КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстандағы тіл дамуының саяси-әлеуметтік проблемалары 
Алдымен цифрларды сөйлетейік. 1999 жылғы санақ бойынша, Қазақстан халқы 14 953 13 мың болса, ұлттық құрамы төмендегіні көрсетті: қазақтар – 7 985 000 (53,4%), орыстар – 7 985 000 (29,96%), украиндар – 547 100 (3,66%), өзбектер – 370 000 (2,48%), немістер 353 400 (2,36%), татарлар – 249 000 (1,66%), ұйғырлар – 210 400 (1,41%), белорустар – 111 900 (0,75%), корейлер – 99 700 (0,67%), әзербайжандар – 78 300 (0,52%), түріктер (75 900 (0,51%), поляктар – 47 300 (0,32%), дұнғандар – 36 900 (0,25%), шешендер – 31 800 (0,21%), тәжіктер – 25 700 (0,17%), башұрттар – 23 200 (0,16%), молдавандар – 19 500 (0,13%), ингуштер – 16 900 (0,11%), мордвалар – 16 100 (0,11%), басқалары 142 000 (0,9%).
Сонымен бірге жалпы саны 200-ден аспайтын 64 абазиндық, 185 абхаздық, 126 агул, 130 адыгей, 46 албан, 8 алеут, 33 белуджи, 30 веппсс, 25 долған, 15 ижор, 2 ителмен, 28 қарайым, 5 кет, 48 коряк, 3 лив, 8 манси, 19 нанай, 83 ненец, 1 негидаль, 8 нивх, 4 ороч, 313 рутуль, 20 рушан, 2 саам, 3 селкуп, 1 серб, 48 словак, 51 тат, 29 тофалар, 35 тува, 47 удэгей, 3 ульч, 39 хорват, 24 хантый 17 цахур, 19 чукот, 21 шугнан, 30 эвенк, 28 эвен, 6 юкагир, 115 якут мекендеген (Э. Д. Сулейменова, Ж. С. Смагулова. Языковая ситуация и языковое планирование в Казахстане. Алматы, 2005, 15, 19-20 беттер).
Осы санақ бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтардың 88 пайызы, орыстардың 3,6 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлей алған; қазақтардың 92,4, орыстардың 0,8 пайызы қазақ тілін ана тілі санаған (Сулейменова Э. Д. Языки народов Казахстана. Алматы, 2007, 43-44 беттер). Ал орыстар өздерінің ана тілін 100 пайыз меңгеріп, 14,9 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады.
«Соңғы санақ мәліметтеріне сүйенсек, орыстар –3 774 000, өзбектер – 470 000, ұйғырлар – 227 000 адам санын құраған екен. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, қазақтар саны өткен санақпен (1999) салыстырғанда 26,1%-ға өсті және 10 098,6 мың адамды құрады. Өзбектер саны 23,3%-ға өсіп, 457,2 мың адамды, ұйғырлар – 6%-ға өсіп, 223,1 мың адамды құрады. Байқағанымыздай, еліміздегі өзбек, ұйғыр ұлттарының саны арта түскен. Керісінше орыстар саны 15,3%-ға азайып, 3797,0 мың адамды құрады, немістер – 49,6%-ға азайып, 178,2 мың адамды, украиндар – 39,1%-ға азайып, 333,2 мың адамды, татарлар – 18,4%-ға азайып, 203,3 мың адамды, басқа этностар – 5,8%-ға азайып, 714,2 мың адамды құраған көрінеді» (Б. Карипов. Қазақстан түркі-моңғол мемлекетіне айналады. «Қазақстан-заман», 06.05.2014).
Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы: қазақтар 65,5%; орыстар – 21,5%; өзбектер – 3%; украиндар – 1,8%; ұйғырлар – 1,4%; татарлар – 1,4%; немістер – 1,1%; кәрістер – 0,6%; әзірбайжандар – 0,6%; дүнгендер – 0,4%; белорустар – 0,4% .
Қазір (01.01.2014) республикадағы қазақтардың үлесі облыстар бойынша Ақмола 49,2%; Ақтөбе – 81%; Алматы – 69,7%; Атырау – 91,8%; Батыс Қазақстан -74,3%; Жамбыл – 72%; Қарағанды- 49,1%; Қостанай – 38,8%; Қызылорда – 95,8%; Маңғыстау – 90%; Оңтүстік Қазақстан – 72,8%; Павлодар – 49,8%; Солтүстік Қазақстан – 34,2%; Шығыс Қазақстан -58,4% (Б. Бейсенұлы. Қазақтың қарасы көбейіп келеді. «Айқын», 22. 08. 2014) болып отыр.


Ал енді осыларды сандық көрсеткіші жағынан ретімен орналастырғанда:
1. Қызылорда – 95,8%;
2. Атырау – 91,3%;
3. Маңғыстау – 90%;
4. Ақтөбе – 81%,
5. Батыс Қазақстан – 74,3%;
6. Оңтүстік Қазақстан – 72,8%;
7. Жамбыл – 72%;
8. Алматы – 64,2%;
9. Астана қаласы 63,4%
10. Шығыс Қазақстан – 58,4%;
11. Алматы қаласы – 56,1%;
12. Павлодар – 49,8%;
13. Ақмола – 49,2%;
14.Қарағанды – 49,1;
15. Қостанай – 38,8%;
16. Солтүстік Қазақстан – 34,2%;.

Бұл көрініс бойынша, қазақтар негізінен, республиканың батыс және оңтүстік облыстарына шоғырланған. Ал республиканың теріскей, орталық өлкелеріндегі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарындағы қазақтардың үлесі тұрғын халықтың жарымына да жетпейді. Міне, осы бір солтүстік облыстардағы демографиялық ахуал мемлекеттік тіл саясатын қарқынды жүргізуге теріс әсерін тигізіп отырған бірден-бір негізгі фактор болуда.
Профессор Э. Д. Сүлейменованың мына бір деректері ойлантпай қоймайды. Қазақ тілі мектепте 49,2%, жұмыста 31,2%, достармен ортада 47,2%, көршілермен араласқанда 51,2%, дүкендерде 24,8%, көлікте 27,6%, банктерде 22,4%, мемлекеттік мекемелерде 29,6%, базарларда 30,0%, газет-журналдар оқығанда 38,4%, көркем әдебиет оқығанда 48,8%, ғылыми әдебиеттерді оқығанда 45,6%, радио тыңдағанда 35,2%, теледидар көргенде 31,2%, интернетте 17,6%, компьютерде 16,8%, әскерде 28,0% қолданылады екен. Ал қазақ тілін орыстардың 1,8 пайызы жұмыста, 0,9 пайызы достарымен кездескенде 0,9 пайызы базарда ғана қолданып, басқа жерлердің барлығында да орыс тілін пайдаланған (сонда, 46-бет) . Осы мәліметтерге назар аудара қарасақ, Қазақстанда қоғамдық өмірдің барлық саласында дерлік, орыс тілі қазақ тілін ығыстырып, басымдық танытып тұр екен.
Өзбектердің 97 пайызы ана тілінде, 80 пайызы қазақ, ұйғырлардың 81,3 пайызы ұйғыр, 80,5 пайызы қазақ тілдерінде сөйлей алады. Осы көрсеткіштердің өзі-ақ Қазақстанда өзге ұлттарға, олардың тілдеріне жасалынып жатқан жағдайлардың өз дәрежесінде екендігін аңғартса керек.
Өздерінің ұлттық ортасы жоқ болғандықтан да осы аз санды ұлт өкілдерінің дені ұлттық болмысын жоғалта бастаған. Барлығын тізбелемей-ақ, Қазақстанда тұратын түркітектес алтайлықтардың 14,5, балқарлардың 26, гагауыздардың 15,2, ингуштардың 58,2, қарақалпақтардың 21,4, қарашайлардың 13,7. құмықтардың 32,7, ноғайлардың 20,9, якуттардың 7, қырым татарларының 37,1, месхет түріктерінің 84,7; хахастардың 16,9, шорлардың 14,6 пайызы ғана ана тілін меңгерген. Бұл жерде назар аударатын тағы бір мәселе: Қазақстанда тұрғандықтан да бұлардың тілдерінің әлсіреуіне қазір елдің үштен екісіне жуығының ана тілі саналып отырған қазақ тілі емес, жиырма пайыздан сәл-ақ астам орыс тілінің ықпалы айтарлықтай болып отыр.
