КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


 

«Түркістан» газетінің өткен санында (№29, 24 шілде, 2014 ж.) «Атамның атағы олқы деп...» атты мақала жарияланған еді. Онда жер-су, елді мекен, көше атауларындағы ағайынгершілікке кім тосқауыл болуға тиіс екені сұралған болатын. Мемлекет тарапынан қолға алынған шара нәтижесінде ономастикалық мәселелерге көңіл бөлінеді. Бұл Тәуелсіздік алғалы бері кеткен олқылықтардың орнын толтырмақ. 

Көз жетпес сары даланың жырасы мен қыратын, тобылғы өскен төбесі мен қараған өскен ойпатына дейін жатқа білетін дала қазағы – қала қазағына айналып, ұзын сонар, қат-қабат тіркескен көшелер мен даңғылдар тоғысын жадында жаттап жүруге мәжбүр. Сәні мен салтанаты келіскен ару қала Алматыда бұдан былай қала ішінен көшелерді іздегенде біраз әуреге түсетін түріміз бар. Бұлай дейтініміз 150-ден астам көше жаңа атауларға ие болмақ. 2013 жылы 21 қаңтарда ономастика мәселесіне байланысты заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Көшелерге жасалмақ реформаның біссіміләсі осы кезден басталған. Қаңтарда шыққан заңды басшылыққа алып, бірқатар қаулылар қаулап шықты. Осы жылғы 24 ақпандағы Үкіметтің қаулысында Алматы қаласы көшелерінің көшін түзеу жайы айтылған. Бүгінгі таңда Алматы қаласында 8 аудан, 27 шағын аудан, 1848 көше бар. Ал соның ішінде 165 көше атауы қайталанады. Мысалға әйгілі жазушы М.Әуезовтің есімін иеленген көше екеу екен. Бірі атақты «Атакент» көрме орталығынан бас­талатын көше болса, екіншісі Қалқаман ауданында орналасқан. Сонымен қатар, Абай көшесі төртеу, Жансүгіровтің атында үш көше болса, Ақсай көшесі екеу, Зеленая көшесі мен Комсомольская көшесі де төрттен кем емес. Мұндай мысалдар мегаполисте көптеп кездеседі. Осындай қосарланған көше атауларының кесірінен шыққан даудың басы «жедел жәрдем», полиция және өрт сөндіру қызметкерлерінің шатасуына әкеп тірейді. Қаладағы көше атауларын ауыстыру барысында осындай олқылықтардың орны толтырылмақ. Бірінің атауын бірі қайталайтын көшелердің саны 165-тен асып жығылады. Бұдан бөлек заты бар, аты жоқ 89 көшеге атау сыйлаймыз деп отыр ономастика бөлімі. Айта кетерлік тағы бір жайт, бүгінде Алматы қаласында атауы жоқ тек нөмірленіп қана жүрген 170 көше тіркелген. Көпшілігі Алатау мен Әуезов аудандарында. Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама бөлімінің басшысы Қалабай Өтепберген: «КСРО кезінен өзгермей қалып кеткен көше атаулары да өзгеріске ұшырамақ. Бізге көшелерге өз аталарының атын қоюды сұрап, талай адамның келетіні белгілі. Бірақ, әр көшенің атауын елімізге еңбегі сіңген, тарихта аты қалған азаматтардың атымен атамақпыз», – деді. Тәуелсіздіктің керуені көшсе де, бүгінге дейін орнынан қозғалмай тұрған ескі көше атаулары да жетіп артылады. Кезінде беріліп кеткен 50-ге жуық тарихи ескірген атаулардың сапында: «Пионерская», «Комсомольская», «Заводская», «Фабричная», «Лениногорская», «Красногвардейская», «Коммуна» «Черепанов», «Котельников», «Попов», «Терехин», «Качалов», «Дежнев», «Адыгейская», «Байкалская», «Орловская», «Абхазская», «Амурская», «Шахтерская», «Клеверная», «Томская», «Тропинин», «Революционная», «Краснодарская», «Красноармейская» сияқты көшелерді де кездестіреміз. Медеу ауданындағы «П.Морозов», «А.Чекалин», «Глубокая», «Южная», «Бригадная», «Верный», «Горно-восточная», көше атаулары да бұл тізімнің қатарында. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен, 89 көшеге қазақтың тарихи жер-су атаулары, тарихи тұлғаларымыздың атаулары берілмек. Сөйтіп, қазаққа қайнаса да сорпасы қосылмайтын көшелердің де көзі ашылмақ. Ономастика бөлімінің айтуынша, бір көшенің атын өзгерту үшін 60 мың теңге шығын кетеді екен. Қалай болған күнде де, қаланы жылтыр, бос атаулардан тазартып, ұлттық рәуіш қалыптастыруға ниеттену арқылы келер жас ұрпаққа тәрбие, ұлтымызға нисхан жасайтынымызды ұғыну маңыздылық танытып отыр. Шындап қолға алынған шаруамен ономастикалық комиссия айналысады. Одан соң барып Үкімет жанындағы арнайы комиссия кімге қандай атау бұйырғанын ресми бекітпек. Оның өзінде атама, құдама көше әперемін деп, әпербақандыққа салынбай, саналы түрде қорытынды жасау – тарих үшін де, бүтін бір қазақ ұлты үшін де қажеттік етеді. Көше атауы мәселесінде астарлы түрде қазақпен қаны біте қайнасқан, ұлт тәпсірлеуге тиіс ұлағатты тұлғалардың есімдерін іздеп дал болатынымыз тағы бар. Оның орнына ел құлағы естімеген, қазаққа істеген еңбегі шамалы (бәзбіреулердің жеті атасына) атау беріліп жатады. Осы ретте ойымызға бірінші оралатыны көшеге атау берудің өз жай-жапсары қандай? Оның шарттары мен талаптары турасындағы Тіл туралы заңдағы 25-5-баптың ономастика жұмысының критерийлерiне келіп тірелеміз. Онда былай делінген: Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елдi мекендердiң құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, темiржол вокзалдарына, темiржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншiгiндегi басқа да объектiлерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттiк заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есiмдерiн беру жөнiндегi ономастика жұмысының критерийлерi:

1) тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшелiктердi ескеру;

2) әдеби тiл нормаларына сәйкестiк;

3) бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiндегi елдi мекендерге, елдi мекендердiң құрамдас бөлiктерiне бiр атауды бiр мәрте ғана беру;

4) жеке адамның есiмiмен аталған, ол берiлген (өзгертiлген) күннен бас­тап кемiнде он жыл өткен соң берiлген есiмдi қайта атау, оны өзгерту;

5) аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерiнiң, ғылым, мәдениет қайраткерлерiнiң және Қазақстан Рес­публикасы мен әлемдiк қоғамдастық алдында еңбек сiңiрген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемiнде бес жыл өткен соң олардың есiмдерiн беру болып табылады. Осы ретте ескерусіз кеткен тағы бір жайт, өмірде болған-болмағаны белгісіз, әдебиетшілер мен тарихшылардың өзі «аңыз кейіпкерлері» деп атайтын Алдар көсе мен Қожанасырдың атына берілген көшелер де бар екен. Енді осыдан барып, бұл атаулардың жоғарыда келтірген талаптарға қаншалықты сай келетіндігін бағамдай беріңіз. Бүгінде тайға таңба басқандай көрінетіні сол – жазылған көше атауларының грамматикалық қателері (қазақ тілінде жазылуы) жетіп артылады. Осы сынды соңына көз жетпес, айта-айта сөз жетпес өзекті мәселелер толып жатыр. 

Бірін алып, бірін жамап бітпейтін олқылықтарға жаппай тексеріс пен темірдей тәртіп керек-ақ. Десе де, жоспарлы түрдегі жұмыстардың нәтижесінен әлі де үміттіміз. 

Түркістан


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз