THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ тілінің мәселесін сөз еткенде, тілдің әр саладағы қолданысы мен дамуы ойландырмай қоймайды. Бұл тұрғыдан алғанда ғылым саласында да мемлекеттік тілді қалыптастыру оңай мәселе емес. Өйткені ғылым тілі қанша дегенмен нақтылыққа, мазмұндылыққа сүйенеді. Оның өзіне тән үлгісі мақалалардан, ғылыми еңбектерден көрініс тауып отырады. Мұндағы қолданылған әрбір сөз тіркесі, ғылыми термин қазақ тілінің сөздік қорына еніп, бара-бара белгілі бір жүйеленген ұғымға айналады.
Ғылыми тілдің қалыптасып, қанат жаюына әр баспадан жарық көріп жатқан оқулықтар мен кітаптардың да үлесі мол. Егерде қазақ тіліндегі ғылыми еңбектер, мақалалар көбірек жазылып олардың мазмұны мен сөз қолданысы да сапалы деңгейде болатын болса, тіліміз ұтады, қолданыс аясы кеңейе түседі. Бірақ өкінішке орай, бұл жағынан әлі де болсын жіберіп отырған кемшіліктеріміз жоқ емес. Осы турасында бір ғана мысал келтірейін.
Елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 18 ғылыми-зерттеу институты бар. Сол институттарда іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізіледі, алынған нәтижелер де оқырман қауымға түрлі ғылыми басылымдар арқылы таныстырылып жатады. Бір әттеген-айы, олардың көбі дерлік орыс тілінде жазылып, жария етіледі. Бұл қалай? Ауылшаруашылық мәселелері бойынша зерттеу жұмыстары тек орыс тілінде емес, мемлекеттік тілде де жазылу керек емес пе? Осы олқылықты түзеуге тиіспіз. Өйткені сол арқылы ғана ғылыми тіл өркендейді.
Ендігі бір мәселе, ол ғылымдағы терминдердің жайына қатысты. Отандық ғалымдарымыздың еңбектерінде, шетелден енген терминдерді былай қойғанда, тіпті өзіміздің қазақы сөздерімізде де бірқатар қателіктер кездесіп жатады. Қазақша сөздерге жауапты қарамай, қалай болса солай жазуға жол беруге болмайды. Бұл солай жазып отырған ғалымның тіл мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Тіпті, көпшілікке өте таныс сөздердің өзі дұрыс берілмейді (аул, даул, дәур және т.б.). Осыған байланысты ғылым жаңалықтарын елге жеткізу мақсатында ұйымдастырылған «Ауыл» газетінің шығу тарихындағы кейбір жайттарды ортаға сала кетейін.
Кезінде ауыл оқырмандарына арналған бұл газет республикалық социал-демократиялық «Ауыл» партиясының бастамасымен (2003 ж.) өмірге келген. Партия жетекшісі академик Ғ.Қалиев осы газеттің жарғысын, мазмұндық ұстанымдарын дайындауды (екі тілде) Қазақ АӨКЭ ҒЗИ-на тапсырды. Орындаушылар болып, орыс тілінің білгір маманы В.Черкизев және осы мақала авторы тағайындалдық. Міне, сол кезде газеттің атауы «Аул» немесе «Ауыл» болуы төңірегінде біраз талас-тартыс болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сонда орыс тілі грамматикасы бойынша бірінші нұсқасы (Аул) қабылданып кетті. «Бұл газетті негізінен ауыл халқы оқиды, онымыз қалай?» деген менің уәжіме жоғарыдағы білгір маман көнбеді, тіпті мені: «Грамматикадан хабарыңыз жоқ екен ғой» деп тықсырып тастады. Мен болсам, өзіме тән әдептілікпен сабырлық сақтай отырып, ол кісіге білгенімше түсіндіріп бақтым. Бірақ кейін газетіміздің атауы «Ауыл» болып қайта өзгерді.
…Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында арамызда «біз қазақшалап жүріп әлемдік білімге, ғылымға ілесе алмаймыз» дегендер де болды. Бірақ олардың ойларында үміттен гөрі, күдік басым еді. Ал уақыт қазақ тілінің ғылыми тіл ретінде қалыптасып, бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Жалпы, біз мұндай іргелі мәселелерді осы бастан қолға алуымыз керек, өйткені қазіргі жіберген кемшіліктеріміз кейін өз тілімізге зиян келтіруі мүмкін. Бұл орайда мен газет-журнал беттерінде көлемді мақалалар жазып, қазақ тіліндегі диссертациялардың пайыздық үлесін шығарып жүргендерді де қолдамаймын. Олар диссертация қазақша болса беку мүмкіндігі жоғары дегенді меңзегісі келеді, ал бұл тіпті қате ұғым.
Меніңше, ана тілімізде диссертация қорғайтын адам, зерттелетін мәселелерді тереңінен қамтып, жоғары деңгейде шеше алатын маман болуы керек. Осы ретте ғалымдарымыздың мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, өз жаңалығын, ғылыми жұмысының құндылығын көпшілікке ұғынықты, жатық тілде ұсына білсе, тіл мәртебесінің биіктегені емес пе? Сол себепті ғылымдағы тіл мәселесіне жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.
Қазақ тілінде жазылатын ғылыми мақалаларға байланысты айтылатын сын аз емес. Амал не, бұл барлық ғылыми мекемелерге қатысы бар көрініп тұрған келеңсіздік. Кейбіреулер «орысшаға маманданып қалдық» деген сылтау айтады. Бірақ менің білетінім, ауылшаруашылығымен байланысты ғылыми мекемелерде қызмет ететін ғалымдардың 80-90 пайызы өз ұлтымыздың өкілдері. «Сонда орысша ғылыми мақаланы кім үшін жазамыз?» деген заңды сауал туындайды. «Жарты парақ болса да ғылыми жұмысымның нәтижелері өз халқыма, ауыл тұрғындарына жетсінші» деп ойлайтын ғылыми қызметкерлер қайда?! Тым болмаса өз мекемелерінде мемлекеттік тілге қамқорлық жасап, өз басылымдарының 50 пайызын ана тілімізде неге ұйымдастырмасқа?
Айта кететін бір мәселе, математика-техника ғылымдары сияқты емес, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың өз ерекшеліктері бар. Олар басқаға емес, алдымен жергілікті халыққа жол көрсетеді, ұлтымыздың ой-өрісін кеңейту, қазақ халқының тарихын, мінез-құлқын, салт-санасын қалыптастыру бағытында зерттеулер жүргізеді, ата-баба қолөнерін, кәсіпкерлікті дамытуға, ел экономикасын көтеруге бағыттайды. Бұл орайда айтайын дегенім, алдымен өз ортамызда ұлттық ғылыми сана, дүниетаным қалыптастырсақ, құба-құп.
Ғылым саласында мемлекеттік тілді қалыптастыру бағытындағы негізгі жетістіктердің бірі ретінде «31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша ғылыми-салалық терминологиялық сөздіктер сериалы» саналады (Республикалық мемлекеттік «Рауан» баспасы, Алматы 2000). Аталған сөздіктің 28-інші томы «Экономика және қаржы» саласындағы сөздерге арналған. Оның авторлары қатарында біздің институттан ҚР ҰҒА-ның академигі Ғ.Ә.Қалиев, осы жолдардың авторы және экономика ғылымының кандидаты Ғ.Р.Мадиев бар. Бүгінде бұл сөздік қайта толықтырылып, жарық көріп отырғаны қазақ ғылымы үшін үлкен олжа. Өйткені ғылым даму үшін алдымен салалық сөздіктер болуы керек. Корыта келе айтайын дегенім, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бағытындағы үлкенді-кішілі ресми органдардың іс-әрекеттерін үйлестірумен қатар, оларды жас ғалымдарды қолдауға, зерттеулерді мемлекеттік тілде жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетуге міндеттеу керек. Ғылыми басылымдарда мемлекеттік тілде жарияланатын мақалалар үлесін бірте-бірте арттыруға көңіл бөлгеніміз абзал. Көптеген мекемелерде қолданыла бастаған ынталандыру шараларын да қарастырып қойғанымыз артық болмас еді. Міне, сонда ғана қарапайым халық та, ғылыми қызметкерлер де мемлекеттік тілге деген қамқорлықтың бар екенін түсінеді, өздері де соған қарай бет бұрады.
Экономикалық терминдердің ауылдан келген қатардағы кәсіпкерлер түгілі бизнесмендердің өздеріне де қазақ тілінде түсініксіз болып тұратын жағдайлары аз кездеспейді. Әлемдік түбегейлі өзгерістер барысында егеменді елдердің қатарына қосылып, нарықтағы бәсекеге сай боламыз деген әрбір азамат жаңа экономикалық терминдерді білуге ұмтылуы қажет. Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында жаңа ұғымдар мен атаулардың саны, күннен-күнге көбейіп келеді. Олардың мән-мағынасын мемлекеттік мәртебе алған өз ана тілімізде игеріп алу, ұлттық тілімізді әлемдік деңгейге көтеруді армандайтын әрбір зиялы азаматтың қасиетті борышы деп түсінеміз.
Мемлекеттік тілге деген жанашырлық көзқарас,оған деген түсіністік пен ой-сана қалыптастыру әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жаңа терминдермен толықтырылып, оларға жан-жақты түсініктемелер бере отырып жүргізілгені дұрыс. Оның үстіне, мұндай бағыт тек Қазақстандағы негізгі халық арасында ғана емес, сонымен қатар оны мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстар арасында да орын алуы тиіс. Себебі Қазақстанды мекендейтін барлық халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тек бір жерде – нарықтық экономика қатынастарында ғана көрініс табады. Сондықтан қоғамдық өмірде қолданып жүрген экономикалық жаңа терминдерді біздегі барлық ұлт өкілдері жақсы түсініп,оларға өз дәрежесінде қолдау көрсетулері қажет. Міне, сонда ғана мемлекеттік тілдегі жаңа атаулар (экономикалық) тез қалыптаса алады. Бұл біздердің – ғылыми жұртшылықтың жанына батып жүрген және әрбір қазақстандық азаматты бейжай қалдырмайтын мәселе деп білемін.
Жұмали Шарақымбаев,
ауылшаруашылығы
ғылымының кандидаты, профессор
anatili.kz