Бүгінгі таңда (01.04.2013) қазақ елінде барлығы 130-дай этносқа жататын 17 миллион халық тұрады. Оның ішінде қазақтардың саны – 11058 мың адам, немесе 65,2 пайыз, орыстар – 3698 мың (21,8%), өзбектер 511 мың (3%), украиндар – 306 мың (1,8%), ұйғырлар – 243 мың (1,4%), татарлар – 203 мың (1,2%), немістер 182 мың (1,1%), басқалары – 766 мың (4,5%). Осы деректерге зер сала қарасақ, елімізде 11 миллионнан астам қазақ, 6 миллион басқа ұлт өкілдері, ары қарай нақтылай түссек, 1,5 миллион түркітектес, 2 миллиондай мұсылман тұрады екен (А. Тойшыбайұлы. Тіл бірлігі – мемлекет тәуелсіздігінің кепілі. «Ислам және өркениет», 11-20.12.2013.)
Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов республикадағы «қазақтардың үлесі 65,6 пайызға жетті» («Дат», 20.02.2014)-деп мәлімдеді.
Халықаралық өлшем бойынша, жергілікті ұлттың көрсеткіші жалпы халықтың үштен екісінен асса, мұндай мемлекет бір ұлтты (моноұлтты) мемлекет саналады. Демек, халықаралық стандарт өлшемімен біз осы уақытқа дейін көпұлтты мемлекет болып келдік. Осы себептерден де Қазақстандағы тіл саясаты көптілді ел тұрғысынан жүргізілуде. Зерттеушілер көбіне республикадағы жалпы тілдік ахуалды, мемлекеттік қазақ тілінің көптілділік жағдайындағы басқа тілдермен қатар өмір сүру барысында туындаған проблемаларды анықтап, саралаумен шұғылданды.
Қазақ тілін әлеуметтік тұрғыдан зерттеп жүрген философ Қ. Жүкешевтің пайымдауынша: «Қазақ тілі Х1Х ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ қоғамымен біртұтас, оның аграрлық болмысына сәйкес дамыды. Оның тоқырауы Қазақстанның Ресейге толық бағыныштылыққа түсуімен байланысты болды. Қазақстанға орыс тілінің келуі, оның қызметіне толық жағдай жасалуы қазақ тілінің өмір сүру ареалын тарылтып жіберді және бұл шара үкімет тарапынан пәрменді жүргізілді. Қазақ тілі қоғамдық-экономикалық өмірден, әкімшілік іс жүргізуден шеттетілді. Соның салдарынан біртіндеп, өзінің онтологиялық және конститутивтік қасиеттерінен айрыла бастады.
ХХ ғасырдың екінші жарымынан басталған халық шаруашылығын индустрияландыру шаралары қазақ тілінің қолданылу аясын одан ары тарылтты – ол өнеркәсіпте, ғылым мен техникада мүлдем қолданылмайтын, саясатта, мәдениет пен білім салаларында ішінара ғана қолданылатын тілге айналды. Біртіндеп ұлттық тұтастықтың іргесі сөгіліп, орыс тілінде сөйлейтін, менталитеті басқа социум пайда болды. Жыл өткен сайын ол белең алып, екіжақты шынайылық – қазақ өміріндегі рухани дуализм орнай бастады. Алдымен, сауатты адамдардың өміріндеорын алған қазақша-орысша екідайлық кейінгі кезеңде бүкіл халық бұқарасына таралып кетті. Орыс тілінің ықпалының артуы қазақ тілінің ықпалының кемуімен қабаттас жүріп отырды. Кеңес Одағының құлауы алдында қазақ тілі мен ұлттық мәдениеттің жағдайы апаттық межеге дейін жетті» – дей келіп, мұның себебін «Бұл құбылыс қазақ ұлтының кінәсі нен немесе қазақ тілінің қауқарсыздығынан емес, тіл мәселелерімен айналысушылардың тарихтың сол сатысында ұлттық мәдениетті, тілді сақтап қалудың баламалы жолын көре алмауының салдарынан орын алды. …тілші ғалымдар өздерінің теорияларын сол баяғыша құрып алып, тіл мәселелерін үйреншікті шеңберде ғана қарастырудан аспады. Соңғы 70 жыл ішінде тіл білімдері аясында сіресіп, қатып қалған қағидалар, азаматтық қоғамы адамы қабылдай алмайтын, индустриялы нарық жағдайында орындалмайтын, қиындатылған ережелер пайда болды. Қазақ тілінің «байлығы» және «бейнелілігі» туралы қағидалар осы уақытқа дейін үстемдік құрып, қазақ тілінің имманеннті ерекшеліктері ретінде санаға орнығып алды… Біріншісі – Қазақстандағы тіл мәселелерін шешуге құзіретті ең басты интеллектуалдық күш – қазақ лингвистері өздерінің қарауына берілген ғылымдағы міндетін өзгелерге аударып қойып, бұл мәселені барынша ушықтырды. …қазақ тілін индустриялы қоғам жағдайында әмбебап қолдануға даярлау және мемлекеттік тіл ретінде орнықтыру мәселесін ғылыми жолмен шешуге қазіргі қазақ лингвистикасының шамасы жетпеген… Екінші себеп – қазақ тілші ғалымдары өздеріне тиесілі миссиясын атқаруға шамасы келіп тұрса да, оған зауықты болмағандықтан бағытты өзге жаққа әдейі бұрып жіберген» (Жүкешев Қ. Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы. Алматы, 2008, 13-14, 114, 125- беттер)-тұрғыда көрсеткен.
Бұл жерде Жүкешевтің қазақ тілінің осындай күйге ұшырауының себеп-салдарларын әлеуметтік-саяси, ғылыми тұрғыдан дәл көрсетіп отырғанына айрықша мән берумен бірге оның мұндай жағдай «тіл мәселелерімен айналысушылардың тарихтың сол сатысында ұлттық мәдениетті, тілді сақтап қалудың баламалы жолын көре алмауының салдарынан орын алды» деген сияқты тілші ғалымдарды айыптау, қазақ тілінің «байлығы» мен «бейнелілігіне» күмән келтіру, мемлекеттік тіл болуға қазақ лингвистикасының шамасы жетпеді деген сияқты субьективтік пікірлерімен келісу қиын. Бұлайша тұжырым жасау қазақтың болашағын оның тілінің болашағынан көріп, осы жолда күресіп, опат болған қаншама боздақтардың, сыпайылап айтқанда, аруақтарын сыйламағандық болып табылады.
Осы жерде тағы да бір еске сала кететін жәйт: ұлт үшін, тіл үшін күрес не бір қиын-қыстау кездерде де бір сәтке де еш уақытта да тоқтаған жоқ; тоқтамайды да. Өйткені, тіл майданы – мәңгілік майдан. Кезінде ұлт көсемдері бастаған ұлт үшін мәңгілік ұлы майдан тәуелсіз ел болған бүгінгі күндері де жүріп жатыр.
Тәуелсіздіктерін алған соң, басқа ұлттар уақытты босқа жібермей, бірден бодандықтың былықтырған ауруларын емдеуге кірісіп кетті де ұлттық дамуға кедергі келтіретіндердің барлығынан дер кезінде арыла білді. Ал бізде отарсыздану саясаты жүргізілмеді де халқымыздың болмысына ғасырлар бойы батпандап кірген әлеуметтік кеселдер енді оған қолайлы қоғамдық – психологиялық жағдайларды барынша шебер пайдаланып, мысқалдап та шықпай жатыр.
Батыстың белгілі саясаттанушы ғалымы Э. Томсонның «Отаршылдыққа түскен ел отарлық қалыптан құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздануы керек. Отаршылдардың өздері елден кетсе де олардың көлеңкесі қалады. Отаршылдық – азаттық алған елдің барлық саласында төбе көрсетіп отырады. Саяси жүйе өзгерсе де отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен «ұлттық сана» көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – ең алдымен тілінде көрінеді» дегенінің дұрыстығын бүгінгі Қазақстанның өмір шындығы көрсетіп отыр.
Әдетте бір мемлекеттің ішіндегі, немесе халықаралық қарым-қатынастардың барлығы да тілдің орнын анықтаудан басталады. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысы ағылшын, француз, неміс, орыс, қытай тілдерінде жүріп, оларға халықаралық тіл мәртебесі берілген. Сол сияқты әрбір мемлекеттің өз ішінде ресми жұмыс жүргізетін мемлекеттік тілі болады.
«Мемлекеттік тіл дегеніміз, көпұлтты, көптілді мемлекетте әдебиет пен баспасөзде, мәдениет пен өнерде, радио мен теледидарда, ғылым мен өндірісте, мектеп пен жоғары оқу орындарында, әскер бөлімдері мен сот істерін жүргізуде, ресми іс-қағаздарында, дипломатиялық қарым-қатынаста, құқық қорғау мен байланыс (почта, телеграф) орындарында – күнделікті тұрмыс-тіршіліктің бәрінде қолданыста болып, қызмет ететін, міндетті деп саналатын саяси-құқықтық негізі нығайтылған мәртебелі тіл» (С. Бизақов. Қазақ тілі қандай тіл? Алматы, «Арыс», 2010, 225-бет).
Демек, әрбір мемлекеттің ішкі тұтастығы тіл мәселесінің дұрыс шешілуіне тікелей байланысты екен. Мықты мемлекеттердің барлығы да рухани бірлікке тіл жағдайын дұрыс жолға салу, тіл туралы заңды қатаң ұстану арқылы қол жеткізуде, яғни тілі мықты ұлт мықты, сол мемлекетті құраушы ұлты мықты мемлекет мықты болып отыр. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан жағдайында бұл мәселе әлі күнге дейін өз шешімін тапты деу қиын. Тіпті, Қазақстан моноұлтты мемлекет пе, әлде көпұлтты мемлекет пе деген сауалдың да басы ашық тұр. Осы бір мәселенің дұрыс анықталмауы Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесіне лайықты өз дәрежесінде қолданылмауына, мұның өзі мемлекеттік тілдің бүкіл Қазақстан халықтарын басын біріктіретін ұлтаралық ортақ қарым-қатынас тілі болуына айтарлықтай зардабын тигізіп отыр.
Жалпы халықаралық тәжірибеде мемлекеттік тілдің мәртебесі құқықтық тұрғыдан нақтылы анықталмаған. Кейбір мемлекеттерде мемлекеттік тіл дегендер атымен жоқ. Демократтар тіпті мемлекеттік тіл дегенді заңмен бекіту бір тілдің басқа тілдерге қктемдігін туғызады деп, бұған мүлдем қарсы. Оларға салса, бәрі еркін болуы керек; қай тілде сөйлеу – әркімнің өз еркі. Мұндай жағдай ешқандай талас тудырмайтын моноұлтты елдерде жүзеге аса алады. Ал көпұлтты мемлекеттерде ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеп отырудың негізгі құралы ретінде олардың тілдерін заңдық тұрғыдан рәсімдемесе болмайды.
Б. Хасанов мемлекеттік тіл төмендегідей өлшемдерге сай болуы керек деп біледі:
- республика атын иеленіп отырған халықтың еркі;
-республиканың барлық аймағында табиғи тілдік ортаның болуы;
-мемлекеттік тілге деген қажеттілік;
-тілдің лингвисткалық және әлеуметтік-лингвисткалық тұрғыдан зерттелінуі;
-осы тілде сөйлейтіндердің республикадан тыс жерлерде де өмір сүруі (Б. Х. Хасанов. Казахско-русское двуязычие. Алматы, 1987, 25- бет).
Қазақстандағы қазақ тілі осы өлшемдердің барлығына да жауап бере алады. Сондықтан да ол – қазақ елінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Ал оның қаншалықты дәрежеде жүзеге асып, өмірдің, қоғамның талабы қаншалықты дәрежеде орындалып жатқандығы – өз алдына мәселе.
Басқа бәле тілден демекші, қазақ жерінде қазақ тілінің бел жаза алмай жатқандығы Қазақстанның Конституциясында жазылған бір-ақ сөйлемге байланысты болып отыр. 1993 жылы қабылданған Конституцияда орыс тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілсе, 1997 жылы бұл аздай орыс тілді қазақ депутаттарының күш салуымен қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылатын ресми тіл мәртебесін иеленді. Ата Заңда бірінші пунктте қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы айта келіп, соның артынша екінші пунктпен«Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылуының өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін жоққа шығарғандай болып тұр.
Қазір Қазақстан Республикасының Конституциясындағы қазақ тілінің түбіне жеткен осы бір сөйлем құрымайынша, оның көсегесі көгермейтіндігіне көз жетіп отыр. Бұрынғы бодандық кезді айтпағанның өзінде тәуелсіздік тұсындағы қазіргі қазақ тілі басынан кешіріп отырған бар кемсітушіліктерге, көріп жатқан құқайларына басқа бөтен ешкім емес, Ата Заңымызда бадырайтып тұрып парламентте отырған халық қалауларының қолымен жазылған осы бір ғана сөйлем кінәлі.
Еліміздегі тіл саясатының осылайша былқылдап тұруы барлық жағынан өзімізге байланысты, сыпайлап айтқанда, саяси қорқақтығымыздан, былқылдақтығымыздан болса, екінші жағынан, орыстардың тілі, ұлты үшін аянбай күресіп жатқандығы өз жемісін беруде. Империя ыдырағанда, орыстардың 25 миллиондайы жаңадан пайда болған басқа мемлекеттерде қалып қойды. Солардың көпшілігі орыс империясының ыдырағанына көнгісі келмейді, көнген күннің өзінде де болашақта қалпына келетініне сенеді; өздері тұрған елдерде орыс тілінің екінші кезектегі тілге айналғанын мойындағысы жоқ. Олардың ойынша, тәуелсіздігін жаңадан алған халықтардың тілі әлі мемлекеттік тіл болуға дайын емес, сондықтан да орыс тілін бірден ысырып тастауға әлі ерте деп, бұған мысалға Қазақстанды алға тартады («Независимая газета», 10.07.1997).
Сонымен бірге Мемлекеттік Думада осы бағыттағы шараларға бағыт-бағдар беріп, қадағалап отыратын парламенттік фракция жұмыс жасайды. Ресей өкіметі «Шетелдегі отандастарды қолдау шараларының бағдарламасы туралы» арнайы қаулы қабылдап, шетте қалған орыс шашырандыларымен жұмыс істейтін мемлекеттік орган құрды. Бұл ұйым шетелдік орыстардың барлығымен дерлік байланыстар орнатқан. Олардың мүдделерін қорғауға барынша ат салысады; моральдық, материалдық жағынан жан-жақты қолдаулар жасап тұрады.
Осы сияқты орыстар тарапынан жүргізіліп жатқан шаралар өз нәтижелерін беруде. Оның нақтылы мысалдары Қазақстан жағдайынан анық көрінеді. Республикадағы орыстардың саны 2014 жылдың басында 3 685 009 болып халықтың 21,47 пайызын құрады. Енді осы орыстардың мүддесін қорғайтын төмендегідей ұйымдар жұмыс істейді:
- «Лад» Республикалық славяндық қозғалыс (ел бойынша 24 филиалы, 50 000 мүшесі бар).
- «Истоки» қоғамдық ұйымы
- Қазақстанның орыс қауымы
- Қазақстан орыс мектептері мұғалімдерінің ассоциациясы
- «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі
-Түрлі казак ұйымдары (Кому не на Руси жить хорошо? «Адам бол», 2014, №26, 4 июля 2014).
Міне, осы сияқты жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде КСРО-дан бөлініп шыққан тәуелсіз мемлекеттерде, әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанда жергілікті мемлекеттік тілдердің өз функциясын толыққанды атқаруына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де күні бүгінге дейін орыс тілі шаужайына жармасуын қояр емес. Қазақстанда орыс тіліне ресми ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесі берілгенімен де шын мәнінде,КСРО кезіндегідей мемлекеттік тіл қызметін атқаруын тоқтатар емес. Мұның саяси-әлеуметтік астарлары қалың. Біз республикада орын алып отырған осы бір аса күрделі мәселенің демографиялық, саяси ахуалға байланысты кейбір қырларына ғана тоқталып өттік.

qazaquni.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз