КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең артық һәм ең құрметті айы болған рамазан айы жақындау себепті әркімнің аузына «Ораза болып қалды» деген сөздер кіре бастады. Бұл айдағы қылған құлшылық, істелген істердің «О дүниедегі сауабы сондай болатынын» қоя тұрып, біз мұның артықшылығын өзімізше һәм замана, адамшылық, ұлтшылық істері жағынан қарап, біраз тексеріп өтейік. Ораза деген атынан-ақ басқа жақтары халықтың өздеріне де белгілі болар.
    Біз бұл орында ол ретін жазбай-ақ өтуді лайық көрдік. Жалғыз-ақ рамазан айы әр жердегі халықтардың бастарын қосып, бір-бірінің халдерімен танысуға, пақырлардың халдерін ескеріп, оларға жәрдем беруге жұртқа теңдік-құрдастық, ынтымақ-бірлік, саулық-тазалық һәм құлшылық-құдайшылық сияқты істерді үйретуде басқа айлардан гөрі көп артық. Сондықтан халық қасында басқа айларға қарағанда мұның қадір, құрметі де зор. Тек біз бұл орында, біздің халық осындай қадірлі, қымбат айды немен өткізбек? Құдайшылық, құрдастық істерінде нендей іс көрсетпек болғанда ондай көңілдің жіңішке жерінен шыққан қадірлі қызметтерін кімге көрсетпек һәм кімге бермек деген сауалды шешумен ғана тоқтаймыз. Мұны бізге баяндаудағы мақсат: рамазан айы кіргенде бүгін ислам дініндегі халық, оның ішінде әсіресе біздің қазақ, бұл айды артықша шат көңілмен өткізуге тырысады.
    Маңдайының терін төгіп тапқан малдары зекетке толса, зекетке шығарған малын, пітір-уәжіп садақаларын молдаға беріп, жарықтықтардың батасын алу, оларды басқа айлардағы істерінен гөрі артықша құрмет ету һәм өздерінше пақырлардың халдерін қайғырып, олардың тұрмыстарына өздерінің садақаларымен жеңілдік беру бар. Оның үстіне опат болған жақынын, туғандарын осы айда ескеру бар. Бұлары қарындастық ретімен қарағанда өте қолайлы істерден. Бірақ түптеп тесе қарап тексеріп келсек, зекет, пітір һәм басқа уәжіп садақалардың берілетін кісілері жалғыз молдалар ғана болмаса, тақыр, қойшы-қолаң көрші, яки бірер шәкірт, мұғалімдер ғана болып шығады. Пақыр, мұқтаж жалғыз бұлар ғана емес, өзіне-өзі жетпей, қысқа жіп күрмеуіне келмей мұң-мұқтажы көп, ұлттығын сақтау үшін тіршілік ретіндегі ғылымға сусаған халық пақыр, мұқтаж. Пақырлық, мұқтаждық деген нәрселер шаруамінез, күн көру турасында адам баласының ділгірлікке түсіпдағдарып тұруынан ғибрат. Бұл дағдарыс бір кісінің, бұрып айтқанда бірер молданың басында ғана емес, бүтін халықтың– ұлттың басында. Әсіресе біздің қазақ сияқты білім-өнерден құралақан, оны берерлік білім жұрттарынан да бос тұрған ,оқушылары аз, болғандарының қалтасы жоқ болған халық болады. Мұндай пақыр халықтың оқу-білім жұрттарын көбейтуге тырысып, оқушыларын арттырып мұқтаждығын шығаруға қызмет еткен кісілер, байлар құдайшылық, адамшылық істерінекі дүниеде де өтеген зор сауапты болады.
    Құран кәрімдегі баян етілген садақа орындары да осы негіздерге құрылып айтылған:
    1) Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарамын деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла тағала «садақаларыңды мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан.
    2) «Ибн Ассубилге» беріңдер деген бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық халдегі жолаушылар мен нақықсыз туған балалар (бұл бізде жоқ), шаһарлы жерлерде көп болады, анасы, асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кету реті кіреді. Бұлай туған балаларды да тәрбие етуді жұрт үстіне міндеті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылынған жұрттарға ұсталынатындығын көрсетеді.
    3) «Фи субил-аллаға» беріңдер деген. Бұған оқу жолындағы барша шәкірттер мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындар кіреді.
Бұл үшінші орында жоғарғы айтылған екі орыннан гөрі садақаларды халық мұқтаждығына жұмсау да ашығырақ баян етілген.
    4) «Уа алғараминге» беріңдер деген. Бұл бұрыш басып сасып тұрған адам. Бұған садақа беріп көтеріп жіберуде де зор мағына бар. Қысқасы, қалай ойласақ та садақаларды Алла тағала адам баласын ділгірліктен шығару үшін беруге бұйырған. Халық та сол ділгірліктегінің бірі.
    Бесінше реттен көрсетіп, мұны да айтып өтейік. Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздерінің сүйген нәрселеріңмен малыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілмен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді.
    Мұнан көрініп тұр: сүйген малыңнан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады.
    Енді біздің халықтағы құдайы садақалардың көбі осы құрметті рамазан айында өтелінуге ыждиһат етілінетін болғандықтан, біз рамазан айы жақындау тақырыпты мұндай реттерді баяндап, халқымызға ұсынуды өзімізге лайық көрдік. Міне, халық, садақа берілінетін орындар осы айтылған негізді жолмен болады. Ендігі іс өздеріңде. Әшірдікі де осы айтылған орындар. Менің бұл жазған сөздерім 176 нөмір «Қазақтағы» жазылған Жиенғали мырзаның өтінішіне жауап болса керек. 

Әлихан.
«Қазақ» газеті, 1916 жыл.
Мәскеу қаласы.
Мақала Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағының 6 томынан

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз