THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бүкіл қазақтілді БАҚ-тың айтары болған «Жарылқаптың оқиғасы» бәрімізге сабақ болары анық. Шынында, «Скат» сияқты ірі компаниялардың мемлекеттік тілге мұрындарын шүйіре қарайтыны жасырын емес. «Мен қазақша сөйлемеймін, сөйлегім де келмейді» деген ұшақ қызметшісінің бұл айтқандары біздің мысалымызға дәлел бола алады. Жарылқап ағамыз абақтыға үш күн қамалып шыққаны үшін әріптестері тарапынан құттықталып, алғыс та білдірілді. Бұдан соң, «Маған қазақша сөйлеңіз!» – деген талап күн сайын өрши түспесе, кеми қоймайды. Жарылқап ағамыздың оқиғасынан кейін біз мемлекеттік тілді «соттасу» арқылы ғана төрге шығара алатынымызды түсіндік.
Тәуелсіздік алып, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген тармақ ата заңымыздан орын алған бірнеше жылдан бері елімізде мемлекеттік тіл үшін біршама соттар мен арызданушылар болған екен. Мәселен, осыдан 4-5 жыл бұрын Дос Көшімнің бастауымен «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МОЙЫНДАТУ» мақсатында біршама мекемелермен соттасу процесі болған еді. Міне, осы соттасулар мемлекеттік тіліміздің құқығын сақтап, «Тілдер туралы» Заңды біршама алға жылжытып үлгеріпті. Ең бастысы, белгілі саясаттанушы Дос Көшім бастаған «Ұлт тағдыры» қозғалысы халыққа тілді қорғаудың тиімді жолдарын көрсете білген болатын.
«Тілге байланысты соттасу» деп аталған сол бір акцияның «Соттасу» дегенін естіген мекемелердің жүректері дір ете қалатын. Әрине, көпшілік Дос Көшімнің бұл акциясын «арызқорлар» сияқты қабылдады. Бірақ, «соттасу» деген – өз құқыңды қорғау. Өкініштісі сол, «Ұлт тағдыры» қозғалысы «Мемлекеттік тіл үшін соттасуды» халықтық деңгейге көтере алмады. Олар қаладағы мекеме-ұйымдарды арнайы аралап жүріп, қазақ тілінде жазуы жоқ жерлерге ескерту берді. Мысалы, «бланкіде қазақ тілінде мәтін жоқ» деген арыз түссе, прокуратура: «Бір айдың ішінде мына бланкілердің бәрі мемлекеттік тілде болуы керек», – деп бұйрық береді. Міне, осындай «арыз жазу» арқылы бірнеше мекемелердің қазақшасы түзелді.
Бүгінде «тіл полициясының» рөлін ана тіліне жаны ашитын әрбір азаматтың атқаруы қажет. Яғни, банкке барғанда, әкімшілікке барғанда, қызмет көрсету орталықтарына барғанда т.б. мекемелерге барғанда мемлекеттік тілде сөйлесіп, мемлекеттік тілде жауап алуы керек. Егер «мен қазақша білмеймін, білгім де келмейді» деп айтатын қызметшілер болса, мекеме басшылығымен қоса сотқа беру керек. Әрине, қазақтың қанына сіңбеген «арызданушылықты» азаматтарымыздың көпшілігі ұят санайды. Дегенмен, мемлекеттік тіліміздің, ана тіліміздің бүгінгі қалі ұят былай тұрсын, намысымызды таптауда. Жігітті намыс өлтіреді емес пе?..
«Ұлт тағдыры» қозғалысының «Тілге байланысты соттасу» деп аталған сол бір акциясы практика жүзінде көп нәтиже бергені мәлім. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Орталық Мұражайға кіру билеті орысша болатын. «Ұлт тағдыры» қозғалысы осы бір мекеменің үстінен шағымданады. Бұл туралы қозғалыстың көшбасшысы, белгілі саясаттанушы Дос Көшім: «Маған соттың біздің талабымызды дұрыс қабылдағаны өте ұнады. Соттың өзі де бұған дейін осы тектес сот істері болғанын айтты. Сот заңда көрсетілгендей, билеттердің мәтінінің қазақ тілінде болуы заңды деп отыр. «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына 15 жыл. Осы жылдар ішінде билеттерді қалайша қазақ тіліне ауыстыра алмадыңдар?» – деп заңның көлемінде өзінің пікірін көрсетіп отыр. Сондықтан соттасу процесінің тиімділігі, әрине, айдан анық. Біз осы арқылы халықтың белсенділігін арттырып, сот арқылы тіл мәселесін алға жылжыта алатынымызды көрсетіп жатырмыз. Егер саған қазақша мәтіні жоқ бланкі ұсынса: «Оны толтыра алмаймын ғой», – деп отырғанша сотқа бер! Заңды халықтан бұрын мемлекеттік қызметкерлер ұстануы керек. Біз біріншіден, заңның жүзеге аспай жатқанының басты себебі, сол мемлекеттік қызметкерлердің заңды белінен басып, мемлекеттік тілдің дамуына қарсылық білдіріп жатқанын көрсетсек, екіншіден, бұл мәселені заң арқылы да шешуге болатынын көрсете білдік. Әңгіме өзіміздің бейжайлығымыз бен намыссыздығымызда. Егер ертең жүздеген, мыңдаған адамдар осындай арыздарын беріп, прокуратура күніне ондаған арыздар алып жатса, олардың екі аяқтары бір етікке тығылар еді», – дейді. Әрине, «Ұлт тағдыры» қозғалысының мемлекеттік тіл үшін жасаған бұл «арызы» Орталық мұражайдың билетінің қазақшалануына алып келді. Яғни, соттасу арқылы олар жеңіске жетті.
Заңды білу басқа, орындау мүлде басқа. Өз құқығын біліп, «Скат» әуе компаниясын сотқа берген Жарылқап Қалыбай: «Президентіміздің айтқаны бар: біз қазақ тіліне «мемлекеттік тіл» статусын беріп, оны конститутциямызда заң жүзінде қорғалуын жасап шықтық. Енді оның орындалуы халықтың өзіне тікелей байланысты деп айтқаны бар. Расында, біз президентіміздің бұл астарлы сөзіне мән беруіміз керек. Мемлекеттік тіліміз үшін әрбір мекемемен соттасуымыз қажет», – дейді БАҚ конференциясында. Демократиялық үрдіске шорқақ қазақ үшін тіл жөнінде соттасу ерсі, ешбір нәтиже бермес, бос қана амбициялық әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл жалпыхалықтық сипатқа ұласса, «мемлекеттік тіл» төрге оза шығатыны айдан анық.
Бүгінде дамыған елдердің тұрмысына қарайтын болсақ, барлығы да өз құқықтарын біледі, әрбір басқан қадамын заң жүзінде біледі. Тіл жанашырлары мемлекеттік тіл мәселесінде қызбалыққа салынбай, жүйке жұқартатын айқайға баспай, заң жүзінде мүмкіндіктерін біліп, «мемлекеттік тілді» талап ететін болса, ана тіліміз қайтсе де жетістікке жетеді. Айқаймен ешбір іс бітпейді. Бұл істе ешқандай да босаңдық пен көңілшектік танытуға болмайды. Ең бастысы, жер-жердегі осы ойдағы азаматтар бас қосып, жоспар жасап, алдын ала прокуратураға барып, қажетті заңға түсіндірмелер алып, заңдық жағынан қаруланып, қажет болса, заңгерлерді кірістірген мақұл. Әрине, «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ҮШІН СОТТАСУ» жалпыхалықтық екенін және тіл дамуы үшін байыпты күрес екенін сезінгенде ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады. Өйтпеген жағдайда – қиындау.
Бүгінде мемлекеттік тілге жаны ашитын, ана тілін сүйетін, заңды бес саусағындай білетін заңгерлеріміз де жоқ емес. Тіл үшін тегін қызмет етуге дайын осы бір адамдарды бір жерге топтай білу қажет. Мәселен, тілге жаны ашитын заңгерлердің бірі, Жарылқап Қалыбайдың қорғаушысы – Абзал Құспанов. 1978 жылы 23 ақпан күні Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2000 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Заң Академиясының прокурорлық-сот факультетін үздік дипломмен тәмамдады. Отбасылы, үш баланың әкесі. 2000-2006 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық прокуратура органдарында әртүрлі лауазымда қызмет атқарған. 2006 жылдан бастап кәсіпкерлік қызметте (жеке адвокат). Сол жылы «Өркен» қоғамдық бірлестігін құрды. Батыс Қазақстан облыстық және республикалық баспасөз беттерінде «мемлекеттік тіл» мәселесін заңдық тұрғыдан шешу бағытында ұдайы мәселе көтеріп жүрген арлы азаматтарымыздың бірі.
Заңгер бір сұхбатында: «Мен біраз жыл прокуратура органдарында қызмет еттім ғой. Сонда әрдайым мемлекеттік тілге қатысты заң нормаларының сақталуына да мән беріп жүретінмін. Бөкей ордасы ауданында аға прокурор болып жүрген кезімде мынадай бір оқиға болды: аудандық әскери комиссариатты тексере барсам, бүкіл құжат, көрнекі ақпарат бір ғана орыс тілінде жазылған екен. Тұрғындарының 99 пайызын қазақтар құрайтын аудандағы бұл жағдайға қатты қынжылдым. Әскери комиссариат бастығын шақыртып алып, жағдайды түзетуін сұрадым. Сонда ол: «Біздің облыстағы бастығымыз Геннадий Мұқатаев – Ресейдің қазағы, ол қазақша түсінбейді, сондықтан біз бәрін орыс тілінде жасаймыз», – деді. «Ендеше осылай деп түсініктеме бере ғой», – дедім. Ол түсініктемені алған соң облыс прокурорының атына мәселе қойдым. Обалы не керек, прокурор мені қолдады. Мәселе облыс әкімдігіне дейін жеткен. Облыстық әскери комиссариат бастығының мәселесі үлкен жиында қаралған. Ол азар да безер болып, қарауындағыларға мұндай тапсырма бермегенін айтып ақталған. Нәтижесінде облыстағы қорғаныс істері жөніндегі департамент «мемлекеттік тілге» деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Тіпті, кейіннен Геннадий ағамыздың өзі төлқұжатын ауыстырып, азан шақырып қойған Құспан атын қайтарыпты деп естідім», – деп, өзінің бастан өткерген тәжірибесін айтып, заң арқылы мемлекеттік тілді төрге шығаруға болатынын айтады.
Заң – заңды қолданған адамның тарапында. Бұған ешкім күмән келтіре алмайды. Мемлекеттік тілдің мүддесін қазіргі қолданыстағы заңдарға сүйеніп, заңды жолмен қорғау – бүгінгі күннің талабы болып тұр. Шын мәнінде, заң «мемлекеттік тілдің» жағында. Президентіміз айтпақшы, «Қазақ тілінің дамуына жеткілікті заңдық-құқықтық базаның негізі қаланды. Енді тілдің әрі қарай дамуы қазақтың өзінің қолында» дегені бәрімізді ойландыруы керек. Біз мемлекеттік тіл үшін соттасқанымызға ешкім дау айта алмайды. Ол үшін ешкім бізді ұлтшылдықпен де айыптай алмайды. Әрине, ол үшін заң шеңберінде әрекет ету керек, заң шеңберінде әрекет етуді үйрену керек.
Абзал Құспанов тағы бір сөзінде: «Біріншіден, заң бізді қолдайды, заң шеңберінде ғана әрекет етеміз. Екінші ерекшелік, бұған көп уақыт кетпейді. Әрине, тілге қызмет етуге кеткен уақытты зая кетті деуге болмайды. Дегенмен, қазір уақыт бәрінен қымбат кезең ғой. Мен қанша жұмысбасты, іскер болғаныммен, бір аптада ең болмаса бір сағатын мемлекеттік тілге арнай алмаған адамды патриот деп, адам деп айтуға күмәнданамын. Сондықтан жақын арада ашқалы отырған сайтымның ұраны – «Сен бүгін мемлекеттік тіл үшін не тындырдың?!» деген сауал болмақ. Біз мұны әр қазақтың санасына құюымыз керек! Егер әрекет етпесең, Мемлекеттік тілдің дамымай жатқанына сен кінәлісің! Ең бастысы осы ойды көпшілікке жеткізуіміз керек. Біздің басты мақсатымыз осы. Осылайша, көп болып кіріссек, тілдік орта деген дереу қалыптасар еді», – дейді. Расында, біздің патриоттығымыз, біздің елге жасаған қызметіміз «Біз бүгін мемлекеттік тіл үшін не тындырдық?» деген өлшеммен өлшенуі керек. Бұл да бір елдігіміздің, көптігіміздің айғағы болып, мемлекеттік тілге тамшыдай болса үлес қосу арқылы дамыта аламыз.
Негізінен, үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті болып саналады. Әрине, бұл міндетті атқарып жатқандар да бар, атқармай жатқандар да бар. Атқармай жатқандарына қоғам немесе жекелей адам арызданып, тәубелеріне келтіре алады.
Жарылқап ағаның соты тек орыс тілінде өтіп, ағамыз судьяның сұрақтарына қазақша жауап беріп, біршама түсінбестіктер болған. Шын мәнінде, жоғары сот болсын, жергілікті соттар болсын, өз мүмкіндіктері бойынша мемлекеттік тілді құрметтеуі, абыройын күшейтіп, іс жүргізуінде қолдануы тиіс еді. Заңгерлердің айтуы бойынша, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізу тілі қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне сәйкес талап, арыз немесе шағым түскен тілінде тағайындалады. Әр азамат мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде арыз жазуды таңдауға құқылы. Қызметкер немесе арызды қабылдаған органның маманы тек қана орыс (ресми) тілін білу немесе мемлекеттік тілді білмеудің салдарынан арызды кері қайтара алмайды. Сондықтан Жарылқап ағамызды соттаушылар орыс тілінде арызданғандықтан, сот процесінің өтуіне сын таға алмаймыз.
Сот арызданушының арызды өзі білетін мемлекеттік тілде бермегенін, керісінше орыс тілінде бергенін, жазған арыздың мәнін түсінетінін немесе түсінбейтінін анықтауға мәжбүр болады. Азаматтардың жауаптары істі қозғаған тергеуші мемлекеттік тілді білмеген жағдайда немесе талап арызды жасауға көмектескен қорғаушы немесе заңгер талаптың мәнін жазу түрінде баяндай алмайды. Мұнда мемлекеттік және құқық қорғау органдарға өз мәселелерімен келген барлық азаматтардың және оларға мәселелерді шешуге көмек көрсеткен азаматтардың және нотариустар мен қорғаушылардың азаматтық сана-сезімі, яғни мемлекеттік тілге деген құрметі, сүйіспеншіліктері көрінуі керек. Басқа тілмен айтқанда, тергеушілер, анықтаушылар, қорғаушылар және басқа тұлғалар шағымдарын, арыздарын қазақ тілінде жазса, іс жүргізу де сол тілде жүргізіледі. Мысалы, қылмыстық істі тергеуші орыс тілінде бастаса, сот іс жүргізу тілін қазақ тіліне ауыстыра алмайды немесе арыз орыс тілінде берілсе, іс жүргізу де сол орыс тілінде жүргізіледі. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын кеңейту сот процесіне қатысушы Қазақстан Республикасының әрбір азаматына арызды қай тілде беруіне байланысты. Осыған сәйкес нормалар «Заңды және жеке тұлғалардың арыздарын қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10 бабымен де бекітілген. Алайда, «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл болып қазақ тілі танылады, өз кезегінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға міндетті. Сонымен бірге, аталған Заңның 6 бабына сәйкес, әрбір азаматтың өз ана тілінде ақпарат алуға құқығы бар. Сонымен қатар, сол Заңның 9 бабына сәйкес мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тіл – қазақ тілінде дайындалып, қолданылуы тиіс, басқа тілдерде (соның ішінде орыс тілінде) тек қана қажеттілік болған жағдайда ғана қолданылады деп көрсетілген. Жоғарыдағылардың негізінде, азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан түскен арыз-шағымдарға жауап, олардың қай тілде берілгеніне қарамастан, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қайтаруға құқылы.
Біздің қазақ соттасу дегенді жағымсыз нәрсеге балайтынын жоғарыда айтып өттік. Қазіргі қолданыстағы құқықтық жүйеміз Франциядан келгендіктен, қазақы ұғымға жат екені рас. Бірақ, біз қалайық, қаламайық, осы заңдармен өмір сүруге мәжбүрміз. Сондықтан оны пайдалануымыз керек. Соттасу – шын мәнінде мәдениеттіліктің бір түрі. Абзал Құспанов ағамыз: «Мысалы, мәдениеті төмен біреу сізге, мемлекеттік тілге қарсы жаман сөз айтты. Сіз де сол кісінің деңгейіне түсіп, оның тілін жамандасаңыз, не болады? Ұлтараздық жанжал, жік салу деген осы болады! Аяғы төбелеске ұласса, тіпті жаман, ол – нағыз қылмыс! Ал егер сіз: «жақсы, онда сот залында кездесеміз» десеңіз, дауды шешудің ең мәдениетті жолын таңдағаныңыз. Шетелде, батыс елдерінде үлкен бизнес саласында жүрген адамдар дауласпайды, ұрыс-керіске бармайды, сотқа береді және моральдық шығын ретінде 1 доллар талап етеді. Әрине, бұл жерде 1 доллардың оған қажеті жоқ. «Менің мақсатым ақша табу емес, менің мақсатым – өзімнің дұрыстығымды дәлелдеу» деген ишарат. БҰДАН БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ!» – дейді тіл жанашырларын заңмен жүруге шақырып.
Тіл үшін күресем деген адам болса, өзіне бір нысан белгілеп алсын. Мысалы, бір мекемеде қазақ тіліне қарсы, заңның бәрін белінен басатын бір кәсіпкер отыр делік. Оның ұлты кім болса, ол болсын. Соны нысанаға алайықтағы, жан-жақтан жабылайық. Ол үшін бізді ешкім жазғыра алмайды. Өйткені, біз заңды талап етіп отырмыз. Біріншіден, ол кәсіпкер – дұрыс кәсіпкер емес. «Тұтынушынікі қашан да дұрыс!» – бұл батыстан келген мақал. Дұрысында ол кәсіпкер тұтынушысына қарай бейімделу керек. Егер ол дұрыс кәсіпкер болса, баға саясатын, мәдениетін айналасына қарай жүргізер еді. Екіншіден, ол – мәдениеті төмен адам. Егер мәдениетті болса, өзі өмір сүріп жатқан елдің мәдениетін, тілін мансұқ қылмас еді. Мен оның дүкенін өртеп жіберейік деп жатқаным жоқ, заңды жолмен түзейік деп отырмын. Ол қандай жол? Бір ескерту жасайық, екінші ескерту жасайық, егер нәтиже болмаса, ол кісіні біреуіміз сотқа берейік. Ол кісінің штатында артық адам жоқ, бір заңгер бола қалған жағдайда да оның басқа толып жатқан жұмысы бар. Егер ол заңгер күнде сотта жүретін болса, не болады? Бір кісі сотқа береді. Мейлі, ол жеңіліп қалсын. Екінші біреуі сотқа берсін. Үшінші талап арыз түссін. Әрі кеткенде бесінші арыз түскенде, әлгі кәсіпкердің мемлекеттік тілге деген саясатын дереу өзгертетініне мен кепілдік берем. Өйткені, бұл басқасын айтпағанда оның өзіне экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ойлап қараңыз, біз қандай ыңғайсыздық туғыздық? Жұмыс жасағасын, осылай жасау керек. Осылай аузы күйсе, оның өзі-ақ басқа әріптестеріне «мынаны түземесе болмайды екен» деп айтып жүретін болады.
Соңғы жылдары мемлекеттік тіл үшін соттасу фактілері елімізде жиі тіркелуде. Тіпті бүкіл БАҚ болып шулап, мемлекеттік тіл үшін арызданған арызданушыны қолдап, оның жеңіске жетуін талап етіп жатырмыз. Мәселен, Кереку қаласындағы «Сулпакты» сотқа берген Бейсенбай тегі Руза бәріміздің есімізде болар?! Мемлекеттік тілде сөйлегені үшін «Сулпактан» қуылып, бұл мәселені мемлекеттік деңгейге дейін көтеріп, тіпті президентімізге дейін ашық хат жазады. Міне, Руза апамыз мемлекеттік тіл үшін ерлік жасады деуге әбден болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік тіл үшін «Алматы» телеарнасының тілшілері жаппай жұмыстан босағаны жайлы оқиға да әлі ел есінде. Әрине, өз елімізде осындай қиындықтар көріп жатқанымыз өкінішті! Дегенмен, жеңістің бәрі қиындықпен келеді емес пе?..
Студент, не жұмысшы болсын, журналист, не шопыр болсын, өзі отырған жерде қазақ тілін талап етіп отыруы керек. Кафеге кірдің бе, неге ас мәзірі тек қана орыс тілінде? Олар бәрін қазақшалауға міндетті. Сократтың: «Өзі қабылдаған заңын өзі ұстанбаған мемлекеттің болашағы жоқ», – деген тамаша сөзі бар. Біз қазір «Тіл туралы» Заңды өзіміз ұстанбай келеміз. Біз басқа тілге қарсы емеспіз, бірақ кез келген жерде мемлекеттік тілдің болуының міндетті екенін ұмытпауымыз керек. Бұл біздің адами құқығымыз болып табылады.
Дінмұхамед Аязбеков