиіркенген болар еді.
Мәселен, Корея да 1910 жылдан бастап 45 жыл бойы Жапонияның отары болды. Бiз тәуелсiздiктi 1945 жылы алдық. Халқымыздың жағдайы өте ауыр болды. Бiздi Жапония күшпен ұстағысы келдi. Қазiргi күнге дейiн де Корея халқының көңiлiнде Жапонияға деген өшпендiлiк бар. Сол себепті қанша жақсы болса да жапондардың тілі мен мәдениетін қабылдауды ар санайды.
Мысалы, Кореяда Жапон отаршыларына қарсы 1919 жылы үлкен көтеріліс болды. Көтерiлiстi ешкiм ұйымдастырған жоқ, оған бүкiл халық шықты. Олар империалистiк езгiге шыдай алмады. Кәрiстер қазақтар сияқты аңғал-саңғал, мiнезi ашық-шашық халық емес. Отырықшы халық болғандықтан ба, басқа отаршы ұлттың мәдениетi мен тiлiн, салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын қабылдамайды. Кәрістер үшiн мұның бәрiне жол жабық.
Ал, Қазақстанда бәрiне жол ашық. Мына жақтан орыстың тiлiн, арғы жақтан Батыстың мәдениетiн сiңiрiп, өздерiңiздiкi сияқты қолданып жүрсіздер. Бұл бiр жағынан алғанда, жақсы сияқты. Өйткені, шетелдіктер әрине, өзінің мәдениетін қабылдаған жұртты жақсы көреді. Мақтайды, мадақтайды, тіпті тілін енгізіп, дәстүрін қалыптастыру үшін қаржы да бөлуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі алдамшы нәрсе… Бүйте берсеңіздер қазақ халқы жойылып кетуі мүмкін.
Мен Оңтүстік Кореяның Ханкук университетiнде сабақ беремін. Кафедрада 10 студент қазақ тiлi мен өзбек тiлiн үйренiп жатыр. Қазақ тiлiн оқып жатқан студенттер Алматыға бiр жылда екі рет тiл үйренуге жиi келiп тұрады. Бiр өкiнiштiсi, олардың қазақ тiлiн үйренуге деген ынта-ықыласы су сепкендей басылып қалады. Неге? Қазақ жастары қоғамдық орында, жоғары оқу орнында орыс тiлiнде сөйлесетiндiктен, кейде бiздiң студенттер өзiне «Мен неге қазақ тiлiн үйренiп жүрмін?» деген сұрақ қойып, қазақ тiлiн тастап, бiржола орыс тiлiне көшiп кеткiсi келедi. Бұның өзi Қазақстанның болашағына кесiрiн тигiзедi.
Мемлекеттік мекемеде жұмыс iстейтiн шенеунiктер, министрлер қазақ тiлiнде сөйлеп, қазақ тiлiнде жазу керек ғой. Егер шетелдегi азаматтар қазақтың тарихын, мәдениетiн жақсы бiлгiсi келсе, ең алдымен тiлiн бiлу керек деп ойлаймын. Қазақ тiлiн үйренбесе, қазақты жақсы бiлу, тану мүмкiн емес.
Намыс.кз