THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Ғаламтор
(интернет)» термині ХХ ғасырдың соңында қолданыла бастағаны белгілі. Оның ең
ерекше маңыздылығы сол – дәстүрлі медианың барлығын бір арнаға тоғыстыра алатын
үлкен қасиетке ие. Яғни, газет, телеарна және радио ақпарат таратудың бір
ғана әдісін қолданса, ғаламторда сандық формат арқылы ақпарат таратудың бірнеше
әдісі біріктірілген. Бір ғана мысал, телевизия визуалды, радио дыбысты, газет
шебер мәтінді қажет етсе, ғаламторда осының үшеуін де бір уақытта беруге
болады. Дәл сол себепті ғаламторды қазақшалау өзектілігі үлкен мәселеге
айналып, оны шешу үшін қыруар қаржы бөлініп, көптеген іс-шаралар жасалынуда.
50 миллион
аудиторияның өзіне баурап алу үшін радиоға – 38, теледидарға – 13, ғаламторға
бар болғаны 4 жыл қажет екен. Демек, ғаламтордың ғаламат сиқыры бүгінде алпауыт
күшке ие және ол үлкен идеологиялық құрал ретінде қызмет етуде. Оны дұрыс
пайдалану, қазақ игілігі үшін қолдану біздің мемлекетіміз үшін де басты орынға
шықты. Орталық Азия елдері бойынша Қазақстан әлеуметтік желілер мен ғаламторды
қолдану бойынша алдыңғы орынға шығып үлгерген екен және елімізде 5 миллион 600
мың адам күнделікті әлеуметтік желілерді пайдаланып отырған көрінеді. Бұл
мәліметтің өзі халқымыздың ғаламторға деген сұранысы өте жоғары екенін
білдіреді.
«30 жыл бұрын
ғаламторды жасауға негіз болған басты фактор – ашықтық пен ақпаратқа оңай қол
жеткізу» - деп айтқан болатын «Google» ғаламтор ақпарат іздеу серверін
жасаушылардың бірі Сергей Берин. Ал, дәл бүгінгі уақытта қазақ ғаламторының
дамуы және оның қазақшалануы еліміздегі ашықтық пен ақпараттық қолжетімділікті
жеңілдетеді. Мойындау керек, қазақтілді контент бір орында қалып қоймай,
жаңашылдыққа, көштен қалмауға ұмтылып бағуда. Оған қоса, «Электронды үкімет»
жобасы арқылы көптеген іс-шаралар атқарылуда. Ал, кейбір саясаткерлер мен
лауазымды тұлғаларымыз ғаламтор арқылы халыққа жақын болудың жолын тауып алды.
Мұның бәрі ғаламат ғаламтордың дамуының және қазақшалана бастауының арқасы.
Қазіргі таңда ғаламтордың қазақшасы айтарлықтай қарқынды
дамып келеді деп айтуымызға толықтай негіз бар. «Kz» доменіне тіркелген
сайттардың саны сағат санап артуда. 40 000-нан асатын сайттар бұған дейін
орысша ақпарат беріп, орыс тілінде құрылып келсе, бүгінде мемлекеттік тілдің талаптары
қатаң түрде ескерілуде. Сонымен қатар, бұған дейін орысша ақпарат таратып
келген ірі ақпараттық порталдар қазақ тіліне сатылап көшуді қолға ала бастады.
Қазақтілді сайттардың көбеюі - қазақ тілінің дамуына айтарлықтай үлес қосып
жатқаны да сөзсіз.
Ғаламтордың қазақшалануының ең маңызды көрінісі –
Wikipedia екені анық. «Wikipedia
- онлайн энциклопедиясы» жаңа медиа құбылысын түсіндірер жақсы мысал және
ғаламат қару. Оған тіркелген қолданушылар бірігіп, бірнеше редакторлар мен
демеушілердің қатысуымен интерактивті қауымдастық құрылып, сілтемелер арқылы
жалғанған мәтіндер, суреттер мен бейнелер жариялайды. Айта кеткен жөн,
зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, ондағы мақалалардың дәлдігі ағылшын
энциклопедияларынан кем емес. Оның қазақтілді контенті 200 мың мақалаға жуықтап
қалған. Бұл - жақсы көрсеткіш. Егер, википедиядағы контент мейлінше
толықтырылса, ғаламтор кеңістігіндегі қазақ тілінің рөлі арта түспек. Бірақ,
бір өкініштісі, қазақша википедияның біраз мақалаларын оқып отырсаң, жай ғана
сан қуып кеткендей, сөздері түсініксіз, мақала көлемі екі-үш сөйлем ғана. Бұл
қазақ тілінің беделін өсіріп емес, керісінше түсіріп жіберетін кездері де
болады. Алайда, көш жүре түзелетінін және түзеліп жатқанын есепке алсақ,
википедияға біреу мақала жазса, екінші біреу оның қатесін түзеп, толықтыра
алады және бұл тоқтаусыз жүретін үрдіс. Соның арқасында мақалалардың дәлдігі,
өткірлігі, маңыздылығы, тілінің тазалығы және қажеттілігі арта бермек.
Жалпы,
ғаламторды Дейл Пескин және Эндрю Начисон «Біз - БАҚ» формуласы арқылы түсіндіреді.
Яғни біздің әрқайсысымыз бұқаралық ақпарат құралы бола аламыз, былайша
айтқанда, бәріміз ақпарат көзіне айналдық. Әлеуметтік желілер арқылы
бір-бірімізбен хабар алмасамыз, талқылаймыз, пікір білдіреміз, талдаймыз,
осылай бұқаралық ақпарат құралы ретінде ерікті түрде жұмыс істей бастаймыз. Бұл
дегеніміз, қазақша контентті және ондағы қазақ тілін дамыту ел халқының өз
қолында екенін айқындайды. Ел, халық, қоғам, тіпті жекелей адам қаншалықты
белсенді болса соншалықты ғаламтордың сапасы және оның қазақшасы түзеліп,
көбейіп, әлемге тарала бермек.
Жалпы, zero.kz
рейтинг агенттігінің мәліметтері бойынша еліміздегі алғашқы орындарды алып
тұрған 100 сайтқа сараптама жасап көрелік. Сайттардың көшін бастап алғашқы
100-діктен түспейтін ақпараттық-сараптамалық сайттардың тізімін тізер болсақ,
nur.kz, gismeteo.kz, 365info.kz, zakon.kz, tenqrinews.kz, кapital.kz,
sports.kz, resurs.kz, yk.kz, vesti.kz, massaget.kz, ratel.kz, inform.kz,
ivest.kz, today.kz, bnews.kz, i-news.kz, forbes.kz, gazeta.kz, promail.kz,
zona.kz, baq.kz, caravan.kz, radiotoshka.kz, uralsk.info, 24.kz, time.kz,
ism.kz, ng.kz, headline.kz, abai.kz сайттары көшті бастап тұр. Енді бұл
көшбасшы сайттарды сарапқа салып көрелік.
Бір күнде
300 000-ға жуық кіушілер тіркелген nur.kz порталының ықпалы өте жоғары.
Бір жылдан бері бұл порталдың қазақша нұсқасы ашылып, қызмет етуде. Сонымен
қатар ресми тілдегі нұсқасына да қазақша ақпараттарды сатылап қосып, орыстілді
оқырмандарды мемлекеттік тілге тәрбиелей бастады. Бұған дейін порталдың
қазақшасына талай сын айтылған болатын. Алайда сыннан қорытынды шығара білген
портал қазіргі уақытта қазақшасын түзей бастады. Мемлекеттік тілдің дамуына
атсалыса бастаған ең ықпалды сайттардың бірі дәл осы nur.kz екеніне ешкім күмән
келтіре алмас. Ал, ауарайына қатысты ақпараттарды 10 жылдан бері ең бірінші
және ең сенімді таратып келе жатқан сайттардың бірі gismeteo.kz екенін ешкім
жоққа шығара алмайды. Тіпті, zero.kz рейтингі агенттігінің де мәліметтері мұны
растайды. Алғашқы үштіктен түспейтін сайтқа бір күнде 300 000 адам кіреді.
10 жыл уақыттың ішінде бұл сайт 10 миллиондаған адамның игілігіне жарап
үлгеріпті. Өйткені, gismeteo-нің болжанған фактілері дәлме дәл келеді.
Ақпараттың жылдамдығына келсек, бұл сайт 13 мың елді-мекенді қамтитын аймаққа
әр үш сағат сайын ауарайына қатысты мәліметтер беріп отырады, тіпті кейбір елді
мекендерге сағат сайын ақпараттар беріп отыратын кездері болған. Өкініштісі
сол, gismeteo.kz сайтының әліге дейін қазақша нұсқасы жоқ. Алайда, жобаны
жасаушылар алдағы уақытта мемлекеттік тілде де ақпарат таратуды жоспарлап
отырғанын айтады.
Ақпараттық
сайттардың ішінде ықпалды, аудиториялық басымдыққа ие сайттардың бірі zakon.kz.
Бір күнде 200 000 кіруші кіретін сайт заңдық бағытқа бейімделе алған және
ақпараттардың ірі орталығы болып табылады. Қазақстан және әлемде болып жатқан
ең маңызды жаңалықтар топтамасын осы сайттан табуға болады. Өкініштісі сол,
қазақша нұсқасы атымен жоқ. Ал, кірушілер саны 100 000-нан асатын (1
күнде), 3 тілде де (қазақша, орысша, ағылшынша) ақпарат тарататын ықпалды сайт
tengrinews.kz-тің жұлдызы қазақ ғаламторы аспанында шоқтығы биік. Қазақтілді ең
сауатты және ең шебер тілшілер осы ақпараттық сайтта қызмет етіп жатқанына
сенуге болады. Өйткені, порталдан тілдік мәселе таба алмайсыз.
Әлемді іскерлер
басқарып жатқанына ешкім шүбә келтіре алмайды. Дегенмен, мемлекеттік тілде
ақпарат тарататын іскерлік порталдың елімізде жоқтығын қалай түсіндіріп беруге
болады? Бар. Бірақ орыс тілінде. Біз білетін іскерлік портал capital.kz-ке бір
күнде 30 000-ға жуық кірушілер кіріп отырады екен. Бұл да үлкен аудитория
екені анық. Бірақ оның басым бөлігі еліміздің кәсіпкерлері екенін ескерсек,
экономиканың, нарықтың әлі де болса ресми тілден кете қоймағанын, тіпті кеткісі
келмейтінін байқауға болады. Дегенмен, порталдың «Эксперт» айдарында
бірен-сараң мемлекеттік тілде жазылған материалдары бар екен. Алайда, көңілді
көншітерлік дәрежеде емес. Сол сияқты күніне 15 000-нан аса кіруші кіретін
ivest.kz бизнес порталы да тек қана орыс тілінде ақпарат таратуда. Дәл сол
сияқты байлар сүйіп оқитын «Форбес Қазақстан» журналының forbes.kz сайты да
қазақ тілінің қадіріне жетіп, қажеттілігін сезініп жатқан жоқ. Президентіміздің
«Алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымына иек артатын болсақ, расында
алдымен экономиканы, бизнесті қазақша сөйлетпей, саясатты қазақша сөйлету
мүмкін емес тәрізді. Өйткені, біздің байқауымызша әлемді іскерлер басқарып
отыр...
Спорт –
денсаулықтың кепілі. Сонымен қатар, спорт арқылы халықты патриотизмге
тәрбиелеуге болады. Мойындау керек, alaman.kz, sportnews.kz, aladop.kz т.б.
қазақтілді спорттық сайттар бар. Дегенмен, аудиториясы тар бұл сайттар бір
күнде кіретін 30 000-ға жуық аудиториясы бар орыстілді sports.kz сайтына
және 20 000-ға жуық кірушілері бар vesti.kz спорттық порталдарына
бәсекелес бола алмай жатыр. Бұдан аңғаратынымыз, ел халқы әлі де болса спорттық
ақпараттарды орысша алатынына көзіміз жетіп отыр. Былайша айтқанда, патриотизм
орысша берілуде. Бұл дегеніміз, әлі де болса ұлттық мәселеге келгенде үлкен
қауіптің алдында тұрғанымызды аңғартады.
Өскеменнің №1-ші
ақпараттық сайты жалпы Қазақстандық сайттардың рейтингі бойынша да үздіктердің
қатарында. Алғашқы отыздықтан түспейтін сайтқа бір күнде 30 000-нан аса
кірушілер кіреді. Орысшасы ойсырай қоймаған қаланың бұл порталы да мемлекеттік
тілге деген қажеттілікті сезініп жатқан жоқ. Порталдан бірде бір қазақша
ақпарат таба алмайсыз. Сол сияқты Қостанай облысының «Наша газета» атты
газетінің ng.kz сайты да ресми тілмен қатып қалған. Мемлекеттік тілге көшу ойы
да жоқ және ол үшін ешқандай шара атқармақ емес. Сол сияқты сараптамалық портал
ratel.kz те ресми тілден әрі аспай жатыр.
Ақпараттық және
ойын-сауық порталдың ішінде аудиториясының саны жағынан да, сапасы жағынан да
алғашқы отыздықтан ойып тұрып орын алатын порталдардың бірі massaget.kz.
Жастардың танымдық деңгейін арттырумен қатар, патриотизмге тәрбиелеп отыратын
бұл порталға 1 күнде 20 000 адам кіреді екен. Портал тек қана қазақ
тілінде ақпарат таратады және қазақтілді ғаламторсүйер қауымның дүниетаным
шеңберін кеңейтуге септігін тигізу мақсатымен, сонымен бірге қазақ, орыс
тілдерін меңгерген не қазақ тілін үйреніп жүрген қолданушылар үшін жұмыс істеп
келеді. 2012 жылдың 16 желтоқсанында ашылған портал аз жылда көптеген
жетістіктерге жетіп үлгерді. Порталда интернеттің басқа көздерінен табыла
қоймайтын эксклюзивті материалдар тек қана қазақ тілінде жарияланып келеді.
Мұнда жастарды қызықтыратын түрлі форумдар мен блогтар ұйымдастырылған және
кірушілердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берілген.
«Massaget.kz-тің бірден-бір мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін биіктету» деген
болатын ұжым мүшелері. Мәселен, «Бірге аударайық» атты айдарында қызықты
шетелдік фильмдерді, сериалдарды басқалармен бөлісе отырып қазақ тіліне
аударуға оқырмандардың мүмкіндігі бар. Аудармаға атсалысу адамның сөздік қорын
байытып, таным көкжиегін кеңейтумен қатар тілін жаттықтырады. Сонымен қатар,
қазақ тілін үйреніп жүргендер үшін бастапқы деңгейдегі «қазақ тілін үйрену
сабақтары» айдары ұсынылған. Ақын-жазушылардың туындыларымен қатар, әдебиет
әлеміне енді қанат қаққан жас ақын-жазушылардың тырнақалды туындылары «Әдебиет»
айдарында тұсауы кесіледі. Бұл айдар да жастардың қазақшасын дамытумен қатар,
мәдениетін арттыра түсері сөзсіз. Әлемдік және қазақстандық мәдениетті
таныстырып отыратын «Мәдениет» атты жеке айдар да жұмыс істеп тұр. Берері
мол massaget.kz сайтында осы сияқты көптеген пайдалы айдарлар мен жобалар бар
және осы сайт жастардың қазақшасын дамытып жатқанына сеніміміз мол.
Қазақ, орыс,
ағылшын, қытай тілдерінде ақпарат таратумен қатар, қазақ тіліндегі ақпараттарды
кирилше, латынша, төте, арабша тарататын ең ресми сайттардың бірі inform.kz
халықаралық ақпараттық агенттігі екені мәлім. «ҚазАқпарат» агенттігі -
халықаралық дәрежеге ие болған Қазақстандағы алғашқы ақпараттық агенттік. 90
жылдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт,
мәдениет және қоғамның өзге де тыныс тіршілігі туралы жедел әрі сенімді ақпарат
таратып келеді.
ҚазАқпарат
арқылы Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, өңірлік билік органдары, ұлттық
қаржылық және өндірістік құрылымдардың қызметі жөнінде ресми хабар таратылады.
Агенттік қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады. Кириллицаны оқи
алмайтын шетелде тұратын қандастарымыз үшін қазақша жаңалықтар латын графикасы
мен арабша төте жазуға аударылады. Жақын арада порталдың қытай және испан
тілдеріндегі нұсқасын іске қосу көзделген. Агенттіктің орталық кеңсесі
Қазақстанның елордасы Астана қаласында орналасқан. Елдің қаржылық және мәдени
орталығы Алматыда оның филиалы – тілшілер бюросы бар.
ҚазАқпаратта
өзге отандық ақпараттық агенттіктерде жоқ тілшілер желісі ұйымдастырылған.
Елдің барлық аймақтарында 15 тілшілер пункті орналасқан. Оның ішіне Байқоңыр да
кіреді. Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан
елдерінде меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан
жаңалықтарды online режимде жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік беріп жатқанын
көруге болады. Болашақта АҚШ, Испания, Оңтүстік Корея, Германия, Израиль,
Бразилия және Үндістанға тілшілер жіберу жоспарланып та қойған екен. Бүгінде
қазақстандық жаңалық тарататын интернет-ресурстар арасында ҚазАқпарат Үздік
ондықтың қатарында. Inform.kz порталын пайдаланушылардың географиясы
197 елді қамтиды. Журналистика саласының үздік дәстүрінің сақталуы, сапалы
контент өндіру, технологиялық базаны жақсарту және кәсіби топтың реттелген
жұмысы агенттік қызметінің жоғары нәтижелеріне қол жеткізуіне сеп болды.
Агенттіктің ақпараттары қазақтілді журналистер мен оқырмандардың үлкен
сұранысына ие.
Ақпарат әлемінде
тағы бір ықпалды сайттардың бірі today.kz. Бұған дейін тек ресми тілде ақпарат
таратып келген порталдың қазақша нұсқасы ашылғанына енді ғана 1-2 жылдың жүзі
болды. Осылайша бір күнде 15 000-ға жуық адам кіретін today.kz-тің
басшылығы Қазақстандағы ғаламтор нарығының болашағы мемлекеттік тілде екенін
түсініпті. Сол сияқты үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ақпарат тарататын ықпалды
порталдың бірі bnews.kz ақпараттық агенттігі де болашақты бүгіннен ойлап,
порталдың басына мемлекеттік тілді шығарып, дәл осы қазақ тілінің латынша
нұсқасында да ақпарат таратуда. 15 000-ға жуықтайтын порталда экономика
мен бизнес, саясат пен қоғамның өзекті жаңалықтарын шынайы әрі жедел білуге
болады. Мұнда апта сайын көкейкесті мәселелер жөнінде мамандар мен сарапшыларды
әңгімеге тартады.
Қазақтілді
нұсқаларын ашып, орыстілді ақпараттарын қазақ тіліне сатылап көшіріп жатқан
ақпараттық порталдардың арасында i-news.kz пен kaz.gazeta.kz сайттары бар.
Күніне кем дегенде 10 000 кіруші кіретін бұл сайттардың қазақша
ақпараттарында әлі де болса тілдік кемшіліктер бар. Дегенмен, қарқынды түрде
түзеліп келе жатқанына сенім білдіреміз. Ал, қазақтілді сапалы әрі жедел
ақпаратты 24.kz сайтынан табуға әбден болады. Бәрімізге белгілі, «24.kz»
телеарнасының корпоративтік сайты іспеттес құрылған 24.kz порталын тікелей
мемлекет қолдап отыр және Қазақстанның білікті журналистері мұнда жиналған.
Порталдың қазақша нұсқасымен қатар, орысша нұсқасы да бар. Дегенмен, порталға
кіріп көрген адам мемлекеттік тілге аса мән беріліп жатқандығын байқай алады.
Телеарнаның ең өзекті мәселелері мен ақпараттары жиналған бұл порталдың
құрылымы нағыз қазақи әрі жаңа медианы жасай алуда.
Басшылары таза
орыс және мемлекеттің тілдің талабына жеңілгісі келмейтін headline.kz, time.kz,
caravan.kz ақпараттық порталдары ресми тілден бас тартпай отыр және мемлекеттік
тілге көшу ойларында мүлде жоқ. Мұны осы сайттарға кірген кез келген адам
байқауға болады. Болашақтарын ресми тілмен байланыстырып отырған дәл осы
порталдар алдағы 10 жылда ғаламтор нарығында өз абыройларынан айырылып,
біржолата жоғалары сөзсіз немесе мемлекеттік тілге тез арада көшу арқылы тірі
қалады.
Нағыз ақпараттық
медианы жасай алған таза қазақтілді ақпараттық порталдардың бірі baq.kz. Бұл
портал мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және Тілдерді қолдану мен дамытудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында
2010 жылдың қараша айында құрылған. Негізгі мақсаты ғаламтор желісінде
қазақтілді БАҚ-тың ықпалын күшейту және барлық қазақтілді бұқаралық ақпарат
құралдарына бір ғана сілтемемен қол жеткізуге мүмкіндік беретін ортақ алаң
құру, қазақ тіліндегі контенттің көлемі мен сапасын, қазақтілді оқырманның
белсенділігін арттыру болатын. Порталдағы 16 айдарда күнделікті әлемдегі және
Қазақстандағы жаңалықтар ұсынылады. baq.kz-те еліміздің қазақ тіліндегі 75
газет, 22 журнал сайттары және 85 электронды БАҚ топтастырылған, сондай-ақ,
портал қолданушылары 12 радио мен 14 телеарнаны онлайн жүйесінде пайдалана
алады. «Аймақтық БАҚ» бөлімінде сайттары жоқ 174 газеттің жеке парақшалары
ашылып жұмыс істеуде. «Блогтар» бөлімінде 190 блогшы интернет-күнделіктерін
ашып, пайдалануда. Сонымен қатар, былтырдан бері порталда шетелдегі қазақ
диаспораларының тыныс-тіршілігін қамтитын «Жаһан қазақтары», еліміздегі тарихи
тұлғаларға қатысты дүниелерді ұсынатын «Алтын қор» бөлімі және мұрағаттардағы
құнды деректерді жарыққа шығаратын «Тарих деректері» бөлімдері ашылып, жұмыс
істей бастады. Baq.kz ақпараттық порталы ғаламтор желісіндегі БАҚ-тар
рейтингісінде қазақтілді ресурстар арасында алдыңғы орында екеніне ешкім шүбә
келтіре алмайды.
Қазконтентте
қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бірден бір портал abai.kz екені айдан
анық, күннен жарық. Қазақылықтың исі аңқып тұратын портал дәл бүгінде билік пен
халықтың арасындағы алтын көпір бола алды. Түрлі шенеуніктерді конференцияға
қатыстырып, жұртпен байланыстырып, көкейінде жүрген сауалдарына көптеген
адамдар жауап тауып үлгерді. Әрине, дәл осы порталдың арқасында. Қазақтілді
abai.kz порталының латынша, төтеше нұсқалары да бар. Сайтқа кірген адам ең
бірінші ұлы ақын Абай Құнанбаевтың портретіне көзі түседі және оның қырық бес
қара сөздерін тыңдай алады. 2009 жылдың 15-сәуірінде құрылған порталға күніне
кем дегенде 10 000-ға жуық адам кіреді және мұндағы аудиторияның 90 пайызы
ұлтшылдар мен ұлтжандылар, бір сөзбен айтқанда Қазақстанның нағыз патриоттары
екені анық. «Abai.tv» айдарында қазақтың болмысы аңқып тұратын түрлі видеолар
мен бейнебаяндарды табуға болады. «Бас тақырып» айдарында елдегі ең мыңызды,
өзекті мәселелер көтеріледі. Сосын тарих пен әдебиет мәселесіне, көші-қон
мәселесіне, тіл мен дін, ұлттық тәрбие, ұлттық саясат т.б. қазақтың кем кетігін
сынаған көптеген мәселелер туралы мақалаларды тек қана abai.kz-тен оқуға
болады. Қазақты бірлікке, ынтымаққа шақыратын бірнеше айдарлары бар және сапалы
түрде жұмыс істеуде. Дәл бүгінгі уақытта бұл порталдың қазаққа берері мол,
жасап жатқан қызметі зор!
«Саяси бюро»,
«Алаш-ақпарат», «Экономика», «Қоғам», «Спорт.Дода», «Руханият», «Алаш жұлдызы»,
«Білім», «Өзге тақырыптар» деген негізгі айдарлардан тұратын alashainasy.kz
порталы да бүгінгі қазақтілді сайттардың көшін бастап келеді. «Алаш баласы –
айнаңа қара!» деп ұрандатқан бір кездердегі «Алаш айнасы» басылымы порталға
айналғалы халыққа жақындай түсті. Бір күндік кірушілер саны 10 мыңға жететін
бұл порталдың да қазаққа берері көп. Бір ғана «Шежіре» айдарында қазақтың
жүздері мен ру-тайпаларының шежірелері, оның таралу жолдары, ұлттық
идеологиясы, қазаққа берер пайдасы туралы жазылып келеді. «Алаш прозасы», «Алаш
поэзиясы» айдарлары арқылы қазақтың әдебиетін қалың оқырманға насихаттап жатыр.
«Тіл тас жарады», «Сен тұр – мен атайын!» айдарларында фейсбук тұтынушыларының
түрлі мәселелер туралы айтқандарын салып отырады және мұның өзі біздің
қоғамымыздағы көлеңкелі мәселелердің ақиқатын көрсете түсуде. Қазақ тілінің
дамуына үлес қосып жатқан ең ықпалды сайттардың бірі дәл осы alashainasy.kz.
«Электронды сату
мен хабарландыруларға» арналған көптеген сайттар алғашқы жүздіктен түспей
жүргені бізге мәлім. Өйткені, электронды сауда кез келген елде болсын жоғары
көрсеткішке ие және тұтынушылар үшін өте ыңғайлы болып саналады. Біздің
елімізде де электронды сауда жоғары қарқынмен дамып, үздік көрсеткіштерге ие
болып отыр. Елімізде түрлі сайттар мен порталдарда электронды сауда
ұйымдастырылып, оған кірушілердің саны еселеніп артуда. Электронды сауда
көбінесе электронды сөрелер арқылы іске асады. Яғни, тауар
туралы жарнамалық ақпарат электронды дүкендер сөрелерінде орналасады. Бұл
қай жерден қай тауарды алу керектігін қамтамасыз ететін қысқа және түсінікті
түрі болып табылады. Сонымен қатар, портал арқылы тұтынушыға психологиялық
әсер етуге болады. Ең негізгісі, портал арқылы тауар туралы ақпараттарды толық
және анық беруге мүмкіндік бар. Қарапайым сауда үрдісінде тауармен жеке танысу
қалыптасады. Ал электронды саудада тұтынушы тауар туралы сипаттамасы
мен ақпараттық анықтамасын оқу арқылы танысады. Электронды саудада сатып
алушы тіркеуден өтіп, ғаламтор арқылы тапсырысты рәсімдеу арқылы
қажеттілігіне қол жеткізеді. Электронды дүкенде сауданы ұйымдастыру және қызмет
көрсету кеңселері, офистер, қойма және басқа да құралдардың болуын қажет
етпейді. Бұл жарнама, бөлшек сауда мазмұнына шығынды азайтады және тауар
арзанырақ болады. Қажет тауарды іздеу мақсатында дәстүрлі сауда орнын
аралағаннан, электронды дүкенді аралау оңай. Кез келген электронды дүкен
әлемнің кез келген жерінде, іс-сапар немесе демалыс кезінде қажетті тауар
немесе қызмет көрсету таңдауы шектелмеген. Мұнда дүкендер дәстүрлі сауда
орнындай сатып алушыларға толы емес, яғни кезекте тұрмайсың және тәулік бойы
жұмыс істейді. Сатып алушы кез келген уақытта өзіне қажетті тауарды сатып
ала алады. Қарапайым дүкенде тауарды сатып алу не тауар туралы кеңес алу үшін
кеңесшілер көмегіне жүгінуге тура келеді. Мұндай жағдайда таңдалатын тауар
сатушының сатып алушыға неғұрлым сапалы кеңесіне және бөлген уақытына байланысты.
Электронды дүкен сатып алушыны тауар туралы толық ақпараттық көмекпен
қамтамасыз ете алады. Алайда дұрыс ұйымдастырылмаған электронды дүкен қызметі
тиімді нәтиже бермейді. Электронды дүкен ұйымдастырылуына дәстүрлі дүкен
ұйымдастырылуына қарағанда аз мерзім кетеді. Өндіруші фирма тауар
бағасын өзі анықтап өзі қадағалай алады. Дәстүрлі дүкенде тауар түрі аз
болғандықтан, сатып алушы қажетті тауарын бірнеше дүкендерден іздеуге
мәжбүр болады. Егер тұтынушыға қажетті тауар бір электронды дүкенде болмаса,
онда оны басқа дүкеннен не тікелей өндірушіден табуға мүмкіншілігі бар. Енді
бір маңызды тұсы, қазіргі уақытта ғаламторды пайдалану және мобильдік коммерция
негізінде цифрлық тауарлар нарығының кәсіпкерлік қызметінің саласын біртіндеп
ендіру мен дамыту үлкен қарқынмен орын алуда. Күнделікті бөлшек төлем
операцияларын жүргізетін пайдаланушылардың, сол сияқты өз қызметін тек қана
цифрлық тауарлар нарығында көрсететін сауда қызметі субъектілерінің саны күн
санап ұлғаюда. Осы тұста жалпы алғанда Қазақстанның электрондық саудасын
дамытуға байланысты жаңа дамып келе жатқан сегментке қызмет көрсету үшін
электрондық ақшаны пайдалануға қажеттілік туындайды. Жалпы алғанда
Қазақстандағы электрондық сауданың қалыптасуы мен дамуы электрондық ақша
жүйесін де дамытады. Мәселен, Қазақстанда бүгінде электрондық сауданы
ұйымдастыру мен жүргізу бойынша инфрақұрылымды дамыту мәселелері бар, оның
ішінде оларға көптеген өзара байланысты факторлар кедергі болып табылады.
Бүгінгі күні отандық банктер, сол сияқты шетелдік электрондық ақша жүйелері
нарықтық ахуалға талдау жүргізіп, нарыққа шығудың мүмкіндіктерін зерделеуде.
Яғни, электрондық ақша нарығын одан әрі дамытудың ықтимал бағыттары
анықталып нарықтың осы бөлігін дамытудың ең сұранысы мол әрі әлеуеті бар жолы
ретінде еліміз үшін Ұлттық электрондық ақша жүйесін құрудың ықтимал үлгілері
мен артықшылықтарын реттеу жөнінде іс-шаралар жасалып жатыр. Банктердің
нарықтағы жұмыстарының электрондық ақша эмитенттері ретіндегі түрлі
бизнес-үлгілері бар және әрбір банк өзі таңдаған бизнес – саясатының мақсаттары
мен міндеттеріне қарай дербес шешім қабылдауға құқылы. Соған қарамастан,
қазіргі кезеңде нарыққа жылдам шығу және әрбір банктің жаңа қызметті іске
асыруының мәселелері емес, электрондық ақша нарығының барлық қатысушылары мен
мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне жауап беретін электрондық ақша
нарығының тиімді жұмыс істейтін және әлеуетті үлгісін құру мәселелері
қаралуда. Жалпы, Қазақстандағы электронды сауданың ірі орталықтары,
«электронды сату мен хабарландыруларға» арналған ірі порталдардың қатарында
көлік сату мен сатып алудың ірі электронды орталығы kolesa.kz, newavto.kz,
auto.kz, bibib.kz, әртүрлі тауарлар мен қызметтерді хабарландыруға арналған
olx.kz, slanet.kz, avisinfo.kz, жылжымайтын мүліктің ірі электронды орталықтары
krisha.kz, kn.kz, киносүйер қауым үшін билет сатып алуға арналған kino.kz,
ғаламтор сату орталығы satu.kz, жұмыс іздеушілерге және жұмыс берушілерге
арналған хабарландырулар орталығы hh.kz, alfa.kz, kazgo.com, құрылыс
материалдарын сатуға арналған 1stroitelny.kz сайттары рейтингісі бойынша ең
алғашқы 100-діктің қатарында. Мәселен, kolesa.kz-ке бір күндік кірушілері
300 000-нан асса, krisha.kz-ке 100 000-нан аса кірушілер кіреді. Бұл
дегеніміз, сату мен хабарландыруларға арналған сайттардың рейтингісі өте жоғары
екенін көрсетеді және электронды сауданың аудиториясы ауқымдылығын байқатады.
Ең өкініштісі сол, электронды саудаға, «электронды сату мен хабарландыруларға»
арналған бірде бір сайттың қазақша нұсқасы, иә қазақтілді баламасы жоқ.
Еліміздегі электронды сауданың барлығы дерлік ресми тілде ұйымдастырылып, ресми
түрде жүргізіледі. Отандық мамандардың мәліметінше, 2012 жылы электрондық сауда
нарығының көлемі 600 млн долларды құраған. Ал 2015 жылдың соңына қарай бұл
салада жасалатын алыс-берістің көлемі 3,6 млрд долларға жетеді деген болжам
жасалған. Ендеше, осындай ірі нарық ресми тілден әрі аспайды екен, мемлекеттік
тілді қарқынды түрде дамытуымыз екіталай.
Алғашқы
жүздіктегі оқыту-әдістемелік, танымдық, ойын-сауық порталдарды талдап көрейік.
Бұлардың қатарында olimp.kz, bilimdiler.kz, sozdik.kz, szh.kz, bilimsaite.kz,
myhit.kz, ustaz.kz, minigames.kz, muzik.kz, sabaqtar.kz, referatykz.ru,
sabaq.kz, map24.kz, flashgames.kz, kinomir.kz порталдары бар және бұл
сайттардың басым аудиториясы жастар мен студенттер болып табылады. Сонымен
қатар, мектеп оқушылары мен ұстаздар, ірі ғалымдар да бар. Бәрімізге белгілі
қазір оқу үдерісі қазақшаланып келеді. Бізде қазақша оқитын оқушылардың қатары
70%-ға таяп қалған. Сол секілді студенттер қатарында да қазақша оқитындар өте көп.
Дәл сол себепті түрлі рефераттар, электронды кітаптар, курстық жұмыстарға зәру
олар осындай сайттарды іздей бастайды. Өзінің күнделікті сабағына әдістеме
іздеген мұғалімдер де осындай сайттарды жиі тұтынады. bilimdiler.kz,
bilimsaite.kz, ustaz.kz, sabaqtar.kz, referatykz.ru, sabaq.kz сайттарынан кез
келген пәнге қатысты, кез келген мамандыққа қатысты рефераттар мен кітаптар,
оқыту-әдістемелік материалдар, тәрбие сағаттар, ашық сабақтар т.б. оқыту және
оқу үдерісіне керек материалдарды табуға болады. Тіпті, шпорлар, дипломдық
жұмыстар, ғылыми жұмыстар т.б. бәрі де тізіліп қойылған және бұл сайттардың
барлығы дерлік қазақ тілінде.
Olimp.kz,
minigames.kz, flashgames.kz сайттары ойын ойнауға арналған және мұнда ақша ұтып
алуға мүмкіндіктер бар (Ақшаны ұтқызып қоюға да). Бұл сайттардың ішінде «Олимп»
букмекерлік орталығының сайты olimp.kz көптеген адамдарға танымал. Бір күнде
50 000-нан аса адам кіретін бұл сайтқа көптеген тұтынушылар ставка тігеді,
ұтатындар бар және ұтылатындары қаншама?! Бұл сайттың басым аудиториясы жастар
екені де анық. Еліміздің кез келген бұрышынан «Олимп» букмекерлік орталығының
кеңселерін табуға болады. Алайда, бұл құбыжық сайттың әлі қазақшасы жоқ. Он
мыңдаған аудитория бір ғана olimp.kz сайты арқылы ресми тілге бейімделіп жатыр.
Шетелдік
ойындардың кез келгені жарыққа шыққан сәттен-ақ орыс тіліне аударылады. Осы
үшін Ресей мемлекеті ойындарды орысшалауға көптеген қаржы бөліп келеді. Ал
біздің елімізде осы уақытқа дейін бірде бір ойын қазақшаланып үлгермепті.
Өйткені, minigames.kz, flashgames.kz сайттарынан қазақша бірде бір ойын таба
алмайсыз және ол жоқтың қасы. Ал, myhit.kz және muzik.kz сайттары әндерді
жүктеп алуға арналған және рейтингісі өте жоғары. Бұл сайттардың екеуі де
орыстілді болғанымен мұндағы тұтынушылардың сұранысы қазақтілді әндерге түседі.
Өйткені, сайтты ашып қарасаңыз тек қана қазақтілді әндер мәзірде көрсетілген.
Ендеше, сайтты ұйымдастырушылар осыны байқап тұрып, сайттың қазақша нұсқасын
жасамауы – тұтынушларды сыйламауын білдіреді.
Көптеген
аудармашылар мен тілшілер, журналистер, ғалымдар жиі тұтынатын рейтингісі
жоғары сайттардың бірі sozdik.kz-ке келетін бослақ, мұнда бір күнде
30 000-ға жуық кірушілер кіреді екен. Бұл дегеніміз, өте жоғары көрсеткіш
және еліміздегі көптеген адамдар аудармаға зәру екенін көрсетеді. Сайт таза
қазақ тілінде және орысша нұсқасы да бар. Орысша-қазақша және қазақша-орысша
сөздік жобасы ғаламторда 2000 жылдан бері бар. 2002 жылдан бастап ол sozdik.kz
мекенжайына орнатылғаны белгілі. Онлайн сөздіктің айрықша өзектілігі күнделікті
өмірде де, іс-қағаздарды жүргізу ісінде де қазақ тілінің жаңа сапада ерекше
маңызға ие бола бастауына байланысты соңғы уақытта арта түсті. Сөздікте
екіжақты аударма іске асырылған. Қазіргі уақытта сөздікте аударманың әрбір
бағыты бойынша 60 000-нан астам сөздік тармақтары бар. Қазақ тіліндегі
3000 сөздік мақала дыбыстандырылған. Сонымен қатар, AJAX технологиясының
енгізілуі енгізілген сөздің аудармасын жылдам алуға мүмкіндік береді.
Виртуалдық пернетақта қазақ тілінің ерекше әріптерін енгізуге болады.
Сұрақ-жауаптардың
ірі орталығы szh.kz сайты да жастарға арналған қазақтілді танымдық сайттардың
көшін бастайды. 2010 жылы 10 қазанда ашылған сайттың рейтингісі өте жоғары және
күніне кем дегенде 40 000-ға жуық келушілер келеді. Түрлі тақырыптағы
танымдық ақпараттар қазақтілді ғаламторсүйер қауымның дүниетаным шеңберін
кеңейтуге септігін тигізу, қазақтілді қолданушылардың бір-біріне қол ұшын
созуына жағдай жасау басты мақсаты болып табылады. Сайтта түрлі тақырыпта
сұрақ қойып, басқа қолданушылардан жауап ала аласыз. Басқа қолданушылардың
сұрақтарына жауап беріп сауап пен балл жинауға да болады. Өзіңіздің білімді,
алғыр екендігіңізді көрсете аласыз. Қазіргі кездегі сайттың негізгі
мақсаты «Агент», «ВК» т.б. әлеуметтік шырмауықтардың шырмауына оратылып
қалған көптеген қазақтілді қолданушыларға пайдалы ақпарат көзін ұсына алатын,
сапалы ақпарат көзі жинақталған ортаны қалыптастыру болып табылады. Сайтта
қолданушылардың оңай ақпарат алмасуына жағдай жасалған. Қазіргі кездегі
сұранысқа қазақтілді ақпараттың тапшылығы бәрімізге мәлім, осы орайда жылдам
түрде сайттың мәліметтер қорын қолданушылардың өздері арқылы жылдам толық әрі
сапалы ақпарат көздерін толықтырып, қолданушылардың сұранысын қанағаттандыруға
болады. Қолданушыларға ыңғайлы ету мақсатында барлық сұрақтар түрлі санаттарға
топтастырылған. Әр саланың маманы өзіне қатысты сұрақтар тобын қажетті санатты
таңдау арқылы ашып оқи алады. Қолданушылар бетінде сайттағы өте белсенді
қолданушылардың тізімі алғашқы бетте көрсетілген. Жинаған баллдары бойынша
сұрыпталған тізімін беріліп те қойған. Жалпы, бұл сайт қазақтілді
қолданушылардың қазақ тілін дамытып қана қоймай, қазақ тілінде ақпарат алуға,
қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Сайттың
құндылығы да осында.
Келесі топтамада
сервистік әлеуметтік желілер, блог-платформалық порталдарға жататын kiwi.kz,
kset.kz, namba.kz, vse.kz, yvision.kz, egov.kz, kaztube.kz, el.kz порталдарына
тоқталып, бұлардың ерекшелігін сараптап көрелік. Жалпы, 40 000-ға жуық
аудиторияны құрайтын kiwi.kz сайты Қазақстандағы ең ірі видео-сервистік жүйе
екені мәлім. Күнделікті өмірден алынған түрлі видеолар, приколдар, анимеялық
мультиктер, спорттық видеолар, әлеуметтік видеолар, радио және телеарналық
онлайндар топтастырылып берілген. Мұнда өзіңіз қызықтағыңыз келген қысқа әрі қызықты
видеоларды жылдам тауып алуға болады. Өкінішке орай, бұл порталдың қазақша
нұсқасы және баламасы мүлде жоқ. Сол сияқты kset.kz порталы да мультимедиалық
айдарларға ие және кірушілер саны 40 000-нан асады. Бұл порталдан кино
көруге, қызықты видеоларды тамашалауға, сайт қолданушылары тарапынан жіберілген
әртүрлі қызықты фотоларды қарауға, музыка тыңдауға мүмкіндігіңіз бар. Сайт
ресми тілде жасалған және қазақша баламасы жоқ. Аудиториясы көп namba.kz,
kaztube.kz сайттары да осы сайттарға ұқсас және үлкен ықпалға ие.
Қазақстанның ірі
электронды форумдар орталығы vse.kz екені бізге мәлім. Кірушілер саны
40 000-ға жететін бұл сайтта сіз кез келген тақырыпты ортаға салып, оны
басқа да адамдармен талқылай аласыз. Сіздің мәселеңізді жоғары деңгейге көтеру
үшін ұйымдастырушылардың өзі іске кірісіп, адамдар тартып, мәселені
талқылатады. Бірақ орыс тілінде.
Қазақстанның ең
ықпалды блогерлері шоғырланған yvision.kz (сенің көзқарасың)
блогтық-платформалық порталы қазірде үлкен қуатқа ие. 2008 жылы 1 маусымда
құрылған блог тұғырнаманың көрсеткіші жоғары жылдамдықпен көтеріліп, 2013 жылы
1 қаңтарда пайдаланушылардың саны 180 млн-ға жетсе, дәл қазіргі уақытта
200 млн-ға таяп қалған. Қазақстаннан бастап Ресей, Қытай, Қырғызстан, Украина,
Беларуссия т.б. көптеген пост кеңестік елдерге жайылған блог тұғырнамада
2000-нан асатын еліміздің ең мықты блогерлері бар және бұл портал Қазақстандағы
азаматтық журналистиканың дамуына үлкен жол аша алды. 2010 жылы «жылдың ең
үздік сайты» гран-при атағын жеңіп алды. Сол жылдан бастап түрлі қалалар мен
аймақтарда блогерлердің форумын ұйымдастырып келуде. Жалпы, yvision.kz-тің
қазақша нұсқасының жұмыс бастағанына көп болған жоқ, соған қарамай үлкен
қарқынмен дамуда.
Келесі ғажайып
сайттардың бірі мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік ақпараттардың онлайн
орталығы egov.kz порталы. Қазақстандағы ақпараттық-коммуникативтік
технологиялардың дамуы кем дегенде соңғы екі пікірдің жүзеге асуына кепілдік
бере алады. Дәл осы азаматтар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ыңғайлы,
қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету үшін электронды үкімет тұжырымдамасы
әзірленген болатын. Электронды үкімет құру ісі билік органдарының жұмысын
анағұрлым тиімді, азаматтарға қолжетімді ету үшін қажет болды. Бұрындары әрбір
мемлекеттік орган өз бетінше «оқшау өмір сүріп», басқаларымен байланысқа
түсе қоймайтын, ал азаматтардың алуан түрлі анықтама, растама секілді өзге де
қағаздарды жинау үшін толып жатқан инстанциялардан өтуіне тура келетін.
Осының барлығы бір ғана қызмет түрін пайдалану үшін толып жатқан мекемелер табалдырығын
тоздыруға мәжбүрлейтін. Бүгінде электронды үкімет жобаларының арқасында ол
заман келмеске кетті. Электронды үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен
ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы,
сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі.
Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын
және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік берген
де дәл осы механизм. Басқаша айтқанда, электронды үкімет деп лицензияны
рәсімдеу үшін ЖСН ғана керек болатын (басқа ақпараттың бәрі дағдылы
сұранымдар арқылы алынады), коммуналдық қызмет ақылары мен айыппұлдарды
онлайн жүйесінде төлеуге болатын, анықтама алу үшін ХҚКО-ға жеке куәлік
қана талап етілетін, бизнесіңізді өз бетіңізше тіркеуге, немесе электронды
үкімет порталында небәрі 10-15 минут ішінде анықтама алуға, күн-түн демей,
кез келген уақытта баланың балабақшаға кезегін көруге, мекенжай
анықтамасын ұялы телефонға алдыртуға болатын және осы секілді басқа да
көптеген жағдайларды айтамыз. Ал, мұның бәрі үш тілде қызмет ететін (қазақ,
орыс, ағылшын) egov.kz порталы арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік порталы
мемлекеттік тілді бірінші орынға қойғанын дәл осы порталдан көруге болады.
El.kz –
«Қазконтент» акционерлік қоғамына қарасты қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі
әлеуметтік желі. Әлеуметтік желінің латынша және төтеше нұсқалары да жұмыс
істейді. «еl.kz» әлеуметтік желісі – ғаламтордағы қазақша мәдени, этнографиялық
контентті дамытуға арналған әлеуметтік желі. Басқа әлеуметтік желілерден
ерекшелігі «еl.kz» өз қолданушыларына контент ұсынады. Қазақ тілінің мәртебесін
арттыру, қазақ елін насихаттау, рухани байлығы мен мәдени жетістіктерін
дәріптеу, ең бастысы әлем қазақтарының қатынас жасауына арналған ортақ, бірегей
ресурсқа айналу да «еl.kz» әлеуметтік желісінің негізгі ұстанымдарының
қатарында. «еl.kz» әлеуметтік желісі 2012 жылдың 15 шілдесінен бастап жұмыс
істеп келеді. 2012 жылдан бері 16 мыңнан астам материалдық қор жинақталған және
1 мыңнан астам жеке блогшылардың жазбалары жарық көрген. 2013 жылдың
қорытындысы бойынша «еl.kz» әлеуметтік желісіне 2 188 476 адам кірген. Бұл
көрсеткіш қазіргі күнде еселеп өсіп отыр. «Өз елім» дейтін бөлімде әр сайт
қолданушысы өз парақшасын ашып, жеке фото, видео, аудио орната алады. Блог
жүргізіп, әртүрлі достар табуға болады. «Зерде» бөлімінде мақалалар,
видеолар, кітаптар (отандық және шетел әдебиеті), аудиокітаптар, әртүрлі
фотолар және әуендер орналасқан. Сондай-ақ, «Жамбы ату», «Теңге алу», «Қыз
қуу», «IQ doda» зияткерлік ойыны, «Алтын сандық» танымдық ойыны, «Батырлар»
жекпе-жегі, «Аударыспақ», «Тоғызқұмалақ» – математикалық әрі спорттық ойыны
және «Қазақ ауылы» танымдық ойыны, «Бәйге» секілді ойындар бар.«Ел
тану» атты бөлімде әлемдегі әр елдің халқы, тарихы, мәдениеті, ірі
қалалары туралы мәлімет алуға болады. «Журнал» бөлімінде этнография, ғылым
және техника, ІТ-әлем, психология бойынша оқырманға қажетті мақалалар
жарияланады. «Қазақ елі» бөлімі Қазақстанның әр аймағындағы облыс, қала,
аудан, елдімекендер туралы мәліметтер жариалуға арналған. Сондай-ақ, сайтта
мектеп бітіруші түлектерге және 9-сыныпты бітіретін оқушыларға арналған ҰБТ
сұрақтары бар. Қолданушылар сайттың қызметін пайдалана отырып, 13 пән бойынша
өздерінің дайындығын пысықтап отырады (қазақ тілі, Қазақстан тарихы, қазақ
әдебиеті, орыс тілі, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, дүние жүзі тарихы,
география, биология, химия, физика, алгебра). Сайтта ақысыз онлайн курстар да
бар. Бұл жерде қазақ тілін, ғаламтор негіздері, HTML негіздері, photoshop негіздері,
интерактивті қазақ тілі курсы, Abobe After Effects негіздері, Adobe Dreamweaver
негіздері және Windows Server негіздерін үйренуге болады. Жалпы алғанда, el.kz
әлеуметтік желісіне бір күнде 10 мың келуші кіреді және оның басым бөлігі
жастар. Рейтингі жоғары әлеуметтік желінің қазақшаға аса мән беруі мемлекеттік
тілді дамытуына үлес қосып жатқандығын білдіреді. Міне, сервистік, блогтық және
әлеуметтік желілерге арналған порталдардың легі осындай.
Корпоративтік сайттардың қатарында Астана қаласының ресми сайты astana.kz, «Қазақстан» ұлттық телерадио корпорациясының kaztrk.kz сайты, Павлодар қаласының білім беру бөлімінің goo.kz, «Халық банкі» Акционерлік Қоғамының halykbank.kz сайты, Алматы қаласы Орталық мешітінің azan.kz сайты, «Қазақ коммерциялық банкі» Акционерлік Қоғамының kkb.kz сайты, «Хабар» агенттігінің» khabar.kz сайттары алғашқы рейтингісі жоғары 100 сайттың қатарына еніп, корпоративтік сайттардың көшін бастап тұр. Мәселен, Астана қаласы әкімдігінің сайтына бір күнде 40 000 келушілер кіреді екен. Бұл өте жоғары көрсеткіш және рейтингісі жоғары корпоративтік бұл сайттар басқа сайттарға үлкен үлгі бола алады. Жалпы, қазақ ғаламторында үздік 100-дікке еніп, көшті бастап тұрған сайттардың ерекшелігі мен қасиеті, қазақшасы осындай.