КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Аннотация

Мақалада қазақ жер-су атауларының этнолингвистикалық сипаты Бердібек Бияров зерттеулері негізінде қарастырылады. Автор қазақ топонимдерінің тарихи қабаттары, сөзжасам үлгілері мен этимологиялық уәжін талдай отырып, топонимдерді цифрлық форматқа енгізудің ғылыми және тәжірибелік негіздерін көрсетеді. Зерттеу Мемлекеттік тілді дамыту институтының «Қолданбалы лексикография: қазақ топонимдерінің этимологиялық сөздігін түзу және оны цифрландыру» жобасы аясында орындалған.

Кілт сөздер: топонимия, этнолингвистика, жер-су атаулары, этимология.

Кіріспе

Қазақ жер-су атаулары – халқымыздың рухани дүниесінің, тарихи жад пен этномәдени болмысының көрінісі. Әрбір атаудың астарында белгілі бір тарихи уақиға, табиғи белгі, шаруашылық ерекшелік немесе наным-сенім жүйесі сақталған. Топонимдер – жай ғана географиялық нысандардың атауы емес, ұлттың мәдени коды мен халықтың дүниетанымы. Сондықтан қазақ топонимиясын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу – халықтың танымдық дүниесін, тарихи дамуын және тілдік бейнесін танудың ең пәрменді жолдарының бірі.

Соңғы жылдары елімізде тарихи атауларды жаңғырту, кірме топонимдерді алмастыру және ұлттық ономастикалық кеңістікті жүйелеу бағытында кешенді ғылыми жобалар жүзеге асып келеді. Солардың бірі – «Қолданбалы лексикография: қазақ топонимдерінің этимологиялық сөздігін түзу және оны цифрландыру» атты жоба. Бұл бастаманың өзегі – тарихи атаулардың этимологиялық табиғатын ғылыми тұрғыда анықтап, оларды біріздендірілген цифрлық базаға енгізу. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ топонимиясын терең зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектері, әсіресе филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияровтың зерттеулері, айрықша мәнге ие.

Негізгі бөлім

Бердібек Бияров – қазақ ономастикасы мен топонимикасын жүйелі түрде зерттеген ғалымдардың бірі. Ол өзінің ғылыми ізденісін Алтай мен Шығыс Қазақстан өңірлерінің тарихи атауларын зерттеуден бастаған. Ғалымның айтуынша, көшпелі халықтың өмірінде жер мен су ерекше мәнге ие болғандықтан, әрбір атау – бағыт-бағдар беретін, табиғи орта мен шаруашылықты сипаттайтын тілдік бірлік. Мысалы, Бөрілі, Ошағанды, Қарасу, Құлынембес сияқты атаулардың барлығы белгілі бір табиғи және шаруашылық белгіні дәл бейнелейді. Бөрілі – «қасқырлар жиі жүретін, бұталы жер»; Қарасу – «қыста қатпайтын, мал суаруға қолайлы жерасты суы бар мекен» деген мағынаны береді.

Ғалымның еңбектерінде топоним тек тілдік нысан ғана емес, мәдени код, этностың өзін-өзі тану формасы ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан алғанда, жер-су атаулары халықтың рухани мұрасы ретінде бағалануы тиіс. Бердібек Бияровтың «Жер-су аттарының сөзжасамдық үлгілері» атты еңбегінде 5800-ден астам қазақ тілді топоним 750-ге жуық үлгі бойынша жүйеленген. Бұл еңбек қазақ тіл білімінде топонимжасам бағытының жеке ғылыми сала ретінде қалыптасуына жол ашты.

Ғалым ұсынған топонимжасам үлгілері тек бар атауларды түсіндірумен шектелмейді, сонымен қатар кірме атаулардың орнын басатын жаңа атауларды ғылыми жолмен жасау әдісін де ұсынады. Оның айтуынша, жаңа атау табиғи нысанның нақты ерекшелігіне сүйене отырып жасалуы керек. Мысалы, егер елді мекен кең сайда орналасса – Кеңсай, маңында қалың ошаған өссе – Ошағанды, ал айналасы тасты әрі қатпарлы болса – Қарашат, Тастөбе секілді атаулар лайықты болады. Мұндай тәсіл дәстүрлі уәжделу қағидасын сақтап, ұлттық ономастикалық жүйенің табиғилығын қамтамасыз етеді.

Этнолингвистикалық тұрғыдан алғанда, қазақ топонимдерінің басты ерекшелігі – олардың тұрмыс, шаруашылық және наным-сенім жүйесімен тығыз байланысы. Мәселен, киіз үйдің элементтерімен байланысты Шаңырақ, Ошақ, Үйжығылған, Қыстаукөл сияқты атаулар көшпелі өмір салтының көрінісін береді. Ал төрт түлік малға қатысты Қойкелді, Сиырсойған, Қоңырбұқа, Бозайғыр, Құнанқызыл секілді топонимдер халықтың шаруашылық тәжірибесін бейнелейді. Сонымен қатар Кенесары үңгірі, Әулиебастау, Ақмешіт, Баршын моласы сияқты киелі нысандардың атаулары рухани дүниетаным мен сакралды кеңістіктің тілдік бейнесін көрсетеді.

Ирина Бекзатқызының Ақмола облысына арналған зерттеуінде де дәл осы үрдіс байқалады. Ол жергілікті жер-су атауларын халықтың мәдениеті мен дүниетанымын танытатын ерекше белгілер ретінде қарастырып, олардың құрамында ұлттың тарихы мен өмір салтына қатысты маңызды мәлімет сақталғанын көрсетеді.  Мысалы, Сандықтау, Домбыралы, Қоржынкөл сияқты атаулар халық тұрмысына, қолөнеріне, мәдени дүниетанымына қатысты болса, Егіндікөл, Арықтыжон, Қызылегіс тәрізді атаулар егіншілік дәстүрін көрсетеді. Бұл деректер қазақ топонимиясының көпқабатты құрылым екенін, әр қабат белгілі бір тарихи кезең мен этномәдени өзгерісті бейнелейтінін дәлелдейді.

Бердібек Бияров өз еңбектерінде ономастикалық саясаттың ғылыми негізделуін де ерекше атап өтеді. Ғалымның пікірінше, жер-су атауларын ұлттық негізде жаңғыртпай, мемлекеттік тілдің кеңістіктегі беделін арттыру мүмкін емес. Ол кірме, славян және идеологиялық атауларды алмастыру кезінде тек эмоцияға емес, ғылыми дәлдік пен тарихи уәжге сүйенуді ұсынады. Мысалы, кеңестік кезеңнен қалған Еңбек, Қызылжұлдыз, Жаңаүлгі сияқты атаулардың орнына тарихи негізі бар Таңба, Қызылқайың, Қиынжыра атаулары қайта енгізілуі – осы ғылыми ұстанымның нақты көрінісі.

Ғалымның пайымдауынша, топоним тек лингвистикалық дерек емес, ұлттық сана мен мемлекеттіліктің де бір көрінісі. Топонимиялық жүйе – елдің тарихи шекарасын, мәдени кеңістігін айқындайтын таңбалық құрылым. Сол себепті жер-су атауларының барлығы мемлекеттік тілде болуы – ұлттық қауіпсіздік пен ақпараттық егемендіктің кепілі.

Қорытынды

Қазақ топонимиясын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу – тек тіл ғылымының ғана емес, ұлттық сананың жаңғыруының да бір бөлігі. Бердібек Бияровтың зерттеулері мен әдістемелік ұсыныстары қазақ жер-су атауларының уәждік жүйесін анықтауда, тарихи қабатын саралауда және жаңа атауларды ғылыми негізде жасауда үлкен маңызға ие.

Жер мен судың атауы – ұлттың рухани паспорты. Ол елдің тарихи жады мен мәдени кодын сақтайды. Сондықтан әрбір топонимге тек атау ретінде емес, ұлттың тілдік жадында сақталған мәлімет көзі ретінде қарау қажет. Қазақ топонимдерінің этимологиялық сөздігін түзу және оны цифрлық форматқа енгізу – осы тарихи жадымызды жаңғыртудың, оны келешек ұрпаққа жүйелі түрде жеткізудің ең тиімді жолы болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Бияров Б. Жер-су аттарының сөзжасамдық үлгілері. монография /С. Аманжолов атын. Шығыс Қазақстан мемл. ун-ті. – Алматы, 2012. – 459 б.

2.   Бияров Б. Өр Алтайдың жер-су аттары /А. Байтұрсынұлы атын. Тіл білімі ин-ты. – Алматы, 2002. – 180 б.

3.   Бияров Б. Қазақ топонимдерінің типтік үлгілері /Ш. Шаяхметов атын. Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы. – Астана, 2013. – 431 б.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика